Connect with us

Мәдениет

Хәрри Поттерді қазақша «сөйлеткен» кәсіпкер – Раиса Сайранқызы Қадыр

Published

on

Джоан Роулингтің Хәрри Поттер кітабы қазақ тілінде жарық көреді. Әлемнің 80 тіліне аударылған шығарма кейіпкерлері бірінші рет қазақша сөйлейді. Осыған орай, біз әлемдік бестселлерді қазақ тіліне аудару идеясының авторы Раиса Қадырқызының сұхбатын ұсынамыз.

Раиса Қадырқызы — Steppe World & Publishing баспасының негізін қалаушы.

Моңғолияда туып, көп жыл Таяу Шығыс, Ұлыбритания, Германия мен Нидерландияда тұрған. Каирдағы Америка университетінде саясаттану және гуманитарлық бағыттар, Лондон университетінде шығыстану, Ерасмус университетінде қаржылық менеджмент саласы бойынша білім алған.

2016 жылы баспа ісіне ден қойып, Джулия Дональдсонның «Ақын қоян» және «Груффало», Эрик Карлдың «Қомағай жұлдызқұрт», «Анна Франктің күнделігі» кітаптарын қазақ тіліне аударған. Қазір Джоан Роулингтің Хәрри Поттер кітабын баспаға дайындап жатыр.

Хәрри Поттермен алғашқы таныстық

Хәрри Поттер туралы бұрыннан білемін. Бірақ Роулингтің қиял-ғажайып әлемімен отыз жастан асқан шағымда таныстым. 2012 жылы алты жасар ұлыммен бірге Хәрри Поттердің бірінші кітабын ағылшын тілінде оқи бастадық. Кейінірек әпкем Ұлыбританиядан Хәрри Поттердің барлық жеті кітабын сыйға әкеліп берді. Күнде кешкісін балама ертегі орнына оқып жүрген кітаптан ерекше әсер алдым. Шығармадағы оқиға желісі баланы былай қойғанда, ересек адамның өзін қызықтырып, қиялын алға жетелеп отырады.

Өзім — Моңғолияның қазағымын. Ол жақтағы диаспора қазақ әдебиетін, тілі мен өнерін сағынып, соған жақын болсақ деген ойда жүреміз. Алматыға бір сапарымда кітап дүкендерін аралап, қазақ тілінде сапалы әдебиет таба алмадым. «Тәуелсіз елде халық қалай өз тілінде кітап оқымайды?» деген сұрақ маза бермеді. Өйткені қай елге барсам да, сол халықтың тілінде шыққан кітаптарды көремін.

Хәрри Поттер кітаптары Италияның дүкен сөрелерінде — итальян, Германияда — неміс, Араб мемлекеттерінде — араб, Түркияда — түрік тілінде тұрады. Хәрри Поттерді моңғол, өзбек тілдерінде де таба аласыз. Бірақ қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ. Балама жақсы әсер сыйлаған кітапты басқа қазақ балалары да оқуы керек деп шештім.

Кез келген істе адамның ниеті маңызды. Қазір Қазақстандағы қазақтардың үлесі шамамен жетпіс пайызға жуықтап қалды. Бірақ әлі де «қазақ тілінде сөйлейтіндер ауылдан келген», «қазақ тілі — заманауи емес» деген стереотиптер бар. Адамдардың арасында «Орысша сөйлесем, ойымды дұрыс жеткіземін, заман көшінен қалмайтын жаңашыл адам боп көрінемін» дейтін тренд байқалады. Кезінде елімізде мәдени империализм жүргенін, өз ұлтымыз бен санамызды төмен көрсету үшін саяси әрі экономикалық ықпал жасалғанын білеміз. Өткенді өзгерте алмаймыз. Бірақ қазіргі жағдайға оң әсер ету — өз қолымызда. Осындай оймен, қазақы санамен 2017 жылдың соңында Хәрри Поттерді қазақ тіліне аудару үшін рұқсат алу процесін бастадық.

Роулингтен рұқсат алу

Келіссөзге бір жылдай уақыт кетті. Аудармаға рұқсат беру туралы шешімді автор мен оның агенті бірлесіп қабылдайды. Екеуімен де байланысып көрдік. Олар біздің баспаның жұмысымен танысып, серіктестеріміздің пікірін алды. Автор аударманың сапасына ерекше көңіл бөледі. Шығарма балаға жеңіл, түсінікті тілде мағынасы өзгермей жетуі керек. Аудармамыздың сапасын көріп, кәсібилігімізге көз жеткізген соң, 2019 жылы қаңтарда Джоан Роулинг кітапты аударуға рұқсат берді.

