10 қаңтар, KAZNEWS. Қазақстанның 9 облысы мен республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарына дауыс беру басталды, бұл туралы Қазақпарат ХАА хабарлады.
Конституциялық мерзімге сай өтіп жатқан Мәжіліс сайлауына тіркелген 5 саяси партия, атап айтқанда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» депутаттық мандаттан үмітті. Бұл партиялар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға да өз кандидаттарын ұсынған. Мәжіліске 5 партиядан барлығы 312 кандидат, оның ішінде: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 19; «Nur Otan» партиясынан 126; «ADAL» саяси партиясынан 16; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан 38 және «Қазақстанның Халық партиясынан» 113 адам бар.
Ал жергілікті мәслихаттарға 832, оның ішінде «Ауыл» ХДПП-нан – 158, «Nur Otan» партиясынан – 216, «ADAL» СП-нан – 215, «Ақ жол» ҚДП-нан – 174, «Қазақстан Халық партиясынан» 69 партиялық тізім тіркелді. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады.
Қырғызстанда президент сайлауы өтіп жатыр.
Мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу қажеттігі елдің бұрынғы басшысы Сооронбай Жээнбеков 16 қазанда митингілер аясында отставкаға кеткеннен кейін пайда болды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Еске салайық, 2020 жылдың 4 қазанында Қырғызстанда парламент сайлауы өткен болатын. Онда билеуші партия жеңіске жетті, бірақ оппозиция бұған келіспеді. Елде жаппай наразылықтар басталды. Митингіге шыққандар президент әкімшілігі орналасқан парламент ғимаратын басып алды. Осылайша қырғызстандық ОСК сайлау қорытындысының күшін жойды.
Бішкектегі тәртіпсіздіктер президент Сооронбай Жээнбеков 15 қазанда өз еркімен отставкаға кеткеннен кейін тоқтады. Мемлекет басшысының міндетін атқарушы және премьері Садыр Жапаров болды. Ол бұған дейін 2012 жылы билікті күшпен басып алуға тырысқаны үшін сотталған және колонияда болған. Алайда наразылық білдірушілер оны босатып алды, ал Жоғарғы сот оқиғадан кейін оны ақтады.