Жаңа есім
ГҮЛМАЙРА ӘКІМҚЫЗЫ: Өнімнің жетпіс пайызын тапсырыспен жасаймыз
Published
6 years agoon
Бұл жолғы жарияланым қонағы қолөнер кәсібімен нарықтан өз орнын сәтті тапқан тәуекелшіл, бастамашыл жас энтерпренер – «Асыл мұра» компаниясының негізін қалаушы Әкімқызы Гүлмайра.
2004 жылы Чой. Лувсанжав атындағы Лингвистика институтынан мәдениеттанушы мамандығын игеріп, 2013 жылы Ғылыми технологиялық университеттен дизайн-жобалаушы магистрі дәрежесін алды. Қазір Моңғолия мемлекеттік университетінде бизнестік басқару магистрін оқуда. Ол икемі мен дарынына сай қолөнерді кәсіп етіп, қазақ халқының ұлттық мұрасын еліміз бен шетелдерге танытуға үлес қосып, әлемге танымал компания құрды.
Мекен жайы: Моңғолия, Улаанбаатар қаласы
Сошиал парақшасы: Gulmaira Akim
Өмірде бір ғана сенің шындығың ғана шындық емес, сондықтан басқаларға да құрметпен қарау қажет.
Компанияңыз туралы баяндасаңыз?
Студент кезімде арт-дүкендер арқылы туристерге ескі түскиіз сатып жүрдім. Ескі түскиіз азайған соң жаңасын неге тігіп сатпасқа деген ой келді. Әрі бірдеңе істеу керек болды. Ойланбастан тура осы кәсіпті қолға алдым. Адамды жұмыстату үшін тәжірибе қажет екенін де ескермедім. Бәрін өзім істей беруге болатын болса да, қалалық жерде тұрғандықтан мұнда тұтынушылардың талабы мен талғамы өте жоғары болды. Жұмыстаушылар санын қосу нәтижесінде «Асыл мұра» компаниясын 2007 жылы жолдасым екеуіміз құрып, 2008 жылдың маусым айынан бастап, Налайх қалашығында үш, Өлгийде сегіз адамға кесте тіккізе бастадық. Кәсіпке төселген сайын ісіміз ілгері басты.
Қанша жұмысшыңыз бар?
Тігін өндірісімізде Налайхда 32 жұмысшы, Өлгийде 22 кестеші жұмыс орнында жұмыс атқарса, сексендей кестешімен келісімшарт арқылы бірлесе жұмыс атқарудамыз. Барлығы 130-дай адамдармен бірлесе қызмет жасаудамыз.
Өнімдеріңізді қайда сатасыздар?
Өнімнің жетпіс пайызын тапсырыспен жасаймыз. Ұлыбританиялық әріптестеріміз бар. Қырық пайызын солар алады. Одан кейінгісін ҚХР-дың ШҰАР-дың компаниясына өткіземіз. Еліміздегі ең үлкен сауда желісі «Номин» супермаркеттерінде, Баян-Өлгийде Памукалле ғимаратының екінші қабатында өнімдеріміз сатылады. Өндірістің басты қозғалтқышы – өнім сатып алушылар. Солардың арқасында жетістікке қол жеткізудеміз.
Жұмыс жүргізудегі әдіс –тәсіліңіз?
Осы саланы жетік білу үшін дизайнерлік магистр дәрежесін тәмамдап, кейін 2014 жылдан бастап, еліміз және шетелден 24-тей курстарға қатыстым. Кәсіппен айналысу барысында көп ізденіс пен білім қажет екенін түсіндім. Білмейтін нәрсем болса, білетіндерден сұрап алудан ұялмаймын.
Жұмысты қалай жоспарлайсыз? Жұмыс күніңіз қалай өтеді?
Таңғы 5-6 сағатта оянып, міндетті түрде 2 сағаттай фитнеспен айналысамын. Ісім алға басу үшін алдымен адамның денсаулығы мықты болу керек деп ойлаймын. Бұл ой Жапонияға барып келген соң туды. Ең кемінде 12 сағат жұмыста боламын. Өндіріс болғандықтан шешімді дер кезінде жедел қабылдау қажет. Сылбыр болуға болмайды. Менеджерлерді баулимын. Таңғы 8-9, кешкі 21-22 сағат арасында сол күнгі атқарылған және ертеңгі істелетін істерді сараптап отырамын. Жалпы өндіріс жүргізу – күрделі іс, әсіресе қолөнер шеберханасы. Сондықтан жұмыс барысын дәптерге белгілеп жазып қоямын. Телефонға, комьпютерге жазғым келмейді. Әр нәрсенің көкірегімде жазулы тұрғанын қалаймын. Айында үлкен бірнеше дәптер бітіремін. 4-5 дәптерді жанымнан тастамаймын. Осы тәсілді өзіме жеңіл санаймын. Жұмысшыларым бүгінгі жұмыстарын сапалы атқару үшін талпынса, мен компанияның келешегі үшін еңбек етемін. Уақытты тиымды пайдалану үшін бүгінгі жұмысты сапалы істеу арқылы келешектегі уақытты үнемдеу деген сияқты жұмыстың сапасына ерекше мән беремін.
