Connect with us

Жаңа есім

Нұрсұлтан Жеңісханұлы: Арманым – аймағымызда ғылыми-технологиялық парк құру

Published

on

10 қаңтар, KAZNEWS. «Тояа – Грейпсийд» оқыту орталығының негізін қалаушы, Назарбаев университетінің магистранты Нұрсұлтан Жеңісханұлы Казньюс агенттігінің «Іскер азамат» бағдарламасының кезекті қонағы болып отыр.

Нұрсұлтан Жеңісханұлы 1993 жылы Баян-Өлгий аймағы орталығы Өлгий қаласында дүниеге келген. 2010 жылы Моңғол-түрік орта мектебін, 2015 жылы Түркияның Стамбул қаласындағы Мармара университетін механик-инженер мамандығымен тәмамдаған. Сол оқу орнынан магистратураға шақырылып Түркияның Ғылыми орталығында 200.000 доллардың жобасында жұмыстауға жолдама алып, кейін анасының денсаулығына байланысты елге оралған. 2016 жылы Австралияның UNSW (University of New South Wales)-тің магистратурасы емтиханынан өткен, 2018 жылы Венгрияның Девресени университеті магистратурасына, 2019 жылы Венгрияның ең таңдаулы академиялық жоғары оқу орны саналатын BME (Budapest University of Technology and Economics) – ға 100% пайыздық магистратура грантына қабылданып белгілі себептермен бас тартқан. 2020 жылдан Назарбаев университетінің механик және ұшақ (ғарыштық) инженері (Mechanical and Aerospace Engineering) магистрантурасында оқып жатыр.

Мекенжайы: Баян-Өлгий аймағы, Өлгий қаласы
Жұмыс орны мен лауазымы: “Тояа – Грейпсийд” оқу орталығының және “Алтай моунт” компаниясының директоры
Әлеуметтік желідегі парақшасы: Nurka Jyeniskhan (FB)
Қолданатын компьютері: MacBook

Жаңа кәсіп бастауға не себеп болды? 

2016 жылдан бастап, жергілікті жастардың білім алуын қолдау мақсатында қаржы құйып, ағылшын тілін оқыту орталығын аштым. Осы мерзімде балаларға бала кезінен бастап тіл үйрету қажеттілігін ұғынып, Баян-Өлгий аймағына 2019 жылы «Тояа» Балаларды дамыту академиясы бөлімшесінің соробан /жапон/ шоты және мидың оң жақ бөлігін дамыту оқыту орталығын аштым. 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап, 4-9 жастағылардың халықаралық ағылшын тілі бағдарламасы саналатын Жапонияның Грейпсийд бағдарламасы патентін алып, Баян-Өлгий аймағында табысты жүзеге асырып жатырмын.

2016 жылдан бастап, «Үш-Төбе» компаниясында механик-инженер болып істеймін. 2018 жылы «Алтай Моунт» туристік компаниясын құрып, отбасылық бизнес ретінде еңбек етудеміз.

Бағыма орай Мармара университетінде инженер студенттерге арналған арнайы бағдарламасы болды. Оның басты мақсаты – бір шеңбердің ішінде ойлаудан ада болып, еркін ойлау жүйесін қалыптастыруға көмектесу болатын. Бұл бағдарламаның ең үлкен серіктесі халықаралық пайда көздемейтін үкіметтік емес ұйым JCI (Junior Chamber International) болды және олар аптасына бір рет инженер саласында білім алатын студенттерге дәріс оқитын. Үлкен табысқа жеткен бизнесмендер мен карьера қалыптастырған адамдарға кездесу мүмкіндігіне ие болып, басқаша ойлай бастадым. Былайша айтқанда, сол мырзалар мен ханымдарды мақтаныш етіп, солар сияқты болуға ұмтылдым.

Менің ең жақсы көретін ісім, бұл – сабақ үйрету еді. Студент болған кезімде 4 жыл бойы түрік балалармен қоян-қолтық жұмыстадым әрі сабақ үйрету менің ұнататын ісіме айналды. Содан кейін туған өлкемнің бір үлкен мәселесі білім саласын жақсартуға бар күшіммен ат салысуға шешімін қабылдадым. Білім саласы кез келген елдің даму тетігі деп айтуға болады.

Сіз аймағымызда алғашқы оқыту орталықтарының бірін аштыңыз. Ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

Жаңа түсінік қалыптастырудың өзіндік қиындықтары мен мәселелері бар. Алғаш оқыту жүргізген кезде адамдар мен оқушылардың арасында IELTS пен шетелде білім алу мүмкіндіктері жайлы түсінктері өте таяз еді. Шетелдік гранттық бағдарламалар немесе ең таңдаулы оқу орындарына қабылдану үшін өте көп қажыр-қайрат, еңбек пен уақыт қажет болатындықтан ата-аналарға балаларыңызға жастайынан көп қаржы құю қажет деп кеңес бергім келеді. Білім саласының бір осал жағы ол нәтиженің ұзақ мерзімнен кейін шығатындығы болғандықтан өте төзімділікті қажет етеді.

IELTS дегеніміз не? Балаларға түсіндіріп берсеңіз?

IELTS (International English Language Testing System) – ағылшын тілін білу деңгейін бағалаудың халықаралық жүйесі. Емтихан қабылдаушылар мәтінді түсіну (Reading), сөйлеу (Speaking) және жазу (Writing) қабілетін тексереді.
IELTS-тің 2 түрі бар: General training және Academic. General модулі мектепке қабылдануға, тұруға ықтиярхат алуға, терең білімді қажет етпейтін жай ғана жұмысқа тұруға бағытталған. Academic модулі студенттер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған. IELTS-ты қағазбен (Paper Based IELTS) сонымен бірге компьютермен (Computer-delivered IELTS) тапсыруға болады.

