Құрылысты дамыту орталығы директорының орынбасары М.Ибрай: Жаңа тұрғын үйлердің зерттеу, санағын жасадық.
-Құрылысты дамыту орталығы, “Барилга.мн” сайтымен бірлесіп жаңадан пайдаға берілген тұрғын үйлердің санағы мен зерттеуін жасады. Осы зерттеудің маңызы мен мақсаты туралы ақпарат берсеңіз?
-Улаанбаатар қаласындағы ғана емес еліміз көлеміндегі тұрғын үйлер мен жеке тұрғын үйлерге сұраныс пен ұсынысты анықтау, тұрғын үйлердің бағасын зерттеу, сондай-ақ, пандемия құрылыс саласына және шаруашылық бірліктерге қалай әсер етіп жатқандығын айқындау, кәсіпкерлерге кездесіп отырған мәселелерді шешу мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында зерттеу жасадық. Жаңадан пайдаға берілген тұрғын үйлер санағын 2021 жылдың үшінші мезгілінде аяқтап, “Тұрғын үйлер ақпарат қорын” әзірлеудеміз.
-Биыл Улаанбаатар қаласында қанша тұрғын үй пайдаға берілді?
-Улаанбаатар қаласы көлемінде салынып жатқан жаңа тұрғын үйдің 240 жобасы, жеке тұрғын үйдің 118 жобасы, яғни, барлығы 358 жоба атқарылуда. Бүгінгі жағдаймен осы жылы 13560 ауылдық тұрғын үй, 1997 жеке тұрғын үй пайдаға берілді.
-Зерттеуге қамтылған тұрғын үйлердің шаршы метрінің орташа бағасы қандай?
-Біз жаңа тұрғын үйлердің баға санаттарын салыстыра отырып сауалнама жүргіздік. Улаанбаатар қаласында стандарт тұрғын үйлердің шаршы метрінің орташа бағасы 2.1 млн төгрөг, орта деңгейдегі тұрғын үй 2.6 млн төгрөг, бизнес санаттағы тұрғын үй 4,2 млн төгрөг, сәнді тұрғын үйлердің орташа бағасының шаршы метрі 5.5 млн төгрөгке дейін жетеді. Орналасқан өңірі, құрылыс сапасы, сыртқы безендіруіне байланысты жаңа тұрғын үйлердің бағасы әр-түрлі.
-Жұқпалы індеттің әсеріне байланысты құрылыс компанияларына қандай мәселелер кездесуде? Сонымен қатар, құрылыс компанияларын қолдау бағытында қандай жұмыстар атқарудасыздар?
-Жұқпалы індет Моңғол еліне ғана емес дүниежүзіне әр түрлі әсерін тигізуде. Елімізде құрылыс материалдарының бағасы 10-90% өсті, жұмысшылар азайды, компаниялардың айналым қаражаты таусылды, құрылыс материалдарының тапшылығы, шекара, кеден мәселелері, транспорттың бағасы қосылғаны сынды көптеген мәселелер кездесіп жатыр. Моңғол елі Үкіметінің іске асырып жатқан Экономиканы құтқару 10 трлн төгрөг кешендік жоспар аясында 3 трлн төгрөгтік қаржыландыру құрылыс саласын қолдауға жұмсалуда. Бұл тұрғыда құрылыс компанияларының сатылымын қолдау мақсатында ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесі 6 пайызға дейін төмендетіліп, ипотекалық қаржыландыру көлемі ұлғайтылды. Қазіргі уақытта сатылған барлық пәтерлердің 70% ипотекалық несие арқылы сатылған. Жаңа тұрғын үйлердің зерттеуін жасаудағы тағы бір мақсатымыз жылында қанша қаржы ипотекалық несиеге қажет екендігі, жылында қанша тұрғын үй жаңадан пайдаға беріліп жатқандығы, және ол үйлердің қаншасы ипотекалық несие арқылы сатылып жатқандығын зерттеу болып табылады.
-Тұрғын үйлердің салынуы мен сыртқы безендірулері туралы зерттеу жасалды ма?
-Құрылыстың қасбеті (фасад), сыртқы безендіруі бойынша зерттеулер де жасалды. Пайдаға берілген барлық жобаның 55% толығымен бетоннан жасалған, 40% темірбетон қаңқасымен құрастырылып жасалған болса қалған 4% кірпішпен қаланып салынған.
Қасбетке келетін болсақ, 54% полистирол көбік фасад, 25% темір метал, 10% тас, 3% әйнекті фасадпен салынған. Жобалардың 93% сыртқы алаңына мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жол салған.
Құрылыс туралы заңда барлық алаңның 30 пайызына сыртқы безендіру жұмыстары жасалады деп көрстеліген. Олай болса зерттеуге қамтылған барлық жобаның 91 пайызы 30 пайызға дейінгі алаңына безендіру жасаған болса, 30 пайыздан көп алаңға безендіру, көгалдандыру жасап, қауіпсіздікті қамтамасыз еткен тұрғын үй қалашықтары барлық жобаның 9 пайызын ғана құрайды.
Қорыта айтар болсам, соңғы жылдары құрылыс саласы озық технологияларды енгізіп, әлемдік стандарттарға сай келетін сапалы ғимараттар мен тұрғын үйлер салып қарқынды дамып келе жатқаны мақтауға тұрарлық.