Құрметті қандастар!
Сіздерді ата-бабамыздың төл мерекесі, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтаймын!
Біздің халқымыз үшін Наурыз мейрамы күн мен түннің теңеліп, табиғаттың қайта жаңғыратын ерекше сәтінде қазақ халқының ұлылығын дәріптей түсетін Ұлыстың ұлы күні!
Бұл күні Әз Наурыз мейрамы тойланып, шығыс халықтарының Жаңа жылы басталады.
Ата-бабаларымыз айтпақшы, бұл – ақ түйенің қарны жарылған күн, ырысты, ынтымақты ұлы той күні.
Еліміздің тарихында ғасырлар бойы тойланып, жылдан-жылға жалғасып келе жатқан Наурыз мейрамы әр адамның жаңа бастамасының жүзеге асуына үміт пен сенім ұялатады.
Наурыз – бұл көктемнің келу мерекесі ғана емес, өмірдің негізі – табиғаттың жаңаруы және өзгеріске, жақсылыққа сену екендігінің дәлелі.
Әлем тарихында көп мемлекеттер бұл күнді Жаңа Жылдың басы деп санайтыны белгілі. Біздің тарихымызда бірнеше жүз жылдан бұрын аталып, көктемнің алғашқы күнінде ағайындар бір-бірімен қауышып, қыстан аман-есен шығып, туысқандар бір-бірін көріп, бір-бірімен көрісіп, барлық орын алған жаманшылықтарды өзара кешіріп, наурыз көже үлестіріп жататын төл мейрамымыз.
«Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!» деп тілек білдіретін достық пен ынтымақ мерекесі көшбасшылық мерейімізді асқақтата түссін.
Наурыз мейрамы құтты болсын! Ақ мол болсын!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасының
Моңғолиядағы
Төтенше және Өкілетті Елшісі
Жалғас Әділбаев