KAZNEWS – Моңғолия дзюдо федерациясының атқарушы директоры М.Бөхбат, дзюдодан моңғолия ұлттық құрамасының бас бапкері О.Балжинням және көмекші барлық бапкерлер өз еркімен қызметінен кетеді. Бұл туралы қыркүйектің 11-і күні өткен баспасөз мәслихатын өткізген Моңғолия дзюдо федерациясының басшылығы мәлімдеді.
Сәрсенбі күні журналистерге бұл жаңалықты Моңғолия дзюдо федерациясының атқарушы директоры М.Бөхбат, дзюдодан моңғолия ұлттық құрамасының бас бапкері О.Балжинням, бапкер Ш.Цэвэлмаа жеткізді.
АҚТАЛМАҒАН ҮМІТ
Алдымен сөз алған дзюдо федерациясының атқарушы директоры М.Бөхбат:
“Әлем чемпионатындағы қателіктер мен жаттығу жұмыстарына бейжай қарап, көптеген істерді жасай алмағаныма өкінемін. Осы жолғы әлем чемпионатынан біздің ұлттық құрама спорт сүйер қауымның көңілінен шығатын жетістікке қол жеткізе алмағаны үшін өз атымнан және федерация мүшелері атынан кешірім сұраймын. Бұған дейін біз көптеген жұмыстарды атқардық. Олимпиада қарсаңындағы әлем чемпионатында жауапкершілікті түсінгенімізбен, елдің артқан үміті ақталмады. Мен және ұлттық құраманың бапкерлік тобы өз еріктерімен қызметінен кету туралы шешім қабылдадық. Бұған дейін Моңғолия дзюдо күресіне қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғыс білдіріп, жүктелген сенімді ақтамағаным үшін өкініш білдіремін” деді.
Сонымен қатар, дзюдодан моңғолия ұлттық құрамасының бас бапкері, Моңғолияның «Еңбек батыры», «халық ұстазы», «еңбек сіңірген спортшы» О.Балжинням:
“2019 жылғы Токиода өткен әлем чемпионатына қатысқан ұлттық құрама, спортшылар халықтың күткен алтын жүлдесін ала алмады. Тек бір қола жүлдемен шектелгендіктен бапкерлер толық құраммен қызметінен босатылып, халықтан кешірім сұраймыз” деді.
Дзюдодан моңғолия ұлттық құрамасының бапкерлік құрамы:
- Бас бапкер Моңғолияның «Еңбек батыры», халық ұстазы О.Балжинням
- Көмекші бапкер, «Еңбек сіңірген спортшы» Д.Баттулга
- Көмекші бапкер, «Еңбек сіңірген спортшы» Х.Эрдэнэт-Од
- Көмекші бапкер, «Еңбек сіңірген бапкер» Ш.Цэвэлмаа
- Көмекші бапкер Г.Дашдаваа
Естеріңізге сала кетейік, дзюдодан Моңғолия құрамасы Токиода өткен әлем чемпионатында бір қола медальді қанағат тұтты. 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Мөнхбатын Уранцэцэг жарыстың алғашқы күнінде қола медаль иеленген болатын.