Келісімшартқа сәйкес, бірден Хәрри Поттердің барлық кітабын аударуға мүмкіндік алдық. Қазір алғашқы үш кітабын дайындап жатырмыз. Хәрри Поттердің бірінші кітабы жаңа жылдан кейін жарық көреді. Әзірге он мың данамен шығады деп отырмыз. Кітаптың тұсаукесерін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткіземіз. Басқа қалаларда жанкүйерлер өздері оқырмандарға кітаптың таныстырылымын ұйымдастырғысы келсе, біз қуана-қуана көмектесеміз. Хәрри Поттердің қазақ тіліндегі нұсқасы Қазақстандағы барлық кітап дүкендеріне қойылады. Одан бөлек, өзіміздің онлайн дүкен іске қосылады. Желтоқсан айының соңына қарай алғашқы кітап баспаға жіберілген кезде, алдын-ала тапсырыс қабылдай бастаймыз.

Хәрри Поттердің мұқабасын дайындау үшін бөлек рұқсат алу керек. Қазір бір қазақстандық суретші салған үлгіні авторға жіберіп, келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Келешекте қолымызға рұқсат қағазы тигенде, отандық иллюстратордың қолынан шыққан мұқабамен тағы бір нұсқасын шығарамыз деген жоспар бар. Әзірге кітап мұқабасын жасауға рұқсат алған төрт баспаның ішінен Ұлыбританиядағы Bloomsbury баспасының үлгісін таңдадық. Алғашқы кітаптар осы баспаның мұқабасымен шығады. 2020 жылдың соңына қарай Bloomsbury баспасының иллюстрациялары қосылған Хәрри Поттердің суреті көп, қалың нұсқасы жарық көреді.

Адамзатқа ортақ құндылық

Жақында Фейсбук және Инстаграм желілерінде Potterheads Kazakhstan парақшалары ашылды. Парақшаны Хәрри Поттердің жанкүйерлері жүргізеді. Бұған дейін жанкүйерлерді біріктіретін топтар мен шаралар орыс тілінде жүрсе, енді бірінші рет Хәрри Поттер кітаптарын қазақ тілінде талқылау басталып жатыр.

Жанкүйерлер Хәрри Поттер кітаптарының орыс тілінде шыққан соңғы нұсқаларында аударма сапасы төмен болғанын айтып, «қазақ тіліндегі нұсқасында мұндай олқылық жіберілмесе» деген тілек білдірді. Кітаптағы атаулар мен есімдердің бәрін бірдей қазақшалап жіберсек, шығарманың ерекшелігін жоғалтып аламыз. Сондықтан көп есімдер мен атауларды сол күйі қалдырып, қазақ тілінде үйлесімді естілетін кей есімдерді ғана аудардық. Бір ғана мысал келтірейін: Хагридтің Флаффи (Fluffy) деген иті бар. Оның қазақ тіліндегі аты Үлпек болады.

Қазір қазақ аудиториясы шетел әдебиетімен негізінен Ресей арқылы танысады. Шығарма әуелі орыс тіліне, кейін қазақ тіліне аударылғанда, бәрібір бастапқы ерекшелігі, мағынасы жоғалады. Сондықтан кітаптарымызды тек түпнұсқадан аударамыз. Аудармашыға түпнұсқа тілін 100 %, ал қазақ тілін 200% білуі керек деген талап қоямыз. Аудармадан қазақ тілінің иісі аңқып тұруы керек.

Аударма сапалы болуы үшін Хәрри Поттерді бізден бұрын аударған неміс, моңғол, түрік тілдеріндегі нұсқасын үнемі қарап, «олар мына тұсын қалай аударыпты, мына сөздің мағынасын қалай беріпті?» деп салыстырып отырдым. Хәрри Поттердің британдық және америкалық жеңілдетілген нұсқасы бар. Біз британдық авторлық нұсқасын таңдадық.

Хәрри Поттердің алғашқы кітабы жарық көрген кезде-ақ қытайлар, жапондар мен немістер шығарманы өз тілдеріне бірінші болып аударды. Біздің елде Хәрри Поттерді оқып өскен жастар Роулингтің туындысымен көбінде орыс тілінде танысты. Бұл жоба «әлемде миллиондаған оқырманы бар кітаптың қазақ тілінде өзіндік меншік аудармасы болса, енді өсіп келе жатқан, Поттердің қиял-ғажайып әлемімен әлі танысып үлгермеген балалар бұл ертегіні туған тілінде оқыса» деген ізгі ниеттен туды.

