2017 жылғы қаңтардағы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» даму тұжырымдамасы Қазақстанның әлемдегі көшбасшы 30 елдің қатарына енуінің нақты қадамдары көрсетілген жолдау екендігі айқындалды.
Бұл пікірін Ph.D докторы, Моңғолия Ғылым академиясының Халықаралық қатынастар институтының аға маманы, Орталық Азия елдері бойынша зерттеу орталығының үйлестірушісі К.Дэмбэрэл білдірді.
«Жолдаудағы бес бағыт Қазақстан мемлекетінің жақын болашақтағы дамуының басты бес нысанасы екендігін атап өткім келеді. Құжаттағы негізгі ерекшеліктердің біріне тоқтала кетсем, «Еуразия логистика инфрақұрылымы» даму мәселесіне дұрыс назар аударылған деп есептеймін.
Бұл Моңғолия үшін назар аударатын басты мәселелердің бірі. Өкінішке орай, Моңғолия арқылы әуе, авто, теміржол транзитін дамыту логистикасы туралы айтқалы көп уақыт өтсе де, біз оны жүзеге асыра алмай келеміз. Сондай-ақ, энергетика, транспорт, логистика, тұрғын үй қызметіндегі баға тарифін белгілі мөлшерде төмендету бағытындағы кешенді шараларға дұрыс назар аударылған. Мемлекет-жекеменшік секторының серіктестігін кеңейту, ЖІӨ-дегі мемлекет үлесін 15 пайызға дейін төмендету және білім жүйесін жетілдіру, соның ішінде жаппай тегін техникалық білім беру мәселелері Моңғолия мен Орталық Азияның басқа да мемлекеттеріне өзекті болып отыр. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың мемлекеттің басқару тетігін жетілдіру, халықтың әл-ауқатын арттыру жолының көзі ретінде жаңаша реформалар жүргізуін көрегендік деп білемін.
Жақында ғана Қазақстанда жүзеге асырылған Конституцияға өзгерістер енгізу қадамдары мемлекет басшылығы заман талабына сай әрекеттерге барып жатқанын көрсетіп отыр. Бұл міндетті түрде Қазақстанның дамуында үлкен рөл атқаратындығына күмән жоқ. Жалпы алғанда, экспорттың басым бөлігін құрайтын мұнай, газ, мыс, алтын секілді басты шикізат көздеріне әлемдік нарықтағы бағаның төмендеуі жағдайында Қазақстан экономикасының өзіндік қоры, әлеуеті бар екендігін көрсетіп отыр. Қазіргі әлемдік даму жағдайында экономиканың 1 пайыздық өсімі жақсы көрсеткіш деп саналатындығы да соның да бір дәлелі.
Осы орайда, қазіргі қиын кезеңде «Универсиада-2017», «ЭКСПО-2017» секілді халықаралық іс-шараларды ұйымдастырып жатқандығы Қазақстанның мүмкіншілігі зор екендігін көрсетуде. Бұл жобаларды жүзеге асыру барысында Қазақстан өзін әлемге таныту сипатынан ғана емес, керісінше осы іс-шаралар нәтижесінде инвестиция тарта отырып, дүниежүзі қауымдастығының сеніміне ие болып отыр», – деп білдірді өз ойын К.Дэмбэрэл.
2024 жылы 17 қаңтарда Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Нямдоржийн Анхбаярмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың 2024 жылғы күн тәртібі бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, олар ағымдағы жылы жоспарланған маңызды екіжақты іс-шаралар кестесін талқылады, екі елдің ынтымақтастығының шарт-құқықтық базасын одан әрі жетілдіру сұрақтарын қарастырды, сыртқысаяси ведомстволардың түрлі бағыттардағы өзара ықпалдастығын, оның ішінде консулдық саладағы өзара тиімді әрекеттестікті одан әрі нығайтуға келісті.
Сонымен бірге, дипломаттар Қазақстан мен Моңғолияның көпжақты алаңдардағы, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде және басқа да халықаралық құрылымдар аясында өзара қолдау көрсетудің көп жылдан бері қалыптасқан оң тәжірибесін жалғастыру қажеттігіне ортақ мүдделілік танытты.
