Спорт
Қайнар Қайсанайұлы: Cпорттық шаралар аймақтың 80 жылдығына арналады
Published
5 years agoon
Баян-Өлгий аймағының Дене шынықтыру, спорт басқармасының бастығы Қайнар Қайсанайұлымен өткізген сұхбатты ұсынамыз.
Мекен жайы: Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы
Қызметі: Баян-Өлгий аймағының Дене шынықтыру, спорт басқармасының бастығы
Әлеуметтік желі: FB (Хайнар Хайсанай)
2019 жылы ДШСБ-нан қаншалықты бәсеке-сайыстар ұйымдастырылды?
2019 жылы атқарылатын шаралардың барлығы жыл басында жоспарланған. Сол бойынша жалпы спорт түрлерінен ересектер арасында 17, жастар және жасөспірімдер арасында 21, жоспардан тыс 20-дай, барлығы 60-тай бәсеке ұйымдастырылды. Оның ішінде бастылары – Жасөспірімдер арасындағы батыс зоналық волейбол бәсекесі, Аймақтардағы яғни жергілікті жердегі жоғарғы оқу орындары студенттері арасындағы мәдени-спорттық «Универсиада» ойындары, Моңғолдың ұлттық күресінен жасөспірімдер арасындағы мемлекеттік ашық біріншілік, Батыс зоналық клубтар арасындағы жасөспірімдердің таэквондо бәсекесі қатарлы қомақты іс-шаралардың аймағымызда сәтті өткендігін айтуға болады. Бұл шараларды ұйымдастыруымызға Аймақ Әкімінің Іс Басқармасы, таэквондоның «Арман» клубы, Қобда университетіне қарасты Баян-Өлгий аймағындағы Мұғалімдер мектебі, ұлттық күрестің «Тастүлек» клубы қатарлы ұйымдармен бірігіп ұйымдастырдық. Сондай-ақ, аймағымызда спорттың барлық түрлерін дамытуға ұжымдары, балалар мен жастар, халық көпшіліктің спортпен шұғылдануына да толық мүмкіндіктер жасалып, оған көпшіліктіктің қатысу деңгейі де жоғарылап отырғандығы қуантады.
Жалпы қанша түрлі спорт секциялары бар?
Мұнда моңғолдың ұлттық күресі, баскетбол, волейбол, бокс, зілтемір, таэквондо, карате, дзю-до, үстел теннисі, шағын футбол, дене шымырландыру бағытындағы фитнес қатарлы 13 түрлі секция тұрақты жұмыстайды. Ұйым-мекеме, компания, шаруашылық бірліктерімен біз жыл басында арнайы келісімдер жасап, әр аптада қандай мекеме қандай спорт түрінен залды қанша уақытпен пайдаланатыны туралы уақыттық кесте жасап, жыл бойынша жұмыстаймыз. Біздегі «А» және «В» залдары ұйым-мекемелер үшін кешкі 17.00-19.00 сағат, 19.00-21.00 сағаттарда ашық. Ал оқушылар үшін сабақтан бос уақыттарына сәйкес тәңертеңгілік және түстен кейін деген бөліспен секция жұмыстайды. Жоғарыда айтқанымдай ұйымдардың спортпен шұғылдану белсенділігі артып, саны көбейіп келеді. Мысалы, аймақ әкімінің Іс Басқармасы, Барлау ұйымы, Мамандық бақылау басқармасы, Біріккен аурухана, Салық басқармасы, Полиция басқармасы, ХААН, Голомт банклері мен т.б мекемелерді атауға болады.
Аймағымыз спортшыларының өткен жылғы жетістіктеріне тоқталсаңыз?
