21 наурыз, KAZNEWS. Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Баян-Өлгий аймағына жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапары аясында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх жарлық шығарып бірқатар азаматтарға мемлекеттік жоғарғы атақ, орден, медаль табыстады.
Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің жарлығы бойынша Моңғолия Мәдениетіне Еңбек сіңірген қайраткер Шынай Рахметұлына бұқаралық ақпарат құралдарды дамытуға және әдебиет саласына қосқан құнды үлесі үшін «Халық жазушысы» атағы берілді.
«Еңбек сіңірген ұстаз» атағымен Ақкөл қалашығының ардагер ұстазы Құрметбай Базарұлы мен Өлгий қалалық 1- мектебінің аға ұстазы Қазиза Сағдолдақызы, «Еңбек сіңірген экономист» атағымен Рысжан компаниясының Қаржы бөлімінің басшысы қызметін атқарған Қажекбер Нуриұлы мен Ақкөл қалашығы Цагааннуур компаниясының Басқарма кеңесінің басшысы қызметін атқарған Жанпейіс Мөнгөлұлы, «Еңбек сіңірген малшы» атағымен Алтанцөгц сұмындық Сыдық Сырақбайұлы, «Еңбек сіңірген дәрігер» атағымен Астма клиникалық ауруханасының кеңесші дәрігері Қуатхан Шәріпұлы қатарлы азаматтар марапатталды.
Шынай Рахметұлы Моңғолия және Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі ақын, жазушы, аудармашы, этнограф жұрналист.
Шынай Рахметұлы аймақтық газет, радио, журналда 25 жыл, Моңғолияның орталық газет, радио, хабар агенттігінде 25 жыл қызмет атқарған.
Поэзиялық, прозалық оншақты кітабы қазақ, моңғол тілінде басылып шыққан: «Иман», «Ікей батыр», «Аяулы» т.б. он поэма, жүз өлең, «Жаналқым», «Дариға», «Дүрия» т.б. он повесть, жүз әңгіме, «Жар тілегі», «Бүркіт», «Кесік қол келіншек» т.б. он драма, тарих, шежіре, тектаным кітаптары шыққан.
«Гэсэр» хикаясы, Мемлекеттік әнұран; Көрнекті моңғол қаламгері Д.Нацагдорж, Ц.Дамдинсүрэн, Б.Явуухулан, Д.Пүрэвдорж, Д.Мягмар, Ч.Лодойдамба, Б.Бааст, П.Бадарч, Ш.Сүрэнжав, Д.Нямаа, С.Эрдэнэ, Д.Маам, Б.Лхагвасүрэн, Д.Цоодол, Ш.Дулмаа, Р.Чойномдардың өлең, дастан, повесть, пьесаларын; Зян Рунның «Бөрі кие», Инүэ Ясушидың «Көкжал», М.Пүрэвмааның «Періштелер» романдары, С.Нарангэрэлдің «Шыңғыс хан, Моңғолдар» кітабын қазақшаға аударды.
М.Әуезовтың «Көксерек», «Қаралы сұлу» І.Есенберлиннің «Қаһар», О.Бөкеевтің «Көк тайынша», К.Сегізбаевтың «Ақша», Ү.Ақыттың «Далайлу ғахылия» туындыларын, Ә.Марғұланның І томын, исламдық алты кітапты моңғолшаға аударған. Моңғолияға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Моңғолия және Қазақстан Республикасының мәдениет үздігі атанған.