IELTS тапсыруға дайындықты неден бастау керек?

Алдымен бұл емтиханды не үшін тапсырығыңыз келетін себебіңіз нақты болуы қажет. Қайда барғысы келетінін білмейтін адам адасып қайтып кетеді. Сол сияқты бағытыңыз бен мақсатыңыздың айқын болғаны жөн. Тек қана IELTS емтиханын тапсыру жеткіліксіз болады. Бұл тек алғашқы баспалдақ. Біздің аймақтағы жетіспейтін бір нәрсе – менторшип бағдарламасы. Бұл бағдарлама қысқа мерзімде уақыт ұтқызбай дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі және жол көрсетеді.

Тест құрылымы қандай болады және қалай бағаланады?

Емтихан Listening (тыңдау), Reading (оқу), Writing (жазу) және Speaking (әңгімелесу) қатарлы 4 бөлімнен құралып, әрқайсысы 9 ұпаймен бағаланады. Әрқайсысынан жинаған ұпайлар біріктіріліп, орташа ұпайын шығарғандағы нәтиже IELTS емтиханынан алған жиынтық ұпай болып есептелінеді.

IELTS -тен жоғары балды қалай жинауға болады? Қандай лайфхактарды қолдануға болады?

Тыңдау мен әңгімелесу қабілеті, жазу мен оқу қабілеті өзара байланыста болады. Былайша айтқанда, тыңдау қабілеті жақсарған сайын әңгімелесу деңгейі де жақсарады. Ағылшын тілінде телехиқаяларды көп көрген адамның тыңдау қабілеті адамның табиғатына сәйкес арта түседі. Ал кітап оқу әдеті адамның оқып түсіну, білмейтін сөздері мағынасын жуық мағынасымен долбарлап тауып алуына көмектеседі. IELTS – бұл өте көп қажыр-қайратты талап ететін емтихан. Сондықтан еш мойымау керек. Бірақ мақсаты айқын адам оңайға түсіп бермейді. Жалпы қосымша ретінде ғаламторды өте жақсы пайдаланған жөн. Онда не іздесеңіз, бәрі бар. Ал оқушылардың мақсаты оқыту орталығын уақыт үнемдеу бағытында пайдаланып, өте қысқа мерзімде мақсатына жету көпірі ретінде қолдана білу керек.

Өзіңіздің жұмыс жүргізудегі әдіс-тәсіліңіз қандай? Ағылшын тілін үйрену үшін балалардың қызығушылығын қалай арттыруға болады?

Менің әдістемем өте қарапайым. Ағылшын тілін теориялық тұрғыда емес, шынайы өмірде қолдану жағынан үйретемін. Балаларға ағылшын тілінің қажеттіллігін жақсылап түсіндіріп берсеңіз, өздері-ақ талаптанып үйрене бастайды. Бұл оның қызығушылығы ояна бастағанын білдіреді. Жалпысы ең басты қабілетті атаңыз десеңіз жеке басын алып жүру қасиеті деп айтар едім. Әлемнің қай түкпіріне барсаңыз да, білім алумен қатар тіршілігіңізді де қатар алып жүресіз деген сөз. Біздің аймақта бір байқалған жағдай балалардың жеке басын алып жүруде босаңдығы. Осы жағдайдан болып, өзіне қатысты шешім қабылдауда мәселелер туындайды.

«Грейпсийд» оқу бағдарламасы жайлы да айтып берсеңіз?

Ағылшын тілін үйренудің ең қолайлы уақыты – адамның миы мен басқа да бұлшық еттері дамитын балалық шақ. Сонымен қатар тіл үйренудің ең тиімді әдісі баланың табиғи жолмен /тілі ұстарту/ үйретуге болатынын анықтап, дамытатын тәсіл. Тыңдау, түсіну, жауап беру, дұрыс сөйлеу, дұрыс оқу, оқығанын түсіну, жазу дағдысын қалыптастыру қабілеттерін балаға бір жүйемен қалыптастыратын, 3-12 жас аралығындағы балаларға арналған өте нәтижелі бағдарлама. Әрі үйренген ұғымдарын жаңа заманға сай жасалған аппликейшн /бағдарлама/ пайдаланып бекіту, пысықтау артықшылығы бар.

Тәуліктік жұмыс күніңіз қалай басталады? Уақытты қаншалықты тиімді пайдаланасыз?

Таңғы 9:00-да баламды балабақшаға апарып, 9:30-да магистратура сабағы мен жұмысымды 16:00-ге дейін аяқтаймын. Ұлымды балабақшадан үйге жеткізіп салған соң 17:00 – 20:00 сағат аралығында оқушылармен жұмыс жасаймын. 23:00 сағатқа дейін отбасыммен бірге болып, түнгі 02:00, кейде 03:00 сағатқа дейін қызығушылығым бойынша зерттеу жүргізіп, кей уақытта үй тапсырмасын орындап, кинофильм көремін. Кино көруді жаным сүйетіндіктен уақытымды соған сәйкестіруге тырысамын. Өзімді дамытумен қатар отбасымды дамытуға да көңіл бөлемін. Сенбі, жексенбі күндері де жоғарыға ұқсас өтеді. . Жексенбі не мереке күндері жұмыс пен мектеп жұмыстарын аздап ысырып тастап, мүмкіндігінше отбасы мен достарыммен бірге боламын. Әлемді жайлаған індет кезіндегі крантинге байланысты уақыт кестесіне аздаған өзгерістер енгізілді.

Ең көп қолданатын және жақсы көретін апликейшндеріңіз /бағдарламалар/?

