Сумо күресі үш ғасырға жуық уақыт бойы тек жапон балуандары сынасқан спорт түрі болатын. Қазірде жапондық сумо жанкүйерлерінің шетелдіктерге көздері үйренгені соншалық, соңғы чемпионатта жапон балуанын сан соқтырған моңғолиялық Хакухо 33 Император Кубогын жеңіп алғанда ешкім таңырқаған жоқ. Қанықты, қалыпты сурет. Бүгінде, Жапониядағы талай сыннан өтіп, мейлінше ширыққан 26 сумо кәсіпқойының жарымына жуығы – шетжұрттық, оның жетеуі – моңғол. Жапон балуанының жылына алты рет өтетін үлкен сумо турнирлерінде жеңімпаз атануы сонау 2006 жылы аяқталған болатын.
Бәлкім, шетелдіктерге қойылған қазіргі шектеулер болмағанда, бұдан да көп гайжиндерді (шетелдіктерді) көрер ме едік, кім біледі?! Ереже бойынша, қазіргі 43 сумо кәсіби орталықтарына тек бір ғана шетелдікті қатарға қосуға рұқсат етілген. Сәйкесінше, бір кездері осы орталықтар шетелдіктерді жапон азаматтығын алуға ынталандырған екен. Бұл артынша басқа да заңдардың шығуына жол ашқан.
Әсілі, шетжұрттық балуандардың жапонның ұлттық спортында атой салуы қоғамдағы базбір проблемалардың салдары дейді білетіндер. Кілтипан – ауқаттана түскен әрі көлемі кішірейген жапон отбасында екен. Күн озған сайын нашарлаған демографиялық жағдай экономикадағы жұмысшы күшін азайтып қана қоймай, сумо тәріздес спорт түрлерінде жапондардың санын төмендеткен. Сонымен қатар, қарны тоқ, көйлегі көк жапон балаларының сумоға деген қызығушылығы әрі жеңіске деген ұмтылысы азайған. Бұрнада тұғырға көтерілген жапон чемпиондары елдің шалғай аудандарынан жақсы өмір іздеп келгендер еді. Қазіргі кезде озық нәтижені көрсетіп жүргендер – экономикалық ахуалы кемшін елдердің, жеңіске құмар, жоспары нық, таңдауы шектеулі, тәуекелшіл балуандары. Олардың әдіс-тәсілі жапондікінен озық емес, бірақ жеңіске деген құштарлығы орасан.
Мұнымен қоса, сумоның жапон жастары арасында жеткіліксіз насихаты да осындай мардымсыз нәтижелерге жетелеуде. Балуандардың жалпы моральдік деңгейлерінің әлсіреуі, якудзы гангстерлерімен ортақтаса ұйымдастырылған заңсыз күрестер, алдын-ала келісілген жекпе-жектер, бірнеше балуанның нашақорлыққа әуестенуі – бәрі-бәрі осы ұлттық спорттың сорына туған кеселдер.
Анығы, ұлттық спорттағы тоқыраудың аужайын байқаған, келешегін ойлап қам жеген ресми орындар былтырдан бері тыңнан жол салуға кірісіпті. Сырттан мамандар шақырылуы, жекелеген сумо орталықтарының ғұзіреті ұлғая түсуі – игі жаңалықтардың басы ғана.
Түп нұсқа: JAKHAN