Бизнесіңізде қандай кедергілер бар?
Бизнестің басты мақсаты мәселелерді шешу, оған тап болса, шығар жол іздеу. Тұтынушылар біздің өнімді неге алады, не алмайды дегенге қорытынды жасап отыру қажет. Оған қолмен кесте тігіп отырған қарапайым жұмысшының да еңбегі үйлесуі керек. Жүз кісі әрбір сатып алушы үшін еңбек етіп жатырмыз дегенді түсінген абзал. Сол тұрғыдан ойлағанда көп мәселелерге кездесіп жататын жайымыз бар. Мен проблеманы жетістікке жетудің баспалдағы деп ойлаймын. Проблема көп дегеніміз, істейтін жұмыс көп деген сөз.
Болашаққа жоспарыңыз?
Биылдан бастап, кестешілермен ақылдаса отырып, тұтынушылар үшін қалай жұмыстау керек деген тақырыпта курс өткізу, еңбек ететін ортасын жақсарту ойымда бар. Қолөнершілер орталығын туған жерімде орнатпақпын. Жерін алып қойғам, енді инфрақұрылымдардан бастап, іске қосуым қажет. Қазір туристер үшін ғана өнім өндірсек, келешекте Қазақстанға тек санаулы ғана дана экспортқа шығарылатын эксклюзив, сапалы заттарды шығару мақсатымыз бар. Келісімшартпен жұмыстаушыларды негізгі жұмысшы етсем деп ойлаймын. Заңның өмірге сәйкеспей жататын тұстары да бар. Басты арманым алдағы 3-5 жылда халықаралық дәрежедегі 500 әйел жұмыстайтын кәсіпорын ашу мен өндірістер желісін құру
Кестешілердің біліктілігі қандай?
Шеберлігіне қарай кестешілер бізде беске бөлінеді. Солардың мықтыларының еңбекақысын бір миллион төгрөгке жеткізу мақсатым бар. Олар келешекте «Асыл мұра»-дан қалған зат деп айтатындай жеке қолтаңбасы бар өнімдер шығарсам екен деймін.
«Курстарға барамын», «көп оқимын»,- дедіңіз. Бұдан көп ізденетініңіз байқалады. Дәл қазір қандай шығармалар немесе мақала оқып жатырсыз?
Уланбатырда тұратындықтан көбінде моңғол тіліндегі кітаптарды оқуға тура келеді. Соңғы жылдары қазақ кітаптарды жинақтап және оқып жүрмін. Өзім ғана оқып үйренбей, жұмысшыларды да оқытуға назар аударамын. Швейцарияның курстық оқыту және Жапонияның моңғол-жапон бизнес орталықтарымен бірлесе жұмыстаймыз. «Жайка» жобасы ауқымында жылында елімізден үш компания сыналтып алып, бағдарламаға қамтиды. Өткен жылы соған құжат өткізіп сыналтылып, қазір ай сайын бір жапондық ұстаз келіп, бізге сабақ үйретіп, мені де, жұмысшыларды да кәсіпке баулып, біліктілігімізді арттыруда. Жаман ұлт, жаман адам дегенге сенбеймін. Адамдардың барлығы да жақсы өмір сүруді қалайды. Шетелдіктерде адамтану жақсы дамыған. Олар адамдарды алаламай, қалай еңбек істетуді үйретеді. Соның нәтижесінде мына адам қалай өзі дегенді қойып, қалай жаратылса, солай қабылдап, тіл табысып, жұмыс жүргізетін болдым.
Сіз халыққа танылған әншісіз. Қазір өнер жолындасыз ба?
Мен әуесқой өнерпазбын. Кәсіби музыкалық мамандық алмадым. Қазір одан аздап алыстап барамын. Моңғолиядағы қазақтар ішінен алғаш рет «Ел көшкенде», «Туған жер» атты жеке үнтаспаларды шығардым.
Сөзі: Мұрат Бұшатайұлынікі; Әні: Бержан Файзоллаұлынікі
Одан кейін бізде өнерді қолдайтын адам керек деген оймен жеке бизнеске көштім. Қазір де сол ойымнан қайтқам жоқ. Өнерпаздарға наурыз кезінде барымды, киімдерімді ұсынамын, жастарға жолын табуға көмектесіп, бар ақыл кеңесімді беріп отырамын. Ұлтыма, өнерге деген махаббатымды жоғалтқан емеспін.
Қандай әндер тыңдайсыз?
