Connect with us

Моңғолияда

«Аз ұлттың – алып ұлы» Генерал Зайсанов Мүдәрісұлы

Published

on

Зайсанов – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздардың бірі, шын мәніндегі тұлға, алмағайып заманда аман қалып, ақыл-ойдың күші, құдайдың қуатының арқасында Алаш туын жықпай өткен еңіреген Ер.

Қазақта Сталиннің тас жүрегін шайлықтырған үш батыр болған: Бауыржан Момышұлы, Мүдәрісұлы Зайсанов, Ісламұлы Оспан батыр. Б.Момышұлының батырлығын естігенде Сталин: «Ол қазақ па?!”– деп қайран қалса, М.Зайсановқа «Соғыс қызыл ту» орденін қадап тұрып: «Аз ұлттың – алып ұлы» деп бағалаған екен.

Ал тарихи шындыққа, нақты деректерге келетін болсақ, оқырман қауымға мынаны айтуға болады: Зайсановтың ел ішіндегі танымал аты Жайсанап, Моңғолия қазақтары осылай атайды. Туған жылы зиратында 1910 жылы десе, немере інісі болған Таштуан 1913 жыл дейді. 1967 жылы Ұланбатыр қаласында науқастан қайтыс болған. Сүйегін елге жібермеген. Қамыры – Ұланбатыр қаласының солтүстігіндегі «Алтын өлгий» («Алтын бесік») аталатын моңғол қайраткерлері зиратында. Халық Ұлы Хуралының жарлығы шығып, мемлекеттік тәртіп бойынша үлкен қошаметпен жерленген екен. Жерлеу рәсіміне сол кездегі елбасшысы Ю.Цэдэнбал өзі қатысыпты. Зайсановта екі бала болған. Әкесі қайтыс болғанда Саратов қаласынан тұңғышы Сония келеді. Ал сол уақытта Буряд-Моңғолияда өмір сүріп жатқан ұлы Ганц келе алмай қалады. (Ганц – моңғол тілінде бір немесе дара деген мағына береді). Ганц 1972 жылы шешесі Марусия о дүниеге аттанғанда келіп, анасын өз қолымен қара жер қойнына тапсырады. Осы жолы Моңғолиядағы туыстарынан «бір кішкентай балаларыңды беріңдер, туыстығымыздың мызғымас дәнекері болсын»,– деп қолқа салады. Бірақ ағайындары көзі түскен баланы жасырып, шешесі Налайхан қаласына алып қашып кетеді. Бұл әңгімені Зайсанов қолдауымен ұшқыш болған, қазірде Моңғолияның еңбек сіңірген ұшқышы Таштуан Төтейұлы айтып берген еді.

Зайсановтың әкесінің аты – Мүдәріс. «Мүдәріс» имам немесе дәріс үйретуші мағынасына келеді. Осы тұрғыдан келгенде аталары діни адамдар болуы да әбден мүмкін. Құжаттарында М.Зайсанов болып жазылған. Моңғол тіліндегі құжаттарда Мүдәріс атауы «Мотрос» болып кеткен де жай бар. Зайсанов 10-11 жас шамасында Қобда бетіндегі Керей рулы Саңырау сүйекті ауқатты Әуке деген кісінің ауылына келеді. Әукенің баласы Райысханның бәйбішесі Тұрды мен апалары Анардың қолында өседі. Райысхан балалары қазір Ақмола облысының Еркіншілік ауданына көшіп келген деп естідім.

Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының Ұланқұс ауданының түлегі. Баян-Өлгий аймағының Ұланқұс 10 жылдық орта мектебіне Зайсанов есімі берілген. Онда «Зайсанов» музейі жұмыс істейді. 2008 жылы мектеп алаңына шағын бюстісі орнатылған. 2020 жылы даңқты қолбасшының туғанына 110 жыл толaды!

