Connect with us

Кәсіпкер

Елімізде қандай мамандар сұранысқа ие?

Published

on

Елімізде үлкен сұранысқа ие мамандықтар тізімін «Химия инженері», «нано-био технология», «электр инженері» «механик инженері», «құрылыс инженері» бастап тұр.
Сондай-ақ, нарықта IT мамандары, медицина, мал дәрігері, қоршаған ортаны қорғау қызметкері, индустриялды автоматтандыру инженері сынды мамандық иегерлері жетіспейді.

Continue Reading
Click to comment

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Кәсіпкер

К.ЕРІК: Кісілік пен кішілікті жоғалтуға тиіс емеспіз

Published

on

Бүгінгі таныстырып отырған қонағымыз жас кәсіпкер Ерік Калабырұлы.

Ерік Калабырұлы Баян-Өлгий аймағы Сағсай сұмынында туып өскен.  Орта мектепті бітірген соң Медицина академиясының фармацевтика факультетіне  түсіп, оны 2008 жылы дәрі-дәрмек маманы ретінде тәмамдаған. Қызмет жолын Улаанбаатар қаласындағы «Цомбо» компаниясында бастаған. Аталмыш компанияда 8 жыл сапа менеджері қызметін атқарған. 2016 жылдан атқарушы директор лауазымына тағайындалған. Әйелі де фармацевт, үш баласы бар.

Мекен жайыМоңғолия, Улаанбаатар қаласы

Жұмыс орны мен лауазымы: Цомбо компаниясының атқарушы директоры, Ұланбатырдағы Сағсай сұмыны жерлестер алқасы төрағасы, “Өлгийн хүчтэн” клубының басқарма мүшесі.

Сошиал парақшасы: Yerik Ka

– Цомбо компаниясы жөнінде таныстырып өтсеңіз?

Цомбо компаниясы 1996 жылдан бері дәрі-дәрмек саласында іс-қызметін жүргізіп келеді. Дәріхана, дәрі өндірісі, дәрі импорт қатарлы үш бағытта жұмыстаймыз. 50-ден астам жұмысшымыз бар. Моңғолия нарығында өзіндік орыны бар компаниялардың қатарында жүргенін айта кеткенім жөн болар. 2005 жылы Ампултай вакцинасының өндірісін іске қосқан. Зертханамыз 2017 жылы ISO/IEC 17025:2005 стандартына сай мемлекеттік аккредатциядан өткен. Дәрі-дәрмек өндірісіміздегі тәжірибемізге 2018 жылы GMP стандартына сәйкестік сертификатын алдық.

– Сіздің жұмыс жүргізу тәсіліңіз қандай?

Мезгіліне байланысты атқарылып отыратын, көп өзгермейтін бір жылдық жұмыс жоспарымыз бар. Істейтін жұмысымыз айқын болғандықтан күнделікті шаруаны келесі күнге қалдырғым келмейді. Не болса да, сол күні аяқтауға тырысамын.

– Уақытты  ұтымды пайдалану  тәсіліңіз  қандай?

Қазіргі кездегі ең тиімді тәсілі тағы да ғаламтор жүйесіне қосылған ұялы телефон деп ойлаймын. Ол менің жастыққа басым тигенше жұмысымды тез бітіруге көмектеседі. Оны ұтымды іске жексеңіз, кеңістікке және мекенге бағынышты болмайсыз. Бұрындары тендер жариялағанда және  құжат өткізгенде көп уақыт алатын. Қағазбастылық басым еді. Енді   тендерден бастап, барлық  қызмет көрсету ғаламторға қосылған онлайн түрінде болғандықтан одан сенімді серік жоқ. Жастар ғаламторда әлеуметтік желіде уақытын босқа өткізгенше, оны оңтайлы пайдаланса, табысқа қол жеткізетін мүмкіндік көп деп ойлаймын.

– Жұмыс тізімін қалай жасайсыз?

Жоспарды бір жылға жасап, белгілеу дәтперіне жазып, ай сайын тындырған жұмыстарымды белгілеп, қорытындылап отырамын.

Әлемде жаңа шығарылған дәрі-дәрмектерді елімізге танытып,  тізімдетуге үлесімді қостым. Мысалы, осы уақытқа дейін қатерлі ісікке  қолданатын  34-35 дәрісін тіркетіппін. 

– Қандай іске шеберсіз?

Еңбек еткен жылдарымда кәсібіме шыңдалу арқылы жетістікке жеттім деп ойлаймын. Әлемде жаңа шығарылған дәрі-дәрмектерді елімізге танытып,  тізімдетуге үлесімді қостым. Мысалы, осы уақытқа дейін қатерлі ісікке  қолданатын  34-35 дәрісін тіркетіппін. Соның нәтижесінде біздің компания Моңғолияда қатерлі ісік дәрісінің 70-80 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Кейбіріне дәрігерлер тапсырыс берсе, кейбірін өзіміз әкеліп, тіркеуден өткіздік.