Махаббат туралы әндерді тыңдауды ұнатамын. Бұрын махаббатты кітаби тұрғыда түсінсем, қазір ұғымым тереңдей бастады. Махаббат – сыйластық пен сезімнен тұрады. Өлең оқуды да жақсы көремін. Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова өлеңдерін оқимын.
Жұмыстан тыс уақытта қайда боласыз?
Негізі мен жұмысбасты әйелмін. Бірақ кофешоптарда көп отырамын. Адамдармен емен-жарқын әңгімелесуді жақсы көремін.
Кімнен, қайдан күш-қуат аласыз?
Ең алдымен, балаларымнан, отбасымнан күш-қуат жинаймын. Армандарыммен қанаттанамын. Үлкен жоспарлар құрудан қуат аламын. Жұмыс азайған сайын шаршауым көбейеді.
Бес жыл зиян шексең де, түпкі мақсатың жетістікке жету болу керек.
Өмірден алған ең құнды сабағыңыз?
Менің басты қағидам – «адамды адам еткен еңбек» деген сөз. Өткен жылы қыркүйекте Жапониядан жинақтаған тәжірибем арқылы адамдарға деген сүйіспеншілік, адамды құрметтеу, қандай жағдайда да түсіп берудің қаншалықты құнды екенін түсіндім. Басты мақсатым – өзім кетсем де артымда ұмытылмас мұра қалдыру. Туған жерде келгенде әсіре саясатшылдық пен көші-қонды көріп, кейде көңілің құлазып қалады. Сондықтан жақсы бір орта қалыптасса деп армандаймын. Жапониядан келген соң, қолға алсаң, болмайтын дүние жоқ деген түсінік қалыптасты. Өмірде бір ғана сенің шындығың ғана шындық емес, сондықтан басқаларға да құрметпен қарау қажет. Өзіңді құрметтесең, өзгені де құрметтеуді үйрен дегім келеді. Солай жасаған сайын адамға деген сүйіспеншілік артады. Жапондықтар ұзақ мерзімге жоспар құрып, өмір сүреді екен. Сол арқылы келешектегі игі істерді ойлап, күнделікті күйбеңді ұмытуға болатын сияқты. Ақша табу басты мақсат емес, басты мақсат құндылық пайда болғызу. Мысалы, бес жыл зиян шексең де, түпкі мақсатың жетістікке жету болу керек. Бизнес адамға қажет нәрсе өндіру үшін жасалады.
Несиесіз бизнес жүргізу мүмкін бе?
Мен несиені жауапкершілік деп көремін. Ал ақыл арқылы жауапкершілік саналады. Бизнес жасау арқылы ауқатты өмір сүруді қалауда еш терістік жоқ. Сол уақытты ерен еңбек, жоспармен ғана жақындатуға болады. Бізде басқаға жақсы жақсы көріну деген мәселе бар. Бар тапқан таянғанын көлік алуға жұмсайды. Бәрін құртатын нәрсе жас кезінен өзін жақсы, күшті деп айтқызуға құмарлық.
Б. Лхагвасүрэннің айтқан жақсы сөзі бар: “Үнсіз еңбектен, атқарған ісің сен үшін сөйлейді”.
Жетістікке жетудің құпиясы?
Идеясыз тақырып, тақырыпсыз идея болуы мүмкін емес. Бірақ оның барлығын жүзеге асыру үшін көп ақша шашу керек болады. Мен де әңгімешілмін. Соңғы екі жылда өндірісте көп сөйлеуді азайттым. Тыңдау арқылы да керекті жаңа идеялар туып жатады. Көбінесе, ер азаматтар бастамаған жұмысын ауызбен ғана бітіріп, жауып тастайды. Нәтиже уақытпен өлшенеді. Мың шақырым жүрген соң ғана ол жолда не көргеніңізді айта аласыз. Әр нәрсені қойын дәптеріңізге белгілеп отыру сізді жетістікке жетелейді. Ғалымдардың пайымдауынша, жазылған дүние адамның миында екі есе артық сақталады.
Бизнеспен айналысушы қазақ әйелдері өте аз. Жалпы олардың қандай салада бизнес жасау мүмкіндігі бар?
