Тарихтың сырлы үні – қазақ радиосы
Қазақ радиосы — қазақтың өткен өмірінің жаңғырығы һәм қордалы сандығы. Қуанышы мен күйінішінің, тебіренісі мен тербелісінің айғағы. Аумалы-төкпелі заманның бүркемеленген шын бейнесін біз осы ғасыр жасаған халық үнімен зерделі санамен сүзгілеп алмақпыз. Мұнда ашкөздің жымысқы саясатынан аш өзегіне түсім бұралған миллиондаған қазақтың зары бар, жазықсыз жапа шеккен зиялылардың “Оян, қазақтаған” ұраны бар. Ақтандақтардың ақадал төгілген қаны мен көктей орылған жасы бар. Бәрі- бәрі… бар!!! Кей шындық тікелей айтылмаған да болар (жоғарының заһарынан қаймығып) бірақ, бойды бұғып қалғаны жоқ. Астарлы түрде алаштың жүрегіне жол тартқан ақиқаттар қаншама!? Қазақтың ұлттық театр өнерінің негізін салушы Жұмат Шаниннің Мәскеуді дүркіретіп, кәрі құрлықтың құлағын түргізген театр оркестрінің дабылы, асқақ үні, көмейіне бұлбұл ұялаған әнші Әміренің Парижді балқытқан әсем әуезді дауысы және де көптеген өнер майталмандары мен әдебиет-мәдениет дарабоздарының естелікке толы ең қымбат мұралары осы қасиетті де қастерлі қазақ радиосының “алтын қорында” сақтаулы. Қасіреті қан құстырған қырқыншы жылдардағы қанқұйлы соғыстың біткенін жариялап, халықтан “сүйінші сұраған да осы “ақжолтай” радио!
Бүгінде еліміздің ең ірі ақпарат жүйесіне айналып отырған аталмыш радионың тарихына қысқаша тоқталсақ. 1921 жылы Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің шешімімен құрылған радио бір ғасыр бойында Қазақстан, ТМД, сондай-ақ шет елдердегі тыңдармандарының сенімді ақпарат көзіне, көңілінің кілтін табар көзайымына, жігер берер ұраншысына айналды. Ғасырлық тарихын «бойтұмарындағы» 1921 деген санның өзі айқындап тұрады. Радионың басым бағыты еліміздегі демократиялық қайта жаңғыруларды, экономикадағы, әлеуметтік және мәдени салалардағы ілгерілеушіліктерді ашық көрсету, міндеті – мемлекеттік саясатты елді- мекендердің барлығына, алыс түкпірлерге шапшаң жеткізу. Әлеуметтік («Жан жылуы», «Алаң», «Бармысың, бауырым?», «Әлеумет»), қоғамдық- саяси («Өз сөзім», «Алаң», «Алашнама», «Бәйтерек»), рухани-мәдени («Інжу- маржан», «Дәуір үні», «Терме», «Қауырсын қалам», «Бұл – менің жүрегім»), сауықтық-көңілашар («Қайырлы таң, Қазақ елі!», «Армандастар», «Ән салайық», «Ән шеру – жұлдыздар лигасы», «Көркемдік кеңес») бағдаламаларымен қоса 30 шақты Алматы студиясының хабар орталықтары халыққа қызмет көрсетіп келеді (Қазақ мәдениеті, энциклопедиялық анықтамалық, Алматы «Аруна Ltd», 2005).
Қым-қуыт тіршілік. Сонымен алысып атар таң, жарысып батар күн. Сол аралықта бір сәт радио тыңдап жүрсіз бе? Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін рухани-мәдени бағыттағы «Шалқарды», жастар мен елорданың тыныс тіршілігіне арналған «Астананы», классикалық музыка мәдениетіне құмартсаңыз «Классикті», ал жалпы ұлт пен әлеуметтің, қоғамның түгел дерлік саласынан қапы қалғыңыз келмесе, серіктестіктің құрамындағы негізгі «Қазақ радиосын» қосыңыз. Мүмкін сіз іздеп жүрген сұрақтарға жауап сонда?! Бәлкім өнбей жүрген ісіңіздің кілтін табарсыз?! Әлде сіз жасар ұлы жаңалықтың шоғын үрлеп жіберер?!
Қорыта айтқанда, әр ақпарат бүтін бір қазақтың, қалаберді адамзаттың игілігіне арналған. Тарихтың сырлы үнін, жарқын да көлеңкелі тұстарын шындықты ту ете жырлаған, елдің рухани дамуына ықпал етіп отырған қазақ радиосының 100 жылдығы құтты болсын!
Жазған: Жалгасова Алия Базарбайқызы, Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ филология
факультетінің Тіл білімі кафедрасының 1-курс студенті
Жетекшісі: Козыбакова Фатима Акынбаевна, Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ тарих, археология және этнология факультетінің
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты