19 қыркүйек, KAZNEWS. Улаанбаатардағы жиырмаға жуық жас қаламгерлердің өлеңдері енген “Жас талап 4” кітабының ашылу салтанаты болып өтті.
Бұл бастама “Алаш Моңғолия” мемлекеттік емес ұйымының ұйымдастырумен осыдан 4 жылдан бері үрдіске айналған 4-ші жыр жинақ оқырман қауымға ұсынылып отыр.
Кезекті жыр жинаққа ақын, жазушы, аудармашы Байыт Қабанұлы сарапшылық етсе, жас қаламгерлер Үміт Адайқызы мен Сүйеніш Талғатбекұлы баспаға дайындаған.
Салтанатты рәсімге Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау вице министрі Зульфикар Сарқытұлы, Моңғол елінің мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, ақын, халық жазушысы, доктор, профессор Сұлтан Тәукейұлы, ақын, жазушы, аудармашы Байыт Қабанұлы, ММУ-нің француз тілі мұғалімі, доктор Алтынгүл Болатқызы, “Арулар” одағының төрайымы, “Ару жұлдыздар” журналының редакторы Айнагүл Сарайқызы, аудармашы, тіл маманы Самат Насырұлы, Қазақстан республикасынан кәсіпкер Сырымбек Тауұлы мен ақын Дәурен Бақытқажы қатарлы азаматтар, өнер сүйер студент жастар қатысты.
Авторлары кітапқа алғы сөз арнап, ақыл кеңес берген ақын Байыт Қабанұлына, қаражылай демеушілік жасаған Зульфикар Сарқытұлына арнайы алғыс білдіреді.
Естеріңізге салсақ, “Жас талап-5” жинағы баспаға әзірленуде, алдағы уақытта оқырман қауымға жол тартатын болады.