Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін VI халықаралық Фараби оқулары «Фараби әлемі» «Ғылымдағы студент – болашақтың зияткерлік әлеуеті» атты XXXIV халықаралық студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми конференциясы болып өтті. Конференцияға Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында, сонымен бірге алыс және жақын шетел университтері мен академияларында оқитын студенттер өз ғылыми мақалаларын ұсынған. Атап айтар болсақ, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай Халық Республикасы, Ауғанстан, АҚШ, Марокко т.б. елдерден аталмыш жас ғалымдардың конференциясына қатысты.
Конференцияға қатысушылар әртүрлі тақырыпта мақалалар жазып, баяндама жасады. Мысалы, тарих, экономика, салт-дәстүр, тіл, әдебиет, мәдениет, дін т.б. тақрыптарда ғылыми еңбектерін көпшілік назарына ұсынды. Қазақстан Республикасы мен ТМД елдерінен қатысқан студенттер өз ғылыми еңбектерін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынса, шетелдік студенттер қазақ және орыс тілдерінде жазылған ғылыми мақалаларын ұйымдастырушылар алқасына жолдаған. Ғылыми конференция ұйымдастырушыларының атап өтерлігі де осы тұс. Себебі Қазақстан Республикасына келіп, бірнеше ай ғана тіл меңгеріп, сол оқыған санаулы уақыттың ішінде өзге тілде сөйлеудің өзі былай тұрсын, қазақша ғылыми, өз ойын пайымдай, өзектілігін айқындап көрсетіп, мақсаты мен мүддесін нақтылай көрсеткен жұмыс жазу оңай нәрсе емес. Стилі, мазмұны, мағынасы келісті келген, ғылыми жұмыстарға қойылатын талаптарға толығымен жауап бере алатын, өзінің өзектілігімен, тілінің жатықтығымен, ерекшелігімен ерекше атап өтерлік жұмыстар да жоқ емес.
Солардың бірі және бірегейі Оңтүстік Кореядан келіп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында қазақша меңгеріп жатқан Ли Джун Гэннің «Корей елі мен қазақ елінің ұлттық ою-өрнектері» деген мақаласы. Шетелдік студент өз жұмысында салыстыру, салғастыру, тарихи әдістерді пайдалана отырып, жұмысын жазып шыққан. Ғылыми мақала жаңалыққа толы әрі өзекті болып саналады. Тілі түсінікті, стиль әрі ой олқылығы байқалмайды, міндеті айқын. Осы тұстарын ескере келе, ұйымдастырушылар комитеті Ли Джун Гэнді 2-жүлделі орынға лайық деп тапты. Сонымен қатар Хонг юранның «Корей тіліндегі жаргон сөздер» деген еңбегін де атап өтпеске болмас. Қазіргі таңда қай тілде болмасын жаргон сөздердің бар екендігі тайға таңба басқандай анық. Студент мақаласында қазіргі кездегі корей тілінде кездесетін жаргон сөздерді тізіп, олардың мағынасын түсіндіріп, лингвистикалық талдау жасай білген. Аталмыш ғылыми мақала жүлделі орынға ие болмаса да, ерекше аталып өтілген жұмыстардың бірі болды.
Жас ғалымдар мен студенттердің халықаралық конференциясына қатысушы келесі студент, жапония мемлекеті Токио шет тілдер университетінен ауысу арқылы келіп, қазіргі кезде қара шаңырақ ҚазҰУ-нің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында қазақ тілін игеріп жүрген, парсы, өзбек, орыс тілдерін білетін жапон ХидеҺару Оно. Оның баяндамасы «Жас мықты мемлекет Қазақстан: тарих арқылы анализ» деп аталады. ХидеҺару Оно ғылыми мақаласында тарихи деректер келтіріп, сараптама жасап, ғылыми тұжырымдар ұсына білген. Стилі, тілі жатық, мазмұны өзекті, айтар ойы мен сүйенер негізі бар жұмыс болып саналады. Мұндай жұмысты небәрі 8 ай ішінде тілді жоғары деңгейде меңгеріп жазды дегенге адам сенгісіз. Себебі, ойы тиянақты, басы, аяғы, кіріспесі мен қорытындысы бар жұмыс жазу бірнеше айдың ішінде тіл үйреніп жатқан адамның қолынан келетін іс емес дерсіз. Дегенмен ХидеҺару өзіне жүктелген міндетті толығымен алып шықты, жетекші сенімін ақтады. Осы ерекшеліктерін ескере келе конференция ұйымдастырушылар алқасы және І секция модераторы Г.Ә. Мұсаева мен секция хатшысы Р.И. Дүйсенбаева секция бойынша 1-жүлделі орынға әбден лайық жұмыс деп танып, жұмысты жоғары бағалады.
Конференцияны ұйымдастырушылар алқасы студенттерге табыс, болашақтарына сәттілік тілеп, ғылым жолында еңбектерінің жана беруіне тілектестіктерін білдірді. Конференция соңында жүлделі орын алғандар мен студенттік халықаралық конференцияға қатысушыларға арнайы дипломдар табысталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шетелдіктердің тілдік және жалпы
білім беру дайындығы кафедрасының доценті,
филол.ғ.к. М.П. Ешимов, аға оқытушы С.Р. Нұртілеуова
филология магистрі Б.Д. Даутова