Бизнес әйел, еркек деп бөлінбейді. Дүниежүзілік әйелдер ұйымы әйелдер көп бизнеске келсе, әлемдегі көптеген мәселе шешіледі деген қорытынды шығарған. Өйткені ең алдымен әйелдер өзінен бұрын отбасы, бала-шағасының ойлайды. Сондықтан да олар әлеуметшіл. Ал ерлер болса, тек экономиканы айтып, қоғамды ұмытып кеткен. Не дамыды десек, көлік өндіру мен инжерения саласы. Нәтижесінде бүкіл дүние автоматтандырылып, өндірісте роботтар пайдаланыла бастады. Ғалымдар келешекте осылай жалғаса берсе, жұмыссыз адамдар күрт көбейеді деп отыр. Әйелдер еңбек етуші, отбасын асыраушы адамдарды ойласа, ерлер үшін кәсібі жүріп тұрса болғаны. Айырмасын өзіңіз ойлап көріңіз. Қытай ғұламасы Күнз «Дүниеде екі адам болады. Біреуі басқарушы, екіншісі – жұмысшы» деген. Ол әйел, еркек демеген. Еңбекшіл адамға ғана басқалар құрметпен қарайтын болады. Жетістік оңай келмейді. Сондықтан әлеуметтік мәселелерді шешу үшін әйелдер бизнеске көптеп келу қажет деп ойлаймын. Бірақ әйел, ер адам деп бөлгім келмейді. Дайын зат сатудан өндіріс бастаудың маңызы қоғамда өте зор. Өндіріс дамымай, ел дамымайды. Салық төлеу, адамдарды жұмысты болғызу арқылы біз ақша өндіретін боламыз.
Казньюстің осы жобасына келесі қонақ ретінде кімді ұсынасыз?
Шақырып қонақ қылғандарыңызға рақмет! Сіздерде іскер, мықты, жас кәсіпкерлер сұхбат бергенін білемін. Мен келесі сұхбатқа бірнеше стартап компанияны сәтті басқарып жүрген, энтерпренер, білімді аудармашы Райса Қадырқызын лайық деп ойлаймын.
Рақмет! Ісіңіз ілгерлей беруін тілейміз!
БӨЛІСУ:
You may like
-
Динислам Манарбекұлы: Дәмді кофе, мықты сервис. Бұл біздің басты қағидатымыз.
-
Тест: Наурыз туралы не білесіз?
-
Іскер азаматтар кімнен, неден күш қуат алады #kaznews
-
Бауыржан Бақыткерейұлы: Шынайы ниетіңмен тек ғана жақсылық ойла
-
Мүпти Қабылұлы – Ақылы дария халқымнан күш қуат аламын
-
Калифорния мемлекеттік унивеситетінің профессоры, доктор ТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ
Жаңа есім
Ерғұлан Озатұлы Малайзиядағы қызметі туралы айтып берді
Published
1 year agoon
November 3, 2023Бұған дейін Бруней Даруссаламда көпір салған Ерғұлан Озатұлы естеріңізде ма? Олай болса жас қазақ инженері қазіргі таңда Малайзияда қызмет атқарып жүр.
1993 жылы Баян-Өлгийде туған ол 2015 жылы ҚХР-дың Шан Донг өлкесі, Шинг Дао қаласының Шан Донг техникалық университетін геодезиялық инженер мамандығымен бітірген.
Улаанбаатар қаласында халықаралық әуежәй құрылысынан инженерлік жүйе бағытында геодезиялық инженер болып алғашқы жұмысын бастаған. Кейін кореялық инженерлердің ұсынысы бойынша Бруней Даруссалам еліндегі “Tambouring bridge” жобасында, Филиппинде “Skyway” жобасында жұмыстаған. Ол өзіні тәжірибесі мен қытай тілін білуінің нәтижесінде Қытайлық “China state construction” компаниясына жұмысқа тұрған.
Малайзиядағы қызметі
Малайзияда “East Cost Rail Link” деп аталатын жобада жұмыстап келемін. Бұл Малакка бұғазындағы Порт-Кланг пен Малайзия түбегінің солтүстік-шығысындағы Кота Бхару мен Шығыс жағалаудағы экономикалық аймақ мемлекеттерін байланыстыратын стандартты екі жолды теміржол байланысы инфрақұрылымының жобасы.
Теміржол инфрақұрылымының жобасы жолаушыларды да, жүктерді де Малайзия түбегінің батыс жағалауынан шығыс жағалауына және керісінше тасымалдайтын болады. Құрылыс 2017 жылдың тамыз айында басталған.
2018 жылдан Malaysia Rail Link компаниясы China State Construction Company компаниясына ECRL жобасының инжиниринг, сатып алу, құрылыс және пайдалануға беру келісімшарты орнатылған.
Бұл жобада Site manager болып қызмет атқарамын.
Малайзия туралы
Малайзия – Азия құрлығындағы ең көп ұлтты мемлекет. 28 миллион халқы бар бұл елде жергілікті малай халқынан бөлек қытай, үнді және тағы басқа этникалық топ өкілдері өмір сүреді.
Сондықтан, мұнда барлық туристі жатырқамай, құшақ жая қарсы алады. Малайзияда туризмнің дамығаны соншалық 2015 жылы бұл елге келген туристер саны 25 миллионнан асып, жергілікті халықтың санына жетуге жақындаған.
