Аймағымызда ірі өндірістер мен кен орындары жоқ болғандықтан жұмыссыздық ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Тек біздің аймағымызда ғана емес еліміз көлеміндегі жұмыссыздық мәселесі шешімін таппай отыр. Есесіне азаматтар жыл өткен сайын шетелдерге шығып жұмыстауда. Еліміз көлемінде көптеген компаниялар бар. Сонда да 3 млн халықты жұмыспен қамтамасыз ете алмауда. Айналасы 3 млн халықтың 2 млнға жуығы күнін әзер көріп отыр десек қателесе қоймаспыз. Қалғандары ығай мен сығайдар. Аймағымызда шикізат өңдейтін бірден-бір компания «Файн ноос» компаниясы. Қазіргі жағдайда 80 адаммен, ал күн жылына 300-ге жуық адаммен жұмысын жүргізуде. Кей жағдайларда экономикалық қиындықтарға да ұшырап отыратын компания жүн жуу, тарау яғни өңдеу жұмыстарын атқарып, шетелге экспорттайды.
Біз өндірістің жұмысымен танысу мақсатында директоры Қыдырпатша Сақабаұлына жолықтық.
Қандай бір жұмысты бастау үшін менежменті жақсы жасалу қажет. Ал, шетелдерге экспорттау үшін ең басты ұстаным – сапа.
Қандай бір жұмысты бастау үшін менежменті жақсы жасалу қажет. Ал, шетелдерге экспорттау үшін ең басты ұстаным – сапа. Бұған өндіру барысындағы барлық процесс қамтылумен қатар шикізаттың да сапасы, оны тасымалдау кезіндегі сапа да басты рөл атқарады дегенді тілге тиек етті. Осы өндірістің жанында шағын кигіз өндіретін, сырмақ өндіретін цех жұмыс атқарады. Біз барған сәтте компания жұмысшылары жуылған жүнді арнайы құрылғымен тарап, түтіп жатыр екен. әдеттегі қой жүні жұп-жұмсақ матаға айналыпты. Ақ ұлпа түбітін ғана алып экспортқа шығарып, қылшығын бөлек ылғап алады екен. Қарап тұрып аймағымыздағы осыншама өнімдердің ешқандай іске жарамай жатқанына қынжылады екенсіз. Тіпті осы өнімдерді иіріп, жіп қылып, қымбатқа алып киетін кашемирлерді неге өзіміз өндірмеске?! Алайда барлығына мүмкіндігіміз шектеулі. Қайтадан компаниямызға оралайық. Мұнда жұмыстайтын азаматтардың ішінен Мақшарқызы Болатқа жолығып әңгімелестік: «Мен жұмыстағалы 13 жыл болыпты. Көп жыл бойы осы компанияда жұмыстап келемін. Жұмыс ауыр. Алайда жұмыссыз жатқаннан жақсы. Аймағымызда бұдан басқа көп жұмысшы қамти алатын компания жоқ. Негізі компаниялар көп болса, бізде таңдау көп болады. Айлық-жалақымызға, күн көрісімізге септігі тиер еді. Қаншама адам жұмыссыз» дегенді тілге тиек етті.
Қауырт жұмыстап жатқан жұмысшылар. Үлкен зал толған техника, іші толған қой жүні. Несін айтасыз, нағыз еңбектің қызған ортасы деуге болады. Қыдырпатша мырзаның айтуынша қандай бір өндірісті жұмыстатқанда нарықтағы жағдайын нақтылап зерттеу қажет. «Мысалы бір киім өндірдік дегенде алушыларды, сондай-ақ бәсекелестерді, нарықтағы бағасы мен шикізатын, жұмысшылардың жалақысын барлығын нақтылап зерттеп алып іске кіріскен жөн. Бізде мүмкіндік көп. Мысалы пайдаланбай тұрған яғни бос тұрған құрылыстар да бар. Осыны пайдаланып қандай бір шикізат неге өндірмеске?» дегенді айтады.
Сондай-ақ аймағымыздағы шикізат қоры жеткілікті. Егер тері өңдейтін, тағы басқадай өндіріс жұмыстатамын десе мүмкіндіктер бар. Алайда өндірген өнімді саудалайтын жолды қарастырып алу қажет. Мысалы теріден жасалған тондар десек, «Дархан Нэхий» тағы басқа өндірістерде өндірілген тондар, елімізде өндірілген түбіт, түйе жүн киімдер еліміздің сұранысын толық өтеп тұр деп айта аламыз. Сондықтан ең дұрыс жол – өнімді экспорттау» деді Қыдырпатша мырза.
Айтып айтпай не керек 3 млн халықтың қажетін толық өтеп тұрмыз деп айта алмаймыз. Тек кашемирлер көбейгенімен бағасы қымбат. Бүкіл киім-кешекті, ең бер жағы ине-түймеден бастап қытай қанымдап тұр. Миллиардтан астам халқы бар, әлемді экономикасымен жаулаған қытаймен елімізді салыстыруға келмес, алайда экономикасы бізбен қарайлас Қырғызстан, Өзбекстандарда киім өндірістері, текстиль жақсы дамыған. Қырғыз көйлектері Қазақстанның барлық қалаларында жақсы сатылымда. Тіпті біздің аймағымызға да келгелі де біршама жылдың жүзі болды. Бәрін айт та бірін айт жұмыссыздықты жоюдың тура жолы – жергілікті жерлерге өндірістер салу. «Файн ноос» компаниясының экономикалық ақуалы тым керемет деп айта алмаймыз. Жұмысшылардың әлеуметтік мәселесі де толыққанды қарастырылмаған. Әйтеуір жоқтан жақсы. Кейбір қалталы азаматтар пәтер үйлерді сала бергенше, нарықтағы сұранысын зерттеп, шетелдермен шарт жасасып осы шикізаттарды өңдеп, жұмыссыз кедей халықты жұмысты болдырса игі еді. Амал қанша,
«Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі,
Халықтың қамын ойлап,
Шың басында тұрса игі» демекші ондай күндердің ауылы әлі алыста сияқты. Сондай бір қажетсіз саясаттың құрсауында, бірнеше депутаттардың тендері мен солардың жоғын жоқтаумен күндеріміз өтіп жатыр. Ал, мемлекеттен «өндіріс салып ал» деп бере қоятын қаржысы белгілі. Тіпті мемлекеттік қазынадан аймағымызға бөлінетін қаржы басқа аймақтармен салыстырғанда екіден бірі, немесе үштен бірі ғана деуге болады. Айтамыз айтамыз, ешқандай өзгеріс жоқ. Дегенмен айтып қойған соңғылыққа жақсы. Мүмкін, арманымыз орындалар. Ол да мүмкін!!!
Айбота Әлейханқызы