Өткен жылы спортшыларымыз үшін айтарлықтай табыс-жетістіктер жылы болды. Спортшыларымыз тек қана әлемдік, халықаралық, құрлықтық, мемлекеттік, зоналық бәсеке сайыстардан 19 алтын, 33 күміс, 39 қола, барлығы 91 медальді аймағымызға әкелді. Бұл аз табыс емес. Енді кейбір спорт түрлері бойынша спортшыларымыздың қол жеткізген табыстарына жеке тоқталып өтсем: каратэ спорты түрінен «Тарлан» клубының бапкері С.Серікбол бастаған спортшылар 22-24-ақпан күндері Улаанбаатар қаласында өткен Шинкиокушенкай каратэнің мемлекеттік біріншілігіне табысты қатысып, ересектер арасында қыздардан Т.Нұржанар (55 кг) күміс медаль, ұлдардан С.Серікбол (-65 кг) қола медаль, ал 16-17 жастағы жасөспірімдерден Б.Серікжан қола медаль иегері болды. Сэлэнгэ аймағында ұйымдастырылған Еліміз Президентінің кубогі үшінгі шағын футболдан аймақтар арасындағы мемлекеттік біріншлікте О.Ертай баптаған командамыз жеңімпаз атанды. Ал, Хэнтий аймағының орталығы Чингис қаласында өткен ауыр атлетикадан (зілтемір көтеру) жасөспірімдер арасындағы мемлекеттік біріншілікке М.Талғат бапкер бастаған спортшыларымыз қатысып, Е.Әсемхан (50 кг) қола медаль иеленсе, М.Талғат, Т.Бейбітхандар жетекшілік еткен штангистеріміз Өвөрхангай аймағында өткен Жастар арасындағы мемлекеттік біріншілік сыналту бәсекесінде күш сынасып, Т.Ибрайым (67 кг) біріккен ұпаймен 200 кг зілтемірді бағындырып, осы біріншіліктен 3-реткі алтын медалын еншілеп, зілтемірден спорт шеберіне “кандидат” нормасын орындады және осы бәсекенің «Ең таңдаулы спортшысы» мәртебесіне ие болды. Ал Е.Тілек біріншіліктің күміс жүлдегері атанды.
Осы орайда, биыл Спорт сарайының ауыр атлетикадан жаттығу бөлмесіне өз қаражатымен жаңалап жөндеу жасап берген «Досстрой» компаниясының директоры, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, аймақтық Ауыр атлетика федерациясының төрағасы Б.Нұрланға ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын.
Волейболдан М.Дінмұхамет баптаған волейболшы жастарымыз 25-28-наурызда Говь-Алтай аймағында өткен жастар арасындағы батыс зоналық біріншілік сыналту бәсекесінде 3-орынға ие болып Қобда аймағында ұйымдастырылған мемлекеттік біріншілікте еліміздің ең үздік 8 командасының қатарынан көрінді. Аймағымызда балалардың ҮІ спардакиадасы аясында ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы батыс зоналық бәсекеде жас волейболшыларымыз 2-орынға қол жеткізіп, Улаанбаатар қаласында болған ақтық сынға қатысып, 6-орынға ие болып, ең үздік командалар қатарынан орын алды. Завхан аймағында 4-6 сәуір күндері ұйымдастырылған дзю-до күресінен жасөспірімдер арасында батыс зоналық біріншілік сынату бәсекесіне бапкеріміз Д.Мұрат, Цэнгэл сұмынының спорт мұғалімі М.Ташкент, Тұлба сұмынының спорт мұғалімі Қ.Уәзиралар жетекшілік еткен жасөспірім спортшылармыз барлығы 6 алтын, 8 күміс, 6 қола медаль еншілеп, командалық есеппен 3-орын иеленсе, Қобда аймағында өткен дзю-до-дан мемлекеттік біріншлікте Қ.Данияр (38 кг), Е.Қобланды (50 кг) қатарлы жасөспірім спортшылармыз күміс медальға қол жеткізді. Моңғолияға еңбек сіңірген спортшы Р.Даваадалай атында жүрілген осы мемлекеттік біріншілікке еліміздің 21 аймағы, астананың 9 ауданынан 800-ден астам споршы қатысқан болатын.
Самбо күресінен жастар арасындағы мемлекеттік біріншілік сыналту бәсекесінде 90 кг салмақта Улаанбаатарда жаттығу жасайтын аймағымыз тумасы Болашақұлы Жандос жеңімпаз атанып, алтын медаль еншілесе, осы азаматымыз 19-22-сәуір күндері Қазақстанның Алматы қаласында ұйымдастырылған «Азия кубогы-2019» халықаралық жастар бәсекесінен қола медаль ұтып алды. Ал, таэквондадан бапкер Ш.Ерұланның шәкірттері Улаанбаатар қаласында өткен жастар арасындағы мемлекеттік біріншілікке табысты қатысып, А.Әсемхан, Б.Ақмаралдар өз салмақтарында күміс жүлдегер, Балалар спортының ҮІ спартакиадасында С.Нұрбек (48 кг), А.Әсемхан (55 кг)-дар қола жүлдегер атанса, Б.Абылайхан Алматы қаласында болған халықаралық марафон жүгірісіне сәтті қатысып оралды.
