KAZNEWS – 11-12 шілде де Елші Ж.Әділбаев Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы құрылуының 80-жылдық мерейтойына қатысты.
Мерейтой аясында аймақтың әкімі А.Ғылымхан, жергілікті Мәслихаттың төрағасы Д.Бауыржан және Қазақстанның осы аймақтағы Құрметті консулы лауазымына үміткер Н.Бейбітханмен ресми кездесулер өткізілді. Атап айтқанда, аталған кездесулер барысында жақында болып өткен Моңғолияның Парламентіне сайлаудың нәтижелері туралы пікір алмасылып, әлемдік пандемияның салдары және оның аймақтың тұрғындарына кері әсері, екіжақты сауда-экономикалық іс-шаралардың кейінге қалдырылуы, Қазақстаннан әкелінетін тауарлардың азаюы, елімізден 500 жуық студентті Моңғолияға жеткізу мәселелері талқыланды.
Бұдан басқа, осы аймақта уақытша мекендеген қазақстандық азаматтар мен кезінде еліміздің азаматтығынан шығып, Моңғолияның азаматтығын ала алмай отырған тұлғалармен, сондай-ақ Баян-Өлгий басшылығының өтініші бойынша балалары ҚР жоғарғы оқу орындарында оқитын және коронавирус пандемиясына орай елімізде карантинде қалып қалған студенттердің ата-аналарымен сұхбаттар өткізілді.
Елші мерейтой аясында ұйымдастырылған Ікей-батырдың ескерткіші мен «Аймақтың 80 жылдық тарихы» атты фотокөрмесінің ашылу салтанатына қатысып, мерекелік жиналыста сөз сөйлеп, қандастарымызды мерейтоймен құттықтап, әкім А.Ғылымханға ҚР Сыртқы істер министрі М.Тлеубердінің құттықтауын табыстады. Бұған қоса, осы ісшара барысында Елшілік дайындаған «Моңғолия қазақтары: танымал тұлғалар» кітабы мерейтойға сыйлық ретінде сыйға тартылып, кітаптың тұсакесері өткізілді.
ҚР-ның Елшілігі