Зайсанов әуелі Қобда қаласындағы мал дәрігерлерін дайындайтын учлищеде оқиды. Осы жерден бір топ моңғол жастарымен бірге оны Москваға КУТВ– шығыс еңбекшілері университетіне бір жылдық курсқа жібереді. Осы курсты тәмамдағаннан кейін сонда бір жылдық дайындық бөліміне оқуға қалдырады. Оны бітірген соң Тамбов қаласындағы атты әскерлер даярлайтын оқу орнында оқып, оны 1934 жылы ойдағыдай бітіреді. Содан Оренбургтегі ұшқыштар дайындайтын учлищеде оқып жатқан моңғол студенттеріне тілмаш болуға жіберіледі. Зайсанов тілмаштық қызмет атқара жүріп, өзі де ұшқыш болып шығады. Осында 1939 жылға дейін қызмет атқарады. Бірақ 1939 жылдың басында, Моңғолияның шығыс шекарасында туындаған күрделі жағдайға байланысты Моңғол үкіметі кері шақырып алып, 1938 жылы 1 желтоқсан күні құрылған Әуе күштері полкінің командирі етіп тағайындайды. 1939 жылы Халкин голда Совет-моңғол қарулы күштері бірлесіп жапонның басқыншы империалистеріне соққы береді. Осы соғыста полк бастығы полковник ерекше ерлік танытады. Жалпы Зайсановтың Жапон милитаристерімен болған соғыстарда көрсеткен ерліктері мен қолбасшылық шеберліктерін оның жауынгер жолдастары күні бүгінге дейін аса жоғары ілтипатпен еске алады. Аңыз болып айтылады. Қазірде көзі тірі, 93 жастағы қария Дугарын Гунгаа би дейді: «Біз алты ұшқыш 1939 жылы 7-айдың орта шенінде Халхин голға келдік… Әуе күштерінің қолбасшысы генерал Зайсанов… Ол жер жағдайын жеттік білетін, желдің бағытын дөп есептейтін, әскери өнерге өте шебер, өнегелі ұстаз еді. Генерал Зайсанов бастаған алты адам «Қызыл ту» орденімен марапатталған». Демек, «Соғыс Қызыл Ту» орденінің Моңғолиядағы тұңғыш иегері де – Зайсанов.

Моңғол жолдастары Зайсановты «зайсан дарға», «зайсан генерал», «зайсан гуай», «зайсан багш» деп құрметтеген. Бұрынырақта моңғолдарда зайсан деген әскери лауазым, шен болған. Олар бастарына қырғауылдың қауырсынынан қарақара тағып ерекшеленген ғой. Осы жағынан да іш тартып «ов»-ты атамай кетсе керек.

1939 жылы Совет-моңғолдың біріккен әскери күштері Халхин голда Жапон басқыншыларын талқандайды. Осы соғыста да Зайсанов басқарған Моңғолия Әуе қарулы күштері төтенше көзге түседі. Мүдәрісұлы Зайсанов 1942 жылдың 15 қазанында Монғолия Үкімет басшысының №00182 бұйрығымен Әуе қарулы күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. Ал 1944 жылы оған генерал-майор шені берілді. Жауынгер жолдастарының естелігінде Зайсановтың басқадан артықшылығы ол әрі қолбасшы, әрі ұшқыш-жауынгер, соғысқа қолма-қол араласқан дейді. Ол жөнінде оның қандыкөйлек жолдасы генерал-полковник Ж.Лхагвасурэн естелігінен мынадай жолдарды табуға болады. Материалдың өңін өзгертпей ұсынамын: «На фронте действовала оперативная группа Военного министерства, куда, кроме меня, входил начальник штаба комдив Цэрэн, начальник оперативного отдела полковник Эрэндо, командующий артиллерией Цог, командующий авиацией Зайсанов, а также редактор газеты «За Родину» Равдан.

Начальник штаба Цэрэн до этого командовал дивизией. Требовательный и решительный военачальник. Командующий артиллерией Цог, получивший образование в Советском Союзе, находился на фронте с первых дней войны. Командующий авиацией Зайсанов сам мастерски водил самолет и сделал все, чтобы наши летчики за короткий срок обучились летать на самых современных по тому времени боевых самолетах». Тағы бір төтенше дәлел мынау: Бірде Зайсанов: «Жапондардан Супер» маркалы – 49 ұшақ, «Дюблестник» типтегі – 11 ұшақты қолға түсірдік. Рапорт беруші генерал-майор М.Зайсанов» деп жазбаша рапорт берген екен.

