Мақала
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ сөзінің сапасына қатысты пікірлері
Published
2 years agoon
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ сөзінің сапасына қатысты пікірлері
Қ.Кудеринова, А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының Ахметтану бөлімінің
меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор, kuderinova_70@mail.ru
Біз бір ғасыр бұрын қазақ елінің ғылымы мен білімін ұйымдастырған, ұлттық оқулықтардың негізін қалаған, ел ісін ұйымдастырушы-қайраткер, зерттеуші-ғалым, тұңғыш ағартушы-педагог, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қол жетпес алыстағы тұлғасы мен табиғатын артында қалдырған мұрасы – оқулықтары мен оқу құралдарындағы, мақалалары мен хаттарындағы – мәселе көтеруінен, ой пікірлеуінен, сөз саптауынан ғана танимыз. Ғалым көтерген мәселе, қозғаған ой 100 жыл бұрынғыдан бұрын қазір өзекті, қазір маңызды болып тұр. Немесе қазір тіптен маңызы артып тұр.
А.Байтұрсынұлы бастаған, А.Байтұрсынұлы назарында мықтап ұстаған қазақ әдеби тілінің нормалары сол дәуірдегі барлық алаш зиялыларының қаламынан көрінеді десек артық айтқан болмаймыз. Бүгінгі қазақ әдеби тілінің ұлттық нормаларының негізін алаш әдебиеті, алаш көсемсөзі, алаш оқулықтары, алаш баспасөзінің тілі салғаны анық.
Бірақ бүгінгі қолданыстағы қазақ тілін қарайық. Бірте-бірте өзінің ұлттық негізінен айырылып, сөйлеушісі өгейсіп, тілі жаттанып, амал жоқ сөйленіп жатқандай.
Тілдің сол қоғамдық ортадағы бірыңғай қарым-қатынас құралы болуы, ана тілі ретінде үнемі сөйленуі, ауызша және жазбаша жиі қолданылуы, сөйлеушілер санының көптігі, сапалы қолданысы, барлық қоғамдық сана түрлерін жарыққа шығару әлеуетінің жоғары болуы қашан да оның өміршеңдігін көрсетеді.
Бүгінде қазақ тілінің қолданыс күйі өзге тілдердің әсеріне шалдыққан, өзінің дәстүрлі сөйлеу нормасынан қол үзіп бара жатқан, «жасанды қазақ тілі», «аударма қазақ тілі» болып отырғаны ешкімге жасырын емес.
Білім, ғылым, БАҚ саласында орыс тілінің грамматикалық жүйесі мен сөйлеу стилі араласқан, сана тұшынып қабылдай алмайтын аударма мәтіндер көбейді. Тіліміздің өз заңдылығы мен өзге тілдің заңдылығы араластырылған түсініксіз мәтіндер, ауызша коммуникацияда жазба тіл жүйесімен сөйлеу – қазақ тілін «қиын тілдер» қатарына қосты.
Қазақтың дәстүрлі сөз саптауы, сөйлеу мәдениеті қандай болды деген сұрауға бүгінде нақты жауап бере алмаймыз. Дәстүрлі сөзіміздің құрылымы мен жүйесінде нендей ерекшеліктер бар еді? Тілдік, стильдік нормалары несімен құнды болды? Және қазіргі қазіргі қазақ сөзіне қандай үлгілерді ала аламыз? деген сұрауларға жауап табу күннен-күнге қиындап барады.
Осыған орай Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты 2021 жылдан бері «Қазақ тілі дәстүрлі сөзсаптам үлгілерінің прагматикасы» атты гранттық зерттеу тақырыбымен шұғылданып келеді.
Тілдің өміршеңдігі оның әлеуметтік өмірдің барлық саласында (отбасы, балабақша, мектеп, ЖОО, қызмет, БАҚ, демалыс, қоғамдық орындар) қажетті қарым-қатынас құралы болуымен, ауызша тілдің басымдығымен көрінеді. Қолданушылардың жаппай сол тілде күнделікті қарым-қатынаста, ресми ортада сөйлеуі тілдің сол елдегі басты қарым қатынас құралы екенін танытады.
Ал қазіргі қазақ тілі өз отанында, мемлекеттік мәртебеге ие бола отырып келеңсіз жайды басынан кешіріп отыр. Қазақ тілі мемлекеттік, стратегиялық маңызы бар салаларда ойды жарыққа шығаратын, қарым-қатынасты жүзеге асыратын басты құрал емес. Қазақ тілі маңызды мәселелерді шешетін ресми ортада көп естілмейді, мемлекеттік маңызы бар іс-шаралардың, қызметтердің жұмыс тілі – орыс тілі. Қазақ мектебінің түлектері, ЖОО-ның қазақ бөлімін бітірушілер өз болашағында қызмет тілі – қазақ тілі болмайтынын көріп, тілдің ауызша формасына да жазба формасына да көңіл бөлмейді. Жас буынға қазақ сөзінің үлгісін көрсететін тұлғалар болмаған соң, қазақ сөзінің шынайы табиғатын тани алмаған соң ол тілді естігісі келмейді, сөйлегісі келмейді, сөйлей алмайды. Сөйтіп, көптің алдында өз ойын ана тілінде шешен жеткізе алу түгіл, сөйлегісі келмейтін, ұнатпайтын, өз тілінен жеріген ұрпақ пайда болуда.
Қазақ балалары а) өз тілінің орфоэпиялық нормасын білмейді, ә) жазба тілді айна-қатесіз оқып бергенді дұрыс деп ойлайды, б) қазақтың дәстүрлі сөйлеу стилін білмейді, в) өзге тілде (орыс, ағылшын тілінде) ойлап, жасанды тілде, аударма қазақ тілінде сөйлейді, г) шеттілдік контактілер көп ортада оқитындар өзге тілдің грамматикалық жүйесі мен сөйлеу стилін қазақ тілінің грамматикалық жүйесі мен сөйлеу стиліне араластырып сөйлеп, ойын дәл, сүйсініп тыңдай алатындай етіп жеткізе алмайды, д) топ алдындағы шешендіктің тілдік ерекшеліктерін аңғармайды; ж) өз ойын шаршытоп алдында шешендікпен жеткізе алмайды. Осындай халде өсіп келе жатқан жас буынның қазақ тілі болашақта қайда бармақ?
Сондықтан табиғатынан айырылып келе жатқан қазақ тілін оның шаршысөзінің сипаты мен болмысына қайта оралу арқылы сақтау, қазақ тілінің бар беделі мен мәртебесін шаршысөз сапасын көтеру арқылы қайтарып алу мәселесін қойғымыз келеді.
Қазақ халқы басқа өнерден қалық болса да, сөз өнерінен ешкімді алдына шығара қоймаған. Сөзді, сөйлеуді өнер деп таныған, жай әңгіменің өзін майын тамызып айтқан, өткір де, шешен сөйлеген, жатық та, еркін сөйлеген, қарапайым сөйлеудің өзін ритмге құрып, ойын ашық және нақты айтқан әуезді де әсем тілі бар қазақ тілі бүгінде танымастай өзгеріп бара жатыр деуге болады. Оған көп жылғы орыс тілінің басымдығы және қазіргі тілдік ахуал да себеп болып отырғаны белгілі.
