Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлы есімдер, түркі әлемінің генезисі, ежелгі өнер мен технологиялар музейі, дала фольклоры, кино мен телевизия өнері туралы айтылған«Тарихи сананы жаңғырту» бөлігінде атап көрсеткен ұлттық санаға қатысты және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі заманауи қазақстандық мəдениетті əлемге таныту мəселесіне басым көңіл бөлінеді.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы негізінде «Айналаңды нұрландыр» жобасы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (www.kaznu.kz) жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының «Саяхат» атты өлкетану клубы еліміздің рухани астанасы, ежелден мұсылман атаулы тәу етіп барып, зиярат қылатын құтты орын, түркілердің төл мекені,өзінің көне тарихымен танымал, қазақтар үшін сондай рухани алып, бүкіл қазақ халқы мойындайтын піріміз, тарихи қала, діни туризм орталығы – Түркістанмен танысу мақсатымен ғылыми-танымдық іс-шараТүркістандағы Ахмет Яссауи кесенесіне экскурсия ұйымдастырды. Бұл экскурсия өзінің тарихи-мәдени бағытымен ерекшеленді.
Бұл жобаны жүзеге асырудағы кафедраның мақсаты заманауи қазақстандық мəдениетті əлемге таныту, ұлттық мəдениетті, қасиетті рухани құндылықтарды,білім мен ғылым саласында жеткен жетістіктерін дәріптеу, шетелдік азаматтарға кеңінен таныстыру болды.
Осы іс-шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң85 жылдық мерейтойына арнайы кафедраның «Саяхат» атты өлкетану клубының жетекшісі Т.В. Курманова ұйымдастырды. Шараны осы кафедраның ұстаздары Г. Утебалиева, Р.Дүйсенбаева, А. Саденовалар ерекше қолдай отырып, АҚШ, Испания, Қытай, Ауғанстан, Түркия, Вьетнам, Ливан, Оңтүстік Корея, Жапония, Монғолия, Швейцария, Германия, Иран және басқа да елдерден Қазақстанға келген шетелдік студенттерді саяхаттауға алып барды.
Саяхат барысында шетелдік студенттер еліміздің түркі тілдес халықтардың рухани орталығы, Қазақ хандығының саяси астанасы болған Түркістан қаласын, XV ғасырда Қ.А. Яссауиге арнап тұрғызылған кесенесін аралап, ғажайып «Тайқазанды», Ахмет Яссауи мүрдесіне қойылған құлыптасты, жерленген бөлмені, Абылай хан ескерткішін көрді, тарихымен танысты. Одан соң жер асты мешітіне барып, Ахмет Яссауи қылуетке түскен жерді көздерімен көрді. Шығыс моншасы мен Жұма мешітінде болды, Рабия Сұлтан Бегімнің кесенесін тамашалап, ерекше әсер алды.
Ежелгі қазақ хандығының астанасы болған Түркістанның елдік бейнеміздің кәусар бұлағы екенін, оның пайда болу тарихын осы қала арқылы біз өткен тарихымызды, мәдениетімізді білетінімізді шетелдік студенттерге дәріптеу, оларды ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды құрметтеуге тәрбиелеуде саяхаттың берері мол болды.
Бұл, біріншіден, қазақ халқының жоғары мәдениеті мен өнегелік қасиеттері туралы шетелдік студенттердің тарихи-мәдени білімдерін көтерудің өзгеше формасы, екіншіден шетелдік студенттердің ой-танымын қалыптастырудың негізі болар бірден-бір жақсы шара болды.
Сонымен қатар, студенттер Түркістанның ежелгі заманда да, қазір де үлкен саяси орталық екені, бұл қаланың сол ғасырлар бойы елдің басын біріктіріп, рухани негізді сақтап қалуға сіңірген еңбегі ұлан-теңіз екені, қаланың жалпы мұсылман әлемінде «Екінші мекке» атануы тегінен тегін емес екені, осындай бой көтерген зәулім кесене – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның «Қызыл кітабына» енгізілгені, қасиетті қала кезінде шашыраған халқымыздың басын біріктіріп, елдігіміздің нышанын айдай әлемге паш еткені туралы мәліметтер алды.
Саяхат тек тарихи нысандарды аралау және олармен танысумен шектелмей, әрі қарай ғылыми-көпшілік бағдарламаларымен жалғасын тапты.
Бұл экскурсияның танымдық қызметімен бірге тәрбиелік, сауықтырушылық және спорттық мәні де зор болды. Бұл тарих саласы мен ой-танымдық мәдениетіне және шынайы тәжірибе алмасуға бағытталған бұл саяхат көпке үлгі болары сөзсіз.
А.Е. Саденова., Т.В. Курманова., М.А. Азнабакиева
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру
дайындығы кафедрасының оқытушылары