«Тазалық – денсаулық негізі, саулық – байлық негізі» – деп халық мақалында айтылғандай, әрі адам үшін аса маңызды, әрі адам бақытының негізгі бөлігі – денсаулықпен тікелей байланысты құнды форма, адам мәдениетінің бір бөлігі – салауатты өмір салты.
«Дені саудың – жаны сау» деп халқымыз орынды айтқан. Біздің өмірімізді нұрын шашып, жарық қылатын, жан-жағымызға тамаша сәулесін төгетін, өмірдегі басты байлық – денсаулық. Денсаулық – бұл адамның еңбекке белсенді болуы, әрі ұзақ өмір сүруі, тәннің саулығын және рухани саулығын сезіну болып табылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еліміздің халқына Жолдауында 2030 жылға дейін эканомикалық, әлеуметтік биіктерге көтерілу үшін рухани байлықтың, денсаулықтың қажеттігі атап көрсетілгені мәлім. Сондықтан Жолдаудағы салауатты өмір салтын қалыптастыру, насихаттау бағытында жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында қазақ және орыс тілдерін оқып жүрген шетелдік студенттер үшін арнайы ашық тәрбиелік іс-шара және флэш-моб ұйымдастырылды. Ашық тәрбиелік іс-шара «Салауатты өмір салты – денсаулық кепілі» атты тақырыпта өтті.
Бұл шараға шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары мен АҚШ, Испания, Қытай, Түркия, Вьетнам, Корея, Жапония, Монғолия және басқа да елдерден оқу үшін Қазақстанға келген шетелдік студенттер белсене қатысып, өз өнерлерін көрсетті.
Бұл ашық тәрбиелік іс-шараның мақсаты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру болып табылады.
Іс-шара барысында салауатты өмір салтын ұстану, денсаулық, спорт туралы әртүрлі кең көлемдегі мәселелерді қамтитын және өзекті болып табылатын ауқымды мәселелер жайлы ойлар ортаға салынып, қызу талқыланды. Жиында сөз алған шетелдік студенттер табиғатты адам тіршілігінде қажетіне дұрыс пайдалануды, денсаулығына зиян келмейтіндей жағдайда болуын қадағалауды, салауатты өмір салтын ұстануды сөз ете отырып, барлық ұлттарды толғандыратын, барлық азаматтардың денсаулықтары мен рухани саулықтары ойландыратын, қазіргі кездегі жиі қолданылатын темекі, наркотик қоспалары, оның зияндылығы туралы ойларын ортаға салып, дүниежүзілік қоғам мәселесіне айналып отырғанын да атап өтті.
Кафедраның оқытушылары баяндамалар жасай отырып, адамның денсаулығы – қоғам байлығы, әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керектігін, дені сау адамның көңіл-күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кірісетініжайында баяндады. Сондай-ақ, табиғаттың, қоршаған ортаның ластануына жол бермеу керектігін, адамдар бір-бірімен дос, бауырлас, сыйлас, рақымды, мейірімді болып, әрқашан жаман ойдан аулақ болу жөнінде сөз қозғап, осы мәселелер туралы «Денсаулық – зор байлық» атты бейне түсірілім көрсетті.
Студенттер көтерілген мәселелер жөнінде көптеген сұрақтар қойды. Сонымен қатар, бұл іс-шарада шетелдік студенттер арнайы ұйымдастырылған шағын қойылымға қатыса отырып, қазақ және орыс тілдерінде денсаулық тақырыбына арналған соның ішінде темекі, наркотиктің зияндылығы жайында және оны қолданбауға үгіттейтін өлең жолдарын мәнерлеп оқып, қазақ және орыс тілдерін меңгерген деңгейлерін көрсете білді.
Одан кейін осы кафедраның шетелдік студенттері «Денсаулық – салауатты өмір салты» деген сөздерді қағаздарға жазып алып флэш-моб жасап, іс-шараның мазмұнын толықтыра түсті. Іс-шара соңында студенттер қызық флэш-моб түрінде өткізілген тәрбие сағаты үшін алғыстарын білдірді.
«Салауатты өмір салты – денсаулық кепілі» – атты ашық тәрбиелік іс-шара мен флэш-моб шетелдік студенттердің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті, сонымен қатар мәдениетаралық коммуникация студенттерді салауатты өмір салтын қалыптастыруға үгіттеуге өз үлесін қосты деп санауға болады.
Саденова А.Е.,
филология ғылымдарының докторы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті, Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы