KAZNEWS – Біріккен Араб Әмірліктерінде бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Жасөспірімдер арасындағы чемпионатта боксшыларымыз бір алтын, екі қола жүлде алды. Хилчин спорт клубының спортшысы Төгсжаргалын Номин-Эрдэнэ қыздар арасындағы сайыста 57 келі салмақта чемпион атанып, алтынды қоржынға салды.
Азия чемпионы атанған Т.Номин-Эрдэнэ – Хилчин спорт клубының бапкері Еркін Жамантайұлының шәкірті екенін мақтанышпен айта аламыз.
-Шәкіртіңіз Азия чемпионы атанды. Құтты болсын! Жарысқа қалай қатысып қайттыңыздар?
Біріккен Араб Әмірліктерінде бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына 26 мемлекеттен 239 жасөспірім боксшылар бақтарын сынады. Елімізден қыздар арасындағы бәсекеге төрт, ұлдар арасындағы бәсекеге жеті спортшы қатысты. Спортшылар мен бірге бапкерлер құрамында Г.Ганхуяг, С.Дашбурмаа, Д.Баасандорж, Э.Ундрам және мен болдым. Боксшыларымыз бір алтын, екі қола жүлде жеңіп алды. Бұл жолғы чемпионатқа менің шәкіртім Т.Номин-Эрдэнэ сәтті қатысты. Біз Арабияға, чемпионатқа жеңімпаз боламыз деген мақсатпен барғанбыз. Алға қойған мақсатымыз орындалды. Қыздар арасындағы бәсекеде 57 келі салмақта Т.Номин-Эрдэнэ жартылай финалда Қазақстандық Анар Турсынбекті 5:0 есебімен, финалда ҚХР-ның боксшысы Лиянды 4:1 есебімен ұтты. Бұл салмақта Азия құрлығындағы бокс өнері қарқынды дамыған ҚХР, Қазақстан, Үндістан, Тайвандық спортшылар болған.
-Азия чемпионы атанған шәкіртіңіз туралы айтып берсеңіз?
Төгсжаргалын Номин-Эрдэнэ 2016 жылдан бері менің жаттығуыма қатысып келеді. Алғаш 13 жасында «Олимпиадаға барар жол» жарысынан екі алтын медаль алған. Кейін жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында екі рет жеңімпаз атанды. Қазақстан Республикасында өткен халықаралық жарыстарға қатысып екі алтын, бір күміс жүлде, Ресейде өткен халықаралық жарыстан қола жүлде, ҚХР-да өткен халықаралық жарыстан күміс жүлде жеңіп алған. Сондай-ақ көптеген жарыстардан алтын, күміс жүлдесін алып жүр. Номин-Эрдэнэ жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында чемпион атанған Моңғолияның қыздар арасындағы алғашқы спортшы атанып отыр. Ол спортты құрметтейді. Еңбекқор, бапкердің айтқан ақылын бұлжытпай орындайтын қайсар қыз. Шәкіртіме олимпиада, әлем чемпионатының рингісінде Моңғол елінің туын желбірететін, мықты боксшы болады дегенге сеніммен қараймын.
-Бапкерлік жұмыстың қиыншылықтары кездесіп тұр ма?
Алғаш рет үйірме ашқан кезімде 5-6 бала ғана жиналған болатын. Ішімнен «мен бапкер бола аламын ба?» – деп өзіме сұрақтар қойып, күдіктенген кездерім де болған. Кешікпей бапкерлік жұмысыма бел шешіп кірген соң, ертеңгі жаттығу тез болса ғой деп күтетін болдым. Жаттығудан босамай жүріп, үй шаруасын да ұмытамыз. Отбасымның қолдауының арқасында бұл жұмысыма өте жауапкершілікпен қараймын. Менің жетістігіме сүйікті жарымның да еңбегі бар деп ойлаймын. Демалыс күндері шәкірттерімнің «Мұғалім сіздердің үйлеріңізге барайық» дегендерін үйге ертіп келемін. Үйге келгенде әйелім дәмді тағамдарын дайындап күтіп алады. Барлық қолдауы үшін әйеліме ризамын.
Шәкірттерімнің жетістігі маған күш қуат сыйлайды. Моңғолия бокс тарихында алғаш рет менің шәкіртім Т.Номин-Эрдэнэ жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты атанып отыр. Алда үйренетін жұмыстарымыз көп. Тек ғана еңбектенуіміз керек.
Шетелге жарыстарға бару үшін өз қалтамыздан қаражат шығаратынымызды жасырып қайтеміз. Мініп жүрген көлігімізге дейін кепілге қойып қарыз алып тұрдық. Осылай жүретін бапкер тек мен ғана емеспін ғой. Барлық бапкерлерден кездестіруге болады.
-Биылғы жаттығу жұмыстарыңыз қалай өтіп жатыр?
Еліміздегі жаттығу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз. Сонымен қатар биыл жазда Қазақстанға барып жаттығу жұмыстарына қатысып қайттық. Шәкірттерімді ертіп, өзім Алфард машинамның тізгінін ұстап Алматы қаласына барып қыздар құрамасымен бірге 14 күн біріккен жаттығу жасадық.
Сонымен қатар, сол жерде ұйымдастырылған халықаралық жарыстарға қатысып қайттық. Көптеген тәжірибе жинақтадық.
Бұл жерде, мені үнемі қолдап жүретін басшыларға, коллективке алғысым шексіз екенін айтқым келеді.
Рахмет!