Қазақстан Премьер-министрі Асқар Мамин елімізге жұмыс сапарымен келген Моңғолия премьері Ухнаагийн Хүрэлсүхпен бірге «Астана» халықаралық орталығы жұмысымен (АХҚО) танысты.
Кездесу барысында Моңғолия премьеріне өңірлік қаржылық хабта бүгінге дейін атқарылған жұмыстар мен оған тіркелу артықшылықтары баяндалды.
Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов өңірлік қаржылық хабта бүгінге дейін қанша компанияның тіркелгенін мәлім етті.
«АХҚО – Орталық Азия, Кавказ елдері, Еуропа мен Моңғолия өңіріндегі қаржылық хаб. Қазіргі таңда АХҚО-да барлық қажетті инфрақұрылым бар. Сондай-ақ, онда Тәуелсіз сот, Халықаралық арбитраж орталығы, Биржа, Әкімшілік, Қаржылық технлогиялар хабы, Жасыл технологиялар орталығы, Үздіксіз кәсіби даму бюросы және Экспат орталығы бар экожүйе құрылған. Қазіргі таңда АХҚО-да әлемнің 27 елінен 260 компания тіркелді», – деді АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов.
Ресми кездесуден кейін қос тарап АХҚО бойынша экскурсияға аттанды. Олар өңірлік қаржылық хабтағы Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би атындағы үш залды аралап, әр залға не себепті қазақтың үш даңқты билерінің аты берілгендігімен танысты.
Белгілі болғандай моңғол елінің премьері Ухнаагийн Хүрэлсүх қазақ-моңғол форумы жұмысына да қатысқан. Қазақстан премьер-министрі сайтындағы мәліметке сәйкес, Асқар Мамин екі ел арасындағы ынтымақтастық одан ары дами түсетініне сенім білдірді.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың саясатының арқасында Қазақстан-Моңғол қатынастарының ілгерілемелі дамуының негізі қаланды. Президент Қ. Тоқаев сыртқы саясаттағы сабақтастықты ұстана отырып, Моңғолиямен ынтымақтастықты тиімді дамытуға баса мән береді», — деді А. Мамин.
Моңғол премьері Ухнаагийн Хүрэлсүх болса, өз кезегінде, екі ер арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға барлық мүмкіндіктер бар екендігін атап өткен.
«Бізде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі мүмкіндіктер бар. Осы бизнес форум екі ел арасындағы іскерлік қатынастар мен экономикалардың дамуына серпін беретініне сенімдімін», — деді Моңғолияның Премьер-Министрі.
Фото: primeminister.kz