YouTube, Gmail, Ted, Netflix, Zoom, Google Calendar, Google Classroom, Bundle бағдарламаларын тұрақты пайдаланамын.

Жетістікке жетудің құпиясы неде?

Уақытты ұтымды пайдалану. Төзімділік. Алған бетіңнен қайтпау.

Қазір қандай іспен айналысып жатырсыз? Қысқа мерзімдегі жоспарыңыз?

Магистратураны табысты бітіріп, әлемге әйгілі университеттің бірінен докторлық диссертация қорғау. Карьералық тұрғыда академия немесе университетте оқытушы, ғылыми зерттеу бағытындағы компанияның сараптама және дамыту қызметкері болу. Тәжірибе жинақтап алған соң аймағымызға келіп, ғылыми-технологиялық парк құруға бар күшімді жұмсаймын.

Жуықта қандай кітап, мақала оқыдыңыз?

Дәл қазір Ли Куан Ю-дің «Сингапурдың даму құпиясы» кітабын оқып жатырмын. Күнделікті әртүрлі тақырыптардағы мақалаларды да көп қараймын. Digital Twin in Aerospace Industry туралы оқудамын. Магистратуралық диссертацияда осы тақырыпқа қатысты зерттеу жасауды жоспарлап отырмын.

Сіз кімнен, неден күш- қуат аласыз?

Мен Илон Маскге таң қаламын және оған ұқсауға тырысамын. Күш-қуатты алға қойған мақсатымнан аламын. Көбінесе, ұлыма қараған сайын қанат біткендей болып, күш-қуатты сезінемін. Ұлыма келешекте көп таңдау мүмкіндігін жасау үшін жұбайым екеуіміз оқу орталығын ашып, арнайы бағдарламарды енгізіп, жүзеге асырудамыз.

Өміріңізде алған сабағыңыз?

1. Мүмкіндік қай кезде де болады. Қателесуден қорықпа.
2. Үрейге бой алдырма. Жігерлі бол.
3. Мүмкіндіктерді дер кезінде пайдалана біл.

Жастарға берер кеңесіңіз?

1. Отбасыға көп уақыт пен назарыңды бөл. Олармен бірге бол. Өмір өте қысқа.
2. Ең алдымен әділ бол. Бұл қазіргі қоғам құндылығы әрі адамшылық қасиетің.
3. Өз көзқарасың, мақсатың және қағидаң болсын.
4. Сыни көзбен қарай біл. Бұл 21-ғасырдың ең маңызды қабілеттерінің бірі.

Әңгімеңізге рахмет!

KAZNEWS ақпараттық агенттігі

Жаңа есім

Жанерке Мерзетханқызы: Біз клиенттерімізге жоғарғы сапа, ерекше үлгі ұсынамыз

Published

on

09 қараша, KAZNEWS. Баян-Өлгийлік дизайнердің ұлттық нақыштағы және заманауи үлгідегі киімдеріне сұраныс жоғары. Сити университетінің түлегі бала кезінен сурет салудағы қызығушылығы өскенде дизайнер болуға жол ашқан. Жас дизайнер 2023 жылы қандай киімдер мен қандай өңдер трендте болатынын айтып берді.

Жанерке Мерзетханқызы, туған жері – Баян-Өлгий аймағы. Жалпы білім беретін 5 мектептің түлегі. Сити университетін дизайнер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Қазіргі таңда Janel Couture компаниясында дизайнер болып қызмет атқарады. «Janyerke.M atelier» сән үйінің негізін қалаушысы.

Бұл менің таңдауым

Дизайнер болу менің бала күнгі арманым. Ұлттық нақыштағы киімдерге, әшекей-бұйымдарға бала күннен қызығатынмын. Бала кезден сурет салуды қатты жақсы көрдім. Қиялымдағы көйлектерді қағаз бетіне түсіріп жүрдім. Әрине кейін оларды неге қолдан жасамасқа!? Әр түрлі фестивалдерге қатысып тәжірибе жинақтап, ұлттық киімдерді заманауи тұрғыда жаңғыртуды қолға алдым.

Кәсібіңізді қалай бастадыңыз?

Жоғарғы оқу орынын тәмандап «Хайрын хурим» атта компанияда еңбек жолым басталды. Кейін Алматыда, Дархан қаласында компанияларда жұмыстап жүрдім. Ең көп тәжірибе жинақтаған жұмыс орыным Дархан былғары заводы болды.

Клиенттеріңіз кімдер?

Қазір клиенттеріміз күн санап көбейіп келеді. Шүкір. Көбісі жанұялы жастар мен қыз келіншектер.

Өзге сән үйлерінен «Janyerke.M atelier» -дің ерекшелігі неде?

Біздің ерекшелігіміз киім үлгілерінде. 1 немесе 2 данадан ғана қайталанбайтын үлгілер. Және де клиенттерімізге жоғарғы сапа ұсынамыз.

Киім үлгісінің өзгешелігін тағы айтар болсақ, осы өлкедегі өзге де тігіншілердің үлгісін қайталап тікпейтінімізде.

«Janyerke.M atelier» тек ғана ұлттық киімдер емес заманға сай киімдерге де тапсырыс қабылдайды.

Қазір қандай киім түрлері трендте?

«Janyerke.M atelier» тек ғана ұлттық киімдер емес заманға сай киімдерге де тапсырыс қабылдайды. Барлық киім үлгілерін жасаймыз.

2023 жылы үлкен өлшемдегі сырт киімдер (Oversize) ерлер мен қыздарға бірдей Т О V силуэттеріндегі киімдер тренд болады деп күтілуде. Ал өң түсіне келер болсақ жасыл түстер және сұры, ашық purple, beige(сарғыш, тоқ сары, сарғылт, қызғылт сары) өңдері тренде болады.