2024 жылғы 28 маусымда Моңғолияда парламент сайлауы өтеді.
Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралы кезекті пленарлық отырыста келесі парламент сайлауын 2024 жылы өткізу туралы қаулы жобасын қарастырды.
Демократиялық партия фракциясының жобаны талқылау үшін парламенттен алған үзіліс мерзімі өтіп кеткеніне байланысты, дауыс беру өткізіліп, қаулы жобасы мақұлданды.
Қаулыға сәйкес, кезекті парламент сайлауы 2024 жылғы 28 маусымда өтеді.
Моңғолия халқының саны 3,5 миллионға жетті. Ұлттық статистика комитеті бұған дейін 22 қарашаға қарай Моңғолия халқының жалпы саны 3,5 миллион адамға жететінін хабарлаған.
«Моңғолия халқының саны 3,5 миллионға жетеді деген болжам соңғы үш жылдағы туу, өлім және халықтың табиғи қозғалысына негізделген», – деді Моңғолия ұлттық статистика комитетінің халық санағы және тұрғын үй қоры бөлімінің статисті Б.Энхжаргал.
Соңғы үш жылда орта есеппен әр жеті минут 16 секунд сайын бір бала дүниеге келіп, 27 минут 46 секунд сайын бір адам қайтыс болады, ал Моңғолия халқының саны әр тоғыз минут 55 секунд сайын бір адамға артып келеді екен.
— Бұл үрдіс 2023 жылы да жалғасты деп есептесек, 22 қарашаға дейін Моңғолия халқының саны 3,5 миллион адамға жетуі керек еді. Бүгінде халық саны 3,5 миллионнан асты, – деді Энхжаргал.
1962 жылы Моңғолия халқының саны 1 миллион болса, 1988 жылы ел екі миллион, 2015 жылы үш миллионға жетті. 2033 жылы 4 миллионға, 2048 жылы 5 миллионға жетеді деген болжам бар.
Халал өнімдері мен қызметтерін сертификаттау жөніндегі орган Моңғолияда пайда болды.
Парсы шығанағы елдерінің аккредиттеу орталығының Gulf Accreditation Center (GAC) бағалау тобы халал өнімдері мен қызметтерін сертификаттау жөніндегі Халал Сертф Аженси (Halal Certf Agency) компаниясында 2023 жылдың 25, 26, 27 қазанында жұмыстап, GSO 2055- 2:2021 “Сәйкестікті бағалау – 2 бөлім: Халал сертификаттау органдарына қойылатын талаптар” стандарты бойынша бастапқы аккредиттеу жұмысын жасады.
Халал – тұтас бір индустрия.
Бүгінде әлемдегі 148 елде халал бағыты жақсы дамыған. Халал брендін кім көрінген пайдаланып, көпшіліктің түсінбестігін тудырмау үшін халал өндірісі бақылауға алынған. Осы орайда ет экспортына қызығушылық танытып отырған Моңғолияда халал индустриясын зерттеп, халал өнімдерін қалыптастыру енді жолға қойылып келеді.
Бұл жүйе UNIDO Моңғолия – Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму ұйымы жүзеге асыратын Сәйкестікті бағалау органдарының әлеуетін арттыру жобасы аясында жүзеге асырылуда.
Халал бойынша аккредиттеу – Моңғолиядағы сапаны бағалау жүйесіндегі жаңа бағыттарының бірі.
Аккредиттелген Халал сертификатының оң әсері соңғы тұтынушыға таралады, ол Халал сертификатының артында сәйкестікті растаудың бүкіл жүйесі бар екеніне сенімді болады: аккредиттеу сертификаттау органдарына деген сенімді арттырады.
Өз кезегінде, сертификаттау органдары өздері ұстанатын стандарттардың жоғары талаптарын Халал өнімдерін өндірушілерге тапсырады. Өндірушілер сертификаттау арқылы тұтынушыларға халал стандарттарға сәйкес өндірілген өнімдерді немесе қызметтерді ұсынады.
Халал Сертф Аженси – Моңғолияның Халал индустрия саласының дамуына үлес қоспақ.