Туристер Малайзияны, соның ішінде астанасы Куала- Лумпурды Азия құрлығындағы Тайланд, Камбоджа, Сингапур, Филлипин аралдары мен Индонезияға өтер транзиттік қала санайды.
Ал, кейбіреулері Куала – Лумпурды Дубайға ұқсатып, бұл жерге тек шоппинг жасау үшін екі үш күнге ғана келеді. Малай елінде жылдың төрт мезгілінде де жаз маусымы. Ауа температурасының жылдық орташа көрсеткіші +25-28°C градустан төмен түспейді.
БӨЛІСУ:
Жаңа есім
Райса Ерланбекқызы 24 жасында “Relax trip” компаниясының негізін қалаған
Published
1 year agoon
June 30, 202330 маусым, KAZNEWS. Баян-Өлгий аймағының тумасы Райса Ерланбекқызы Халықаралық Қырғыз-Түрк “Манас” Университетін сәтті тәмамдап, алғаш рет “Manas award’s” жеңімпазы атанған. Бұл туралы Казньюс.мн тілшісіне айтып берді.
Райса Ерланбекқызы 1998 жылы Баян-Өлгий аймағы Булган сумынында дүниеге келген. Баян-Өлгийде жалпы білім беретін 2-ші мектепте және де Булган сумыны Ж.Какей атындағы мектебінде білім алып, оқу үздігі болып мектепті тәмәмдаған.
Мектеп қабырғасын аяқтаған соң сонау алыстағы Қырғыз еліне білім алуға сапар шегіп халықаралық Қырғыз-Түрік “Манас” Университетіне оқуға түсіп 2022-жылы “Халықаралық Синхрондық аудармашы” мамандығы бойынша білім алды.
Білім алу барысында білімге деген құштарлығы мен қатар қоғам белсендісі болып университет ішінде жүрілген “Халықаралық студенттік парламентінің” басшысы болып 5 жыл жұмыс атқарады.
Райса Ерланбекқызы университет үздігі деп танылып “Manas award’s” жеңімпазы атанады.
Университетте әр оқу жылы сайын ұйымдастырылатын “Manas award’s”атты университет үздіктерін анықтау сәтінде Райса Ерланбекқызы университет үздігі деп танылып “Manas award’s” жеңімпазы атанады.
Сондай-ақ, Райса 2022 жылы ТМД елдерінің (Ресей, Армения, Әзірбайжан, Беларусия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдава, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Грузия, Украйн) ең үздік 100 студентінің бірі болып абыроймен жоғарғы оқуын аяқтағанын айта кеткен жөн болар.
Қазіргі таңда Түркияның ірі “Touristalia” туркомпаниясының серіктесі атанып, Монғолиядағы бөлімшесінің меңгерушісі болумен қатар, 24 жасында өзінің жолдасы Ерғабыл Берікболмен бірге “Relax trip” компаниясының негізін қалаған.
“Relax trip” компаниясы Түркия, Дубай, Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Монғолия елдері арасында саяхатшыларға туристік қызмет көрсетуде.
Сонымен қатар, оқушыларға Монғолия, Қазақстан мемлекеттерінен Швецария, Түркия университеттеріне және Қырғыз мемлекетіндегі халықаралық Қырғыз-Түрк “Манас” Университетіне грант арқылы тегін оқуға мүмкіндік алуына себепші болуда.
Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі.
Райса қарындасымыздың елге деген жанашырлығы мен жастардың жанашыры болып жүргендігіне алғыс айтып, сәттілік тілейміз!
БӨЛІСУ:
Жаңа есім
Ерлан Асқарұлы – Рентген суреттін оқып диагноз шығара алатын робот жасап жатырмыз
Published
1 year agoon
June 27, 202327 маусым, KAZNEWS. Шетелде білім алған, дарынды қазақ жастарының технологиялық компания құрып, көшбасшы атанып жүргені жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Бүгін біз Казньюс ақпарат агенттігінің “Жаңа есім” жобасында Моңғолияда ақпараттық технология саласында топ жарып 2022 жылы «Цифрлық өнім конференциясы 2022» оқиғасынан «Үздік цифрлық өнім – мобильді қосымша» ретінде марапалған eClinic платформасының авторы “И Клиник” компаниясының негізін қалаушысы Ерлан Асқарұлы туралы қызықты ақпараттарды ұсынатын боламыз.
Ерлан Асқарұлы 2003 жылы Баян-Өлгий аймағындағы Бастама мектебін, 2007 жылы Ғылым, технология университетін програмист және электроник инженері қос мамандығы бойынша тәмамдап, 2014 жылы Жапонияда магистр дәрежесін қорғаған.
Мекенжайы: Моңғолия, Улаанбаатар қаласы
Қызметі: «И Клиник» компаниясының негізін қалаушы, Технология директоры CTO
Әлеуметтік парақшалары: @Erka Askhar
Програмист болуды бала күннен армандадыңыз ба?
