KAZNEWS – Қазақстан және Моңғолия арасында бірінші кезекте болашақта экономикалық саладағы ынтымақтастықты тереңдету мәселесі талқыланды.
«Қазақстандық компаниялар бірінші кезекте, энергетика, тау-кен саласы, ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, алтынды өндіру және қайта өңдеу, сондай-ақ басқа салалардағы ынтымақтастықты дамытуға дайын», – деді ол Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Ухнаагийн Хурэлсухпен болған кездесу кезінде.
Қазақстандық тілшілерге берген сұхбатында Б.Сағынтаев Улаанбаатарға жасаған сапарының мақсаты мен қорытындылары туралы айтып берді.
«Моңғолияға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша келдік. Өздеріңіз білетіндей, 9 мамыр күні Мәскеуде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу кезінде Мемлекет басшысы Моңғолия президентімен кездескен. Екі елдің одан жоғары деңгейдегі екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды дамыта бастайтыны туралы келісімге қол жетті», – деді Б.Сағынтаев.
Оның айтуынша, сапардың қорытындылары өте жемісті болды. «Біз сондай-ақ өзімізге моңғол тарапынан келіп түскен ұсыныстарды талқыладық. Онда электр энергетикасы, теміржол саласы, автомобиль жолдарын салу секілді әр түрлі инфрақұрылымдық жобаларға қатысу көрсетілген», – деп атап өтті Б.Сағынтаев.
Ол Қазақстан делегациясы отандық компаниялардың тау-кен қазу саласы, өңдеу өнеркәсібі, алтын өндіріп, қайта өңдеу, локомотивтерді Моңғолияға жеткізуге ынта білдіргенін айтты. Соңғы ұсынысқа Моңғолия тарапы қызығушылық танытты. «Осы мәселелердің барлығы сарапшылық деңгейде одан әрі қарастырылатын болады», – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары.
Моңғолия елінің Премьер-министрі және Вице-премьерімен болған кездесу барысында үкіметаралық комиссияның жұмысын күшейту туралы ортақ келісімге келді.
«Моңғолия Президентімен кездесу өте жемісті болды. Мен оған біздің мемлекет басшысымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың оны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын жеткіздім. Шақыруды қуана қабылдады. Мен Нұрсұлтан Әбішұлының біздің елдеріміздің арасындағы өзара қарым-қатынастың сапалы жаңа деңгейіне шығу қажет деген сөздерін айтып жеткіздім», – деп хабарлады Б.Сағынтаев.
Оның айтуынша, Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдорж екі елдің ынтымақтастығындағы әлеуетті атап өтіп, сондай-ақ екіжақты қатынастарды сапалы жаңа деңгейге шығару қажеттілігін қолдап отырғанын көрсетті.
«Моңғолия тарапы Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастықты дамытуға ниетті. 29 мамыр күні Бурабайда Еуразиялық экономикалық одақ пен Вьетнам арасында еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылатынын білесіздер. Бұл – бірінші құжат. Моңғолия тарапы осындай келісімге келуге үлкен қызығушылық танытып отыр», – деді Б.Сағынтаев. Оның айтуынша, келіссөздер барысында Қазақстан Улаанбаатардың аталған талпынысына қолдау танытты.
«Көрші болсақ та, өкініштісі, бізде Астана-Улаанбаатар және Алматы-Улаанбаатар бағытындағы тұрақты ұшақ рейсі жоқ. Үкіметтік деңгейдегі келіссөздер кезінде бұл мәселені Моңғолия да көтерді», – деді ҚазАқпарат тілшісінің сұрағына жауап берген Б.Сағынтаев. Ол сондай-ақ, Моңғолия ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатынын растағанын еске салды.
Улаанбаатарға келген қазақстандық делегацияның құрамында 20-дан астам адам барды. Олардың арасында ҚР Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев, Әділет министрлігінің жауапты хатшысы Марат Бекетаев, Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау, Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, KAZ Minerals PLC басқармасының төрағасы Олег Новачук, сондай-ақ ««Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ, Қазақстан даму банкінің басқарушы директорлары және т.б. бар.