Бүгін МҰХ-ның 2020 жылғы кезекті сайлауына атын ұсынушы үміткерлер куәліктерін алып, үгіт-насихат науқанын бастады. Бұл жолғы парламент сайлауына 13 партия, 4 одақтан 485, дербес 121, барлығы 606 атын ұсынаушы додаға түспек. Солардың ішінен сегізінші реткі парламент жасақталып, сұрыпталатын сайлау 22 тәуліктен кейін, яғни маусымның 24-і күні өтеді.
Ал сайлаушылар мемлекеттік билікті қолына тапсыратын саяси күш пен ел тізгінін ұстайтын мемлекеттік жоғары лауазым иелерін сайлайтын таңдау жасау жауапкершілігін мойнына жүктейтін де сын сағат таяды. Осыған байланысты сіздердің назарларыңызға сайлауға қатысушы партия, одақ басшыларының сайлаушыларға арнаған жолдауларынан үзінді ұсынамыз.
Моңғол халық партиясының төрағасы У.Хүрэлсүх: Моңғолия мүддесі деген жалғыз ғана мүдде үшін бірігейік
– Осыдан төрт жыл бұрын еліміз жағдайы қандай қиын болғаны әлі де есімде. Әлемдік қауымдастық алдында дефолт жарияламақ болдық. Шетелден алған қарыз, бондтарды қалай өтеу, бюджет пен қаржылық реттілікті қалай жолға қою, экономика өсімін қайтіп пайда болғызамыз деген көптеген мәселемен біздің үкімет бетпе-бет келді. Сондықтан біз бюджеттік жауапкершілікті жақсартып, экономиканы өсірдік. Біз ұрпағымызға қарыз емес, мұра қалдыруды көздедік. Біздің үкімет мұнай өңдеу, металлургия өндірістері, жаңа әуежай, аурухана, мектеп, балабақша, автожол, темір жол төсеу қатарлы ауқымды жасампаз істерді бастап, сәтті жүзеге асырып жатыр. Сіздерді Моңғолия мүддесі деген жалғыз ғана мүдде үшін жұмылып, сол мақсатты орындауға атсалысуға шақырамын.
Демократиялық партиясының төрағасы С.Эрдэнэ: Бостандық пен тең құқық кепілі демократия үшін дауыс беретіндеріңізге сенемін
– Экономика өсімін қамтамасыз етіп, әл-ауқат қорының игілігін тең бөліске салып, заң салтанат құрған қауіпсіз Моңғолияда әр жанұяға дамыс әкеліп, азаматтардың табысы артқан еркін қоғам қалыптастырып, кемелдендіреміз дегенге кәміл сенемін. Демократиялық елдің еркін азаматтары, сіздер жауапкершілікті таңдау жасау жолында тұрсыздар. Халықты кедейлендіріп, қарызды молайтқан, қара тізімге ілініп, азаматтар мүмкіндігін ұрлаған билік басындағылармен есептесетін кез келді. Біз сіздердің бостандық пен тең құқықтық кепілі болған демократия үшін таңдау жасайтындарыңызға сенеміз!
“Сіз бен біздің одағымыз” коалиция басшысы Н.Энхбаяр: Моңғолияның үш құндылығын дамыту бағдарламасын ұсынамыз
– “Сіз бен біздің одағымыз” коалициясынан 76 үміткер ұсындық. Өкініштісі ОСК МХП-ның басшылығы тапсырмасымен екі адамымызды тізімге енгізбей тастады. Сондықтан оны заңсыздық деп көріп, сотқа жүгіндік. Сот отырысы маусымның 4-і күні болады. Біздің коалиция «Моңғолияның үш құндылығы» атты сайлауалды бағдарламасын ұсынады. Біріншісі – еліміздің басты байлығы, ол – Моңғол адамы. Екіншісі – қоғамның тірегі отбасы. Үшіншісі – осы екі құндылыққа сүйеніп дамитын мемлекет. Осы үш құндылықтың біреуін тастап, екіншісін дамыта алмаймыз. Сондықтан үш құндылықты кешенді түрде дамыту саясатын жасап, команда жасақтадық.
“Дұрыс адам электораты” коалиция басшысы Б.Найдалаа: Білімді адамдардан команда жасақтадық
– Біздің алдымызда қателесуге болмайтын буын бар. Біз өзіміздің болашағымыз бен отанымыз үшін деген ниеті бар, білімді адамдардан команда жасақтадық. Мұнда жаңа заман мамандары да бар. Моңғолияны Моңғолия қалпында сақтап, отанымызды дамудың жаңа сатысына көтеретін жұмыс жоспары, даму бағадарламасын әзірледік. Елімізді жалған уәде, кеудемсоқтықпен немесе сіріңке тұтатып, шам жағумен дамыта алмаймыз.
“Жаңа” коалиция басшысы Ж.Батзандан: «МАНАН» тобымен күресті жалғастырамыз
– Біздің коалиция алдына үлкен үш мақсат қойып отыр. Біріншіден, мемлекеттік билік пен байлықты жасырын жолдармен қолға алған «МАНАН» тобына қарсы күресті күшейтіп, нәтижеге жеткенше жалғастыратын боламыз. Айырылып қалған кен орындарын халыққа қайтарып, қоғамдық байлықты әділ бөлу мақсатын қойдық. Өткен 30 жылдағы даму саясаты қателерін түзету үшін «Жаңа» одақ сайлауға түсіп отыр. Біз әділдік үшінгі төңкеріс пен өнеркәсіптік төңкеріс жасап, халықты байлық иесі ету үшін жұмыс жүргізетін боламыз.