Еуразия экономикалық комиссиясының ресми өкілі Ия Малкина ұйым бірыңғай цифрлық валюта тақырыбына қайта оралуға дайын екенін мәлімдеді. Еуразиялық экономикалық одақ аясында тағы да бірыңғай валюта тақырыбы қозғалды.
Нақтырақ айтсақ, Еуразия экономикалық комиссиясының ресми өкілі Ия Малкинаға Қырғыз тарапы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бірыңғай цифрлық валюта құру мүмкін бе деген мәндегі сұрақ қойды.
Сұрақ иесі – “Sputnik Қырғызстан”. “Еуразиялық экономикалық одақ көлемінде бірыңғай валютаның цифрлық баламасын сынақтан өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр ма”, – деп сұрады БАҚ өкілі ЭЕК-тің ресми өкілінің дәстүрлі брифингісінде.
Ия Малкинаның айтуына қарағанда, ЕАЭО мемлекеттерінде бірыңғай цифрлық валютаны енгізу жөнінде қандай да бір жоспар жоқ.
“Одақ көлемінде цифрлық активтерді, цифрлық белгілер мен криптовалютаны пайдалану саласында үйлестірілген құқықтық орта әзірлеу қажеттігі туралы бірыңғай пікір жоқ. Комиссия бірнеше жыл бұрын осы тақырып бойынша ұсыныс қабылдауды ұсынған болатын. Бірақ тараптар бұған дайын болмай шыққан”, – дейді ЕЭК-тің ресми өкілі.
Ия Малкинаның екіұшты жауабында ортақ валюта тақырыбына үдере қарайтындардың да, үміттене қарайтындардың да көңіліне жағатын мәліметтер айтылды деуге болады.
“Сонымен қатар одаққа мүше елдердің орталық банктері ұлттық цифрлық валюта тақырыбын пысықтап жатыр. Мысалы, былтыр Ресей Банкі “цифрлық рубль” баяндамасын жариялады. Ал биыл мамыр айында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі “цифрлық теңге” баяндамасын ұсынды”, – деп Мәскеу бастаған істі Нұр-Сұлтанның іліп әкеткенін меңзеді. Бұл мәліметті “әр ел өзінің ұлттық цифрлық валютасын дербес құрып жатыр” деп те қабылдауға болады.
Дегенмен ол ортақ валюта мәселесінде Еуразия экономикалық комиссиясының жоғарыдан үкім айтып, бірнеше мемлекеттің атынан пайым айтуға хақысы жоқ екенін ашық айтты. Бірақ тараптар бірыңғай валютаға байлану туралы ниет танытып жатса, қолдап әкетуге дайын отыр.
“Аталған мәселелер ЕАЭО мемлекеттерінің ұлттық құзыретіне жататынын атап өткім келеді. Бірақ тараптардың бастамасы бойынша елдерде цифрлық ұлттық валюта технологиясы табысты енгізілген жағдайда комиссия бұл мәселеге қайта оралуы мүмкін”, – деп түйіндеді Ия Малкина.
Толығырақ: https://inbusiness.kz/kz/news/eaeo-ortak-valyuta-takyrybyn-tagy-kozgady