Сондықтан қазақтілді ортаның өзіне, қазақтілділердің сөзіне көмек қажет. Қарапайым сөйлем құрауы мен сөз тіркестіруіне, ойды түсінікті жеткізу мен жүйелі баяндауына қарауыл қоя отырып, үлгісөздер беру қажет. Ол үшін қазақтың шаршысөз тілін қалпына келтіру, дамыту, жетілдіру – бұл тілдің болашақтағы тағдырын айқындайды деп ойлаймыз. Өйткені шаршысөз басқа сөз түрлеріне қарағанда сөйлеушісіне ең жақыны, бөгделенбеген сөз. Және шаршысөз – адамның өз ойын тыңдаушыға әсер ете алатындай, іс-әрекетке шақыра алатындай сөйлеуге мүмкіндік беретін, қарекет етуге итермелейтін, адамның өз болмысы мен білімін танытатын, сөйленіп тұрған тілге деген махаббат пен сүйіспеншілікті арттыратын сөз саптаудың ерекше түрі.
Бұл мақсатқа жету үшін қазақтың ұлттық сөйлеу мәдениеті, сөз саптауы, шаршысөзі, шешендік сөздеріндегі өзіндік ерекшеліктер зерттелуі қажет. Бұны тану үшін біз шешендік сөздердің тілі мен ауыз әдебиетін, бүгінгі көсемсөздің негізін салған алаш мұраларының тілін, әсіресе Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов және басқа алаш зиялыларының шығармаларының тілін үлгіге алуымыз керек деп ойлаймыз.
Сөйтіп, бүгінде ұмыт болып бара жатқан қазақтың ұлттық сөз саптау мәдениеті мен ерекшелігіне, шаршысөздердің құрылымы мен стиліне Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының жазба мұралары арқылы көз жеткізу, таныту міндетімізге алынып отыр. Өйткені қара сөзі қағазға түспеген, дыбысы таспаға жазылмаған замандардағы қазақ тілінің жүйесі мен құрылымын, сөз сапталысын өзгеріссіз қағазға түскен ауыз әдебиеті үлгілерінің және 20 ғасыр басында табиғи қазақ тілі негізінде жазылған шығармалардың тілі арқылы аламыз.
Осы арада сәл кідіре отырып, баяндама тақырыбындағы сөзсаптам деген ұғымның мәнін аша кетсек. Жоғарыда сөз басын біз қазақ тілі өзінің табиғатынан алыстап бара жатыр дегеннен бастадық. Бұл арадағы айтпағымыз – қазақ тілінің сөз саптау нормасының ұмытылып бара жатқаны еді. Сөз саптау тіркесінің құрамындағы сап сөзі көне түркі тілінде «сөз» мағынасында жұмсалған. Профессор Ә. Құрысжанов: «Күлтегін ханның басына қойылған таста «Сабымен түкәті есідгіл» деген жазу бар. Мұндағы саб қазіргі сөз лексикасымен бара-бар. Көне түркі тілінде шешен деген сөзді сабчу, савчу, сапчу деп атаған» дейді [1]. Түркі халқы «айтар ойы бар сөзді» ғана СӨЗ деген, сондықтан бүгінгі қазақ тіліндегі сөз саптау деген тіркес «айтары бар сөздің жүйесі» мағынасында кеңірек қолданылады.
Сөйтіп, біз сөзді саптау > сөз саптау > сөз саптам>сөзсаптам деген ұғымдық термин ұсынамыз.
Бұл терминнің қандай қажеттілігі бар?
Қазақ тілі білімінде қолданыстағы тілді, қолданған сөзді стилистика пәні және тіл немесе сөз мәдениеті пәні зерттейді. Стилистикаға қатысты зерттеулерде мәтіннің көріктеуіш құралдарына, метафора, эпитет, кейіптеу, тұрақты сөз тіркестері, окказионализмдер, плеоназмдарға назар аударылса, сөз мәдениеті пәні қате қолданыстарға назар аударады. Яғни зерттеу пәндері қазақ тілін өте жоғары деңгейде білетін тұлғалардың тілін немесе қазақ тілінде қате сөйлейтіндер мен жазатындардың тілін қарастырады.
Профессор Н.Уәли таптастырғандай, қазақ тілін элитарлық деңгейде тұтынатындар, ортадан жоғары деңгейде тұтынатындар, орта деңгейде тұтынатындар, ортадан төмен және қарапайым деңгейде тұтынатындар тұрғысынан немесе Шет тілін үйренудің жалпыеуропалық құзыреті бойынша А1- күнкөріс деңгейі, А2- базалық деңгей, В1- орта деңгей, В2 – ортадан жоғары деңгей, С1- жоғары деңгей, С2- еркін меңгеру деңгейі болмаса осы жүйе негізіндегі Казтест ұлттық стандарты бойынша, бастауыш (А1), базалық (А2), орта (В1), ортадан жоғары (В2), жоғары (С1) деңгейлері тұрғысынан алғанда біз элитарлық топ өкілдерінің немесе С2 тілін үлгі етеді екенбіз. Және орта, ортадан төмен деңгейдегі топ өкілдерінің тіліндегі қателіктерді тереді екенбіз. Яғни жоғары деңгейдегі қазақ тілін талап етеміз, нәтижесінде базалық деңгейдегі қазақ тілінің нормаларынан қате жіберіп жатқан кеңістікте жүре береміз.
Мәтіндегі ойдың адресатқа автор идеясындағыдай жетуі үшін көріктеуіш құралдардың көптігі маңызды емес. Ойдың айтылу қисыны, жүйелілігі, сөздің нақтылығы, сөз тіркесінің дәлдігі, тілдік құралдарды қолдану шеберлігі маңызды. Калька тіркестер мен аударма сөйлемдерден, түсініксіз ойдан тұратын бүгінгі қазақ тілінің қолданысына көмектесу үшін тілдің табан тірейтін ұлттық нормасын сөз ету керек болады.
Бұл жөнінде А.Байтұрсынұлының мына сөзін ұмыт қалдырыппыз: «Сөздің өзін танытатын белгі – тіл яки лұғат белгісі болады. Ол белгі әркімнің өз ыңғайымен, өз оңтайымен сөз тізіп, әдеттенуінен, салттануынан болады. Әркімнің өз салты болғанмен, ол салттар жалпы сөз тізу салттарынан, шарттарынан аса алмайды. Сөз шығарушылар әуелі сөз ұнасымына керек жалпы шарттарды орнына келтіріп, өзінің өзгеше әдісі болса, соның үстіне ғана қосады. Сондықтан сөз шығарушылар бәрінен бұрын шарттарын білу қажет» [2, 155б.]. Міне, ғалымның осы айтқан сөз тізу салты, шарттары деген ұғымдары кез келген тілдің табиғатына тән өзіндік сөз саптау ерекшелігі болып табылады. «… мәнісінің зоры кірпіштің қалауында, жобаның жасауында болған сияқты, әңгіменің әдемі болып шығуы сөздің тізілуі мен әңгіме айтушының пікірлеуінде» деген [2, 163б.].
