Моңғолия халқының саны 3,5 миллионға жетті. Ұлттық статистика комитеті бұған дейін 22 қарашаға қарай Моңғолия халқының жалпы саны 3,5 миллион адамға жететінін хабарлаған.
«Моңғолия халқының саны 3,5 миллионға жетеді деген болжам соңғы үш жылдағы туу, өлім және халықтың табиғи қозғалысына негізделген», – деді Моңғолия ұлттық статистика комитетінің халық санағы және тұрғын үй қоры бөлімінің статисті Б.Энхжаргал.
Соңғы үш жылда орта есеппен әр жеті минут 16 секунд сайын бір бала дүниеге келіп, 27 минут 46 секунд сайын бір адам қайтыс болады, ал Моңғолия халқының саны әр тоғыз минут 55 секунд сайын бір адамға артып келеді екен.
— Бұл үрдіс 2023 жылы да жалғасты деп есептесек, 22 қарашаға дейін Моңғолия халқының саны 3,5 миллион адамға жетуі керек еді. Бүгінде халық саны 3,5 миллионнан асты, – деді Энхжаргал.
1962 жылы Моңғолия халқының саны 1 миллион болса, 1988 жылы ел екі миллион, 2015 жылы үш миллионға жетті. 2033 жылы 4 миллионға, 2048 жылы 5 миллионға жетеді деген болжам бар.