Зайсановтың ерлігі Кеңестер Одағы тарапынан да аса жоғары бағаланған. Бір орыс соғыс ардагері кейін ол туралы былай деп еске алады: «Есть среди моих боевых друзей и пенсионеры. Это генерал-майоры Доржпалам и Зайсанов. Но они по-прежнему бодры, и, как говорится, у них есть еще порох в пороховницах». «Аспаныңа бір батыр сыймаса, маған бер» деген сөз де болған деседі. Екінші дүние жүзілік соғыс аяқталғаннан кейін 1945 жылы Совет Одағының Жоғары Кеңесі Президумының жарлығымен Моңғолияның маршал Чойбалсан бастатқан 21 адамын ордендермен марапаттайды. Зайсановқа «Қызыл ту» ордені бұйырады. Сталин жоғарыдағы сөзді осы жолы айтқан деседі.

Зайсановтың атына қатысты жағымды-жағымсыз сөздер оның 1944, 1947 жылдары батыс Моңғолия шекарасына топтанған қытайдың гоминдан қарулы күштері және Шығыс Түркістан Ұлт азаттық қозғалысының қолбасшыларының бірі – Ісламұлы Оспан батыр жасақтарын ел аумағынан аластауға қатысты болған шайқастарға қатысты өрбиді. Бұл зерттеуді қажет ететін үлкен тақырып.

Алайда адам баласы қайда жүрмесін өзі өсіп, ержеткен Отаны үшін адал қызмет етуге тиіс. Оны еш ұмытуға болмайды. Әр бір азамат оның ұлты кім болмасын Отаны үшін әр қашанда жанын пида етуге дайын тұруы адами борышы, азаматтық міндеті! Адамзат баласында екі отан болмайды. Егер адам баласында екі Отан болса, онда олар суда да, құрлықта да өмір сүретін жануарлармен тең болар еді!

“Зайсанов”
… Бұрынғы Тұғұрұлдың мекенiнде,
Бiр қақпақ десектағы екi ерiнге.
Үрпiдей бiр төбешiк бар болатын,
Орманды Боғда таудың етегiнде.
Түркiнiң ту тiгетiн төбесi екен,
Тұп-тұнық Тула өзеннiң көбесi екен.
Зайсанов сол төбеге қос қанатын,
Қондырған бiр тарих көмес екен.
Жырымды жеткiзейiн толғай-толғай,
Оқушым оралыңда жолың болғай!
Артында ер жiгiттiң iз қалады,
Сол төбе атаныпты “Зайсан толғай”. …

Бақытбек Бәмішұлы, “Жас қазақ” газеті

Моңғолияда

Ғабит Қойшыбаев Моңғолияның СҚ министрлігінің Мемлекеттік хатшысымен кездесті

Published

on

2024 жылы 17 қаңтарда Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Нямдоржийн Анхбаярмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың 2024 жылғы күн тәртібі бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, олар ағымдағы жылы жоспарланған маңызды екіжақты іс-шаралар кестесін талқылады, екі елдің ынтымақтастығының шарт-құқықтық базасын одан әрі жетілдіру сұрақтарын қарастырды, сыртқысаяси ведомстволардың түрлі бағыттардағы өзара ықпалдастығын, оның ішінде консулдық саладағы өзара тиімді әрекеттестікті одан әрі нығайтуға келісті.
Сонымен бірге, дипломаттар Қазақстан мен Моңғолияның көпжақты алаңдардағы, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде және басқа да халықаралық құрылымдар аясында өзара қолдау көрсетудің көп жылдан бері қалыптасқан оң тәжірибесін жалғастыру қажеттігіне ортақ мүдделілік танытты.

Continue Reading

Моңғолияда

Моңғолияда 28 маусымда парламент сайлауы өтеді

Published

on

2024 жылғы 28 маусымда Моңғолияда парламент сайлауы өтеді.

Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралы кезекті пленарлық отырыста келесі парламент сайлауын 2024 жылы өткізу туралы қаулы жобасын қарастырды.