Сондықтан қазақ тілінде бұрыннан бар «сөз саптау» тіркесін біріктіріп, дәл осы күнгі қолданыстағы қазақ тілінің сапасын анықтау үшін «сөзсаптам» деген басқа тілге дәл аударылмайтын термин-ұғым жасап отырмыз. Бұл сөз «речь» деген ұғымның да баламасы емес, «речепроизводство» сөзінің де аудармасына дәл келе қоймайды. Бұл сөз «логикасы, қисыны, түсінігі, нормасы қазақ ұлтының танымы мен мәдениеті, этикасына, тіл жүйесі мен дағдысына сай шығатын сөз айту» деп ұғынылады. Бұл анықтама шындығында ортадан жоғары немесе орта топ тұтынушылары мен элитарлық топтың аузындағы тілдің сапасына қатысты. Алайда қазақ тілінің сөзсаптамы базалық деңгейден бастап-ақ бұрыс кетіп жатыр. Орыс тілінің жүйесі мен құрылымының әсеріне ұшыраған және жазба тілдің басымдығынан өзгерген тіл көбіне дұрыс түсінілмейтін мәтіндер жасап жатыр. Сондықтан «жүйелі сөз», «сөзсаптамы мықты» деген ұғымның мәні төмендеп, мұндай сөзді ұстайтын тұлғалар азайып барады. Немесе жалпы көпшілік дұрыс сөздің парқын айыра алмайтын болды, бағалай алмайтын не қате бағалайтын жағдайға келді. Сол себепті алдымен қазақтың дұрыс, жүйелі сөзінің үлгілерін жаңғырту қажет.
Қазіргі бұл саладағы зерттеулер көбіне тілдік норма, стильдік қолданыстар, стиль түрлері тұрғысынан қарастырады. Бірақ бұл зерттеулердің нәтижесі қазіргі қазақ сөзсаптамының дәңгейін көтеруге септігін тигізе алмай отыр. Оның басты себебі бізде қазақ тілінің «қаңқасы», «сүйегі» болып табылатын грамматикалық құрылым мен жүйенің бұзылуында және сөзді жүйелі баяндаудың дәстүрлі стилінің жоғала бастауында.
Біз жаңа танып, жаңа тауып жатқан мәселелерді А.Байтұрсынұлы қарапайым ғана былай деген: «шығарманың екі жағы бар: 1) ішкі пікір жағы, 2) тысқы тіл жағы. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы екіге бөлінеді: 1) шығарманың түрінің ғылымы, 2) шығарманың тілінің ғылымы. Тілінің ғылымы дыбыстардың, сөздердің, сөйлемдердің заңынан шығатын тіл өңінің жүйелерін танытады, ал түрінің ғылымы сөз өнерінен шыққан нәрселердің мазмұн жағының жүйелерін танытады. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны болып, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі болып бөлінеді» [2, 162б.]. «Сөз қисыны дегеніміз – асыл сөздің асыл болатын заңдарын, шарттарын танытатын ғылым» деген. Мұндағы «тіл я лұғат қисыны», «сөз қисыны» – қазақтың «қара сөзінің жүйесі», өзі айтқан «жалпы шарттары», «сөз тізу салттары», біз ұсынып отырған – сөзсаптам.
Ғалым қазақ тіл білімінің құрылымдық жүйесін зерттей отырып, сонымен бірге тілді қолдануда алдымен ескеретін өзіндік шарттары болатынын, қазіргіше айтқанда, ұлттық нормалары болатынын, осылай, алғаш рет айтқан.
Сонымен бірге, стилистика пәнінің де негізін былай салған: «Әр ақын, әр жазушы сөздің басын өзінше құрастырып, өз оңтайымен тізеді. Өз білуінше пікірлейді, сондықтан әрқайсысының лұғатында өзіндік айырымы, өзіндік белгісі болады. Ол айырым белгілерін жай айтып түсіндіру қиын. Әрқайсысының шығарған сөздерін оқып, әбден танысып, үйреншікті болғанда ғана сезілетін белгі. Шеберлердің қолынан шыққан нәрселермен таныс адам сол шеберлердің істеген нәрселерін қай жерде көрсе де айтпай таниды» [2, 155 б.].
Бұдан кез келген тіл ұстарманы алдымен сол тілдің өзіне тән сөз тізу шарттары, яғни сөзсаптамын дұрыс меңгеріп алуы тиіс, қабілеті болып, таланты бар болса, содан кейін ғана барып, өзіндік стилін қалыптастыра алады деп түсінеміз.
Байтұрсынұлы өзі айтқан «сөз тізу салты, шарттары» өзінің қаламынан шыққан шығармаларында төгіліп тұр.
А.Байтұрсынұлы орыс-қазақ училищесінде (1886-1891жж. Торғай) 7 жыл, мұғалімдер мектебінде (1891-1895 ж. Орынбор) 5 жыл орыс тілінде оқыды. Сондай-ақ 1896-1908жж. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі қазақ мектептерімен қоса, орыс-қазақ училищелерінде мұғалімдік қызмет атқарды [3, 249б.], тырнақалды жазбасын орыс тілінде жазды. Яғни орыс тілінде білім алып, орыс тілі басым мекемелерде қызмет етіп, шығармашылығын орыс тілімен бастады [4]. Екінші шығарған мақаласы да орыс тілінде болды 1896 жылы «Тургайская газета» басылымында «Корреспонденция (от нашего корреспондента) Бистамакская волость, Актюбинского уезда» [5] деген атпен жарияланды.
Алайда ғалым қазақ тілінің ұлттық сөзсаптамын, қазақ әдеби тілінің ұлттық нормасын бастауыш деңгейден бастап үлгі мәтіндер арқылы танытқан. Төменгі сыныптардан бастап бұл мәселенің қолға алынғанын оқулық мәтіндерінен көруге болады.
Ғалым алғаш рет қазақ тілінде сөйлеудің бастауыш және базалық деңгейінің грамматикалық және лексикалық минимумын жасаған деп ойлаймыз. Базалық деңгейдің сөйлем жүйесінің ұлттық шарттарымен құрастырылған сөйлемдерді ғалым алғаш өз оқу құралында береді. Мысалы, 1926 жылы қайталап жарық көрген «Әліб-бій. Жаңа құрал» оқулығындағы мына мәтінді алайық: «Жұмаш – жарлы баласы. Жасынан жалданып тамақ асырайды. Жұмашқа Қожабай қой бақтырады. Қожабай қатты адам. Жаз болса, Жұмаш жалақ-жалақ болып, қойды жайау бағады. Қыс қой да бағады, от та жағады. Жаз қорада қой жанында жатады. Қыс жас бұзау, жас қозы жанына жатады. Жұмаш жайын ойлайтын жаны ашыр жақыны жоқ. Қожабайдан құтылар ылажы жоқ. Табар ма ылаж? Жұмаш ақылға мұқтаж [6, 61 б.] Мәтіндегі сөйлемдер баланың түсінігіне лайықталып, артық не қате түсінік тудыратын сөздерсіз қысқа және нұсқа беріледі. Мәтін А.Байтұрсынұлының өзі айтқан «Шығарма тілі екі түрлі болатындығы жоғарыда айтылған еді. Оның бірі – ақын тілі деп, екіншісі – әншейін тіл деп аталады деп едік. Бұл екі тілдің арасындағы айырмасы мынау: әншейін тіл көбінесе сөздің дұрыстығын, анықтығын, тазалығын, дәлдігін талғайды. Ақын тілі сөздің дұрыстығының, анықтығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне көрнекті, әуезді болу жағын талғайды» [2, 165б.] деген сөзсаптам өлшемдеріне жауап береді. «Айтылған лебіз ашық, мағыналы, түсінуге жеңіл, көңілді күдіктендірмейтін болса, тіл анықтығы дегеніміз сол болады» [2, 166б.] дейді.