Тікелей өз жетекшілігімде компаниямыздың дәрі –дәрмек өндірісі зертханасына ISO/IEC 17025:2005 стандарты бойынша Ұлттық аккредатциядан, компаниямызды халықаралық ISO 9001:2015 сапа менеджменті жүйесі бойынша сертификаттаудан өткіздім.

– Қызметіңіздің жақсылығы  мен қиыншылығы?

Шетелдерден қатерлі ісікке шалдыққан адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерді тауып, жеткізіп берген кездегі адамдардың алғысына жететін дүние жоқ. Кез-келген дәрі –дәрмекті қолдану үшін алдымен оны тіркеуден өткізу қажет. Еліміз нарығы шағын болғандықтан 5-10 адам ғана пайдаланатын дәрілерді тіркету жолы қиын. Өйткені оған өте көп құжат талап етіледі. Шетелдік компания ол үшін бізге  500-600 бет құжат дайындап бере алмайды.  Мұқтаж жандарға өте қажет болса да, оны әкеліп беру мүмкін емес. Сол жағы ауыр тиеді. Сондықтан шетелдік компанияның өнімін ғана емес, өндірісін де тіркеуге алып, содан шыққан дәрілерді еңгізе берсе деп ойлаймын.

– Дәл қазір немен айналысып жатырсыз?

2019 жылғы 21 аймақ пен астана ауруханалардың пайдаланатын дәрі-дәрмек тендеріне құжаттар өткізіп жатырмын. Жыл басындағы үш айымыз соған жұмсалады.

– Жұмыс кезінде қандай музыка тыңдағанды ұнатасыз?

Жұмыста және үйде музыка тыңдауға әуестігім жоқ. Тек жұмыстан қайтқан кезде көлік ішінде қазақтың халық әндері мен термелерін тыңдаймын. Ұшқын Жамалбектің әндерін ұнатамын. Әндерінде қазақилық әуен басым.

– Жуықта қандай кітап немесе мақала оқыдыңыз?

Жуықта ақын, жазушы Сұлтан Тәукейұлының “Арыстардың арманы” кітабын оқып жатырмын. Осы кезде магистратурамен қатар Басқару академиясында бизнестік басқару мамандығын оқып жүрмін. Өзімді дамыту үшін кәсібіме қатысты кітаптарды қараймын.

– Сіз өзіңізді қандай адаммын деп есептейсіз?

Өзімді көпшіл, ашық адаммын деп ойлаймын. Жүргізуші, даяшылармен бір деңгейде қатынасамын. Басқалармен тең дәрежеде тіл табыса білсең ғана ісің алға басады.

– Демалыс  уақытыңыз?

Түңгі 00:00 – 08:00 аралығы. Таңертең балаларды сабаққа жеткізіп, жұмысқа 09 сағатта келемін.

– Жұмыста жоқ кезде сізді қайдан табуға болады?

Телефоным арқылы (күліп)… Ғаламтордан әлеуметтік желіден табуға болады.

– Демалыс күндеріңіз қалай өтеді?

Демалыс күндері қаладан алыс қырда болғанды жақсы көремін. Өзім ауылда өскендіктен қыр тіршілігін аңсап тұрамын. Улаанбаатарға жақын Батсүмбэрде туыстарымыз бар. Соларға барамыз. Төлдің дауысын естіп, табиғат аясында таза ауада демалып қайтамыз.

– Жұмысыңыз аяқталған соң қайда боласыз?

Көбінде үйге асығамын. Уақытымды отбасыммен бірге өткізгенді жөн санаймын.

– Жалпы сіз кімнен, неден күш-қуат аласыз?

Ең бірінші, ата-анамнан, одан кейін айналамдағы бірге істейтін және кеңес беретін жақсы адамдардардан, достарымнан күш-қуат аламын. Тілектес болған ағайын-туыстардың қолдауын да үнемі сезініп жүремін.

 – Өміріңіздегі құнды да ғибратты оқиға?

Мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнына қабылдайтын емтихан тапсырып, аймақ бойынша химия пәнінен 3- орын иелендім. Сол кезде әкем: «Өмірде кім болуыңа да, қандай дәрежеге жетуіңе де болады. Бүгін бірінші орынға көтерілуің немесе соңғы орынға түсіп қалуың, ертең қалталы бай болуың да, болмай қалуың да мүмкін. Бірақ не болса да ешқашан адамшылығыңды жоғалтпа!» – дегені есімнен кетпейді.

Қазір үлкен-үлкен компаниялар білімнен гөрі отаншылдық пен адамгершілікті жоғары бағалайтын болды. Сондықтан адам ешқашан адамгершілігін жоғалтпау қажет. «Мен бастық болып кеттім» немесе «байып кеттім» деп тұмсығын көкке көтеріп, тәкаппарлануға болмайды. Адамның тағдырында не болатынын тек бір Алла ғана шешеді. Кісілік пен кішілікті жоғалтуға тиіс емеспіз.