Мысалға, Қызғылт сары түс туралы айта кетсем. Мамандардың айтуынша бұл түс күйзеліске төтеп берер бірден бір түс. Көңіл-күйді көтеріп, зейін қоюды арттырады. Бұл маңызды бас қосулар мен әңгімелесу кезінде пайдалы. Тез шешім қабылдауға септігін тигізеді.

Кері әсері: Тез шешім қабылдаймын деп, қате шешім қабылдап қою ықтималдылығы жоғарылайды. Тым көп эмоциядан адамды шаршатуы мүмкін.

Ал, күлгін түс жайында: Егер сіз біреумен келісім шарт жасаспақ оймен кездесуге бармақ болсаңыз, күлгін түсті таңдаңыз. Бұл түс адамға жақсы әсер етеді. Сонымен қатар, өміріңіздегі қиын-қыстау кезеңдерде, басыңыз жиі ауырғанда, ұйқысыздық орын алғанда сабырлы болуға көмектеседі.

Ал шығармашылық адамдарға қиял әлеміне шомып, фантазиялар мен бейнелердің дүниеге келуіне ықпал етеді. Бірақ әр нәрсенің жақсы мен жаманы бар сияқты, күлгін қара түсті шамадан тыс көп пайдалану күйзеліске ұшыратып, жалғыздық сезімін еселендіре түспек. Әсіресе, интерьерде күлгін түсті көп пайдаланудың қажеті жоқ. Оның орнына сарғыш күлгінге таңдау жасаңыз.

Баян-Өлгийдің жастарының талғамы қаншалықты жоғары деп ойлайсыз?

Жастарымыздың күнделікті киім таңдаудағы талғамы заманға сай деп ойлаймын. Қарап жүремін. ))) Бірақ ашық түсті киімдерді көбірек таңдаса деп ойлаймын.

Кез келген адамның қандай түс таңдағанына байланысты ол жайлы көптеген мәліметтер айтуға болады. Киім таңдау көңіл-күйге де байланысты болады.

Киімге тапсырыс басқа қалалардан түсеме?

Иә әрине. Соңғы жылдары Қазақ елінен Астана, Алматы қалаларынан, өзіміздің Дархан, Улаанбаатар қаласының Налайхан ауданынан да көптеген тапсырыстар келіп жатады.

Киім үлгісінің идеясы қалай келеді?

Тапсырыс берушінің қалауы және дене бітімі, өң келбетіне қарай, тағы да қандай ортаға киілетініне байланысты үлгілерін шығарамыз. Мен сән үйімізге тапсырыс берушілер өте ерекше жандар деп ойлаймын. Және олармен мақтанамын. Өйткені әлі күнге дейін қысқа модадағы көйлектер тігіп көрмедік.

Сапасымен үлгілеріне көңілім толады. Себебі мен киім дизайнер (clothing designer) мамандығын екіге бөліп қараймын.
Біріншісі, өз ойындағы үлгерді шығаратын дизайнер, екіншісі клиенттердің ойындағы үлгілерді шығаратын дизайнер.

Орташа тәуліктік жұмыс күніңіз қалай өтеді?

Аптасына 6 күн жұмыстаймыз. Сағат 9:00-18:00 аралығында тұтынушыларға есігіміз ашық. Ал, әлеуметтік желідегі парақшамыз қосулы тұр.

Киім тігуге күнделікті қанша сағат арнайсыз?

Киім үлгісіне байланысты. Егер жұмысы көп болса кей кездері 12 сағаттың өзі аздық етеді.

Өмірден алған ең жақсы ғибратыңыз…

Ұлы жазушы Абай атамыздың сөзі қатты әсер етеді. Абай атамыз айтады: Үш-ақ нәрсе-адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Әрине, еңбек ғана жеңбек!

Жастарға қандай кеңес бересіз?

Жастарға алға қойған мақсаты анық болып, мақсат арманына қарай талмай талпынса деп ойлаймын. Өздерін тек жақсы жақтарымен дамытып, жаңа нәрселерді үйреніп, тек ғана даму үстінде үлкен компанияларға, қалаларға барып жұмыс жасап, шыңдалу керек деп ойлаймын.

Казньюс ақпарат агенттігі

Continue Reading

Жаңа есім

Динислам Манарбекұлы: Дәмді кофе, мықты сервис. Бұл біздің басты қағидатымыз.

Published

on

21 қазан, KAZNEWS. Казньюс ақпараттық агенттігінің «Іскер азамат» жобасының кезекті қонағы Динислам Манарбекұлы. Ол 1990 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында туған. Ресейдің Мәскеу қаласындағы Финансовый Университет при Правительстве РФ университетін аудитор мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әлемге танымал бренд “World of Coffee Machines” компаниясының директоры қызметін атқарады.

Жас кәсіпкер Динислам Манарбекұлы өзінің жұмыс тәсілін таныстырды.

Мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы
Қызметі: “World of Coffee Machines” яғни «Кофемашина әлемі» компаниясының директоры
Қолданатын ұялы телефоны: IPHONE 13 PRO MAX
Пайдаланатын компьютері: MACBOOK AIR
Әлеуметтік парақшалары: @dinislam_manarbek

КОМПАНИЯ ҚҰРУДАҒЫ МАҚСАТЫҢЫЗ?

Компания құрудағы негізгі мақсатым тәуелсіз болу. Себебі мен еркіндікті өте жақсы көремін, және басқа адамның қол астына жұмыс жасай алмаймын сондықтан да кәсіп жағы маған жақын. Әрі әкем Манарбек көп жылдар бойы бизнеспен айналысып өткен адам. Бала кезден әкеме қарап өскендіктен кәсіп жасау маған қаныма жақын болды.

СІЗДІҢ ЖҰМЫС ТӘСІЛІҢІЗ ҚАНДАЙ?

Менің жұмыс жасау тәсілім негізі клиенттікі үнемі дұрыс деген. Көбінесе клиенттер үшін барлығын жасауға тырысамыз. Мысалы таңертен ерте болсын, немесе түнде болсын товар жеткізіп және де даяршылық көрсететін кездеріміз де болады. Сол үшін де клиенттеріміз риза және де бізді жақсы көреді.

КЛИЕНТТЕРІҢІЗДІҢ ЖИІ ҚОЯТЫН СҰРАҚТАРЫ?

Клиенттеріміздің көбінесе кофе қалай жасау керек, кофемашиналарды қалай дұрыс қолдануға болады, және де кофе бизнесін дұрыс жүргізу туралы жиі сұрап жатады.

Дәмді Кофе, Мықты Сервис.

КЛИЕТТЕРІҢІЗГЕ “WORLD OF COFFEE MACHINES” КОМПАНИЯСЫН ЕСТІГЕНДЕ ЕСКЕ ТҮСІРЕТІН ҮШ СӨЗ?

Мені қысқаша Димаш деп барлық клиенттеріміз атап кеткен сол естеріне түседі, және де Дәмді кофе, мықты сервис. Бұл біздің басты қағидатымыз.

Mindmanager бағдарламасын көп адамға ұсынар едім. 

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН ЖҰМЫС ҚҰРАЛЫҢЫЗ, ҚОЛДАНБАЛЫ БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Жұмыста немесе өмірде көп қолданатын программа қарапайым блокнот, MS Excel, Evernote сосын Mindmanager. Осы Mindmanager бағдарламасын көп адамға ұсынар едім, өте тамаша құрал жоспар құру, проект жасау үшін.

Айтпақшы жақында осы бағдарлама бойынша қазақ тілде видеоматериалдар дайындап жатырмын. Ютуб арнасында шығады тегін.

УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Уақыт қазір алтыннан да қымбат негізі, оны түсіне бермейміз расымен де. Барлық оқырмандарға айтарым өмірлеріңізді жоспарлар үйреніңіз. Әйтпегенде басқа адамның мақсаттарын орындаумен уақыттарыңыз өтеді.
Сізде анық жоспарыңыз болса уақыт жоғалтпайсыз қажетсіз затқа. Бұйырса жаңа жыл қарсаңында жоспар құру, уақытты пайдалану туралы тренинг өткізетін боламыз онлайн түрде.

Жоспар құру адамның миын артық мәліметтерден босатып жеңілдік береді. 

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП, ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Мектеп қабырғасынан бері қалыптасқан жақсы әдетім бар, блокнотқа жазбалар план жазу. Сол әдетті қазір жақсы денгейге системага айналдырдым. Жылдық жоспар құрғаннан соң соны 3 айға бөлім, сосын айлық, апталық, күндік жоспар деп жеке арнайы блокнотқа жазып отырамын.

Ең нашар қарындаш мидан артық деген сөз бар. Сондықтан жоспар құру адамның миын артық мәліметтерден босатып жеңілдік береді.

ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ? ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Кәсібімнің ерекшелігі жаңа сала, енді дамып жатқан біздің және көршілес елдерде. Оң жағы десек ол табыс көзі өте жақсы кәсіп. Кофені мұнайдан кейінгі екінші пайдалы кәсіп деп атап жатады. Әрі бұл халал өнімдер, және зиян ештенесі жоқ адамдарға. Сондықтан да мақтан тұтамыз осындай жақсы кәсіппен айналысатынымызға.

Дегенмен кері жағы жоқ емес, мысалы уақыт көп талап етеді белгілі бір деңгейге жеткізу үшін, сосын тұтынушылармен (адамдармен) жұмыс жасау, олардың көңілдерін табу оңай емес қазіргі кезде. Себебі бәсекелес компаниялар да бар, сондықтан да бизнес.

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Соңғы 5 жыл бойы көңіл бөлген саламыз ол Еуропадан кофемашиналарды, кофені тасымалдап сату, жалға беру болды. Қазіргі кезде кофені өзіміз қуырып сататын дәрежеге жеттік. Кішігірім өндірісіміз бар және де өзіміздің брендпен кофеханалар желісін ашып бастап жатырмыз қазіргі таңда.

Жастарға кітап оқыңдар деп қатты кеңес беремін, себебі бұл тегін жатқан үлкен хазына. 

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Ия кітап көп оқитын адамдардың қатарынанмын. Аталарымыз да кітап көп оқиды, әрі жастайымнан әдебиет, ертегі кітаптарды көп оқыдым. Кейін студент болған кезде кітап оқу әдеті толық қалыптасты. Сол жылдары 200-ден астам кітап оқып салыппын. Қазір үйімде өзімнің кітапханам бар, 300-дей кітап жиналған. Көбінесе бизнес, психология туралы кітаптарді оқимын. Аптасына 1-2 кітап оқуға тырысамын, және өзім де қазір кітап жазып жатырмын, Алла қаласа кешікпей жарыққа шығар.

Жастарға кітап оқыңдар деп қатты кеңес беремін, себебі бұл тегін жатқан үлкен хазына. Өміріңді де күрт өзгертуге, іздеп жүрген сұрақтарыңа жауап табуға көмектеседі.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Жігіттің жақсысы нағашыдан дейді гой. Туа біткен мінезім нағашыларыма тартқан, көбінесе салмақты сабырлымын. Қатты ашулана бермеймін және мінезім тұйықтау. Дегенмен бизнес ортада жүрген соң адам ашылады, және де ашылып мінезді сәл болсын түзеп үйрену керек.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Қазір жұмыс кезінде сирек тыңдаймын әуендерді, себебі кедергі жасайды назарым бөлініп. Қазақша әуендерді көп тыңдаймын, классика, джаз деген. Жастайымнан “Музарт” тобын сүйіп тыңдаймын, өзім де аздап домбыра мен гитарада ойнаймын.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Алдымен жаратушы ие Алла тағаладан дұға тілек оқып күш қуат аламын, сосын әрине отбасымнан жақындарымнан. Тағы бір адамдар бар өмірден өтіп кетсе де өздерінің артынан қалдырған кітаптары, аудио видео таспаларымен бізге әлі де мотивация, күш қуат беретін.