Егер мысалы, осы мәтіндегі 58 сөздің ойды құрауға тікелей қатысы бар дегендерін көк түспен, жанама қатысы бар дегендерін жасылмен, ал мүлде қатысы жоқ дегендерін қызылмен белгілесек, мәтін бірыңғай көгілдір түспен боялып шығады:
«Жұмаш – жарлы баласы. Жасынан жалданып тамақ асырайды. Жұмашқа Қожабай қой бақтырады. Қожабай қатты адам. Жаз болса, Жұмаш жалақ-жалақ болып, қойды жайау бағады. Қыс қой да бағады, от та жағады. Жаз қорада қой жанында жатады. Қыс жас бұзау, жас қозы жанына жатады. Жұмаш жайын ойлайтын жаны ашыр жақыны жоқ. Қожабайдан құтылар ылажы жоқ. Табар ма ылаж? Жұмаш ақылға мұқтаж
Тек жаны ашыр сөзі жанама қатысы бар ретінде жасылмен боялады. Бұл сөзді алып тастаса да, сөйлем мүшесі түгел, ой дәл сол экспрессиясымен тұр: Жұмаш жайын ойлайтын жақыны жоқ. Ал қалған сөйлемдерден бір сөз алып тасталына алмайды, сөйлем мүшесі кеміп, ой түсініксіз болып қалады. Немесе басқа сөзбен беріле алмайды. Мәтінде қызыл түс жоқ.
Немесе осы оқу құралдағы мына үзінділерді қарайық: «Біз ірілі-уақтылы жеті жанбыз: бапам, апам, екі ағам, бір інім, екі қарындасым бар» [7, 61 б.]. Қазір осы сөйлемді былай құрар едік: Біздің отбасымызда 7 адам бар. Олар: менің әкем және шешем, екі ағам және бір інім мен екі қарындасым. Асты сызылғандар басы артық грамматикалық морфемалар мен бірліктер.
Сол сияқты мына мәтінді қарайық: «Етігім тозып, кийіуден қалды. Бапам тігуге Еріш етікшіні алдырды. Қобдиын қолтығына қысып, шай ішіп жатқанда, Еріш келді. Апам кебежеден былғарыны алып, етікшінің алдына тастады. Етікші былғарыдан керегін кесіп-кесіп алды. Етігім кешкеге дайар болды [7, 67 б.]. Мұнда ғалым баланың сөздік қорын және сөйлем құрау дағдысын қалыптастыру үшін болып жатқан көріністі сөзбен сипаттаудың үлгісін көрсетеді. 4 жай сөйлем, 2 жайылма немесе құрмалас сөйлеммен барлық қимыл қосымша сұрақ қойдырмай дәл көрсетіледі.
А. Байтұрсынұлы өзі көрсеткен сөздің дұрыстығы, анықтығы, тазалығы және дәлдігінің арқасында бұл сөйлемдер шоғырын оқығанда көзге оқиға көрінісі елестейді, мәселе түсінікті болады. Анықталмай қалған, толықтырылмай сұралатын, бір-біріне көлеңке түсіретін қолданыс жоқ. Ендеше ғалым сол тілде сөйлейтін ұстарманның сондай-ақ тілді үйренушінің алғашқы (бастауыш) сөйлеу дағдысы алдымен ойын дәл, анық жеткізе білуді үйренуден басталатынын көрсеткен. Сөйлемдегі әр сөз өз қуатын жоғалтпауы керектігін баса айтқан. Ол үшін назарды сейілдіретін басы артық сөздер болмау керектігін ескерткен.
Ал одан кейінгі, яғни орта және ортадан жоғары және жоғары деңгейде сөйлеушілердің, былайша айтқанда, жалпы көпшіліктің сөз үлгісін – қазақ тілінің дәстүрлі сөзсаптамын ғалымның алғашқы мақалаларынан көреміз.
А.Байтұрсынұылының қазақ тіліндегі алғашқы мақаласы 1911 жылы «Айқап» журналының 1911 жылғы санында [8] жарияланған. Тақырыбы да, идеясы да, өзектілігі де ешқашан жойылмаған жер мәселесі мен ел болу мәселесін көтерген екінші мақаласы, біздіңше, қазақ тілінің дәстүрлі сөзсаптамын танытатын мақала.
Мәтінде алдымен, ғалым оқулықтарында көрсетілген сөздің дұрыстығы, анықтығы, тазалығы және дәлдігі ұтымды сақтала отырып, оның үстіне «сөздің әсерін күшейтіп сөйлеу, әсерлеу» қосылады. Ғалымның өзі «Әсерлеу көңіл күйінен шығып, көңілге күй түсіреді» деген екен [9, 52б.].
А.Байтұрсынұлы әсерлеудің қазақ сөзі үшін маңызды бір түрі деп қайталақтауды атаған болатын. Ғалым қайталақтаудың жарқын үлгісін өз мақаласында былай көрсеткен. Ол үшін мәтінді толық келтіреміз:
Қазақтың өкпесі
Қамсыз жатқан қазақтың көңіліне соңғы кезде ғана қайғы кіре бастады. Басқа келген нәубеттің қайдан келгенін, кімнен басталғанын біле алмай, әркімнен көріп өкпеледі. Пайдаланып отырған жерін мұжыққа алып берді деп күкіметке өкпеледі. Қазақ жерін қазыналық етуге неге көнген деп өткендерге өкпеледі.
Төменде қазақ өкпелеуінің жөні бар ма, жоқ па – соны жазбақпын. Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы. Атадан қалған мирасымыздың жайы мағлұм, балаға бұл қалыпта тұрып не мирас қалдырмақпыз, оны болжауға да артық әулиелік қажет емес. Көп жұртта да ғылым, өнер кем, бәрі қарайлас, тең заманда қазақ та қалт-құлт етіп, өз алдына қан болып жүрді. Қандары да, қалқы да ғылым,өнерді керек қылмаған. Бірімен-бірі жауласып, басқа берекелі жұмыс ойланбаған. Өзге жұрттар ілгері басқанда, қазақ кері басқан. Ханы надан, халқы надан жұрт мықты мемлекеттің жанында өз алдына хан болып тұруға көп күш керек екен; ол күш алтыбақан ала ауыз қазақта болмаған. Хан басын қарашыға теңгеру жеңіл болмаса да, өз алдына жұрт болып тұра алмайтұғын болған соң, хандарымыз қалқымен Ресейге қосылған.