Мен «бастық деген сен емессің, ол тек қана сенің қызметің» деген қағиданы ұстанамын.

– Әлеуметтік желіден көріп қаламыз. Әр түрлі қайырымдылық акциясына қолдау көрсетіп жүресіз. «Жақсылықты басқаларға  үлгі  болу үшін көрнеу істе» деген. Бұл жайында не дейсіз?

Туған жерімнің мәртебесі көтерілсе, іштей қуанып жүремін, әрі сол үшін үнемі атсалысамын.

– Немен мақтанасыз?

Отаныммен, және салт дәстүрімізбен мақтанамын.

– Демалуды жақсы көретін жеріңіз?

Қозы жайып өскен өлкем Сақсай сұмыны Даян өлкесі Сүнгіті жайлауы.

– Айтуға құмар сөзіңіз?

Абай атамыздың “Сен де – бір кірпіш, дүниеге. Кетігін тап та, бар қалан! ” сөзін үнемі айтамын.

– Қандай зат сатып алуға құмарсыз?

Қол сызған көркем суретке әуеспін.

– KazNews.mn порталының “Кәсіпкер” бағдарламасының келесі қонағына кімді ұсынасыз?

Соңғы жылдары Баян-Өлгий аймағының балуандары белгілі бір деңгейде көрініп жүр. Бұған «Өлгийн хүчтэн» клубының қосқан үлесі зор деп ойлаймын! Мен келесі қонақ ретінде «Өлгийн хүчтэн» клубының жетекшісі Айдос Қабиденұлын ұсынамын.

–  Рахмет

Continue Reading

Кәсіпкер

Мен қалай жұмыс жасаймын? Косметикалық хирург Жанболат Тілеубекұлы

Published

on

Қазіргі уақытта еліміздегі хирургия саласы, оның ішінде косметикалық хирургия жақсы дамып келеді. Мамандарымыз кез келген шетелдік хирургпен тең деңгейде деп ауыз толтырып айта аламыз. Олардың бірі және бірегейі Жанболат Тілеубекұлы.

Ол Медицина академиясының стоматология факультетін бітірген соң арман жетегінде жүріп, косметикалық ота бағытында білім алып, тәжірибе жинақтап 2015 жылы «Принцесс» атты жеке ауруханасын ашқан.

Біз бүгін, Kaznews ақпараттық агенттігінің «Мен кәсіпкермін» жобасының кезекті қонағына «Принцесс» ауруханасының негізін қалаушы, косметикалық хирург Жанболат Тілеубекұлын шақырып отырмыз.

Жанболат Тілеубекұлы: Үнемі, тұрақты ізден, кітап оқы, кез келген нәрсені шынайы көңіліңмен істесең, жетістік саған өзі келеді.

Мекенжайы: Моңғолия, Ұланбатыр қаласы, Баянгол ауданы, 5- ауылжай, Си Ай Ти орталығы, 3-қабат

Жұмыс орны мен лауазымы: «Арумед» компаниясы директоры, «Принцесс» ауруханасының бас дәрігері

Әлеуметтік желіде: FB Janbolat Danko Tileubek

Ұялы телефоны:   iPhone 7

Қолданатын компьютері: Dell

Сіз жұмысыңызды қандай тәсілмен жүргізесіз? Жұмыс күніңіз қалай өтеді?

–  Мен таңғы жеті сағатта тұрып, балаларымды мектеп пен балабақшаға жеткізген соң жұмысқа келемін. Жұмыс таңертең 09:00 сағаттан басталады. Келе салысымен өткен күндері ота жасалған адамдарды қарап, қаралуға келген адамдарды көріп бола сала, операция жасауға кірісемін. Бізде күніне 2-4 адам ота жасатады. 16-17 сағат аралығында азаматтарды қабылдайтындықтан отадан шыға салып, келгендерді көріп, екпе жасататындарды қабылдаймыз. Ота көп істелетін күндері дәрігерлік бақылау жүргізе алмайтындықтан кейде сенбі күндері де ауруханада боламын. Бір отаға 2-3 сағат жұмсалатындықтан басқа ауруханалар сияқты көп адам қабылдай алмай қаламыз. Бұл біздің мамандықтың бір ерекшелігі болса керек.

Ең көп қолданатын және жақсы көретін аппликейшнді /бағдарламалар/ атасаңыз?

– Әрине компьютердегі күнделікті қоланыстағы бағдарламалар. Сосын Mplus пен what3words аппликейшндерін тұрақты қолданамын.

Сіз үшін уақыт үнемдеудің ұтымды тәсілі?

 – Жұмысты жақсы жоспарлау, алдын ала уақыт белгілеу.

Атқарылатын жұмыстар тізімін қалай жасап, қайтіп белгілейсіз?

