KAZNEWS – 29 сәуірде Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Қалыбек Қобландин жергілікті БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Моңғолиядағы Қазақстандық өкілдік басшысы 2015 жылы 26 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өткенін хабарлады.
Ресми мәлімет бойынша сайлауға 9 млн. астам адам немесе дауыс берушілердің 95,21% қатысқан.
Сайлауға ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ, ИЫҰ, Түркі тілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының және т.б. халықаралық ұйымдардан 858 байқаушы қатысса, тіркелген шетелдік журналистер саны 160-ты құраған.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметіне сәйкес, президенттікке үміткерлер төмендегідейдауыстар жинаған:
– Әбілғазы Құсайынов – 57 718 дауыс немесе 0,64%;
– Нұрсұлтан Назарбаев – 8 млн 833 мың 250 дауыс немесе 97,75%;
– Тұрғын Сыздықов – 145 мың 756 дауыс немесе 1,61%.
Осылайша, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес 1940 туылған, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Президенті болып қайта сайланды. Ол – ұлты қазақ, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Қазақстан Республикасының Президенті, тұрғылықты жері Астана қаласы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімі 29 сәуірде өтетіндігі белгілі болды.
Қазақстандық дипломат Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 28 сәуірде қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихаты барысында Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатты жалғастыратындығын, ал ішкі саясат бес институционалдық реформаларға сәйкес жүргізетіндігін мәлімдегенін жеткізді. Олар меритократиялық негіздерге сүйенген кәсіби басқару аппараты бар мемлекет, заң үстемдігі, сот және құқық қорғау салаларында реформаларды жалғастыру, экономикада бизнесті дамыту және индустрияландыруға қолдау көрсету, «Мәңгілік ел» идеясы аясында біртұтас қазақстандық ұлтты қалыптастыру, ашық және халыққа есеп беруші мемлекет құру болып табылады.
Елші сөзінің соңында дауыс беру күні Моңғолияда жергілікті сағ. 7.00-ден 20.00-ге дейінгі уақыт аралығында Елшілікте № 231 сайлау учаскесі жұмыс атқарғандығына тоқталды. Сондай-ақ, тасымалданатын сайлау урнасы арқылы Эрдэнэт қаласындағы азаматтарға да дауыс беру мүмкіндігі берілгені айтылды. Сайлау барысында Монғолияда уақытша тұрып жатқан 120 Қазақстан азаматы дауыс беріп, көрсеткіш 97,4 % пайыздық құраған.