Қазақ жерінің қазыналық болғанына өкіну – білмегендік. Әуелі, қазыналық етемін дегенде көнбеске шара жоқ. Екінші, жер өзінде болса, қазаққа пайдалы емес, бәле болар еді. Жер өзінде болған естек жұртын көрмей жүрміз бе? Жері көп, малы көп естек көрінбейді ғой. Шаруа жерімен бай, жерден айрылған соң жұмыс біткені. Естекті жерінен жұрдай ғып, түбіне жет- кен – надандық пенен жалқаулық. Шай, шекер, шүберектей болмашы нәрсеге сатып, естектер жерін тауысты. Жерден айрылып, шаһар-шаһарға тозып тентіреп кетті, кетпегені кедей- ліктен жүре алмайды. Тұрған шаһарының көшесін сыпыратын, қорасын тазалайтын, отынын жаратын, боқтығын таситын, оғайри қара жұмысын қылатынның бәрі болмас, көбі естек (башқұрт).
Қазақтың естектен надандығы да, жалқаулығы да кем емес. Жер өзінікі болса, қазақ естектің істегенін істемейдді деп кім айтар? Айтатын адам болса, тыңдауға бармын, істемейді деп айтуға жоқпын.
Қазақтың әлі күнге жерден қол үзбей отырғаны – жер қазы налық болғандықтан. Бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытқан қазақ бүгін жерін сатып тойып, ертең тентіреп кетер еді. Жер жалдаған қазақ аз ба? Жерді жалдаудан тартынбағандар сатудан да тартынбайды. Жер қазыналық болған соң сата алмады, жалдаудан тартынып қалған қазақ аз шығар. Қазақ облыстарындағы мұжық қалаларының көбіне какім қондырған жоқ, қазақ өзі қондырған. Естектер сықылды шай, қант, шүберекке қызығып жер жалдап, мұжықты ішіңе кіргізген өзің емес пе? Өзің қондырсаң, дұрыс та, какім қондырса, бұрыс па? Өткендердің көзіне қылау түскеніне өкінбей, өз көзіңе түскен қылауды аршып қара. Асқа өкпелеген балалардай құр бұртиғаннан еш нәрсе өнбейді. Іс оңға басарлық қылығың жоқ. Ғамалыңды түзет, түземесең, ешкімге кінә қойма! Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Талап жоқ, үміт мол бір халықпыз. Үмітіміздің көбі қошқар… қасқырдың үміті сықылды: өзім жатсам екен, керегім өзі кеп тиер болса екен дейміз. Оны Алла да, адам да қабыл көрер ме? Еңбексіз егін шықпайды, терлесең, терің тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын жұғымды. «Қараған қарап қалар» деген қазақта жақсы мақал бар, бірақ ол мақалды ескеретұғын қазақ жоқ. Қарап жатқанда табылатын болса, ғылым, өнер бар шасы қазақта болар еді. Олардың бірі де көрінбейді.
Ата жолдасы – надандық, өнерсіздік қазір қазақтан айрылатын емес. Надандықтаң кесапаты әр жерде-ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң, бізде қиып айрылмай-ақ келеміз. Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты. Сонда да соны ғылым, өнерден артық көреміз.
«Аллаңнан ойбайым тыныш» дейтін қазақ ғылымыңнан надандығын тыныш көрді. Не шара бар? Дүниада ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке теңгеретін ғылым менен өнерді, елсізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым менен өнерді керек қылатын қазақ аз. Теңдікке қолы қалай жетсін? Қатерлі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ.
Мұндағы қарамен жазылған бірліктер 3 түрлі: біріншісі, контексте семантикалық жағынан оппозит болған сөздердің қатарласа берілуі, мысалы, қамсыз – қайғы, жату-бастау, хан-халық, пайда-бәле, тыңдауға бар -айтуға жоқ, бүгін-ертең, мәз болу – ұмыту, ғылым-надандық, Алла -адам, ілгері-кері деген сияқтылар.
Бұлар өзара шендесе отырып, салыстырыла отырып, ойдың қисынын келтіреді. Бұлардың оппозииция құрып қайталауы, мәтіннің дыбысталуына да көркемдік берген. Ал әп деп басталған бірінші сөйлем тіптен көркем: Қамсыз жатқан қазақтың көңіліне соңғы кезде ғана қайғы кіре бастады.
Екіншісі, грамматикалық тұлғалардың қайталануы, мысалы, «Басқа келген нәубеттің қайдан келгенін, кімнен басталғанын біле алмай, әркімнен көріп өкпеледі. Пайдаланып отырған жерін мұжыққа алып берді деп күкіметке өкпеледі. Қазақ жерін қазыналық етуге неге көнген деп өткендерге өкпеледі» дегенде табыс жалғауының, көсемше формасының және ауыспалы шақ тұлғасының қайталауы сөйлемнің аяғын тең бастырған. Мұндай мысалдар мәтіннің бойында жетерлік.
Үшіншісі, дыбыстың не үндесімнің қайталануы, мысалы, терлесең, терің тегін қалмайды; телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын жұғымды; қараған қарап қалар, ерге теңдік, кемге кеңдік; елсізді елдіге теңгеретін, қатерлі жерде қаперсіз отырдық; өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ.
А.Байтұрсынұлы «… қайта-қайта айту – нәрсенің өзіне не ғамалына көбірек назар салғызу үшін істеледі» десе де, біздіңше, қайталау мәтінді, сөзді ырғақпен шығарады. Ырғақпен айтылған мәтін нормаға сай шығарылған дыбыс толқындарымен құлаққа оңай сіңеді, қабылдауға жеңіл болады.
Сонымен, осы айтылғандарды қысқаша қорытсақ, А.Байтұрсынұлы –
1) кез келген сөйленген сөз, не жазылған мәтін, яғни сыртқа шыққан ой тілдік жағынан дұрыс құрылуы тиіс, әр сөз тура өзінің атайтын заты мен ұғым-түсінігін атауы қажет, бөгде тілдің бірліктері қолданылмауы тиіс, паразит сөздер болмауы тиіс, ой дәл, анық болуы тиіс деген өлшемдерді қазақ тіл білімінде, қазақ сөз стилистикасынла алғаш айтқан ғалым;
2) осы өлшемшарттарға сай құрылған сөз кез келген тілдің ұлттық әдеби тілінің нормасын құрай алады дегенді алғаш тұжырымдағын ғалым;
3) осы өлшемшарттармен сөйлеп, жазып дағдыланғаннан кейін ғана әр сөз ұстаушы өзінің ерекше сөйлеу, ерекше жазу дағдысын шығара алады дегенді, яғни стиль мен сөзсаптам екі деңгейдегі тұғыр екенін айтқан ғалым;
4) қазақ тілінің дәстүрлі сөзсаптамының өзіндік ерекшеліктерін атаған және шығармаларын қазақ тілінің сөзсаптамы бойынша жазған ғалым;
5) бастауыш деңгейдегі тіл ұстарманының, тіл үйренушінің сөйлем, сөз, мәтін құрау үлгісін алғаш көрсеткен ғалым.
Әдебиет:
1. Құрысжанов Ә. Күлтегін жазуы // Қазақ тілі мен әдебиеті.-2006. -№2. -65б.
2. Байтұрсынұлы А. Шығармалары. Алматы: «Ел-шежіре», – 2013. Т. І: – 384 б.
3. Имаханбет Р. Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі. Алматы: «Өнер», 2017. 288+32бб.