– Жасалатын оталар жоспарланып қойылатындықтан сол жоспарға сәйкес менің жұмыс сағатым реттеледі. Ал жеке мәселелерге қатысты дүниелерді менежер дәптерге жазып қояды.

Сіз нені істеуге шеберсіз?

Біздің жұмысымыздың еркешелігі – сау адамдардың өз ықтиярымен келіп,  денесіне пышақ тигізуінде. Тәуекелділік басым, адамның денсаулығы және әдемілігімен «айналысатындықтан» келген адамдардың сенімі мен үмітін ақтап, жақсы нәтижеге жету үшін өзіңнің бар күшіңді жұмсап, үнемі біліктілігіңді арттырып, жинақтаған аздаған тәжірибеңді пайдалананып, өз ісіңнің «шебері» болуға ұмтылу.

Жұмысыңыздың артықшылығы неде? Жақсы, жаман және қиын тұстары?

Біздің аурухана – косметикалық ота жасайтын аурухана. Мен Медицина академиясының стоматология факультетін бітірген соң арман жетегінде жүріп, косметикалық ота бағытында білім алып, «Төгс ялгуун» ауруханасында 9 жыл тәжірибе жинақтағаннан кейін 2015 жылы «Принцесс» атты жеке аурухана аштым. Біздің аурухана мұрын пішінін түзеу отасы, көзді қатпарлы ету,  қабақ және көз астын түзеу,  дененің майын сорғызу, бет әлпетін жөндеу қатарлы косметикалық операциялар жасайды.

Менің мамандығым жақсы жағы не десеңіз,  ол адамдарға сұлулық сыйлап, олардың өзі қалаған келбетті болуына көмектесу. Даяшылық жасатушылардың өзіне деген сенімі оянып, кемшін тұстарын түзеп., бақытты сезінуін бөлісу мен үшін үлкен мақтаныш әрі қуаныш. Адамдар отаның сәтті болуына көңілі толып, «әдемі болды», «рақмет» деп маған қараған сәтінен ерекше күш-қуат алып, ынталанып,  үлкен ұмтылыс пайда болады.

Ал енді қиындығы – ешқандай сырқаты жоқ, сау келген адамды ота жасау кезінде   қандай бір қауіп – қатерге ұрындырып аламын ба,  операция сәтінде немесе одан кейін қолайсыз жағдай болып қалмаса екен, көңілі толатын деңгейде  жасай аламын ба деп үнемі уайымдап жүру.

Адамдардың келбеті  әрқалай, олардың дене бітімі, қалауы, мінезі, тәрбиесі әртүрлі болатындықтан барлығының ойлағандарындай нәтижеге жету өте қиынға соғады. Қазір кейбір адамдар ертегідегідей нәрсеге қол жеткізгісі келеді. Ойлағаны ертегі болғандықтан сондай нәтиже күтетін де бірен-саран азаматтар кезігіп жатады. Әрине, ешқандай тәуекелсіз жұмыс та болмайтыны белгілі. Сондықтан да тәуекелге барып, қисығын түзеп, кемін толтыратындай білімді де білікті болып, адамдармен жақсы тіл табыса білу маңызды деп ойлаймын.

Кореяның косметикалық хирургия саласындағы ең ірі клиникаларының бірі JW Plastic Surgery Center –мен ынтымақтастықта жұмыстап келеміз.

Дәл қазір қандай іспен айналысып жатырсыз?  Қысқа мерзімдегі жоспарыңыз?

Бізге басқа ауруханаларда жасатқан отасы сәтсіз болған адамдар көп келеді. Бірақ оның нәтижесі алғашқы жасаған кездегідей болмайтын (отаның жасалу тәсілі, қалған тыртық дегендей) жағдай көп кездеседі. Қайталап ота жасау үшін өте жақсы маманданған болу шарт. Сондықтан адамның жанын екінші рет жаралайтындай нашар нәтиже шығаруға еш болмайды. Маған сеніп, жағдайын түзетуге келгендердің отасын қайтіп болса да көңілінен шығатындай етіп жасауға бар күшімді саламын.  Үнемі ізденіс үстінде болып, кітап оқып, кәсіптес шетелдік дәрігерлерден кеңес алып отырамын. Сол үшін де 2016 жылдан бастап Кореяның косметикалық хирургия саласындағы ең ірі клиникаларының бірі JW Plastic Surgery Center –мен ынтымақтастықта жұмыстап келеміз. Өзара ынтымақтастық аясында жылына 2-3 рет өзім және клиникамыздың өзге дәрігерлері, медсестралармен бірге барып тұрақты тәжірибе алмасып тұрамыз.

Жуықта АҚШ-тың білікті дәрігерлерімен кездесіп, ауруханаларына барып, ота жасау процесін көріп, мұрын операциясы жайлы кітаптарын аударып, өз игілігіме жаратпақ ойдамын. Біздерден кейінгі буын дәрігерлер қажетіне пайдаланатын кітап бастырып шығару жолында еңбектенудемін.