Әке жолын қудым. Менің әкем Баян-Өлгий аймағында маңдай алды, бетке ұстар мықты, саңлақ инженерлердің бірі болды. Баян-Өлгий аймағының орталығы Өлгий қаласының сәнін келтіріп тұрған 360 метрлік радио антенасы тікелей әкемнің еңбектерінің бірі. Әкем көзі ашық, болашақты болжай алатын адам болғандықтан заманауи саланың яғни ақпараттық технология, цифрлық саланың инженері болуға бел будым. 2003 жылы Бастама мектебінен 10 – сыныпты тәмамдап конкурске түсіп математика пәнінен Баян-Өлгий аймағы бойынша 1-ші орынды иелендім. Әкем менің мықты инженер бола алатындай барлық мүмкіндікті жасап Програмист және Электроник инженер деген қос мамандық иесі болып Монғолияның Ғылым, технология университетін 2007 жылы тәмамдадым.
Университет бітірген соң шетелге шығу мүмкіндігі қалай болды?
2007 жылы университет бітірген соң Монголбанк (Ұлттық банк)-ның Ақпараттық қауіпсіздік департментінде алғаш мамандығым бойынша еңбек жолымды бастадым. Сонда жұмыстап жүрген кезде Индия [2009], Ұлы Британия [2010], АҚШ [2012] елдеріне барып мамандығым бойынша 1-3 aйлық курстарға қатысып білімімді жетілдіріп жүрдім. Дәл сол кезде міндетті түрде шетелде оқимын деп шешім шығарған болатынмын.
2011 жылдан бастап көптеген шәкірт ақылы бағдарлама, гранттарға материал тапсырып жүрдім. Алланың қалауымен 2012 жылы JICA -ның шәкірт ақысын ұтып алып, 2012-2014 жылдары аралығында Жапонияда магистратурада оқып білім алдым. Бұл кездері шетелдегі мүмкіндіктер мен Моңғолиядағы мүмкіндіктерді салыстырып, жеке кәсіппен айналысуға болатынын байқадым.
Кәсіпке алғашқы қадам қалай басталды? Eclinic платформасын құру идеясы қалай келді?
Eclinic платформасын құру идеясы жапонияда жүрген кезімде туындаған болатынмын. Содан бері жоспарлы түрде іске асырып келемін. Бірақ ешкімге жариялы түрде айтқан емеспін. Әр нәрсенің уақыты бар сияқты.
Міне платформамыз өз тұтынушылары бар үлкен платформаға, компаниямыз ойлаған межеден асып, қуатты компанияға айналды. 2022 жылдың сәуір айында “Eclinic” қосымшаның тұсаукесері өтті. Оған дейін “Eclinic health platform”-ны фундаментiне көп уақыт жұмсадық.
2022 жылы ұйымдастырылған «Цифрлық өнім конференциясы 2022» оқиғасынан «Үздік цифрлық өнім – мобильді қосымша» марапатын жеңіп алдық. Бұл марапат – тұтынушылардың уақытын үнемдегені, жұмысын жеңілдеткені, ақылды шешімдер ұсынғаны, денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділікті арттырғаны және мүлдем жаңа келбет қосқаны үшін берілген.
Жуықта ғана ақпараттық қауіпсіздікі басқару жүйесі бойынша халықаралық ISO 27001 стандартын еңгіздік.
Eclinic платформасының тұтынушылары кімдер?
Аты айтып тұрғандай бұл платформа медицина саласына арналған. Жалпы Моңғолия бойынша 400+ астам аурухана біздің платформаны қолданады. Улаанбаатардағы барлық клиника, лаборатория біздің тұтынушымыз. Әрине тұтынушыларымыздың арасында Баян-Өлгийдегі ауруханаларда бар.
Жуықта ғана ақпараттық қауіпсіздікі басқару жүйесі бойынша халықаралық ISO 27001 стандартын еңгіздік.
Компаниямызға ISO 27001 халықаралық стандартына сәйкестігікті анықтау, сертификаттау жұмыстарын Аустралиялық компания жүзеге асырды.
Eclinic платформасын азаматтар да қолдана алады. Қандай бір ауруханаға диагоз тапсырған болсаңыз тікелей біздің платформадан жауабын алуға болады.
Eclinic компаниясында қанша қызметкер жұмыс жасайды?
Біздің компанияда 40+ астам қызметкер жұмыс жасайды. Компаниямыздың ерекшелігі IT және медицина саласындағы қызметкерлер жұмыстайды. Компанияның “Call Center” орталығында 10 шақты операторлар таңертеңнен кешке дейн тұтынушылардың сұрағына жауап беріп, техникалық қолдау көрсетеді.
Жасанды интелект бағытында жаңалық ашу үшін рентген суреттін оқып диагноз шығара алатын робот жасап жатырмыз.
