23 наурыз, KAZNEWS. Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга жарлық шығарып, Моңғолияның ең жоғарғы дәрежелі “Чингис хан” орденімен ғарышкер Жүгдэрдэмидийн Гүррагчааны марапаттады.
Жүгдэрдэмидийн Гүррагчаа 1947 жылы 5 қыркүйекте Булган аймағында дүниеге келген. Моңғолияның тұңғыш ғарышкері, әлемнің 101, Азияның екінші ғарышкері атанған.
40 жыл бұрын яғни 1981 жылдың 22 наурызында, Ұлыстың ұлы күні ғарышқа кеңес ғарышкері Владимир Жәнібеков пен моңғолдың қайсар ұлы Жүгдэрдэмидийн Гүррагчаа ғарышқа ұшқан. Содан бері қаншама рет Наурыз өтті, қаншама зымыран ұшты. Моңғол батырының ғарышты бағындырғанына бақандай 40 жыл өтіпті.
Бір жеті бойы аспан көгін шарлап келген Гүррагчааға Кеңес Одағының Батыры, Моңғол Халық Республикасының Батыры деген атақ, Сүхбаатар ордені, Ленин ордені берілген.
Генерал-майор шенінде Моңғолия әскери әуе күштерін басқарды, елінің тұңғыш ғарышкері, Қорғаныс министрі қызметін атқарды.