Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек
– Қасым-Жомарт Кемелұлы, уақытыңыздың тығыздығына қарамастан «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беруге келіскеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің қоғамды толғандыратын мәселелер туралы пікіріңіз қазақ баспасөзі үшін өте маңызды. Сондықтан түрлі тақырыпта өзіңізбен ашық әңгіме өрбіткіміз келеді. Өткен жыл несімен есіңізде қалды?
– Осы мүмкіндікті пайдаланып, барша отандасымды тағы да Жаңа жыл мейрамымен құттықтаймын!
2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды.
Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге қатысты үстемеақы төленетін болды. Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды.
Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады.
Сұхбаттың жалғасын толық оқу үшін сайтқа өтіңіз.