Аймағымызда біршама ілгері дамыған спорт түрі болып саналатын бокс спортының жеткен табыстары да қуантарлықтай. Біздің бапкер А.Бейбіт бастаған бұлғары қолғап шеберлеріміз биылғы жылы да олжалы болды десек артық емес. Мұнда, А.Жандос (64 кг) Улаанбаатар қаласында өткен жастар арасындағы мемлекеттік біріншілікте күміс медальға ие болса, жуықта астанамызда ұйымдастырылған бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатында қола медалға ие болып, Баян-Өлгий аймағы тарихындағы боксшылар арасынан туып шыққан тұңғыш реткі Азия чемпионатының жүлдегері атанды. Сондай-ақ, Қазақ елінің Павлодар қаласында өткен халықаралық турнирде Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Т.Ерболат (91 кг) күміс медаль, спорт шебері Қ.Бекнұр қола медальға ие болса, ҚХР-сының Чендү қаласында өткен полицейлер және өрт сөндірушілер арасындағы әлемдік спорт ойындарында Қ.Бекнұр каратэ спорт түрінен алтын медаль, бокс спорт түрінен күміс медальға ие болып, аймағымыз спорты тарихының тағы бір жаңа парағын ашты.
Бокстан Орхон аймағының Эрдэнэт қаласында өткен ересектер арасындағы мемлекеттік біріншілікте қарсылас шақ кетірмеген Т.Ерболатымыз өз салмағында 6-шы рет жеңімпаз атанып, 6-шы алтын медалін мойнына тақса, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері А.Нұрлан бұл жолы қола медальды қанағат тұтты.
Осы орайда, биылғы жылы спорт саласында болған бірер ерекше жетістік туралы да айта кетсем, Қ.Берболат конькимен сырғанаудан аға буын мастерлер арасындағы мемлекеттік біріншілік сыналту бәсекесінде топ жарып, жеңімпаз атанып, алтын медаль алса, 2020 жылдың қаңтар айында Австрияның Инсбург қаласында өтетін конькимен сырғанаудан ардагерлер олимпиадасына қатысатын жолдама алып, қатысуға аттанды. Сонымен қатар, О.Баяндалай есімді азаматымыз күнделікті өзіміз қажеттеніп жүрген велосипедпен еліміздің барлық аймағын жалғыз өзі аралап, 2 ай 10 күнде 6300 километр жолды жүріп өтті. Бұл нәтижелер аймағымыз спорты тарихына алтын әріппен жазылары даусыз.
Біраз жасөспірім спортшыларымыз Балалар спортының ҮІ спартакиадасында жақсы нәтиже көрсеткен екен. Осы сайыс туралы айта кетсеңіз?
Бұл спартакиада бұрын еліміз көлемінде аймақ, астаналық, зоналық және мемлекеттік деген 3 сатымен 4 жылда бір рет өткізіліп келген болса, Үкімет орнының 2018 жылғы 318 санды қаулысымен 2 жылда бір рет жүріліп тұратын шешім шыққан. Яғни 2021 жылы бұл спартакиада жалғасын табады деген сөз. Ал, 2019 жылғы ҮІ спартакиаданың ақтық сайысына 4500-дей спортшы қатысып, Улаанбаатар қаласында бақ сынасты. Бұл ауқымды шараға еліміз көлемінде 400-дей орта мектептен 40 мыңдай спортшы балалар қамтылған. Спартакиадада негізгі спорт түрінен 19, таңдап алынатын спорт түрінен 5, паралимп түрінен 4, диплимп түрінен 3, жеке олимпінің 3 түрі, барлығы 34 спорт түрінен жүрілген балалар спорт ойындары Улаанбаатар қаласының 22 жерінде бір жолда 2 апта бойы жүріліп өз мәресіне жетті. Осы ақтық бәсекеге аймағымыздан 9 бапкер, 90-дай спортшы балалар волейбол, шағын футбол, зілтемір, үстел теннисі, дзю-до күресі, бокс, таеквондо, шахмат, дойбы қатарлы спорттың 9 түрі бойынша қатысты.