Сіз қаншалықты оқисыз? Қазір қандай кітап немесе мақала оқып жатырсыз?

«Дәрігер өмір бойы оқиды» деген шындық. Кітап қарамайтын дәрігер жоқ болар. Әсіресе, біздің мамандықдықтың техникасы, әдіс-тәсілдері тұрақты өзгеріп отыратындықтан жетістікке жетемін десеңіз, үнемі оқып-үйреніп, зерттеп отыру қажет. Кітап оқымай өткізетін күнім жоқ. Операция ортасында және оған дейін, көлік кептелісі кезінде, отбасыммен таза ауаға серуендегенде де қолымнан кітап түспейді. Қазір АҚШ-тың мұрын пластикалық отасының  жақсы дәрігерлерінің бірі Bahman Guyuron-ның Rhinoplasty атты кітабын оқудамын.

Жұмыс кезінде музыка тыңдайсыз ба? Қандай жанрдағы музыкалар ұнайды?

Ота жасау кезінде үнемі музыка тыңдаймын. Лирикалық, поп, авторлық әндерді жақсы көремін. Егер жақсы шығарма болса, қандай жанрда болсын тыңдай беремін.

Мінезіңіз ашық па, әлде тұйық па? Ол жұмысыңызға қалай әсер етеді?

Мен өзімді ашықпын деп ойлаймын. Кез келген жағдайда адамдармен тіл табыса аламын. Адамдарды ешқашан алалап көрген емеспін. Кез келген адамды баурай алатын қасиетім менің жұмысымның ілгері басуына көп септігін тигізеді.

Демалатын уақытыңыз?

Мүмкіндігінше ерте жатуға тырыссам да, кітап оқып немесе балалармен ойнап жүргенде түнгі 23:00-00:00 сағат болып кетеді. Таңғы 07:00 – 07:30 аралығында тұрамын.

Жұмыста жоқ кезде сізді қайдан табуға болады?

Демалыс күндері отбасыммен таза ауаға шығуға тырысамын. Ерекше бір шаруам болмаса, қаланың түтінінен алыс кетіп қаламын. Жұмыс күндері қол босағанда бассейн шомылып, фитнеспен шұғылданамын.

Сіз кімнен, неден күш- қуат аласыз?

Отбасым, ата-анам, ағайын-туыстарым аман, бала –шағам дені сау, бақытты болса, қөңіл күйім де жақсы болып, алаңсыз жұмысымды істей беремін. Балаларымның сыңғырлаған күлкісі мені шексіз бақытқа бөлейді. Сондай-ақ даяшылық жасатушылардың алғыс сөздерінен жаным жадырап, жігер, қайратым артады.

Өміріңізде алған ең жақсы ғибратыңыз?

Ата-анамның «адамның күні адаммен», «жұмысыңды шынайы қөңіліңмен істе» деп айтқан ақылдарын үнемі есімде сақтап жүремін.

Жас мамандарға қандай кеңес бересіз?

Үнемі, тұрақты ізден, кітап оқы, кез келген нәрсені шынайы көңіліңмен істесең, жетістік саған өзі келеді дегенді айтқым келеді.

Kaznews.mn -дегі бұл жобаға кімді қонақ етіп, оқырман қауымға тәжірибесімен бөлісуге ұсынасыз?

“Жақсы сөз жарыс ырысы” – деген халқымыз. Елімізде жақсы жетістікке жетіп жүрген дәрі-дәрмек саласының үздік маманы, К.Ерік (Yerik Ka) ті ұсыныс етемін.

Сұхбатыңызға рахмет!

Авторлық құқықтар сақталған.

Continue Reading

Кәсіпкер

Ерболат Әшікұлы – Turan World компаниясының директоры

Published

on

KAZNEWS агенттігі сіздерге жаңа бағытта “Мен кәсіпкермін” жобасының алғашқы қонағын таныстырып отыр. Ол, жастарға үлгі болып жүрген жас кәсіпкер, Turan World компаниясының директоры Ерболат Әшікұлы.

Мекен жайыМоңғолия, Улаанбаатар қаласы

Сошиал парақшаларыEr Polat Aşık (Фейсбүүк)

Әлбетте, адамға баспана қажет, бірақ ол баспана саған табыс әкелмейді. Ал бизнесіңді жақсы жасасаң, ол саған бір емес, уақыты келгенде бірнеше үй алып береді.

-Әңгімені туған өлкеңізден бастасақ. Қайда туып, қайдан білім алдыңыз?

Мен 1980 жылы Моңғолияның Қобда аймағында дүниеге келдім. Әкем әскери бөлімде дивизион командирі болып қызмет атқарғандықтан балалық шағым Қобда қаласында өтті. Ата-анам Баян-Өлгий аймағының Алтанцөгц (Ақши) ауылының тумасы. 1994 жылы Өлгий қаласына көшіп келіп, 2–мектепте оқып,  орта білімнің соңғы үш жылын Моңғол-Түрік бірлескен лицейінде жалғастырдым. Орта мектеп бітірген жылы әкеміз дүниеден өтті.

Мамандық таңдауда көкем Шаяхметтің ақыл кеңесіне жүгіндім. Математика, статистика мамандығы жайлы хабарым аз болса да, математикамен байланысты болған соң таңдауда қателескен жоқпын. Улаанбаатар қаласындағы Мемлекеттік университетті математика және статистика мамандығы бойынша тәмамдадым. Студент кезімде бос уақытымды құр жібермей, жұмыс істеп ақша табуды ойладым. Түрік лицейінен ағылшын тілі, математика мен информатиканы жақсы оқығаным университеттің бірінші курсында аталмыш сабақтардан босатылуға себеп болды. Мен үшінші курс болғанымда екі інім де бірінші және екінші курс студенті атанып, азырқанбас ауыртпалық салған жылдар болды. Не үшін мен математика факультетінде оқып жүрмін деп өзімді жігерлендіріп, ауыл аралап, орта мектепте оқитын балаларды дайындап, үйірмелер аштым. Түрік тіліне жүйріктілігімнің игілігін де көріп, журналға аударма жасап, баспаханаларда жұмыс жасап жүрдім. Үшінші курс бітірген соң Түркияның Моңғолиядағы ТИКА халықаралық ұйымына аудармашы болып орналастым.

Кәсіпкерлікке қадам

2002-2010 жылға дейін ТИКА, «Дэлхийн Зөн», «Эмпати» қатарлы халықаралық ұйымдарда аудармашы, менежер, экономист қызметтерін атқардым. 2011 жылы Эмпатиде 2005-2008 жылдары бастығым болған түрік азаматы еліне қайтарында 2008 жылы кұрған компаниясының  50 пайыздық үлесін сатып алдым. Баспана алуға жинақтап жүрген азын-аулақ ақшам бар еді. Бір ағамыздың айтқан: «Әлбетте, адамға баспана қажет, бірақ ол баспана саған табыс әкелмейді. Ал бизнесіңді жақсы жасасаң, ол саған бір емес, уақыты келгенде бірнеше үй алып береді,» – деген әңгімесі есіме түсті. Сол жылдардан бері осы компания ісін жүргізіп келемін. Қазір компаниядағы үлесім 100 пайызға жетті.

-Тұтынушыларға қандай қызмет ұсынасыздар?

Компаниямыз қазір 3 бағытта кызмет көрсетеді. Олардын бастысы – математика пәні бойынша 5-12 сынып оқушыларын емтиханға дайындау. Ол «Fast Center» деп аталады. Астанамызға ақырындап танылып келеді. Сонымен қатар моңғолша, түрікше аудармалар жасаймыз. Аударма бюромыз бар. Өз басым осы уақытқа дейін 20-ға жуық кітап аударыппын. Жинаған азын-аулақ тәжірибеміз бар деуге болады. Соңғысы Түркиядан туристер әкеліп жүрміз. Туризм саласында бақ сынаудамыз.

-Алға қойған мақсаттарыңыз қандай?

Максатымыз көп. Биылғы жылы компаниямыздың бөлімшелерін екі-үш аймаққа және Қазақстанға ашатын жоспарымыз бар. Кез келген адамның және ұйымның әртүрлі мақсаттары  мен жоспарлары болады. Бірақ ол қарапайым халыққа сонша маңызды емес шығар. Ең әуелі еліміз, соның ішінде тендессіз ұлт ұрпағы ретінде аймағымыз жастарын дамытуда түрлі жоспарлар мен мақсаттарымыз болса екен деп ойлаймын.

Сонау 1970-1980 жылдардағы ағаларымыздың жеткен шыңына тағы бір мәрте жетсек екен. Еліміз өркеніне көптеген жастарымыздың үлесі болса, сол аға буынның сенімін ақтасақ  деп армандаймын. Әрбір салада жақсы жетістікке жеткен қандастарымыз баршылық. Көпке топырақ шашуға болмайды. Бірақ қазіргі нәтижелеріміз дана халқымыздың ұрпағына жеткілікті емес.

“Тас қараңғыны қарғағанша, сен де бір шам жақ”

Бір кездері халқаның «әнін Қабылаш айтады», «құрылысын Тілейхан салады», «басын Хайролла емдейді», «Ләтіп күлдіреді» деген бір тәмсіл болған-ды. Сол ағалардың жеткен шыңына тағы бір мәрте жеткенде ғана аға буынның сенімін ақтаған боламыз. “Тас қараңғыны қарғағанша, сен де бір шам жақ” деген жақсы сөз бар. Сол себепті мен өз басым аймағымыздың оқушыларына, мектеп бітірер жастарымызға жыл сайын жалпылай тестілеу емтиханынан соңы болып келгенді өзгертуге, ілгерлетуге тырыссақ, соған аз да болса, себепші болсам деген ойдамын.

