30 қазан, KAZNEWS. Улаанбаатар. 25-28 қазан күндері Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев Баян-Өлгий аймағына жұмыс сапарымен болды. Бұған дейін KAZNEWS ақпарат агенттігі Қазақстан Республикасының Елшісінің аймаққа сапары басталғанын хабарлаған болатын.
Жұмыс сапарының басында Ж.Әділбаев Баян-Өлгий аймағының әкімі Бауыржан Дәлелұлымен және Баян-Өлгий аймағының Азаматтық Өкілдер Хуралының төрағасы Бейбітхан Нұриұлымен келіссөздер жүргізді.
Тараптар Моңғолияның Сыртқы істер министрі Б.Батцэцэгтің Нұр-Сұлтанға жасаған сапарының қорытындысы, Баян-Өлгий аймағы мен Қазақстан Республикасының шығыс өңірі арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің перспективалары, сондай-ақ Қазақстанға ет экспортының көлемін арттыру мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.
Ресми келіссөздерден кейін Ж.Әділбаев Қазақстан Елшілігі ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысты. Бұл іс-шара қазақ диаспорасы, жергілікті зиялы қауым мен бизнес өкілдерінің, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өтті.
Өзінің сөзінде Ж.Әділбаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл ішіндегі басты табыстарын атап өтті: экономикалық дамудың қарқындығы, әлеуметтік даму, халықаралық қауіпсіздік архитектурасындағы рөлі туралы айтты.
Бұған қоса, отандық дипломат іс-шара қатысушыларына елдің тұрақты дамуы мен азаматтарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған қазіргі экономикалық және саяси реформалары туралы мағлұмат берді.
Сондай-ақ, ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының мазмұнына қысқаша тоқталды.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат тәуелсіздік жылдар ішінде этникалық қазақтардың тарихи отанына ерікті түрде оралуын ынталандыру саясатын жүргізіп келгенін атап өтіп, қандастарды қолдау мақсатында «Отандастар Қоры» КЕАҚ тарапынан қабылданып жатқан іс-шаралар туралы қысқаша мағлұмат берді.
Өз кезегінде қазақ диаспорасының өкілдері этникалық бірегейлікті сақтау, Қазақстанға репатриациялау мүмкіндігі және Моңғолияда Қазақ мәдени орталығын ашу мәселелерін көтерді.
Жұмыс сапары барысында Ж.Әділбаев «Азат халал» ет комбинаты мен «Ақбоар» тас өндірісінің жұмыстарымен танысты. «Азат халал» ет комбинаты 2016 жылы ашылған және кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 200 басқа дейін ірі қара мен 800 бас ұсақ малды союға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, қазақстандық дипломат оқу орындарын аралап, қазақтың күйлері, халық әндері мен фольклорлық-шешендік өнері қамтылған «Даналық әліппесі» атты интерактивті кітаптарды табыс етті.
Сонымен қатар, Елшінің жұмыс сапары күндері А.Бабиұлы атындағы Баян-Өлгий аймағының орталық кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай «Әлем қауымдастығы таныған Қазақстан» тақырыбында фотокөрме ашылды.
Фотокөрме қонақтарға Қазақстан дамуының негізгі кезеңдерімен, елімізде өткізілетін ірі халықаралық іс-шаралармен, еліміздің табиғи сұлулығымен және сәулет өнерінің жауһарларымен танысуға мүмкіндік берді.
Аталған көрме 15 қарашаға дейін жалғасады.