“Eclinic” медицина саласынан өзге қандай бағытта бақ сынап жатыр?
Клоуд компютинг (cloud computing), жасанды интелект (Artificial intelligence), блокчейн (Blockchain) қатарлы жаңа технология саласында да бақ сынап, жобалар жасаудамыз.
Моңғолияда науқас жайындағы медициналық ақпарат құпия сақталады. Сондықтан біз платформамызды Америкадағы серверге орната алмаймыз. Сондықтан елімізде біраз инвестиция жасап өзіміздің «private cloud» инфрастрактурамызды тұрғыздық.
Жасанды интелект бағытында жаңалық ашу үшін рентген суреттін оқып диагноз шығара алатын робот жасап жатырмыз.
Елімізде Fintech, Edutech бағыттары қарқынды даму үсінде. Біз MedTech саласын мықтап дамытатын боламыз!
Блокчейн технологиясын қандай мақсатта пайдаланасыздар?
Кейбір азаматтар базадағы даталарымызда пайдаланып койн шығармақ деп ойлап қалуы мүмкін. Блокчейн өте үлкен сала. Біз блокчейнге тек дата сақтаймыз. Блокчейнге сақталған датаны ешкім, ешқашан өзгерте алмайды. Біздің өзге технологиялық компаниялардан артықшылығымыз да осы болар.
Бұған дейін компанияның қандай жетістіктерге жеттіңіздер?
Голомт банкден, ICT групптан және аппликейш жөніндегі қауымдастықтан әр түрлі марапаттар алыппыз.
«Цифрлық өнім конференциясы 2022» оқиғасынан Eclinic платформасы «Үздік цифрлық өнім – мобильді қосымша» ретінде марапалғаны бізді жігерлендірді.
Жұмысты қалай жоспарлайсыз?
Office 365 платформасының «Planner» деген қосымшасын көп керектенемін. Сонда жұмыстарымды жоспарлап, қандай проект қалай істелініп жатқанын бақылап отырамын.
Ең көп қолданатын жұмыс құралыңыз, қолданбалы бағдарламаларыңыз қандай?
Көбінде жұмысыма «MS Teams», «Planner» керектенем. Үйден қашықтықтан жұмыстаған сәтте «Google Meet», «Zoom» ыңғайлы. Сосын «source code» менеджментін жасау үшін GitLab керектенемін.
Уақыт үнемдеудің ұтымды тәсілі не?
Уақытты тек бір нәрсені жүзеге асыруға тырысыңыз, себебі адамның сана-сезімі бір нәрсеге ғана шоғырландырылған жағдайда оның миы өнімдірек жұмыс жасайды деп ойлаймын. Уакытты үнемдеудің тағы бір жолы жоспарлаған жұмысты дәл уақытында істеу керек. Кейінге қалтыра берсең табысқа жетпейсің. Жұмыс сағатында жұмысты тиянақты істеп, үйге барып семияңа көңіл бөлу керек.
Кітап көп оқисыз ба? Дәл қазір қандай кітап немесе мақала оқудасыз?
Иа ағылшын, орыс, қазақ, монгол тілдерінде көп кітаптар оқимын. Дал қәзір жұмысыма қатысты әpі қызықты болған соң Peter Thiel-дің “Zero to One” [2014] оқып жатырмын.
Өмірден алған ең жақсы ғибратыңыз?
Менің бала кезімде қазіргідей интернет дамымаған заман ғой. Интернет атауы жаңадан келіп қосылып жатқан кез. Сол кезде әкем өз бетімен ағылшынша, сосын компьютер мамандығы туралы ақпараттарды интернеттен қарап, көп ізденіс жасап оқитын. Менде әкеммен қатарласып отырып кітап оқып ағылшынша оқып үйреніп отыратынмын. Маған әкем өмірде еш нәрсе дайын емес, адам өз еңбегімен жету керек дегенді өз іс әрекетімен, ғибратты үлгілерімен көрсетіп, өмірге деген көз қарасымды дұрыс қалыптастырды.
Жастарға қандай ақыл кеңес бересіз?
Шетелден оқу керек. Білім алу керек. Бірақ шетелде қалып жұмыстамай, өз еліне келіп, туған жердің дамуына үлесіңді қосып, еңбек ету керек деп ойлаймын. Мүмкіндік қай жерде де бар.
КАЗНЬЮС АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ
БӨЛІСУ:
Жаңа есім
Бегарыс Алданышұлы – Жас кәсіпкер құрылыс саласындағы озық технологияларды алып келуді қалайды
Published
2 years agoon
June 14, 202314 маусым, KAZNEWS. Баян-Өлгий аймағында құрылыс инженеринг саласының жаңа буыны қалыптасып келеді. Олардың бірі және бірегейі Happy Town деп аталатын тұрғын үй құрылысын салып ел арасында танымал болған жас кәсіпкер Бегарыс Алданышұлы екені белгілі.