Хәрри Поттер сәби кезінде жетім қалып, тағдыр тауқыметін көп тартқан. Оның әпкесінің үйінде тар бөлмеде тұруы, асырап алған отбасынан қысым көруі оқырман баланың жүрегінде мейірім мен кейіпкерді қиын сәтте іштей қолдау сезімін оятады. Поттердің жанынан қалмайтын достарының адалдығы санасы әлі бекімеген баланы достық феноменімен таныстырады. Шығарма кейіпкерлерінің әділдік жолында жүргізген күресі балаға батылдық үлгісін көрсетеді. Бұл — тек бір ұлтқа ғана тән емес, бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтар.

Мақсатымыз – қазақ тілінде сөйлейтін ұрпақ қалыптастыру

Steppe World & Publishing баспасы көбіне балалар әдебиетімен жұмыс істейді. Баспада «елу пайыз — балалар әдебиеті, қырық пайыз — ересектерге арналған көркем әдебиет, он пайыз — мотивациялық кітаптар» деген ережені басшылыққа аламыз. Болашақта ұжымымыз кеңейсе, кітаптарға бөлінген үлестің пайыздық көрсеткіштері де өзгеретін шығар. Бірақ балалар әдебиетін сол 40-50 пайыздық деңгейден түсірмейміз. Балалар әдебиеті — баспа жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қалады. Өйткені біздің басты мақсатымыз — қазақ тілінде сөйлейтін ұрпақ қалыптастыру.

Қазір «қалай тез ақылды боламын?», «қалай жылдам байлыққа кенелемін?» деген мазмұндағы бір-біріне ұқсайтын кітаптар көп. Аудармаға өзімізге ұнаған, оқырманға берері мол, пайдалы кітаптарды таңдауға тырысамыз. Кейде шетелде кең танылып, көп оқылған кітаптар қазақтілді оқырманға таныс болмай шығады. Мысалы, біз аударған «Анна Франктың күнделігі» кітабын қазақтілді оқырмандардың көбі білмейді екен.

Бұл кітап әлемнің көп елінде мектеп бағдарламасына енген. Қазақстанның оқу бағдарламасына да керек кітап деп ойлаймын. Өйткені шығарма бір жағынан балаларға Екінші дүниежүзілік соғыстағы геноцид тақырыбын түсіндірсе, екінші жағынан сол кездегі жасөспірімдердің қандай төзімді болғанын көрсетеді. Кітапта жасөспірім қыздың кездескен қиындықтарды қалай еңсергенін көрсету арқылы үлкен бір тарихи оқиға баяндалады.

Қазақ тарихындағы ашаршылық тақырыбы да Анна Франктың күнделігінен кем түспейтін жақсы кітапқа арқау бола алады. Бізге қазақ тарихындағы зұлматты жылдар туралы балаларға арналған кітаптар жазылуы керек. Ондай кітаптарды ағылшын тіліне аударып, әлем оқырмандарының назарына ұсынса да артық емес.

Көп іздеп, сүйікті ісімді таптым

2016 жылы кітап дүкендерінен қазақ тілінде жақсы кітап таба алмайтынмын. Сатып алған кітаптарым үйдегі балаларға қызық болмай, олар бір-екі рет бетін ашқаннан кейін ары қарай оқығысы келмейтін. Бірақ соңғы үш жылда көп жақсы өзгеріс болды. Қазір үлкенді-кішілі баспалардың бәрі қазақ тілінде кітап шығара бастады. Бұл қазақтілді кітап индустриясы мен нарығын қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Сан артқан соң, бәсеке туып, содан сапа түзеледі.

Бұрын жеке кәсіппен көп айналыстым. Германияда тұрғанымда балаларға арналған бренд ашып, Еуропаға Моңғолияда тігілген органикалық киімдерді жеткіздім.

Біздің тауар белгісіндегі киімдер әлемнің танымал брендтерімен қатар тұрып, бір деңгейде сатылды деуге болды. Одан кейін Таяу Шығыста инвестициялық компанияда жұмыс істедім. Араб елдері Азияға көп инвестиция құяды. Ал мен инвестицияға қатысты экономикалық сараптама, зерттеулер жасайтынмын. Бала күтіміне байланысты үйде отырғанымда фрилансер болып, бизнес өкілдеріне жеке консалтинг жүргіздім.

Өзімді көп салада байқап көріп, өміріме мән-мағына беретін жұмыс табу мақсатымен баспа ісін бастадым. Қазақ тілінде кітап таба алмай, туған тілге деген жанашырлықтан басталған идея бүгінде бизнес жобаға айналды. Мен үшін кәсібімнің өзіме және өзгелерге пайдалы болғаны өте маңызды. Қазір көп ізденіп, сүйікті ісімді тапқандай сезінемін.

Бір қарағанда оңай көрінгенімен, бұл — күрделі жұмыс. Шетелде жоғары бағаға ие болып, өзіміздің көңілімізден шыққан кітапты таңдау, оны қазақ тіліне аудару, басып шығарып, оқырманға таныстыру, қазақтілді аудиторияға шығарманың құндылығын жеткізу көп күш пен уақытты алады. Бір қызығы, осы процесс маған ләззат сыйлайды. Жанымды салып шығарған кітаптан оқырман жақсы әсер алса, бір жаңа дүние үйреніп, пайдасына жаратса деймін.

Динара Тілеубек


Advertisement


Мәдениет

Халықаралық өнер сайысында Тілектес Ақылбекұлы 1 орын иеленді

Published

on

Шетелден келген қазақ өнерпаздары Тараз жұртын өз өнерлерімен тәнті етті, деп хабарлайды KazNews.mn Отандастар қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2022 жылғы 11-12-тамыз күндері Тараз қаласындағы «Баласағұн» атындағы мәдениет сарайында «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі (бұдан әрі – Фестиваль) өтті. Фестивальға шетелдегі 8 елден келген өнерпаз қандастарымыз қатысты.

Фестиваль 11 тамызда жұмысын бастады. Бұл күні қолөнершілер бұйымдарын көрмеге орналастырды, одан бөлек барлық қатысушылар көне Тараз қаласының мәдени-тарихи жерлерімен танысып, Жамбыл облысының әкімінің қабылдауында болды.

12 тамызда қатысушылардың барлығы әр аталым бойынша күні бойы өнер көрсетті. Атап айтқанда, фестиваль аясында вокал-дәстүрлі ән айту, жыр мүшәйрасы, терме мен күй сайысы және қолөнер номинациялары бойынша 35 үміткер бақ сынасты. Айта кету керек бұл фестивльге қатысуға барлығы 140 үміткер тіркелді. Өнер фестиваліне Түркия, Иран, Монғолия, Қытай, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты мемлекеттерден өнерпаздар іріктелді.

Халықаралық өнер сайысының бас жүлдесін Ресейден келген қолөнерші Айнагүл Барамбаева (500 000 теңге және телевизор) иеленді.

Байқау жеңімпаздары:
І) Жамбыл атындағы “Терме мен Күй” номинациясы бойынша
І орынды (300 000 теңге) – термеші Жаңғар Мамбетназаров (Өзбекстан);
ІІ орын (200 000 теңге) – термеші Нұрсалиев Жанайдар (Ресей)
ІІІ орын (100 000 теңге) – күйші Байзуллаев Арман (Ресей)

ІІ) Роза Бағланова атындағы “Вокал, Дәстүрлі ән салу” аталымы бойынша
І орын (300 000 теңге)- Нұршат Зейіпхан, (Қытай)
ІІ орын (200 000 теңге)- Кдырова Инеш, (Украина)
ІІІ орын (100 000 теңге)- Рустам Русланов, (Қырғызстан)

ІІІ) Абай атындағы “Мүшәйра” аталымы бойынша
І орын (300 000 теңге) – Тілектес Ақылбекұлы, (Моңғолия)
ІІ орын (200 000 теңге)- Мырзатхан Танжира, (Моңғолия)
ІІІ орын (100 000 теңге) – Абдіқалиев Мейрамбек, (Өзбекстан)

ІV) “Қолөнер” аталымы бойынша
І орын (300 000 теңге) – Шалақ Қадифен, (Иран)
ІІ орын (200 000 теңге)- Ырыстанұлы Базар, (Түркия)
ІІІ орын (100 000 теңге) – Ханжарбай Сетерхан, (Моңғолия)

Одан бөлек Шерхан Мұртаза атындағы көрермен көзайымы онлайн дауыс беру бойынша термеші Дәурен Құралбек (Қытай елінен) сыйлыққа (400 000 теңге) ие болды.

Continue Reading

Мәдениет

KOBA & NY-ZA – NE BOLDY SAGAN

Published

on

KOBA & NY-ZA – NE BOLDY SAGAN

Continue Reading

Моңғолияда

Түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының үш кітабының тұсауы кесілді

Published

on

26 шілде, KAZNEWS. Бүгін Баян-Өлгий аймағының Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапханасында белгілі түркітанушы ғалым, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткішінің толық атласы» үш томдық еңбегі және «Керейлердің этникалық тарихы», «Тас кітаптың құпиясы» атты үш кітабының тұсауы кесілді.