Адамда энергия болу үшін режим дұрыс болу керек. Ол дегеніңіз дұрыс ұйықтау, тамақтану, және спортпен шұғылдану немесе көп қимылдау. Қазіргі кезде қимыл аз бізде, оффисте жұмыс көп адамдарда, сондықтан да неше түрлі аурулар пайда болып жатыр.

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Жүрегіңді тыңдай біл. Себебі ол саған шынымен не керек екенін жақсы біледі. Қазіргі кезде ойымыздағы, жүрегіміздегі барлық армандарды орындауға мүмкіндік толығымен бар.

АРМАН ҚУЫП ШЕТЕЛГЕ ОҚУҒА, ҚОНЫС АУДАРУҒА, БИЗНЕС ЖАСАУҒА БАРАТЫН ЖАС МАМАНДАРҒА ҚАНДАЙ МОТИВАЦИЯ БЕРЕСІЗ?

Жастарға беретін кеңес мотивация: Армандаудан жалықпаңдар, Самғаңдар! Себебі сол армандар сендердің шынайы болмыстарың.

Үнемі аш болыңдар, себебі аштық сендерге босаңсуға жол бермейді. Өздеріңе сеніп өмірлеріңе жауапкершілік алып тез шешім қабылдап әрекет етіп үйреніңдер. 21-ші ғасырдағы ең қажет қабілет – ол жылдамдық.

КАЗНЬЮС АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ

Continue Reading

Жаңа есім

Айсұлу Олзвойқызы: Еңбек пен жақсы ниет болса, әр іс алға басады

Published

on

19 қыркүйек, Казньюс ақпарат агенттігі.  Қазақ елінен Налайхан қаласына ат басын бұрып, шағын кітапхана ашуға қолдау көрсеткен Айсұлу Олзвойқызы – қызметінің қыр-сыры жайлы айтып берді.

Айсұлу Олзвойқызы Қазақстан Республикасындағы «SS-AGRO» компаниясының негізін қалаушы. Ол басқарған компания шетелге азық түлік экспорттау мен қатар ложистикалық және заңгерлік сервистер көрсетеді.

Казньюс ақпарат агенттігінің “Жаңа есім” бағдарламасының кезекті қонағы орыс, ағылшын, корей тілдерін жеттік меңгерген жас кәсіпкермен Айсұлу Олзбойқызымен таныс болыңыздар. 

Өзі жайлы және мамандық таңдау туралы 

Айсұлу Олзвойқызы Улаанбаатар қаласының тумасы. Жалпы білім беретін “Монгени” мектебін бітірген. Мәскеу қаласындағы Плеханов университетінің түлегі. Аталмыш университетті 2009 жылы экономист мамандығымен тәмамдаған. Жастайынан кәсіпкерлікпен шұғылданған. 

Қазіргі қызметі жайында

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасындағы «SS-AGRO» компаниясының директоры болып қызмет жасаймын. 

Біз қытайға бидай, рапс майын, моңғолияға азық түлік өнімдерін экспорттаумен қатар «Қызыл май» -дың моңғолиядағы ресми дистрибьюторы болып жұмыстаймыз.

Компаниямыз бұл қызметтерінен бөлек ложистикалық және заңгерлік сервистер көрсетеміз. 

Алғашқы қызмет жолымды қоғамдық ұйымдарда бастадым.

Қандай бір жұмысты бастасам оны тек табыс көзі деп емес, адамдарға қандай пайдасы барын бірінші қараймын.

Моңғолияға келген жұмысы туралы

Налайхан қаласындағы ағайындардың тілі, мәдениет, діні, салт дәстүрін сақтау, дамыту, осыған байланысты қоғамдық жұмыстар атқарып жүрген «Ел бірлігі» мемлекеттік емес ұйымының жұмысын сырттай бағалайтынмын. Бұл ұйыммен бірлесіп бұл іске өз үлесімді қоссам деген ойым болған. Білімгүл апаймен, аталмыш ұйымның басшыларымен байланыс жасап кәсіпкерлер азаматтардан қандай көмек керектігін сұрап көрдім.

Қазақ тіліндегі кітаптарға сұраныс көп екенін білген соң шағын кітапхана ашуға қолдау көрсеттім.

Алғашқы 200 кітап келіп сөрелерге қойылып, оқырман қауымның тілегі азда болсада орындалып жатқанына өзімде қуаныштымын.

Алдағы уақытта да көптеген іс-шараларда ынтымақтастықта боламыз деген жоспарым бар.

Ұлтымның рухани дамуына азда болса да үлес қосу парызым деп ойлаймын. Өзге де азаматтарға үлгі болса екен деген тілегім бар.

Уақыт үнемдеудің тәсілі 

Уақыт үнемдеудің жолы біреу ғана деп ойлаймын. Ол қол біріктіріп жұмыстайтын команда жасақтай білу, сол арқылы тәжірибелі мамандарды жұмыстату, жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдау. 