Бұл спорттық іс шараға аймақ әкімшілігі тарапынан 8.365.000 төгрөгтің қаражатын шешіп берді.
Спартакиадада таэквондошыларымыз С.Нұрбек, А.Әсемхандар қола медальға, боксшыларымыз Р.Оралман күміс, Б.Құбылайхан қола медальға ие болды. Ал футболшыларымыз үздік 8 команданың қатарынан көрінсе, волейболшы ұлдарымыз үздік 6, теннисші қыздарымыз үздік 16-ның сапында өнер көрсетті. 30-дай команда қатысқан шахмат бәсекесінде Б.Айсәуле, дойбыдан Б.Еркегүлдер 5-орын иеленді.
Сондай-ақ “Арнайы олимпиаданың” Батыс зоналық фестивалі 2019 жылдың 16-19 қыркүйегінде Қобдада өтті. Батыс 5 аймақтық 120 спортшысы қатысқан сайысқа аймағымыздан Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналар одағының аймақтық бөлімше бастығы Т.Ерлан, бапкері спорт мастері Ж.Жұлдыздар бастаған 18 спортшы стол теннисі, жеңіл атлетика, волейбол, бочче сияқты түр-түрінен 7 алтын, 7 күміс, 3 қола медаль алды. Ал, топтық біріккен қорытындымен 1-орын иеленіп алтын кубокты аймағымызға алып келді.
Ұлттық және бұқаралық спорт бағытында қандай шаруалар атқарылды?
Бізде бұқаралық спорт және ұлттық спортты жауаптанған маман болып Ә.Ром жұмыстайды. Оның бастауында ұлттық спорт түрлері 2019 жылы Алматы қаласында өткен жастар арасындағы Азия біріншлігіне КӨКПАР, ТЕНГЕ ІЛУ, АУДАРЫСПАҚ, ЖАМБЫ АТУ қатарлы спорт түрінен 6 бапкер, 28 спортшы қатысып, көкпаршылармыз 2-орын иеленсе, теңге ілуден C.Жеңісбек қола, аударыспақтан 80 кг салмақта Өмірбек қола, 70 кг салмақта Айтқабыл күміс, +80 кг салмақта С.Жеңісбек алтын медалға ие болып Азия чемпионы атанды. Д.Ербол бапкерлік ететін тоғызқұмалақшыларымыз Халықаралық жарыстан командалық есеппен 2-орын иеленіп, 6 медальмен оралса, Үкімет тойындағы Бурят садақ ату бәсекесінде Аймақтық Садақшылар федерациясының төрағасы, іскер азаматымыз Б.Энхболдның ұйымдастыруымен қатысқан садақшыларымыз арасынан Алтантулга топ жарып алтыннан алқа тағып, Моңғолияның «Хошой мэргэн» яғни “екі мәрте саңлақ” мерген атағына ие болды. Моңғолдың ұлттық күресі де қарқынды дамып келе жатқаны өздеріңізге аян. Бұл тұрғыда Аймақтық Ұлттық күрес федерациясының төрағасы, аймақ әкімінің орынбасары Ш.Қабыл, аймақтық арыстан, «Өлгийн хүчтэн дэвжээ» бозкілем төрағасы Ғ.Айдос, “Бесбоғда бүркіт” бозкілем төрағасы Қ.Нурлат, жасөспірім палуандарды жаттықтыратын «Тастүлек» клубының төрағасы, аймақтық лашын С.Бақыт, «Толағай» клубының төрағасы, аймақтық лашын М.Жанарбек, тағы басқа ұлттық спорт жанашырлары қомақты үлес қосып келеді. «Тастүлек» клубының кішкентай палуаны Б.Иманғали биылғы жылы балалар атындағы мемлекеттік біріншілік сыналту бәсекесінде және тағы да басқа әлденеше сайыста ағалағанына куә болып отырмыз. Жалпы палуандарымыз мемлекеттік және аймақтық, зоналық бәсекелерде жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Сондай-ақ, «Қазақ күрес» спорты да Моңғолияда өріс жайып келеді. Бұған елімізге әйгілі палуан, Моңғолия және Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы, Моңғолия Қазақ күрес қауымдастығының төрағасы О.