27 маусым, KAZNEWS. Моңғолия астанасы Улаанбаатар қаласында өтіп жатқан дзюдодан «Grand Slam» турнирінде Қазақстан құрамасы 4 қола жүлдеге ие болды.
Турнирде 48 келі салмақта сынға түскен Абиба Әбужақынова Халықаралық дзюдо федерациясы атынан сынға түскен Сабина Гильниязованы жеңіп, жарыстың қола жүлдесін алды.
Бұл салмақта жапон палуаны Нацүми Цүнода жеңімпаз атанса, моңғолиялық палуан Ганбаатарын Наранцэцэг күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ, екінші қола Оңтүстік Кореялық Ли Хе-Кюүн еншісінде.
Айта кетейік, 48 келі салмақта Қазақстан абыройын бұған дейін халықаралық жарыстарда моңғолиялық легионер Галбадрах Отгонцэцэг қорғап келген болатын.
Ал, Абиба Әбужақыноваға келер болсақ 48 келі салмақта жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. “Grand slam” жарыстарындағы алған алғашқы жүлдесі Улаанбаатардан бұйырып отыр.
Оқи отырыңыз: Галбадрах Отгонцэцэг спорттық мансабын аяқтады
Галбадрах Отгонцэцэг 2021 жылғы қараша айынан бастап спорттық мансабын аяқтап, елге оралған.
Галбадрах Отгонцэцэг Қазақстан командасының намысын абыроймен қорғаған легионер спортшылардың бірі болған.
Галбадрах Отгонцэцэгтің спорттық ғұмырындағы ең ірі жеңіс – 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қола жүлдесі. 48 келіде Қазақ елінің намысын қорғаған Галбадрах екі мәрте (2017, 2018) әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, 2018 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында топ жарған.