Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қалыптасқан имиджі және оны дамыту.
Кеше ғана тәуелсіздік туын желбіретіп,азаттыққа қол жеткізгеннен бері елімізде талай өзгерістер мен үздіксіз үдерістер толастаған емес. Бүгінгі таңда ел болып, ірге көтеріп, шаңырағымызды биіктен көрсете алатындығымызды дәлелдедік.Мемлекетіміз қарқынды даму барысында әлем елдерімен бәсекеге түсе алатындай дәрежеге жетіп,басқалармен терезесі тең өмір кешуде.
Мұның барлығы толассыз атқарылған еңбек пен білімнің арқасы деп ойлаймын.Осындай елдің әрбір жылдық бағыт-бағдары Президенттің Жолдауларында айқындалып келе жатқандығы мәлім.Еліміздің ертеңіжігерлі жастарға көп сенім артады. Осы тұста айта кетерлік жайт, 1998 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» даму стратегиясы межелеген уақытынан ерте аяқталды. Осы стратегияның 10 жылдығы біз үшін шын мәнінде тарихи кезең болып табылмақ.
Ұлт көшбасшысы әрбір жолдауында білім саласын бір сәтке де ұмытқан емес. Күні бүгінге дейін айтылған міндеттердің бәрі жыл өткен сайын кезең-кезеңімен орындалу үстінде. Жолдаудың әрбірінде Елбасы жастарға да үлкен үміт артып отыр. Мұны «Қазақстан – 2050» Стартегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы «Мен сіздерге, жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер жаңа бағытың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер» деген сөздерінен анық байқаймыз.
Қытай философының: «Маған жай айтсаң – ұмытамын, көрсетсең – есімде сақтаймын, ал өзімді іс-әрекетке қатыстырсаң – үйренемін» деген даналығы білім-ғылымның, білім алудың маңызды екендігін көрсетеді.
Елбасы Н.Назарбаев«Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны» деген еді. Қазіргі заман білекке емес, білімге сенетін заманға айналды. Бабалар табаны тимеген жерге қазіргі буынның қаламының ұшы тиіп жатыр. Бұл да бейбіт елдің басты жетістіктерінің бірі емес пе?! Бұл бағытта еліміздегі білім ордаларының да бірлесе күш жұмасап жатқаны айтпаса да түсінікті. Міне, осы арқылы мемлекетіміз өз тарапынан жастардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына, қажетті мамандықты игеруіне, өз арман-мақсаттарын жүзеге асыру үшін бар мүмкіндіктер жасап келеді. Ең жоғарғы деңгейдегі білім ошақтары арқылы Қазақстан жас ұрпаққа білікті білім мен тәлім алуға зор мүмкіндіктер ашып беріп отыр.Біздің ата-бабаларымыз жете алмаған мақсат-мұраттар, мүмкіндіктер біз тәрбиелеп жатқан ұрпақтың алдында есігін айқара ашып тұр. Біз өз кезегімізде осы мүмкіндіктерді іске асыру үшін, тек қана жастардың санасына толассыз тәрбие мен білім нәрін құя беруіміз керек, табысты жұмыс жасауымыз керек.
Міне,осы тұста табысқа жету үшін бәрімізге атын көпір болып отырған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін айтқымыз келеді. Бүгінгі таңда университет Қазақстандағы ең бірінші орындағы және танымал, сұранысқа ие оқу орны.
КазҰУ қабырғасында Қ. Сәтбаев, М. Әуезов, Е. Бекмаханұлы, Ә.Марғұлан,
Д.Сокольский тәрізді аса көрнекті әрі қайталанбас ғылым мен мәдениет қайраткерлері дәріс оқыды. Ал,қазіргі кезде университет әртүрлі мамандық бойынша кадрлар даярлайтын жоғары оқу орны және ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Оқытушы-профессорлар құрамы – 2500 мың адамнан асады, олардың арасында 400-ден аса ғылым докторы, профессорлар, 800-ден астам ғылым кандидаттары, доценттер бар.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 180-нен астам гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық мамандықтар бойынша бакалаврларды, магистранттарды, докторанттарды дайындайды.
Университет білім алушы тұлғаның жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелдендіруіне қажетті жағдай жасау үшін бар күш-жігерін салып, студенттік өзін-өзі басқаруға, көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеуге мол мүмкіндіктер тудыруда.
Универсиетте Қазақстандағы аса ірі ИНТРАНЕТ желісіне қосылған, заманауи компьютерден тұратын корпоративтік ақпараттық жүйе құрылған, сондай-ақ компьютер сыныптары мен Интернет залдар жұмыс істейді.
ҚазҰУ қалашығының барлық аймағы Wi-Fi сымсыз желісімен қамтылатын болады. Оның кез келген нүктесінде әр студент университет бірлестігінің желісінде жұмыс істеумен қоса, Интернетке тегін қосылу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар тәулік бойы істейтін 300 орындық жаңа Интернет-кафе жұмыс істейді. Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы – ҚазҰУ қалашығының інжу-маржаны. Мұнда Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, көркемөнер үйірмелері, «Біз» студенттер театры, КТК командасы жұмыс істейді
Қорыта айтқанда, қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан қоғам дамуында білім беру ең маңызды мәселе болып табылады. Осы орайда білім беретін ұстаздардың еңбегін бағаламасқа болмас. Өйткені, әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білімде. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келген кез келген мемлекет ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Сөзімізді мына даналық оймен аяқтағымыз келеді. Кемеңгер Ахмет Байтұрсынұлының өткен ғасырдың басында: «Әуелі біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек.Неге десек, болмыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ішінде неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі». Сондықтан да еліміз үшін, оның болашағы үшін ерінбей еңбек етіп, ізденіс пен талпынысты ту ететін боламыз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары:
Искакова Гүлназ, Аушенова Айдана