4. Байтурсынов А. Киргизские приметы и пословицы // Тургайская газета. №39, 24 сентября 1895
5. Байтурсынов А. Корреспонденция (от нашего корреспондента) Бистамакская волость, Актюбинского уезда // Тургайская газета. 1896
6. Байтұрсынұлы А. Шығармалары. Алматы: «Ел-шежіре», – 2013. Т. ІV: – 384 б.
7. Байтұрсынұлы А. Шығармалары. Алматы: «Ел-шежіре», – 2013. Т. ІV: – 384 б.
8. Байтұрсынұлы А. Кітаптар жайынан // Айқап, №1, 12-13, 1911.
9. Иманалиева Ғ. Байтұрсынұлы еңбектеріндегі тіл көрнекілігі және әсерлеу терминдері // А.Байтұрсынұлы тағылымы: тіл, терминология, әдістеме. Астана, 2010. – 216б.
БӨЛІСУ:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұхбатында былтыр атқарылған істер мен алдағы жоспарлар жайлы айтқан. Зорлық зомбылық жасағандарға жазаның күшейетінін мәлімдеп, атом электр станциясын салу мәселесіне кезекті рет тоқталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен 2023 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып және бұл жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болғанын айтқан. Былтыр Конституциялық сот жұмысын бастады. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын жаңа ереже бойынша сайлап, аудан қала әкімдерін таңдадық. Ұлттық қордан балаларға қаржы бөлінетін болды. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстары мықтап қолға алынды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатынын айтылды. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қол¬дау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағ¬дайында жұмыс істейтін азамат¬тар үшін арнайы төлемақы енгі¬зіл¬ді. Табиғатты қорғауға жауапты ме¬ке-мелердің қызметкерлеріне олар¬дың өмірі мен денсаулығына төне¬тін қауіп-қатерге қатысты үстеме¬ақы төленетін болды. Медицина қыз¬мет¬керлерінің, мектепте, колледж¬де және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданғаны айтылды.
Бұл жұмыстардың бәрі халық мүддесі үшін жасалып жатқанын және
осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасын табатыны айтылды. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ екеніне аса мән берілген.
Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенеміз, уақытылы қабылданған мақсат екені сөзсіз.
Ең бастысы, халқымыз аман, еліміз тыныш болсын! Қазақстанымыз өсіп-өркендей берсін!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
https://farabi.university
ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушылары:
М.Ш. Тойғанбекова, Г.М. Мужигова, С.Р. Нұртілеуова
БӨЛІСУ:
Мақала
Ұлттың ұлы жиынына айналған Дүниежүзі қазақтарының бес құрылтайы (1992ж. -2017жж.)
Published
12 months agoon
January 9, 2024Дүниежүзі қазақтарының басын қосқан тұңғыш құрылтайдың шақырылған кезінен бесінші құрылтайдың арасын уақыт өлшемімен cанасақ 25 жылдың жүзі болады екен. Төрткүл дүниеге тараған қандастарымыздың бірінші құрылтайға жиналған кезінде олардың кіндік қаны тамған атамекені жайлы, ата-баба жеріне оралу туралы қуаныш пен күдікке толы ойларымен, V-ші құрылтайдағы өзгерістерді салыстырып көрсек, өткен 25 жыл уақыт – бірнеше ғасырлық уақытқа тұратындай өзгерістерге ұйтқы болған мерзім екенін байқауға болады.
Бірінші әлем қазақтарының құрылтайы ерекше жағдайда тәуелсіздік туын желбірегеніне бір-ақ жыл толып, жас мемлекетіміз тұсауын кескен сәби тәрізді аяғынан тәй-тәй басқан уақытта шақырылды.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін ұлт үшін жасалған игі істердің бірі әлемге шашыраған қазақтың басын Атамекенде қосты. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 27 тамыз 1992 жылғы № 709 қаулысымен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына дайындық жүргізу мен оны өткізу туралы нақты жұмыстар қолға алынды.
Әлем қазақтарының бірінші құрылтайын өткізу мақсатында жасақталған ұйымдастыру комитетінің Төрағасы болып сол кездегі премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков, Төрағаның орынбасары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, Қалдарбек Найманбаев және тағы бір төрағаның орынбасары Алтынбек Сәрсенбаев болды. Ұйымдастыру комитеті әлемнің отыздан астам елінде тұратын отандастарымызға хат жолдап, ата-баба үрдісімен күллі дүниедегі қазақтардың басын біріктірген тұңғыш құрылтайға шақырды. Алматы қаласында 1992 жылы (28 қыркүйек – 3 қазан) өткен Құрылтайға Түркия, Германия, Швеция, Норвегия, Франция, Монғолия, Ресей, Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан тағы басқа алыс және таяу шет мемлекеттерден яғни, 33 елден, сонымен қатар 800-дей Қазақстан облыстарынан келген өкілдер қатысты.
Тұңғыш құрылтай шетелдегі сан миллион қазақтардың атажұртқа деген ынта-ықыласын барынша арттыра түсті. Құрылтайда әлемге тарыдай шашылған қандастарымыздың бас қосуы, қазақ елінің шынайы тәуелсіздікке қол жеткізуінің айқын көрінісі болды.
Кеңестік кезеңде тарихи отанынан тыс жерде жүрген бауырларымыздың басын қосып, ұлттық мүдде, елдік бірлік төңірегінде табысу-үлкен арман болғаны баршамызға аян. Әлемдегі күллі қазақтың басын біріктіріп, өткізген осындай жиын біздің елімізде бұрын-соңды болмады. Қазақтар көз жазып қалған ағайындарымен қауышты, ағасы-інісін, інісі-ағасын тауып, көкейдегі армандарын айтты. Құрылтайға алыс-жақын шетелдегі қазақ диаспорасына байланысты көптеген өзекті мәселелер қаралды. Шетелдегі ағайындарға мәдени-рухани жағынан қолдау көрсетудің бағыт-бағдары мен міндеттері айқындалды.
«Қазақтар:кеше, бүгін және ертең» атты тақырыпта өткен құрылтайдың ғылыми конференциясында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру және оның жарғысын және басшы органдарын сайлау мәселелері талқыланды.Құрылтайдың соңғы күні Алматы облысының Дегерес жайлауындағы ұлы дүбір тоймен тарады. Бұл құбылыс Тәуелсіздік тарихына ұлт ұйысқан ұлы сәт және елдіктің ең алғашқы тойы болып жазылды.Барлық шеттегі қандастарымыз осындай жиын соңғы болып қалмай, жалғасын тауып, елге келетін қандастарымыздың ұлы көшіне жол салса деген тілектерін білдірді. Атажұртта шақырылған алғашқы құрылтайға келген қандастарымыз өздерінің көкейінде жүрген қуаныштарымен бөлісіп, пікірлерін білдірді. Алғаш шақырылған құрылтайда қазақ ұлтының өзекті мәселелерімен айналысатын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды.
