Қазақстандық экономикалық жоспарлау және саяси тұрақтылық бағдарламалары ҚР-дың табысты дамуының басты бағыттарының бірі және басқа елдерге үлгі болды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында Моңғолия ұлттық университетінің профессоры, экономикалық ғылымдар докторы Чулуундорж Хашчулуун мәлімдеді.
«Қазақстан – экономикасымен көш бастаған Орталық Азиядағы ірі мемлекет. Оның энергетикалық секторды дамытуда, трансұлттық корпорациялармен жұмыс істеуде, халықаралық нарықтардағы қызметте тәжірибесі мол. ҚР табыстылығының елеулі факторы экономикалық жоспарлау тәжірибесі дер едім. Бұл көп жағдайда басқа елдерге, оның ішінде Моңғолияға үлгі болуда», – деді ол.
Чулуундорж Хашчулуун бірінші кезекте, Қазақстанның 2030 және 2050-ге дейінгі даму стратегиясы мен Нұрлы жол бағдарламасын алға тартқанын түсіндірді.
Моңғолия экономисінің айтуынша, Қазақстанның басты экономикалық басымдықтарының бірі оның Азиядан Еуропаға баратын жолдардың қиылысында орналасуы. Бұл орасан зор транзиттік мүмкіндіктер ашады.
«Моңғолияны қоса алғанда, өңірдің басқа елдеріне қарағанда, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті зор. Бұл оның ірі нарықтарымен, халқымен, тұтастай үлкен экономикасымен шарттасқан. Мысалы, Моңғолияда барлық индустриалық жобалар ішкі тұтынуға емес, басым бөлігі экспортқа негізделген», – деп қосты ол.