KAZNEWS. 6 наурызда Моңғолия Мемлекеттік Ұлы Хурал депутаты Әубәкір Тілеуханұлының бастамасымен Құрманхан атындағы Музыкалы драма театрында “ЕЛ ЕСІНДЕГІ ЕСІМДЕР” атты аламан айтыс өтті.
Бұл аламан айтыс Ұлыстың ұлы күні “Наурыз” мейрамына орай және 2022 жылғы «Елдің үздік ақынын» анықтау мақсатында жүрілді.
Суырып салма айтыскерлердің сөз додасына 20 ақын қатысты.
Баян-Өлгий аймағынан Қайратхан Жаман, Бақытхан Қаңтарбай, Сүйеніш Жеңсікбай, Зоя Мұратбекқызы, Аманжол Қуантхан, Ерген Ленхан, Мұратхан Өмірзах, Ербол Көшеген, Сәтжан Класхан, Серуен Әзім, Айдос Рашат, Бержан Сандалхан, Гүлжан Карменханқызы, Тілеухазы Жолшыбай, Інкәрбек Әділхан, Назарбек Жантемірұлы сынды ақындар қатысты. Ховда аймағынан Тілеутай Хамит, Берікбай Қызыр, Тілек Базар, Базархан Қалманұлы арнайы келіп қатысып, аймақ халқына әсерлі айтыс сыйлады.
Айтыс қорытындысы бойынша Айдос Рашатұлы бас жүлдеге лайық деп танылып, 3 млн төгрөг жүлдеге ие болды. Жүлде қорындағы 2 млн төгрөг бірінші орын иеленген Зоя Мұратбекқызына бұйырды. Екінші орынды иеленген Алтай сұмындық ақын Іңкәрбек Әділханұлы 1 млн төгрөгке қол жеткізді. Үшінші орын жеңімпаздары Аманжол Қуантханұлы мен Ерген Ленханұлы 500 мың төгрөгке тағайындалған жүлдені қанағат тұтты.
4-ші орын Бақытхан Қаңтарбай, Сәтжан Класхан, Серуен Әзім, Базархан Қалман, Бержан Сандалхан қатарлы ақындар 200 мың төгрөгті «қанжығаларына байлады» және 10 ақынға 100 мың төгрөгтен ынталандыру сыйлығы табысталды.
Айтысқа Моңғолияға «Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері» Өсерхан Рахымұлы, тарихшы, қоғам қайраткері Қабсатор Омарұлы, «Білім» институтының Қазақ балаларының білім секторының ғылыми қызметкері Зүлмира Жаубайқызы және аймақтық Қазақ радиосы директорының орынбасары, ақын Аманбек Қанайұлы төрелік жасап, айтыстың жүргізушісі ретінде жазушы, тәуелсіз журналист Жанарбек Ақбиұлы жұмыстады.
МҰХ депутаты Әубәкір Тілеуханұлы 10 млн төгрөг, Қазақстан Республикасынан кәсіпкер Кеншілік Амантай 500,0 теңге қаржылай демеушілік көрсеткен.