10 желтоқсан, KAZNEWS. Баян-Өлгий аймағының 2020 жылғы қазан айындағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер серпіні қандай? Статистикалық мәліметтерге жүгіне отырып хабарлаймыз.
Жұмыссыздық деңгейі
Сұмын әкімшілігі мен аймақтық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасына тіркеулі жұмыссыз азаматтардың саны 2020 жылғы қаңтарда 719 болса, сәуір айында 1177 ге жеткен. Ал қазан айындағы мәлімет бойынша 1021 адам тіркеуде тұр. Бұл өткен жылғы қазан айымен салыстырғанда 16 адаммен яғни 1,5 пайызға аз. Жұмыссыз азаматтардың 48.4 пайызын әйелдер, 47,0 пайызын 15-34 жас аралығындағы азаматтар иеленсе, олардың 22.6 пайызында жоғарғы білімі бар. Жаңадан 595 жұмыс орны пайда болғанының 33,7 пайызы толайым және бөлшектеп сату саласына, 20,3 пайызы құрылыс саласына, 25,3 пайызы білім саласына, 5,2 пайызы өңдеу өндіріс саласына тиесілі.
Өнеркәсіп
2020 жылғы қазан айында өнеркәсіп саласының кірісі 16199,2 млн төгрөг болғаны, 2019 жылғы қазан айымен салыстырғанда 34,6 пайызға, сату көлемі 20,9 пайызға азайған. Өсімнің азаюына Covid-19 пандемиясына байланысты қойылған шектеулер аясында кейбір өндірістердің тоқтап қалуы әсер еткен.
Банк, жинақ, кредит
Аймақтық Моңғол банк филиалының мәліметі бойынша қазан айында несие көлемі 161,2 миллиард төгрөгті көрсетуі өткен жылғы қазан айынмен салыстырғанда 9,6 пайызбен азайған. Азаматтардың банктердегі жинақ ақшасының мөлшері 120,5 миллиард төгрөгті құрап, 2019 жылғы қазан айымен салыстырғанда 21,7%-бен артылған.
Халықтың тұрақты қолданысындағы тауарлар
Халықтың тұрақты қолданысындағы тауарлардың негізгі бағасы 2020 жылғы қазан айын 2019 жылғы қазанмен салыстырғанда 3,2 пайызбен, 2019 жылғы желтоқсан айымен салыстырғанда 2,3 пайызбен, өткен қыркүйек айымен салыстырғанда 0,5 пайызбен өскен.
2019 жылғы желтоқсан айымен салыстырғанда азық түлік өнімдері мен алкоголь емес сусындар 2,8%-дан, алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдеріне 3.3%-дан, киім және аяқкиімге 3.7%-дан, жиһаз және үйге қажетті заттарға 5.6%-дан, дәрі-дәрмек, денсаулық сақтау қызметтеріне 4.5%-дан, қонақ үй, қоғамдық тамақтардыру қызметтеріне 1,0%-дан, өзге заттар мен қызметтерге 9,5%-дан, демалыс, мәдени қызметтеріне 3,6%-дан, білім беру қызметіне 0,4%-дан баға қосылған. Ал транспорт саласының қызметтері 5,6%-ға, тұрғын үй, коммуналдық қызметтер саласындағы тарифтері 1,2%-бен арзандаған.
Баға өзгерістері апта сайынғы жинақталған мәліметтерге сүйеніп зерттеледі. Өткен жылғы бағамен салыстырғанда сүттің бағасы 10,5%-бен, түбіт бағасы 3,5%-бен, дизель отыны 26,9%-бен, Аи80 бензині 22,0%-бен, Аи92 бензині 19,8%-бен арзандап, ұнның бағасы 6,0%-бен, сиырдың сүйекті етінің бағасы 7,7%-бен, қой еті 17,3%-бен, ешкі еті 26.7%-бен, күріш 4,7%-бен, құмтәттінің бағасы 4,5%-бен өскен.