Кәсіп ашудағы қиындықтарды қалай еңсергені туралы

Балалық шағым Моңғолияда өтті. Қазақ еліне барып барлығын жаңадан бастау әрине оңайға соққан жоқ. Кәсіп ашу кезінде қолдайтын жаңашыр дос пен ықпал етушілер де болмады. Жетістікке жету үшін бірнеше есе күш жұмсау қажет болды.

Жұмысыңыздың ерекшелігі неде? Оң және кері әсерлері?

Қоғамдық жұмыстардың нәтижесін көру, адамдардың ілтипат сөзін есту өзіме күш жігер береді. 

Моңғолиядан кәсіпкерлер «Айсұлу Олзвойқызы қайда?» деп іздеп келіп, бизнестік байланыс орнатып жататыны қуантады. Әрине кері әсерлері бар. Бірақ еңбек пен жақсы ниет болса, әр бастаған іс алға басады дегенге сенемін.

Казньюс ақпарат агенттігі

Continue Reading

Жаңа есім

Стилист Айсұлу Азаматқызы қызметінің қыр-сыры жайлы айтып берді

Published

on

27 маусым, Казньюс ақпарат агенттігі. Стилист Айсұлу Азаматқызы Баян-Өлгий аймағында “Әлем сенімен әдемі” атты мастер класс өткізді. Сән әлеміндегі мәртебелі мамандықтың иесі – стилист Айсұлу Азаматқызы қызметінің қыр-сыры жайлы айтып берді.  

Өзі жайлы және мамандық таңдау туралы

Айсұлу Азаматқызы Баян-Өлгий аймағында туып өскенімен, 7 сыныпта ата-анасымен бірге Қазақстан Республикасына қоныс аударған. Әль-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығымен бітірген. 

«Әдебиетке жақындығы арғы тегімнен. Атам Имашхан Байбатырұлы Моңғолия және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, драматург болған кісі еді. 2000 жылы өмірден қайтты. Мамандығым бойынша жұмыс жасамадым. Әу баста осы мамандықпен нан табамын деп оқымадым.

Бірақ маған өмірлік азық болды. Тұрмыс құрып, бала тәрбиесімен 8 жыл үйде отырдым. Арада біраз жыл өткенде ішімдегі шығармашылыққа бейімділігім бәрібір мені осы мамандыққа алып келді.

Нақты қай салаға барғым келетінін бірден білмедім. Үнемі ізденіс және психологиялық жағынан терең жұмыстар өзімді зерттеуім тануым осы мамандыққа алып келді.» – дейді Айсұлу.

Алматы қаласында стилист маманымын. Қазақы аудиторияға кеш келген сала, мамандар өте аз. 

Қазіргі қызметі жайында

Қазіргі таңда Алматы қаласында стилист маманымын. Қазақы аудиторияға кеш келген сала, мамандар өте аз.

Қыз-келіншектерге сәнді киіну жөнінде кеңесті онлайн және оффлайн беремін. Одан бөлек шоппингті онлайн және қыздарымызбен бірге шығып жасаймыз.

Моңғолиядан да онлайн түрде қызмет алып киім алдырып жатқан қыздарымыз баршылық.

Осы жерде айта кеткім келеді. Алыстан дорбаламай аймағымыздағы кәсіпкерлер киімдердің табиғи матасына, ыңғайлылына қарап және сәннен кемі 2-5 жыл кетпейтін киім үлгілерін біліп соларды сатса екен деген тілек бар. Себебі біраз дүкенді аралап жоғарыдағы талаптарға сай киімдер өте аз екенін көрдім.

Кешегі мастер класстан кейін қыздарымыз алған білімдеріне сай іздеген киімдерін жақыннан тауып алса екен деген тілек бар.

Осы мамандыққа келгенге дейін талғамыммен киінетінмін. Бірақ ережелерді білмедім. 

Стилист өнері өз алдына бір үлкен ғылым деп жатады. Олай болса сіз бұл салаға қалай келдіңіз? 

Иә, дұрыс айтасыз. Жастайымнан ерекше киімдерге қызығатынмын. Ертең киетін киімімді түнде жатарда ойлап жататынмын.(күлді)

Егер ойыма ерекше үйлесімдер келіп қалса атып тұрып жасап реттеген соң ұйықтайтынмын. Осы мамандыққа келгенге дейін талғамыммен киінетінмін. Бірақ ережелерді білмедім.

Басында “Өз-өзіне стилист” дейтін сабақ оқыдым. Ол тек өзім үшін еді. Байқаймын сала қызық. Сәнді киіну сенімділік береді, өз саласында әр адам өсуіне себеп болады екен, беретін пайдасы көп екен. Осы сабақта өте терең білім алдым. Сол біліммен-ақ біраз қыздарға кеңес беріп жүрдім.

Себебі ол жақта өзіңе ғана қатысты емес барлық адамдарға арналған киіну ережелері берілді. Қызығып оқыдым. Нағыз мен іздеген дүние екен. Ары қарай осы мамандықты оқимын деп шешім қабылдадым. Содан бері осы саладамын.

Білім алған ұстазым Қалқанбаева Бұлбұл дейтін мықты стилист ханымның командасында жұмыс жасаймын. Ол мен үшін үлкен жауапкершілік және мәртебе. Сенім білдіргені мені өсірді. Шабыттандырды.

Сізге идея қалай келеді?  

Ережелерді білген соң адамның көзі жаттыға береді. Талғамы өсе береді. Күнделікті сән саласындағы жаңалықтар, болжамдар, сән үлгілерін әлемдік жаңалықтардан бақылап отырып ішкі күйіңмен шабыттанып үйлесімдер жасай бересің.

Сіздердің клиенттеріңіз кімдер?  

Менің клиенттерім жас-өспірім қыздардан бастап 60 жасқа дейінгі аналар. Кейде әжеме киім таңдап беріңізші дейтін де ұсыныстар түсіп жатады. Ол кісілер 80 жаста да болуы мүмкін.

Клиенттеріңіздің ең жиі қоятын сұрақтары? 

Маған қандай киім жарасады? Қандай түс жарасады? Қалай баладан кейін қалып кеткен ішімді әдемі жасырамын? Тойға не киемін? -деген сұрақтар жиі қойылады.

Әлеуметтік желіде минималист болуға, сауатты киінуге шақырасыз, бұл жөнінде? 

Қазір барлығын біліммен саналы түрде жасайтын заман. Шкаф толған киім үйден шығарда “киім жоқ” дейтін мәселе барлығын мазалайды.

Сосын киімді эмоциямен сатып алатын жағдайлар өте көп. Сатушы жақсы жарасады, сізге құйып қойғандай деп мақтауын асырып беріп жіберетін жағдай жиі кездеседі.

Егер алушыда білім болмаса өзіне не керегін, не жарасатынын білмесе осындайда алған киімі көбіне жарамды болмай қалады.

Қазақ тойымен бай. Әр тойға алған көйлектері күнделікті киюге жарамай қайта-қайта тойға киюге келмей жүрген нәзік жандылар өте көп. Осы мәселерді шешу үшін минимализмге шақырамын.

Онсызда қарбалас жүреміз әр жолы киім іздеуге уақыт, энергия, қаражат қажет.

Шешімі кемі 2-5 жыл сәннен шықпайтын сапалы матадан тілілген, тігісі жатық, денеге қонымды, әр дене-пішіннің жаратылысы ерекшелігіне сай киімді таңдап небәрі 8-10 киіммен тойға да, қырға да, ойға да жарайтын киімдерді үйлестіріп киіп кете алу.

Ол үшін тым болмағанда кешегі сияқты мастер класстарға қатысса, онлайн, оффлайн жеке қызмет алса болады.

Білімге жүгінбей алған жарамсыз көйлегіңіздің құнын білімге салсаңыз ұтарыңыз анық. Ақтап аласыз.

Жұмысыңыздың ерекшелігі неде? Оң және кері әсерлері? 

Жұмысым шабыт сыйлайды. Психологиялық, әлеуметтік жағдайы қиын көп қыз-келіншектер бар.

Баламен отырып өзін тастап жібергендер де бар. Дұрыс киім таңдай алмай өзіне сенімсіз де кісілер бар.

Толықпын, арықпын, бойым ұзын, бойым қысқа, қараторымын деп ұялатын қыздарымыз саналы түрде біліммен киім таңдаса қай жаста да, қандай дене ерекшелігімен де әдемі, сәнді киінуге болады.

Сосын қазір ыңғайлылық сәнде. Өте өзекті. Сән-сән деп ыңғайсыз киім кию нағыз сәннен қалу. Оны бірінші кезекте ескереміз.

Жоғарыдағы қыздарымызбен жұмыс жасағанда көңіл күйінің көтерілгені, өзіне сенімділігі артқаны, киімнің көмегімен мысалы арық көрініп тұрғандығын көру мен үшін бақыт.

Күні бойы шоппинг жасау, таңдау энергияны көп қажет етеді. Шулы жабық сауда орталығында жүру үшін мықты жүйке де қажет.)))

Ондайда осы нәзік жандылардың құлпырғанын көріп өмірге құштарлығы артқаны барлық шаршауды ұмыттырып жібереді. Ертеңінде тағы бір қызбен сауда орталығына келіп тұрасың сосын. Оң әсері көп егер мамандық сізге ұнаса.

Маған ұнайды шабыт аламын. Кері әсерін көрмедім. Шығармашылық жұмыс болған соң шабыт, қуанышты көру маңызды мен үшін.

Қазір қандай киім түрлері трендте?  

Тренд мысалы биылғы жазға

Өзіңізді қаншалықты дамытасыз? Стилист болғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз? 

Өзіңді дамыту өте маңызды. Өте жақсы сұрақ. Халықпен жұмыс жасайтын болғандықтан психологиялық күйім маңызды. Қызметіме жүгінген әр адамға жеке тұлға ретінде қарап қалауын тыңдап, кеңес беру үшін ол адамның өмір салтын, қызметін, қазіргі көңіл күйін түсініп жақсы нәтижеге шығаруға іштей дайындық қажет.

Жоғарыда айтқанай энергияны көп қажет ететін мамандық. Сондықтан дұрыс тамақтану, сергек жүруге, дене шынықтыруға көп мән беремін.

Кейде артық салмақпен келген қыздарыма кеңес беріп жеке жұмыс жасап салмағы қалыпқа түсіп жататын кез болады.

Мамандығым әдемілікке, сұлулыққа шақыратындықтан жан-жақты сол мамандығыма сай келбетте жүруге біраз жұмыстар жасаймын. Сосын сән саласы бір орында тұрсаң шығып қаласың.

Сондықтан сән әлемінің жаңалықтарын үнемі қарап отыру маңызды.

Стилист болғысы келетін жастар өзіме де жазып жатады. Қуаныштымын. Бізге өте қажет маман. Егер сізде титтей қызығушылық болса шетін оқып көріңіз ары қарай тәжірибе барысында нағыз сіз қалаған маман ба екен танисыздар.

Алда шәкірттер оқытамын себебі арада келіп ғана кеткенім аздық етеді. Неге өз аймағымызда жүгінетін мамандар болмасқа.

Сұхбат үшін рахмет сіздерге. Еңбектеріңіз жана берсін. Туған жеріме келіп маңызды салаға үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Жақсы күндерде жолыққанша.

Казньюс ақпарат агенттігі,

Сұхбаттасқан Гүлжан Ерболатқызы

Continue Reading

Басты назарда