Салтанатты іс-шараға аймақтық АӨХ-ның депутаты Мүпти Қабылұлы, тарихшы Қабсатор Омарұлы, Өмірбек Биқұмарұлы, ақын жазушы Рысбек Зұрғанбайұлы, Марат Бәкейұлы, Әбіжат Райханұлы, Сьезд Абайқызы, Аманжол Бәделұлы және өзге азаматтар қатысты. 

Орхон ескерткішінің толық атласы

Aтласта Моңғолия-Чехия, Моңғолия-Түркия (ТИКА), Моңғолия-Кеңес одағы біріккен экспедицияларының, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті экспедициясының материалдары, сондай-ақ әлем түріктанушыларының ғасырдан астам уақыт жүргізген зерттеулерінің қорытындысы пайдаланылған.

Атлас авторы байырғы түрік мәтіндерін қайта көшіріп, қайта оқыған, сондай-ақ бұрынғы зерттеушілердің қателері түзетілген, түпнұсқа мәтінінің жаңа транскрипциясы, жаңа аудармасы жасалған, жаңа түсініктемесі берілген; жартылай көшпелі дәуірдің тарихи-мәдени мұралары Атласта тегіс қарастырылып, олардың археологиялық сипаттамасы, фото, сызба суреттері тұңғыш рет толық берілген.

Атлас тілші, тарихшы, этнограф, археолог, философ, әдебиетші және мәдениеттанушы мамандарға, сондай-ақ студенттерге, магистранттарға, аспиранттарға, ізденушілерге арналған.

Керейлердің этникалық тарихы

Керейлердің этникалық тарихын зерттеу арқылы қазақ халқының тарихы ғасырлар тереңінен басталатынын дәлелдейді.

Монография тарихшыларға, студенттерге, магистранттар мен докторларға аспиранттарға, тарихты қызығып оқушыларға арналады. Бұл кітапты түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы мен қытайтанушы, тарихшы Жәнімхан Ошанұлы жазып, Қаржаубай Сартқожаұлының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында баспадан шыққан.

Тас кітаптың құпиясы

Еңбекте профессор, доктор Қаржаубай Сартқожаұлының көшпелілер мәдени құндылықтарына соңғы жылдары жасалған ғылыми мақалалары жинақталған. Оның ішінде: көшпелілер тарихы, дүниетанымы, идеологиялық құндылықтары, ру-тайпалық жүйе зерттелуімен қатар, тас бетіндегі ежелгі хунну жазулары және археологиялық қазба мұралардан табылған көне түркі мәтіндері.

Еңбек археолог, түркітанушы, тарихшы, әдебиетші, этнографтармен қатар жалпы көшпелілер тарихын қызықтаушы оқырмандарға арналған.


Түрколог ғалымның қысқаша өмірбаяны

Түріктанушы ғалым, доктор, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы 1947 жылы 22 наурызда Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген.

1973 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін бітірген. 1985–1988 жылдары Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасында оқыған. 1973–1975 жылдары Баян-Өлгий аймағында №10 мектепте ұстаз, 1975–1989 жылдары Моңғолия Ғылым академиясы Тарих институтының аға ғылыми қызметкері, 1989–1995 жылдары Түркі-Қазақ ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, директоры, 1995–1998 жылдары Баян-Өлгий аймағының Азаматтар Өкілдері Хуралы (аймақтық мәслихат) төрағасы, 1995–1998 жылдары Моңғолия Ғылым академиясы Түркі-Қазақ ғылыми орталығының директоры болған.

1990 жылғы сайлауда Халық Ұлы Хуралы депутатына сайланып, 1992 жылғы Моңғолияның Негізгі заңын бекітісуге ат салысқан. 

2001 жылдан Еуразия Ұлттық университетінің Эпиграфика және этнография зертханасының меңгерушісі.

Тарих ғылымының кандидаты, профессор. «Қош бол, апа!», «Қыранның қазасы», «Сәйгүліктер» атты көркем прозалық кітаптардың, 100-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы.

Continue Reading

Мәдениет

Төлеген Жапарұлының “Ай хой 25” атты ән кеші өтеді

Published

on

KAZNEWS. 20 шілде күні сағат 17:00 және 20:00 -де М.Құрманхан атындағы Музыкалы драма театрында Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің түлегі, Құрманғазы атындағы Қазақ Консерваториясының студенті Төлеген Жапарұлының “Ай хой 25” атты ән кеші өтеді.

Байланыс телефоны: 9999 9844, 9541 9441

Continue Reading

Басты назарда