Бақыт ағамыздың қосқан үлесі зор екенін айта кетейін. Биылғы жылы Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы Х.Цагаанбаатар қатарлы азаматтардың ұйымдастыруымен Улаанбаатарда қазақ күресінен алғаш рет мемлекеттік және Азия біріншіліктері өтті, еліміздің командасы Қазақ күресінің Азиялық, халықаралық, әлемдік сайыстарына тұрақты қатысып, алдыңғы орындардан көрінуде. Мұның өзі біздің іс-қызметімізге тікелей қатысты болмаса да ұлттық спортымыздың дамысының бір көрінісі ретінде ауызға алмай кетуге болмайтын дүние. Тағы бір айта кетер жай, Н.Мұстафа палуанымызға қатысты. Ол биылғы жылы әр алуан күрестерде жақсы нәтижелер көрсетті, Үкімет тойындағы палуан күресінде 5-кезеңде мемлекеттік арыстан Оюунболддан жығылған болатын. Бірақ, кейіннен Оюунболдның допинг керектенгені анықталып, ол мәселе туралы Үкіметтік мереке комиссиясы оның күресу құқын шектеу, үкіметтік той күресінде одан жығылған палуандардың күрес кезеңін ілгерілету туралы шешімін Елбасына жолдаған болатын. Егер бұл шешімді Елбасы қабылдаған жағдайда Н.Мұстафаға «Мемлекеттік лашын» атағы берілуі әбден ықтимал. Бұқаралық спортты дамыту тұрғысында да арнайы жоспарлар жасалып, жүзеге асып келеді. Мұнда, жыл сайын Тұлба көлінде өткізілетін бүкілхалықтық «Күміс қыс», Қобда өзенінің мұз айдынындағы спорттық ойындар, көктем мен күзде ұйымдастырылатын жалпыжұрттық марафондар қатарлы көптеген шаралар аймақ әкімінің Іс басқармасы, аймақтық Денсаулық орны қатарлы ұйымдармен бірлесіп жүріліп келеді.
Сіз өткен жылдың көктемде Моңғол елінің ресми өкілдерінің құрамында Қазақстанда болып қайтыпсыз. Сол сапарыңыз жайлы, нендей шараларға қатысқаныңыз туралы әңгімелесеңіз?
Иә, 2019 жылдың наурыз айында Білім, Ғылым, Мәдениет, Спорт министрлігінің Денешынықтыру агенттігінің бастығы Ц.Шаравжамц бастаған өкілдердің құрамында ресми іссапармен Астана /Нұр-Сұлтан/ қаласында болып қайтқанмын. Осы сапарда Ц.Шаравжамц бастаған өкілдер Қазақстан елінің Мәдениет, Спорт министрлігінің Дене шынықтыру, Спорт комитетінің басшысы Серік Сапиевтің қабылдауында болып, екі басшы екі еларалық спортты дамыту, тәжірибе алмасу туралы меморандумға қол қойды. Сол сапар кезінде Серік Сапиев мырзаға, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының Спорт басқармаларымен бұрын тек спорттық федерациялар деңгейінде жүріліп келген екіжақты қарым-қатынасымызды сол облыстар мен Баян-Өлгий аймақтық Дене шынықтыру, спорт басқармасы арасындағы ресми ынтымақтастық деңгейіне көтеріп, тығыз байланыста жұмыстау туралы өтініш білдіргенімде ол кісі жылы қабылдаған еді.
Алла бұйыртса, 2020 жылдан бастап біраз ынтымақты, игілікті шаруалар атқарылатын болар деген үміттемін.
Жуықта Увс аймағында болып қайтыпсыз және Білім, Ғылым, Мәдениет, Спорт министрі Е.Баатарбилэг мырза аймағымызда болып, осы саланың жұмысымен де танысты. Бұл кездесулер кезінде нендей мәселелер төңірегінде ой-пікір білдірдіңіз?
