05 қыркүйек, KAZNEWS. Моңғолияның Ұлттық Білім университетінің Баян-Өлгий аймағындағы Мұғалімдер мектебінен журналистерге университеттің статусына байланысты баспасөз мәслихатын өткізді.
“Баспасөз маслихатын өткізудегі мақсатымыз мынау – біздің мектебіміз бұған дейін Ховд университетінің Баян-Өлгий аймағындағы филиалы деген статуспен жұмыс жасап келген болатын. Моңғолия Үкіметінің 2022 жылғы №293 қаулысы бойынша Моңғолия Ұлттық Білім университетінің құрамына кірді.
МҰБУ-ның Баян-Өлгий аймағындағы Мұғалімдер мектебі болып өзгеруіне байланысты аталмыш жоғарғы оқу орынынан арнайы жұмыс тобы келіп жұмыстады.
Мектебімізде тіл білімі ғылымының докторы 2, тарих ғылымдарының докторы 1, магистр дәрежелі 15 ұстаз қызмет етеді. Моңғолия Ұлттық Білім университетінің құрамына кіру арқылы сапалы кадрлар даялау, бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру, ұстаздардың біліктілігін арттыру, қос тілді білім беру саласының зерттеу жұмыстарын қолға алу және лицей мектебінің ашылуы қатарлы жұмыстар атқарылады.” – деді филиалдың директоры Гаура Сәбиханқызы.
Зерттеулерге қарағанда Моңғолияда 2030 жылға қарай халық санының өсуіне байланысты мұғалімдерге деген сұраныс артады деп күтілуде. Сондықтан МҰБУ-ның Баян-Өлгий аймағындағы Мұғалімдер мектебі сұранысқа сай сапалы кадр даярлауға ат салысатынын жұмыс тобының жетекшісі, доцент Н.Мягмарцоож сөзге тиек етті.
Баян-Өлгийдегі Мұғалімдер мектебінің ғылыми кеңесінің хатшысы, доктор Қиналған Жылқыайдарқызының айтуынша: “МҰБУниверситіне қарасты жалпы білім беретін мектепке біздің жаңадан ашылатын лицейден оқушы алмасу бағдарламасын жүзеге асыратын боламыз. Моңғол және қазақ мәдени орталықтарын құрып, түрлі үйірмелер ашылады. Лицейге 10, 11, 12 сынып оқушылары қабылданады. Оқушыларға ағылшын тілі, математика және информатика пәндерінен қосымша сабақ жүретін болады.” – деді.