25 қараша, KAZNEWS. Республика күніне 98 жыл, Ұлы император Шыңғыс ханның туғанына 860 жыл, “Моңғол мақтаныш” күніне орай Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх жарлық шығарып бірқатар азаматтарға мемлекеттік жоғарғы атақ, орден, медаль табыстады.
Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің жарлығы бойынша Моңғолия Мәдениетіне Еңбек сіңірген қайраткер Сұлтан Тәукейұлына «Халық жазушысы» атағы берілді.
Сұлтан Тәукейұлы мемлекетке 60 -дай жылдан астам еңбек етіп, көптеген мақала, повесть, роман, драма, кинофильмдер жазып, қазақ халқының әдебиетін халықаралық деңгейде танытуға бар өнерін арнады.
«Моңғолдың құпия шежіресі», «Ежелгі Моңғол патшаларының ұлттық энциклопедиясы» сияқты тарихи дереккөздер, «Моңғол халық мақал-мәтелдері», «Моңғолия Конституциясы» қатарлы туындыларды қазақ тіліне аударып, қазақ оқырмандарына ұсынған.
Сонымен қатар, «Құран карим», «Ислам туралы негізгі мәліметтер», Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» қатарлы туындыларды моңғол тіліне аударып, халық ағарту ісіне зор үлес қосқан.
Халық жазушысы Сұлтан Тәукейұлы
Сұлтан Тәукейұлы 1944 жылы 17 қарашада Монғолияның Баян-Өлгий аймағында туған.
1966 жылы Монғолия университетін бітірген. Экономика ғылымының кандидаты. Мемлекет, қоғам қайраткері. Монғолия Халық Республикасында Сауда министрлігі департаментінің бастығы, аудандық, қалалық, аймақтық партия комитеттерінің екінші және бірінші хатшысы болған.
Монғолия Республикасының Парламент мүшесі болып сайланған. Монғолияның Венгрия, Австрия елдеріндегі төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған.
Сұлтан Тәукейұлы мемлекеттік жауапты қызметтерде жүріп, 1964 жылдан бастап әдебиетпен шұғылданып, проза, драма, аударма жанрларында жемісті еңбек етіп келеді. Оннан аса кітаптың авторы.
Шығармаларын екі тілде – қазақ және монғол тілдерінде жазады.