Ал 2002 жылдың 23-24 қазанда Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы Түркістан қаласында өтті. Құрылтайға əлемнің 33 елінен 470 адам келді. Екінші Құрылтай Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің он жылдығымен қатар келгендіктен жында еліміздің қол жеткен табыстары қамтылды. Құрылтайда жалпы қазақ халқының алдағы уақыттағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, оқу-білім саласындағы өсіп-өркендеуі жөніндегі маңызды мәселелер қозғалды. Құрылтай əлем қазақтарының алдында тұрған міндеттердің аса күрделі екенін айрықша сезіне отырып, қандастарымыз өмір сүріп жатқан сырт елдермен өркениетті келісімдер негізінде қазақ ұлтымыздың қалыптасу жолын жалғастыра беру, бауырластарымыздың ұлттық-мəдени тұрғыдан жан-жақты дамуына күнделікті қолдау жасау мәселелері қарастырды.
Қазақ елі тарихындағы Алматыдан кейінгі жаңа елордамыз – Астана қаласы, республикамыздың ортасында бой көтеруі ынтымақ-бірлігімізді арттырып, ұлттық рухымызды асқақтаты. Жаңа Елордада 2005 жылы 28-қыркүйек пен 2-қазан айларының аралығында өткен әлем қазақтарының үшінші Құрылтайында əлемнің 32 елінен 312 қандастарымыз келді. Үшінші құрылтайдың ерекшелігі іскерлік бағытта өткізілді. Құрылтайда: мәдениет, оқу-білім, бұқаралық ақпарат құралдары және көші-қон мәселелерін қарастырған төрт секциялық мәжілістер өткізіліп, шетелдегі қазақтармен байланыс жасаудың өзекті мәселелері талқыланды.
Ал 2011 жылы 25-27 мамырда Астанада өткен төртінші Құрылтайға 35 шет елден 380 делегат, Қазақстанның әр аймағынан 300-ден астам адам қатысты. ІV құрылтайдың делегаттарының 60%-ы жастар болды. Құрылтайда қаралған өзекті мәселелерге қандастарымызға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаудың нақты жолдарын айқындау, көші – қон туралы заң жобасының қайта қаралуы, «Нұрлы көш» бағдарламасының 2-ші кезеңінің жобасын жоспарлап қолға алу және т.б. мәселелер қаралды.
2017 жылдың маусымның 22-25 күндері Астанада өткен әлем қазақтарының V- ші Құрылтайына 39 шетелдерден 350 адам, барлығы 750 делегат пен қонақ қатысты. Құрылтайда шетел қазақтарының Қазақстанмен байланыс жасаудың өзекті мәселелері негізінде әртүрлі тақырыптар бойынша дөңгелек үстелде талқыланды. Дөңгелек үстелде: шетелдегі ағайындармен мәдени-рухани байланыс, көші-қон, шетелдегі қазақ жастарының елімізде білім алуы, бизнес, кәсіпкерлік және тағы басқа мәселелер қаралды. Қандастарымызға сапалы білім беруде мемлекет тарапынан қолдау көрсету және шетелдегі қазақтардың атамекенге мүмкіндігінше көбірек оралуына жағдай туғызуды басты назарға алу мәселесі қойылды.
Атамекенде шақырылған Дүниежүзі қазақтарының бес Құрылтайының қазақ халқы үшін орны ерекше, өйткені еліміз қазақсыз көркейіп, болашақта қадымдап қадам жасай алмайды. Қазақ елінде шақырылған әрбір Құрылтайлардың тарихи маңызы ерекше болып табылады.
Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы шетелдердегі қандастарымыздың кездесуі мен араласуының аса зор тетігіне айналып отыр. Азаттықтың елең-алаңындағы күрделі кезеңіне қарамастан республикамызда шақырылған алғашқы құрылтай шетелдердегі қандастарымыздың республика аумағына өз еркімен көшіп келуіне үлкен себепші болды. Ат қазығын байлар атамекенге тәуелсіздіктің алғашқы үш онжылдығында ел халқының саны 1 миллионнан астам қандасымызбен толықты. Шетелдегі этникалық қазақтардың атамекенге оралуы Қазақ елінде негізгі ұлт санының артуына ықпал етті. Олардың үлес салмағы өсті, яғни бүгінгі күні халықтың мәдени сабақтастығын қалпына келуіне, туған тілдің, дәстүрдің, салттың, халықтық өнердің молаюына, мемлекеттік тілдің әсіресе, солтүстік-шығыс өңірлерде таралуына септігі мол болды. Қандастарымыздың атамекенге оралуы республиканың демографиялық жағдайын ғана жақсартып қоймай сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық және ғылым мен мәдениеттің, әдебиет пен өнердің дамуына да өзіндік үлестерін қосып келеді.
Бүгінде әлемнің қырыққа жуық шет елдерінде тұратын қазақ диаспорасының өзекті мәселелері талқыланып, оларды шешуде көптеген іс – шаралар атқарылуда.Қандастарымызға сапалы білім беруде мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, шетелдегі қазақтардың атамекенге мүмкіндігінше көбірек оралуына жағдай жасалуда.
1992 жылы шақырылған Ұлттың ұлы жиынына айналған тұңғыш Құрылтадан кейінгі 25 жылда әлем қазақтарының басын қосқан бес Құрылтайы өтті. Атамекенде шақырылған әр құрылтайдың қазақ халқы үшін орны ерекше. Өйткені Қазақ елі қазақсыз көркейе алмайды, келешекке қарыштап қадам жасай алмайды. Міне, сондықтан Қазақ елінде шақырылған құрылтайлардың жөні де, мәні де ерекше.
Бірінші құрылтай ата- бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қол жетіп, «Тәуелсіз мемлекет» атануы арқылы этникалық қазақ көшіне жол ашты. Қазақ елінің дүниежүзілік қауымдастықта өзіндік орны мен айтар сөзі бар, әлемдік саясатта өзгелер санасатын салмағы, бүкіл адамзаттың бірлігі мен бейбітшілігі үшін алға қойған асқақ арманы бар ел ретінде мойындалып, Мәңгілік Ел болудың берік іргетасын қалады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа бетін ашқан Қазақ елінде шақырылған Ұлттың ұлы жиынына арналған әлем қазақтарының бес Құрылтайының қазақ халқы үшін тарихи маңызы зор. Өйткені еліміз қазақ ұлтымен көркейіп, болашаққа нық қадам жасай алады. Ұлттың ұлы жиынына айналған бұл құрылтайлар – қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас жасаған ұлт ретінде нық қадам басқанның белгісі болды.
Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінің
Профессорлары https://farabi.university
Гүлнар Қозғамбаева, Нәзия Тасилова,
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің аға
оқытушылары Меруерт Ибрагимова, Сандуғаш Нұртілеуова
Cурет: Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына жиналған делегаттар.
(Г. Қозғамбаева. Н. Тасилованың «Қазақ әдебиеті» газетінен алынды.
https://kazgazeta.kz/news/60984 )
БӨЛІСУ:
Бүгін 25.12.2023 жылы әл – Фараби атындағы ҚазҰУ https://farabi.university/, колледжінде күзгі сессия басталды. ПОК- 207 тобының білім алушылары философия пәнінен емтихан тапсырды. Білім алушылар емтиханға үлкен дайындықпен келген. Олар пәнді меңгеру кезінде, философияның мақсаты- адамның күнделікті түсініктерден дүние жайлы, ақиқат білімдерге бастап, ең жоғарғы құндылықтарға жету жолын көрсету, табиғат құбылыстарының барлық нақты мазмұнын танып білу, қоғамдық құбылыстардың нақты-тарихи маңызын түсіндірудің не екенін және “Философияны оқу бізге не береді?” деген сұраққа жауап таба білді. И. Канттың өз сөзінде: “адамға адам болып қалу!”- деген болатын. Қандай жағдайда болмасын философия адамға адам болып өмір сүруді үйретеді.
