Кеше (30-тамыз) Астана қаласының «Қазанат» атшабарында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен және «Самұрық – Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының бас демеушілігі арқасында, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен ҚР Конституциясының 20 жылдығы және Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдық мерекесіне орай қазақтың ұлттық спорт түрі Теңге ілуден І ашық Азия чемпионаты аяқталды.
Сонымен теңге ілу сайысына қатысқан: ресейлік спортшы Ринат Ишхуанов, әзербайжандық Етигот Гурбанов, мажарлық бауырымыз Шепенто Шомбер, қырғыз жігіті Азамат Шәкірұлы, тәжік азаматы Караматолла Хакимов, өзбекстандық Ұлықбек Хамзаев, қытай елінен келген Нұрболат Тәліпбайұлы, Моңғолиядан келген бай-өлкелік бауырымыз Қуатхан Абдол, түрік Қызылкөз Адем және қазақстандық теңге ілушілер Әлихан Бәшімбаев (Ақтөбе об.) пен Ғалымжан Изжановтар (ОҚО) қатысты.
Жарыс барысында бірінші айналымнан соң 6 сайыскер таңдалып алынды. Олар: Шепенто Шомбер, Ұлықбек Хамзаев, Қуатхан Абдол, Қызылкөз Адем, Әлихан Бәшімбаев, Ғалымжан Изжанов. Осы топтан үшінші айналымға Ә.Бәшімбаев, Ғ.Изжанов, Қ.Абдол, Қ.Адемдер суырылып шықты.
Бас жүлде үшін тартыс жоғарыдағы төрт сайыскердің арасында өтіп, жарыс жолын 13 секундта шауып өтіп 3 теңге ілген Ғалымжан Изжанов чемпион деп танылды. Келесі орындарды – ақтөбелік Әлихан Бәшімбаев пен моңғолиялық Қуатхан Абдол иеленді.
Жоғарыдағы І ашық Азия чемпионаты барысында Асау үйретуден турнир ұйымдастырылып, оған 12 үміткер қатысты.
Нәтижесінде, оңтүстікқазақстандық асау үйретуші моңғолиялық Жеңісбек Манақайұлы топ жарып, екінші орынды моңғолиялық Жеңісбек Серікұлы, үшінші орынды шығысқазақстандық Айбек Кеңшілікұлы иеленді.