Увс аймағы Әкімінің бастамасымен Улаангомда «Увс нуур» атты бокс клубы ашылды. Соған Увс аймақтық Денешынықтыру, спорт басқармасының бастығы Б.Ганболдның арнайы шақырумен барып клубтың ашылу салтанатына қатыстым. Бұл шараға Моңғолдың Ұлттық Олимпиада Комитетінің бас хатшысы, олимпиада чемпионы, Моңғолияның Еңбек Ері, еңбек сіңірген спортшы Э.Бадар-Ууган, Увс аймағының әкімі Д.Батсайхан қатарлы адамдар қатысты. Осы шара кезінде дзю-до күресі жоғары деңгейде дамыған Увс аймағының Дене шынықтыру, спорт басқармасы мен бокс спорты дамыған Баян-Өлгий аймағының Денешынықтыру, спорт басқармасының басшылары өзара келісім жасасып, дзю-до және бокс спортын дамыту турасында ынтымақтаса жұмыстау жөнінде уағдаласты. Ал, Е.Баатарбилэг министр аймағымызда болып, қызметімізбен танысқан орайда аймағымыздағы осы салаға қатысты көкейтесті мәселелерді таныстырып, өтініш білдірген едік. Атап айтсам, Спорт кешеніне күрделі жөндеу жасау, Ескі залдың жылу жүйесін жаңалау, Спорттық бәсеке сайыстарды ойдағыдай ұйымдастырып жүргізуге қажетті қаржы жетіспеушілігін реттеу, Спортшыларға даяшылық көрсететін шағын автобусты болдыру, мекемені осы заман талабына сай компьютер, үстел, орындық, спорттық құрал-жабдықтармен қанымдау мәселелері қойылды. Оның кейбірін министр сол кездесу барысында шешіп берумен қатар аймақтық Дене шынықтыру, спорт басқармасына бір жаңа «Фургон» машина беретін болды. Сондай-ақ, Министрліктің Дене шынықтыру, спортты қолдау қорынан 2020 жылы аймағымызда ұйымдастырылатын ауқымды бәсеке-сайыстарға қажетті қаржыны шешіп беруге уәде етті.
2019 жылдың соңында Аймақтық АӨҚ-ның кезекті мәжілісінен спорт саласына байланысты қандай шешімдер қабылданды?
2019 жылғы 3-4-желтоқсанда шақырылған аймақтық АӨҚ-ның кезекті Х мәжілісінен дене шынықтыру, спортқа қатысты екі түрлі мәселе шешімін тапты деуге болады. Мұнда, 2016 жылы АӨҚ-ынан бекітілген ереже бойынша аймағымыздың спортшы, бапкерлеріне бәсеке сайыстарда шығарған табыстарына сай ынталандыру сыйлығы берілуге тиіс. Осы ереже бойынша 2017, 2018 жылдары Халықаралық, құрлықтық және мемлекеттік біріншілік сыналту бәсекелерінде табыс шығарған бапкер, спортшыларды сыйлауға арналып 12,9 млн сом бекітілді. Сонымен қатар, 2019 жылы жоғары нәтижеге қол жеткізген спортшылардың ынталандыру сыйлығына арнап, жаңа жыл шыға аймақтық кірістің асқан бөлігінен 8,5 млн сом шешіп беретін болды. Екіншіде, Үкімет орнының 2019 жылғы 21-тамыздағы 335 санды қаулысымен «Ден ешынықтыру, спортты дамыту туралы ұлттық бағдарлама» қабылданған болатын. Осы бағдарламаны жергілікті жерде жүзеге асыру жолдары тұжырымдалған құжат «2020-2023 жылдары дене шынықтыру, спортты дамыту туралы кіші бағдарлама» мақұлданды. Кіші бағдарламаның бюжеттік жалпы қаржысы 203 млн төгрөг. Бұл қаржыландыруды Білім, Ғылым, Мәдениет, Спорт министрлігі мен аймақ әкімінің Іс басқармасы және басқа да мүмкіндіктерден шешіп беріп, бағдарламаның жүзеге асуын қамтамасыз етіп отырмақ.
Алдағы 2020 жылы қандай спорттық іс шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отырсыздар?
Биыл аймағымыз орнауының 80 жылдық мерей тойы белгіленеді. Біз негізгі жұмысымызды осы датаға үйлестіре жоспарлап отырмыз.