-Әлеуметтік желіде аталмыш тесттен 800 ұпай алған оқушыларға 800000 төгрөг сыйақы үлестіремін деп уәде бердіңіз. Бұл жоғарыда айтқан әңгімеңізге байланысты болар?

Рас айтасыз. Бұл ең бергі жағы. Математик ретінде  өз саламда табысқа жеткен жастарымызға осындай сыйақы беруді уәде ете келе,  әр саладағы құрдастар мен достарды да осы бір акцияға қосылуға шақырамын.

Мысалы, мықты дәрігер достарымды химия, биология пәнінен, аудармашы немесе туризм саласындағы таныстарға  ағылшын немесе орыс тілі пәндерінен 800 ұпай алғандарға деген сияқты сыйақы тағайындаса деп үндеймін.

Меніңше, арамызда білімді сүйетін, білім жолын қуған көптеген азаматтар бар. Негізгісі соларды осы бір жақсы бастамаға шақыру, үлгі болу деп ойлаймын. Басқа да қарқынды істер жасауға болады. Мысалы, білім саласына арналған бір қор құруға, осы мақсатта жұмсалатын қаржы жинауға мүмкіндік бар. Тіпті болмаса, әр салада көш бастап жүрген қандастарымыздың кеңесін алу қиын емес болар. Ел астанасындағы өзім шамалас бір қатар жастардан дәрігер, IT, инженер, экономист және кәсіпкерлер өз тәжірибелерін және кеңестерін аямай бөліседі деп сенемін.

-Мектеп бітірер жастарымызға қай саланың өзектілігі артады, қандай мамандық таңдаған дұрыс болады деген кеңес бере аласыз?

Бұл мәселені қолға алғанда қазіргі өркениет сұранысы мен еліміздің болашағымен қатар қарастырған жөн. Ең әуелі әрбір жасөспірім өзінің не қалайтынын, қай маманға икемі барын бағамдап, елімізге немесе жалпы адамзатқа “қалай қызмет етемін” деген ауқымда ойлауы керек. Себебі жалпы адамдарға, адамзатқа пайдалы болу үшін сүрген өмір, кешкен ғұмыр мағыналы болады деп ойлаймын. Бір жылдары «экономист болу керек» деп елдің бәрі соны оқыды. Тағы бір кезең келді «заң оқу керек» деген. Жұрттың барлығы заңгер болды. Қазір солардың қаншасы сол мамандық бойынша қызмет істеп жүргені беймәлім.

Дегенмен де жастарға берер  кеңесім «ешкімнен ештеңе күтпей, өздері іздену керек».

Аймақтық білім басқармасы сынды ұйымдар жыл сайын мектеп бітіретін жастарға осындай мәлімет, кеңес беретін семинар, сол мамандыққа ие болған азаматтарымызды шақырып, тікелей оқушыларымызбен кездесу ұйымдастырса, сол арқылы жастарымыз маман таңдауына көмек болар еді. Сонымен қатар аймақ әкімшілігі және тағы басқа да мекемелерден келер жылдары қандай маманға,  қанша кісіге жұмыс орны болатынын хабарлай отырса жаман болар ма еді?!

-Рухани құндылықтарды қалай дамытуға болады деген келесі сұрағымды дайындап отырып едім. Осыған байланысты бір бастама өзіңіз жасадыңыз. 

Өз бастамасымен Мекей мұғалім атындағы математика олимпиадасын 4 жыл бойы ұйымдастырып, кей жылдары өзі қаржыландырып жүрген Темірхан мұғаліммен өткен жылы танысып, олимпиадада шебер есеп шығарғандарды марапаттауға үлесімізді қосқан едік.

Сол кісіден алғашында «не себепті осы олимпиаданы өткізіп жүрсіз» деп сұрап қалып едім: “Мұғалімім ғой марқұм”- дегені әлі есімде. Біздер соңғы жылдары ұстазға деген сый құрмет пен олардың сенімін ақтау үшінгі  талпыныс, жалпы намыс деген нәрсені ұмытып бара жатқандаймыз. Бір кездегі ағаларымыз қандай мықты, адал болған десейші. Мысалы, осы Теміш мұғалім. Дәл сондай ұғым, қазіргі жастарда көп болмайды-ау деймін. Бірақ жастарды кінәламаймын. Себебі аға буыны болған біздер оларға үлгі бола алмадық.

Әркім қара басын ғана ойлаған қиын-қыстау заман аяқталайын деп қалды. Осыдан кейін көптеген өзгерістер болады деп сенемін. Кей салада оң өзгерістер бола бастағанын байқаған боларсыз. Қ.Айдос бастаған «Өлгий алыптары» клубы мұның айқын дәлелі. Заман бір болуды, бірлікте болуды талап ете бастады. Сол азаматтар бастаган игі іске біз де шамамызша үлесіміз болсын деп аймақтық «арслан» Н.Мұстафамен келісімшарт жасап едік, Х.Айнабек, К.Айдос деген азаматтар бір-бір балуанға айлық еңбекақы беретін келісімдер жасады.

