KAZNEWS. 5 шілдеде Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы аясында Отандастар қоры жетекшілігіндегі Қазақстан делегациясы Улаанбаатарда Мемлекеттік Ұлы Хуралының (Парламент) Төрағасы Г.Занданшатар мен кездесті. Бұл туралы Отандастар қоры баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде қазақ-моңғол қатынастары, оның ішінде мәдени-гуманитарлық мәселелер төңірегінде пікір алмасылды.
Мемлекеттік Ұлы Хуралының Төрағасы Г.Занданшатар Қазақстан және қазақ халқына деген шынайы ізгі тілектерін айтып, екі жақты байланыстарды дамыту бойынша өз ойымен бөлісті.
Төраға қазақ моңғол халықтары Ұлы көшпенділердің мұрагерлері ретінде ортақ бай рухани құндылықтары төңірегінде ой қозғады.
“Отандастар Қоры” КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы төрағаға қабылдауы үшін алғысын білдірді. Өз сөзінде, Қоғамның қызметі туралы ақпаратпен бөлісіп, кіші құрылтай аясында өтетін іс-шаралар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, өз сөзінде А.Сапарбекұлы моңғол халқына және үкіметіне Моңғолияда тұрып жатқан қандастарымызға деген қамқорлық пен қолдау үшін ризашылығын білдірді.
Кездесу барысында екі ел парламент депутаттары да өз ойларымен бөлісіп, парламентаралық байланыс бауырлас елдеріміздің жан-жақты ынтымақтастығын нығайтуда маңызды орын алатынын айтты. Қазіргі қарым-қатынастардағы парламенттік дипломатияның рөлі ерекше екендігінің асты сызылды.
Кездесуде Парламент төрағасы Транс-Алтай диалог платформасы аясында тарих, архелогия, әдебиет пен ғылым саласында ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Осы ретте, Төраға делегация құрамындағы қазақ жазушыларын Моңғолияда дәстүрлі түрде өтетін әдебиетшілер форумына шақырды.