16 қараша – KAZNEWS. Улаанбаатар. «Моңғолиядағы аз ұлт өкілдерінің балаларына екі тілде білім берудің қазіргі жағдайы, болашағы» жөнінде алғашқы ғылыми видеоконференция 2020 жылы 15-16 қараша күндері өтті. Бұл туралы Моңғолия Ұлттық университетінің докторы Алтынгүл Болатқызы хабарлады.
Видеоконференцияны Моңғолияның Білім және Ғылым министрлігі мен Білім институтының әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей таратты.
Видеоконференцияның мақсаты – екі тілде білім беру бойынша зерттеу жұмыстарын кеңейту, зерттеушілерді тарту, Моңғолиядағы аз ұлт өкілдерінің екі тілде білім беру жүйесінің болашақ бағытын нақты зерттеулерге жүгіне отырып анықтауға үлес қосу болып табылады.
Ғылыми конференцияда төмендегі салалар бойынша баяндамалар талқыланды.
– Екі тілде білім берудің теориясы мен әдістемесі саласында,
– Аз ұлт өкілдерінің балаларына білім беру сапасын жақсарту, зерттеу жұмыстарының қорытындысы, әрі қарай дамыту жолдары,
– Екі тілде білім беруге ұстаздар даярлау мәселесі,
– Зерттеу және танымдық ақпараттар.
Сонымен қатар, Баян-Өлгий аймағынан Білім және мәдениет басқармасының басшысы Қ.Зәуре, АҚШ-тың Техсас Ей энд И университетінің докторанты Қ.Бейбітгүл, Цэнгэл сұмындық II – мектебінің директоры З.Нарантуяа, Ховд университетінің филиалының директоры, доцент Ж.Хиналған, Ховд университетінің филиалының ұстазы, докторант Б.Айкүміс, Хөвсгөл аймағынан Цагааннуур мектебінің директоры Ч.Оюунбадам, Ховд аймағынан Буянт мектебінің директоры Б.Оюунчимэг –тер қатысып баяндамасын талқыға салды.
Конференцияның негізгі ұйымдастырушылары: Білім және ғылым министрлігінің Бастауыш және орта білім департаменті, Моңғолия Ұлттық университетінің Моңғолтану институты, Білім және ғылым министрлігі жанындағы Білім институты, Баршаға білім беру, Азаматтық қоғамның ұлттық коалициясы,
Бірлесіп ұйымдастырушы: Баян-Өлгий аймағының Білім және мәдениет басқармасы, Ховд университетінің Баян-Өлгий аймағындағы филиалы,
Ақпараттық демеуші ретінде Моңғолияның Ұлттық бұқаралық радио телеарнасы (MNB) жұмыстады.