21 наурыз, KAZNEWS. Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орай Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх жарлық шығарып, мемлекетке көп жылдар бойы қызмет атқарған бірқатар азаматтарды мемлекеттік атақ, орден, медальдармен марапаттады.
Моңғолия Президентінің Жарлығымен «МИАТ» мемлекеттік қазынадағы кәсіпорынның Ұшу бөлімшесінің бастығы, ұшқыш Таштуанұлы Әуезге Моңғолияның “Еңбек сіңірген ұшқышы” атағы берілді.
Таштуанұлы Әуез – Моңғолияның азаматтық авиация саласында үздіксіз қызмет еткен 36 жыл ішінде ол 20,8 мың сағат ұшуды сәтті орындап, жаңадан ашылған рейстердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсене атсалысты.
1991 жылдан бастап арнайы ұшақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша үкіметтік экипаждың мүшесі болды.
Таштуанұлы Әуез пандемия кезінде азаматтарды елге әкелу үшін 25 арнайы жүк рейсін және 45 халықаралық жүк рейсін сәтті орындап, азаматтық авиация саласының дамуына нақты үлес қосты.