Білім алушылар емтиханнан сүрінбей өтті.
Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ
колледжінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы
Әсембаева Алтын Шакержанқызы,
Физика пәнінің оқытушысы
Мадиярова Чинтай Атыканқызы,
Тарих пәнінің оқытушысы
Аппақова Мадина Несіпбекқызы,
Философия пәнінің оқытушысы
Жумаева Жазира Халметқызы
БӨЛІСУ:
Бүгінгі таңда ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім – тәрбие және білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындау мақсатында өскелең ұрпақтың білімі әлеуметтік – мәдениетке сәйкес болуы қажет. Кәсіби бағдарға сәйкес мамандық таңдау барысында әл – Фараби атындағы ҚазҰУ https://farabi.university/, колледжіне келіп оқып жатқан 1- курс білім алушыларымыз алғашқы оқу жылының жартысын тәмамдап, қысқы сессияны да тапсыратын кезге жетіп қалды. Биылғы оқу жылында колледжде білім гранттарын жеңіп алған білім алушыларымыздың аяқ алысы да қуантарлық. Олар колледжде білім алумен бірге өнерлерін де ұштап жатқан жайы бар. Атап айтсақ бағдарламашы тобында оқитын Абылхан Әлихан домбыраның құлағында ойнаса, құқықтану бөлімінде оқитын Ислам Әнелдің сызылтып ән салатын өнері бар екен. Ал аудармашы тобының білім алушысы Естай ұлы Ерсұлтан концертті жүргізіп қана қоймай, мәнерлеп оқудың шебері екеніне көзіміз жетті. Негізгі айтатын ой білім алушылардың кәсіби білім алуға бейімделуі дегеніміз оларды мамандыққа жаңа жағдайда бейімдеу. Жастардың колледжге келгендегі алғашқы әсерлері, олардың негізгі мақсатын саналы түсінуі мен сезінуі және өзі таңдап келген мамандығына қызығушылығын арттыру үшін білім беретін оқытушылар құрамы да талапқа сай. Қорыта айтқанда біздің колледжде білім алған жастардың келешекте жақсы маман болып шығатынына сенім мол.
Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ
колледжінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы
Әсембаева Алтын Шакержанқызы,
Физика пәнінің оқытушысы
Мадиярова Чинтай Атыканқызы,
Философия пәнінің оқытушысы
Жумаева Жазира Халметқызы
БӨЛІСУ:
Бізге жазылыңыз
Моңғолияның ҚР-дағы Елшісі Д.Баярхүү Тұрар Рысқұловқа арналған мерейтойға қатысты
Баян-Өлгий аймағының Әкімі қызметіне Заңғар Есентайұлы тағайындалды
Тарихи келісім: Қазақстан тұңғыш рет экспортқа жер серігін шығарады
Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті
Моңғолия Президенті мен Қазақстан Республикасы Президенті келісім шартқа қол қойды
Баян-Өлгий аймағының АӨХ-ның төрағасы қызметіне Бегарыс Алданышұлы тағайындалды
Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға келеді
Қазақстан Президенті Моңғолия Президенті Әкімшілігінің басшысы Гомбожавын Занданшатармен әңгімелесті
ТАҒЫЛЫМЫ ЕРЕН БІЛІМ МЕКЕНІ
1 дана КАРТОП + 1 қасық БАЛ = желке мен мойындағы ТҰЗДЫ кетіреді
СУЫҚ ТИІП АУЫРҒАНДА ЖІБЕРЕТІН 10 ҚАТЕЛІК
Калифорния мемлекеттік унивеситетінің профессоры, доктор ТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ
ШҰҒЫЛ: Баян-Өлгийде коронавирус жұқтыруы мүмкін деген күдікті тіркелді
Әуез Таштуанұлы – Моңғолиядағы қазақ ұшқышы
Заманбек Абдуллинұлы: Аптасына бір рет отын салатын пеш жасап шығардық
Үш ойғырдың басынан ел көшкенде…
«Жас қазақ» жазғы этно-лагері – бір үйдің баласындай…
Бекнұр Қалиұлының Қырғызстандағы халықаралық турнирде чемпион атанған сәті
Мен сені сүйдім – Нұрсұлтан Төлеубай
Тұрды Төлекенұлы туралы деректі фильм жарыққа шықты
Қоғам қайраткері Жеңісхан Дүзелбайұлы туралы деректі фильм һәм 10 дерек
FIFA World Cup Qatar 2022 | Official Song
KOBA & NY-ZA – NE BOLDY SAGAN
Төлеген Жапарұлының “Ай хой 25” атты ән кеші өтеді
Сөзге тиек
Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммиті аясында 12 құжаттарқа қол қойылды
Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммиті аясында 12 құжаттарқа қол қойылды, деп хабарлайды qazradio.fm Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Түркі мемлекеттері ұйымының...
Айдағы Үндістанның станциясы «ұйқы» режиміне көшеді
05 қыркүйек, KAZNEWS. Айдың бетінде күн батып, түн басталған кезде Үндістанның қондырғыш станциясы мен өздігінен жүретін станциялары «ұйқы» режиміне көшеді....
Кристиан Бэйл батыс Моңғолияға саяхаттады. #Бэтмэн😀
24 шілде, KAZNEWS. Жоғарғы суреттегі азамат әйгілі актер Кристиан Бэйл. Ол шілде айында батыс Моңғолияда саяхаттап, көшпенділердің салт дәстүрімен танысып...
Футзалдан ел біріншілігіне қатысқан футболшылардың орташа жасы – 23 де
6 сәуір, KAZNEWS. Моңғолия Президентінің қолдауымен Дорноговь аймағының Сайншанд қаласында ұйымдастырылған футзалдан 21 аймақтар арасындағы «Ұлттық кубок-2023» ел біріншілігі аяқталды. ...
Таба аласыз ба? Моңғолияда ілбіс суретке түсіп қалды
Ұлыбританиялық DailyMail басылымы америкалық фотограф Макса Воның суретін жариялады. Суретте Алтай тауларының тау-тасты шатқалында сирек кездесетін ілбіс түсірілген. Ерекше ілбісті...
1903-2023 жыл аралығындағы қоян жылында есте қалған оқиғалар
06 қаңтар, KAZNEWS. Қоян жылы– барыс жылынан соң, ұлу жылынан бұрын келетін мүшел есебінің төртінші жылы. Қоян қазақтың шаруашылық тарихында...
Жылдың үздік 10 оқиғасы – KAZNEWS
24 желтоқсан. KAZNEWS ақпараттық агенттігі жыл сайын «Жылдың үздік 10 оқиғасын» анықтауды дәстүрге айналдырған. Агенттіктің көзқарасы бойынша 2022 жылдың үздік...
Тұрды Төлекенұлы туралы деректі фильм жарыққа шықты
04 желтоқсан, KAZNEWS. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қобда беті қазақтары (Монғолия) арасынан мемлекеттік лауазым атқарған алғашқы қайраткерлердің бірі Тұрды...