«Дарынды моңғолдар» жобасының қатысушысы Бердібекке деген қандастарымыздың ықыласы да  осы көсқарасыма айқын дәлел емес пе?!

Сел зардабын шеккендерге қол созушылар, ота жасатуға мәжбүр болған сәбилерге біздің азаматтардың жылу жинауы қатарлы  көптеген іс шараларға куә болып жүрміз.

Мен бастама көтерген «челленжге» ілесіп, білімге көңіл бөлейік ағайын деп көпшілікті үндемекшімін. Мүмкіндігі бар іскер азаматтар үздік  оқитын жастарға грант тағайындайық, шетел гранттарына қалай қол жеткізуге байланысты оларға кеңес берейік!

-Ерболат мырза, сіз жігер мен энергияны кімнен, қайдан аласыз?

Жақсы  сұрақ! Жігердің негізгі қайнар бұлағы иманнан болып табылады. Әлемдік үздіктердің ғибратты сөздері,  оқыған кітаптарымдағы тамаша әңгімелер оның жалғасы болады.

Әкемнің мен туғанда есімімді ойлап тапқанда жазып қалдырған естеліктегі сөздері үнемі асқақ рух пен әрі оның маған деген сенімі үнемі энергия болып тұрады.

-Сіз қаншалықты кітап оқисыз? қазір қандай кітап/мақала/ оқып жатырсыз? Қандай музыкаларға әуессіз?

Кітап көп оқимын. Қазіргі таңда харизма туралы моңғолша аударылған кітап оқып бітірдім. Музыканы ұнатамын. Көніл күйіме байланысты болады. Таңертең жұмысқа барғанда “Ерке сылқым”-мен басталып жатса, кешінде термемен аяқталады.

-Бұл жобаға келесі қонақ ретінде кімді ұсынасыз?

Бұл жобаның алғашқы қонағына мені  шақырғандарыңызға көп рахмет айтамын. Мен Т.Жанболат есімді азаматты ұсынамын. Улаанбаатар қаласында «Принцесс» атты клиника жұмыстатады. Сұхбаты қызықты болар дегенге сенімдімін.

-Істеріңізге  мол табыс тілеймін!

Continue Reading

Title

Кітаптан үзінді...3 days ago

Екінші болма: Кітап не жайлы? БҰЛ КІТАПТАН НЕ ҮЙРЕНЕСІЗ?

Бүгінгі таныстырып отырған кітабымыз Шонбай Қ. : Екінші болма! Жеңіске жетудің қазақша жолы. Табысты кәсіпкер, ресторатор Қуаныш Шонбай бұл кітапта...

Кітаптан үзінді...2 months ago

Инфографика: Моңғолияда 10,000 вебсайт бар

Сайттың интернеттегі адресін домен деп атайды. Сіздің дәл қазір оқып отырған сайтыңыздың адресі kaznews.mn, бұны адрес ретінде де сайттың аты...

Кітаптан үзінді...2 months ago

Билл Гейтс табысты болудың құпиясымен бөлісті

Microsoft корпорациясының негізін қалаушылардың бірі Билл Гейтс табысқа жетудің негізгі құпияларымен бөлісті. Естеріңізге салайық, 1955 жылы 28 қазанда өмірге келген...

Кітаптан үзінді...2 months ago

2017-2024 жылдың трендтік IT-мамандықтары

CareerCast сайтының командасы АҚШ-та әйгілі болған еңбек және бос жұмыс орындарының ІТ-нарығын сараптап, жұмыс берушілер үшін маңызды және еңбек ақысы...

Кітаптан үзінді...2 months ago

Әлеуметтік желіде балалардың суреттерін не үшін бөліспеу керек?

Бүгінгі күнде әлеуметтік желі культі деген тұжырым өріс алып келе жатыр. ХХІ ғасырда пайда болған бұл сөз келесі іс-әрекеттермен түсіндіріледі:...

Әлемде2 years ago

Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолия Президентін еліне ресми сапармен келуге шақырды

KAZNEWS – Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулганы еліне ресми сапармен келуге шақырды. Бұл жөнінде ҚР-ның президентінің...

Әлемде2 years ago

Айгерім Болатқызы тарихи отанының дамуына қосқан перзенттік үлесін атады

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайында Италияның Милан қаласындағы Боккони университетінің оқытушысы Айгерім Болатқызы тарихи отанының...

Кітаптан үзінді...2 years ago

Моңғолия: Мазаалай жер серігін ұшырды

SpaceX компаниясының Falcon-9 зымыраны сәтті ұшты. Дүйсенбіге дейін халықаралық ғарыш станциясына жетеді. Жер серігі ғарыштық зерттеулер жүргізуге, спутниктен түсірілген фотосурет...

Сөзге тиек

Advertisement

Өзекті