Оның ең ауқымдылары, аймағымызды насихаттауға зор ықпалы бар шаралар туралы қысқаша айтсам, той қарсаңында таэквондодан Батыс зоналық бәсеке, Аймағыиыздың барлық сұмын, бақтарын қамтыған азаматтар арасында спорттың 8 түрінен жүрілетін кіші олимпиада, волейболдан жастар арасындағы ел біріншілігін сыналту бәсекесі, бокстен жас өспірімдер арасында халықаралық турнир, және қазақтың ұлттық спорттық ойыны аударыспақтан жастар арасындағы Азия біріншілігі, Теңге ілуден халықаралық турнир ұйымдастыру жоспарланған. Бұл шаралардың ең бір ерекшелігі – бәрі дерлік аймағымызда алғаш рет ұйымдастырылатындығы. Сонымен қатар барлық спорт түрінен жүрілетін дәстүрлі бәсеке-сайыстар, мемлекеттік, халықаралық, құрлықтық жарыстарға қатысатын спортшыларымызды әзірлеп сыналту, ұлттық және бұқаралық спортты дамыту турасындағы жұмыстар рет-ретімен жүйелі түрде жүрілетін болады.
Тағы бір айтар сіздің бастамаңызбен жыл аяғында алғаш рет спорт саласының саңлақтарын анықтады. Осы жайына тоқтала кетсеңіз?
Аймақтық спорт саласының үздіктерін сыналтатын “Алтан бамбар 2019” шарасын алғаш рет сәтті ұйымдастырдық. Оның мақсаты Спорт саласының саңлақтарын көпшілікке насихаттау, ары қарай оларды бұл саладағы белсенділігін арттыру, көпшілікті спортқа баулу шарасына арналмақ. Үздіктер мынадай салада анықталды. Таңдаулы жасөспірім спортшы, таңдаулы жас спортшы, таңдаулы спортшы, таңдаулы бапкер, таңдаулы команда, таңдаулы ардагер спортшы, таңдаулы спорт мұғалімі, таңдаулы ұлттық спортшы, таңдаулы қазақ ұлттық спортшысы, ерекше нәтиже көрсеткен спортшы, спорт журналисі, спорт одағы, спорт клубы, спортты қолдаушы ұйым, спортты насихаттаушы ақпараттық агенттік қатарлылары анықталып, марапатталды. Бұл үздіктерді сыналту жыл сайын дәстүрге айналатын болады.
Сұхбатымыздың соңғы түйінін өзіңізге қалдырайын.
Жалпы денешынықтыру, спортты дамыту мәселесі тек біздің басқарманың, ондағы санаулы бапкер, қызметкерлердің араласуымен шешілетін шаруа емес. Бұған спорттық бейресми одақ, федерация, клуб, оларды басқарушы азаматтардың, сондай-ақ мемлекеттік-әкімшіліктік, жеке шаруашылықтық ұйымдардың, жалпы халық көпшіліктің қатысуы, қолдау демеуі арқасында дамуда. Кейбір спорт түрлерінен жүрілетін үлкенді-кішілі бәсекелерді солар жауаптанып жүргізіп, демеушілік жасап отыратындығы бізді қуантады, оларға айтар алғысымыз шексіз.
Біздің аймағымызда бүгінгі мәліметпен 30-ға тарта спорттық бейресми одақ, федерациялар қызмет жүргізеді. Сондықтан, осы ұйымдарды басқарушы азаматтардың аты-жөнін түгендеп, жеке-жеке алғыс айтуға бұл сұхбатымда мүмкіндік аз болғандықтан барлығынан кешірім сұрай отырып, спортқа деген жанашырлықтары үшін бәріне де ризашылығымды, ақжарма алғысымды білдіремін! Соның ішінде өзім басқарып отырған Спорт, дене шынықтыру басқармасының барлық жұмысшы, қызметкерлері мен бапкер мен жаттықтырушыларға рахмет айта келе жаңа жылда дендерінен саулық, жұмыстарынан табыс тілеймін.
2020 жыл барлығымызға жақсылықтар мен спорттық жоғарғы табыстар жылы болғай!
Әңгімеңізге рахмет. Істеріңіз ілгері болсын.
Рахмет!
Рысбек Зұрғанбайұлы
You may like
-
Қайнар Қайсанайұлы халықаралық дәрежедегі төреші атанды
-
“Баян-Өлгий” “Хөвсгөл” командасын 3:2 есебімен жеңді
-
Завхан аймағына қарсы ойында С.Омар үш гол соғып хет-трик авторы атанды
-
Казньюс: Өмірбек Қабайұлының Баян-Өлгий аймағы радиосына берген сұхбаты
-
Бауыржан Дәлелұлы: Аймағымыз халқы қосалқы вакцинаға қамтылу ісінде белсенділік танытуы қажет
-
Баян-Өлгий аймағы туралы 10 маңызды мәлімет
Спорт
Еркебұлан Байытұлы әлемдік аренада екі бірдей жүлде жеңіп алды
Published
11 months agoon
November 27, 202362 елдің үздік спортшылары қатысқан Астанада өткен чемпионатта Mr.olimpia amateur qualifier Astana IFBB PRO 2023 сайысында (Mensphysique Novice категориясында) алтын медалды Моңғолия елінде тұратын Еркебұлан Байытұлы атты спортшы қандасымыз жеңіп алды.