Демократиялық партия фракциясының жобаны талқылау үшін парламенттен алған үзіліс мерзімі өтіп кеткеніне байланысты, дауыс беру өткізіліп, қаулы жобасы мақұлданды.

Қаулыға сәйкес, кезекті парламент сайлауы 2024 жылғы 28 маусымда өтеді.

Continue Reading

Моңғолияда

Моңғолия халқының саны 3,5 миллионға жетті

Published

on

Моңғолия халқының саны 3,5 миллионға жетті. Ұлттық статистика комитеті бұған дейін 22 қарашаға қарай Моңғолия халқының жалпы саны 3,5 миллион адамға жететінін хабарлаған.

«Моңғолия халқының саны 3,5 миллионға жетеді деген болжам соңғы үш жылдағы туу, өлім және халықтың табиғи қозғалысына негізделген», – деді Моңғолия ұлттық статистика комитетінің халық санағы және тұрғын үй қоры бөлімінің статисті Б.Энхжаргал.

Соңғы үш жылда орта есеппен әр жеті минут 16 секунд сайын бір бала дүниеге келіп, 27 минут 46 секунд сайын бір адам қайтыс болады, ал Моңғолия халқының саны әр тоғыз минут 55 секунд сайын бір адамға артып келеді екен.

— Бұл үрдіс 2023 жылы да жалғасты деп есептесек, 22 қарашаға дейін Моңғолия халқының саны 3,5 миллион адамға жетуі керек еді. Бүгінде халық саны 3,5 миллионнан асты, – деді Энхжаргал.

1962 жылы Моңғолия халқының саны 1 миллион болса, 1988 жылы ел екі миллион, 2015 жылы үш миллионға жетті. 2033 жылы 4 миллионға, 2048 жылы 5 миллионға жетеді деген болжам бар.

Continue Reading

Моңғолияда

Халал Сертф Аженси – Моңғолияның Халал индустрия саласының дамуына үлес қоспақ

Published

on

Халал өнімдері мен қызметтерін сертификаттау жөніндегі орган Моңғолияда пайда болды.

Парсы шығанағы елдерінің аккредиттеу орталығының Gulf Accreditation Center (GAC) бағалау тобы халал өнімдері мен қызметтерін сертификаттау жөніндегі Халал Сертф Аженси (Halal Certf Agency) компаниясында 2023 жылдың 25, 26, 27 қазанында жұмыстап, GSO 2055- 2:2021 “Сәйкестікті бағалау – 2 бөлім: Халал сертификаттау органдарына қойылатын талаптар” стандарты бойынша бастапқы аккредиттеу жұмысын жасады.

Халал – тұтас бір индус­трия.

Бүгінде әлемдегі 148 елде халал бағы­ты жақсы дамыған. Халал брендін кім көрін­ген пайдаланып, көпшіліктің түсінбестігін ту­дыр­мау үшін халал өндірісі бақылауға алынған. Осы орайда ет экспортына қызығушылық танытып отырған Моңғолияда халал индустриясын зерттеп, халал өнімдерін қалыптастыру енді жолға қойылып келеді.

Бұл жүйе UNIDO Моңғолия – Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму ұйымы жүзеге асыратын Сәйкестікті бағалау органдарының әлеуетін арттыру жобасы аясында жүзеге асырылуда.

Халал бойынша аккредиттеу – Моңғолиядағы сапаны бағалау жүйесіндегі жаңа бағыттарының бірі.

Аккредиттелген Халал сертификатының оң әсері соңғы тұтынушыға таралады, ол Халал сертификатының артында сәйкестікті растаудың бүкіл жүйесі бар екеніне сенімді болады: аккредиттеу сертификаттау органдарына деген сенімді арттырады. 

Өз кезегінде, сертификаттау органдары өздері ұстанатын стандарттардың жоғары талаптарын Халал өнімдерін өндірушілерге тапсырады. Өндірушілер сертификаттау арқылы тұтынушыларға халал стандарттарға сәйкес өндірілген өнімдерді немесе қызметтерді ұсынады. 

Халал Сертф Аженси – Моңғолияның Халал индустрия саласының дамуына үлес қоспақ.

www.halalcertf.com

Continue Reading

Басты назарда

Exit mobile version