26 шілде, KAZNEWS. Бүгін Баян-Өлгий аймағының Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапханасында белгілі түркітанушы ғалым, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткішінің толық атласы» үш томдық еңбегі және «Керейлердің этникалық тарихы», «Тас кітаптың құпиясы» атты үш кітабының тұсауы кесілді.
Салтанатты іс-шараға аймақтық АӨХ-ның депутаты Мүпти Қабылұлы, тарихшы Қабсатор Омарұлы, Өмірбек Биқұмарұлы, ақын жазушы Рысбек Зұрғанбайұлы, Марат Бәкейұлы, Әбіжат Райханұлы, Сьезд Абайқызы, Аманжол Бәделұлы және өзге азаматтар қатысты.
Орхон ескерткішінің толық атласы
Aтласта Моңғолия-Чехия, Моңғолия-Түркия (ТИКА), Моңғолия-Кеңес одағы біріккен экспедицияларының, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті экспедициясының материалдары, сондай-ақ әлем түріктанушыларының ғасырдан астам уақыт жүргізген зерттеулерінің қорытындысы пайдаланылған.
Атлас авторы байырғы түрік мәтіндерін қайта көшіріп, қайта оқыған, сондай-ақ бұрынғы зерттеушілердің қателері түзетілген, түпнұсқа мәтінінің жаңа транскрипциясы, жаңа аудармасы жасалған, жаңа түсініктемесі берілген; жартылай көшпелі дәуірдің тарихи-мәдени мұралары Атласта тегіс қарастырылып, олардың археологиялық сипаттамасы, фото, сызба суреттері тұңғыш рет толық берілген.
Атлас тілші, тарихшы, этнограф, археолог, философ, әдебиетші және мәдениеттанушы мамандарға, сондай-ақ студенттерге, магистранттарға, аспиранттарға, ізденушілерге арналған.
Керейлердің этникалық тарихы
Керейлердің этникалық тарихын зерттеу арқылы қазақ халқының тарихы ғасырлар тереңінен басталатынын дәлелдейді.
Монография тарихшыларға, студенттерге, магистранттар мен докторларға аспиранттарға, тарихты қызығып оқушыларға арналады. Бұл кітапты түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы мен қытайтанушы, тарихшы Жәнімхан Ошанұлы жазып, Қаржаубай Сартқожаұлының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында баспадан шыққан.
Тас кітаптың құпиясы
Еңбекте профессор, доктор Қаржаубай Сартқожаұлының көшпелілер мәдени құндылықтарына соңғы жылдары жасалған ғылыми мақалалары жинақталған. Оның ішінде: көшпелілер тарихы, дүниетанымы, идеологиялық құндылықтары, ру-тайпалық жүйе зерттелуімен қатар, тас бетіндегі ежелгі хунну жазулары және археологиялық қазба мұралардан табылған көне түркі мәтіндері.
Еңбек археолог, түркітанушы, тарихшы, әдебиетші, этнографтармен қатар жалпы көшпелілер тарихын қызықтаушы оқырмандарға арналған.
Түрколог ғалымның қысқаша өмірбаяны
Түріктанушы ғалым, доктор, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы 1947 жылы 22 наурызда Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген.
1973 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін бітірген. 1985–1988 жылдары Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасында оқыған. 1973–1975 жылдары Баян-Өлгий аймағында №10 мектепте ұстаз, 1975–1989 жылдары Моңғолия Ғылым академиясы Тарих институтының аға ғылыми қызметкері, 1989–1995 жылдары Түркі-Қазақ ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, директоры, 1995–1998 жылдары Баян-Өлгий аймағының Азаматтар Өкілдері Хуралы (аймақтық мәслихат) төрағасы, 1995–1998 жылдары Моңғолия Ғылым академиясы Түркі-Қазақ ғылыми орталығының директоры болған.
1990 жылғы сайлауда Халық Ұлы Хуралы депутатына сайланып, 1992 жылғы Моңғолияның Негізгі заңын бекітісуге ат салысқан.
2001 жылдан Еуразия Ұлттық университетінің Эпиграфика және этнография зертханасының меңгерушісі.
Тарих ғылымының кандидаты, профессор. «Қош бол, апа!», «Қыранның қазасы», «Сәйгүліктер» атты көркем прозалық кітаптардың, 100-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы.