21 қазанда Моңғолиядағы ҚР Елшісі Ж.Әділбаев Моңғолияның Тау-кен және ауыр өнеркәсіп министрі Г.Ендонмен кездесіп, Моңғолияда аффинажды зауытты салуға қатысты мәселелерді талқылады. Бұл туралы Kaznews.mn ҚР Елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Осы кездесуге Моңғолияның Тау-кен және ауыр өнеркәсіп министрлігі Ауыр өнеркәсіп департаментінің директоры Д.Даваадорж, «Эрдэнэс Монгол» мемлекеттік компанияның Металлдар мәселелеріне жауапты директоры Б.Ганболд, «Эрдэнэс Алт Ресурс» компаниясының директоры Б.Ачитсайхан және қазақстандық тараптан бұл зауытты салуға жауапты «Symbat Engineering» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры М.Тлеужанов қатысты.
Тараптар аталған нысанның болашақ өндірістік қуаты, техникалық іс жобасы және техникалық-экономикалық негіздемесіне қатысты мәселелер бойынша пікір алмасты.
Тараптар сондай-ақ аталған іс жобаны жан-жақты қайта сараптауға арналған жұмыс комиссиясының шеңберінде жұмыс жүргізуді жалғастыруды ұйғарды.