Сонымен қатар осы спорттың Mensphysique Open Class D түрінен қола медалды тағы қанжығасына байлаған. Бұл туралы үздік спортшының Моңғолияда тұратын әкесі ақын Байыт Қабанұлы хабарлады.
Жазба авторы бұл Астана қаласында болып жатқан әлемдік деңгейдегі аса беделді спорттық шара екенін айтады.
Ақын Байыт Қабанұлы баласының Астанаға барғанда алдынан күтіп алып, үйіне жатқызып, барлық жағдайын жасаған Ұларбек Дәлейұлына және оның отбасына ризашылығын білдірген.
27 қыркүйек, KAZNEWS. Моңғолиялық боксшы Бекнұр Қалиұлы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарын жеңіспен бастады.
Моңғолия құрама сапында +92 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Бекнұр Қали командаластары арасынан алғашқы болып рингке Непал спортшысы Дувади Ашишпен жұдырықтасты.
Өз спорттық жолында алғаш рет ірі жарыста ел намысын қорғап жатқан Бекнұр Қали 3:1 есебімен жеңіске жетті.
19-шы Азия ойындарында жеңіл атлетикададан 400м және 800м қашықтыққа жүгіру, ерлер арасындағы 4х100 м эстафета бойынша жүгіру сайысына Жандос Нарауұлы қатысуда.
Сонымен қатар баскетболдан қыздар арасындағы сайыста Бұлбұл Мұратқызы бақ сынауда. Баскетбол командасы 27 қыркүйекте алғашқы кездесуін Қытай құрамасына қарсы өткізіп, ұтылып қалды. Екінші кездесуін 29 күні Үндістан, үшінші кездесуін 1 қазан күні Индонезия құрамасына қарсы ойнайды.
Естеріңізге салсақ Моңғолия спортшылары 19-шы Азия ойындарында бүгінге дейін 6 медаль иеленуде. Ел қоржынында 2 күміс, 4 қола бар. Биылғы Азия ойындарына 410 спортшы бақ сынауда.
Моңғолия 1974 жылдан бері Азия ойындарынан барлығы 161 медаль жеңіп алса, олардың 24-і алтын, 46-сы күміс, 91-і қола медаль.
Спорт
Батырбек Шәрівұлы жасөспірімдер арасындағы жарыста топ жарды
Published
1 year agoon
September 3, 202303 қыркүйек, KAZNEWS. Баян-Өлгий аймағының “Тас түлек” клубының палуаны Батырбек Шәрівұлы Өвөрхангай аймағында ұйымдастырған мемлекеттік “гарьд” дәрежелі палуан Ц.Бямба-Отгонға құрмет көрсетуге арналған сайыста жасөспірімдер арасында топ жарып, бірінші орын иеленді.
Батырбек Шәрівұлы 16 жаста. Сұмындық піл дәрежелі палуан атағы бар. Батырбек бұған дейін Завхан аймағы орнауының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған мерей тойда жасөспірімдер арасында топ жарған болатын.
#KazNews
Моңғолияда
Футбол федерациясының бас демеушісі ретінде Turan World компаниясы жұмыстайды
Published
1 year agoon
August 29, 202329 тамыз, KAZNEWS. Баян-Өлгий аймағының Футбол федерациясының бас демеушісі ретінде Turan World компаниясы жұмыстайды.
Бұл туралы ақпарат Turan World компаниясының директоры Ерболат Әшікұлы мен аймақтық Футбол федерациясының басшысы Ертай Оралұлы арасындағы кездесуден кейін белгілі болды.
Тараптар 5 жылдық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған.
Келісім шарт аясында аймақтық футбол құрамасының киімдері толығымен жаңартылып, жарыстарға қатысу үшін қаржылай қолдау көрсетіліп тұрады.
#KazNews