Бегарыс Алданышұлы туған жерге ту тігіп, Өлгий қаласының өркендеуіне қалай үлес қосуға болатыны жайлы айтып берді.
Бегарыс инженер болуды бала кезінен армандаған. Улаанбаатар қаласындағы Ғылым технология мемлекеттік университетін құрылыс инженері мамандығы бойынша тәмамдаған. Алматы қаласында мамандығын жетілдіріп Құрылыс материалдарының инженері магистратурасын қорғаған. Алматы қаласында өмір сүрген уақытында бизнесті жүйелі түрде алып жүруге тәжірибе жинақтап, білімін жетілдіреді.
Оның құрылыс саласына қызығуға себепкер болуы Суруга компаниясымен тікелей байланысты. Аталмыш компаниядан жапониялық кайзен әдісін үйреніп өз компаниясына еңгізген.
Мекенжайы: Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы
Қызметі: «Мөстийн ундарга» компаниясының директоры
Әлеуметтік парақшаcы: Begaris Aldanish (FB)
Кәсіптегі алғашқы қадамыңыз қалай басталды?
Туған жерге ту тігу, аймақтың дамуына үлес қосу, халыққа қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында кәсіп ашып жұмыстап келеміз.
Көптеген бизнестермен айналысып келдім. Құрылыс саласына келуіме себепкер болған фактор ол жапонияның Суруга компаниясында жұмыстап жүргенде келген еді. Олардың көзқарасы, жұмысты атқару менежменті қатты ұнады. Кайзен әдісін компаниямызға еңгізіп жұмыстаудамыз.
Кайзен әдісі 5 негізгі элементтен тұрады: топтық жұмыс, жеке тәртіп, моральды жақсарту, сапа шеңберлері, жақсарту бойынша ұсыныстар.
Кәсіптегі серіктесіңіз кім?
Кәсіптегі серіктесім бала күнгі досым Заңғарұлы Жансері. Мамандығы экономист. Бұрыннан бірлесіп кәсіп бастайық деп жоспарлап жүретінбіз. 2021 жылдан бері бизнесте жолымыз бірікті деп айтуға болады.
Жұмыста серіктеспіз, жұмыстан тыс доспыз.
Қазір қандай жобамен айналысып жатырсыздар?
Мөстийн ундарга компаниясы өткен жылы бизнес класс бағытындағы Happy Town – 1 тұрғын үй жобасын 9 ай мерзімінде толық пайдаға бердік. Биыл яғни 2023 жылғы 20 наурыздан бастап жастарға арналған Happy Town – 2 тұрғын үй жобасын бастаған болатынбыз. 5 маусымда бетон жұмыстары толық аяқталды.
Шілде айының аяғында клиенттерімізге қолжетімді шағын тұрғын үй кешендері туралы жақсы жаңалықпен бөлісетін боламыз. Бұл біздің Happy Town – 3 жобасы екенін айта кеткенім жөн болар.
Сапалы әрі жылдам уақытта адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету басты мақсатымыз болып табылады.
Happy Town идеясының қалай келгені туралы айтып берсеңіз…
Әкемнің жолдасы Мүшелбай деген азамат Өлгий қаласына тұрғын үй құрылыстарын салған алғашқы адамдардың бірі. Маған құрылыс инженері болуыма бірден бір себепкер болған кісі – осы ағамыз еді. Өкініштісі 2011 жылы өмірден өтті. Ер азамат тұрғысынан ол кісі әкемнің жолдасы болса да, әкеммен бірдей. Құрылыспен айналысу сол кісінің маған артып кеткен аманаты шығар деп қарадым.
Екіншіден осы жобаларға бақ сынайық, құрылыс жұмыстарына тәуекел етіп бастайық деген Жансері досым болатын.
Happy Town – Бақыт мекені.
Атына заты сай орта қалыптастыру идеясы, басты ұстанымыз болды.
Жастар үшін Баян-Өлгийдегі басты мәселенің бірі – ол жұмыссыздық. Осының салдарынан жастар елімізден жырақ кетіп, Қазақстанда, Кореяда, АҚШ-та, Австралияда, Жапонияда нәпақасын тауып жүр. Осы мәселеге көзқарасыңыз қандай?
Қазір еліміздің экономикасы, аймақ экономикасы статистикалық көрсеткіштер бойынша жоғары көрсетеді. Бірақ ол тек қағаз бетінде ғана. Шынайы өмірде бөлек. Халық саны 100 мыңнан асқан аймақта жұмыссыздық деңгейі өте жоғары. Жұмыс орындарының тапшылығы себепкер. Бірақ та, қандай бір жұмыс жасаймын деген ниеті бар, ынтасы бар адамдарға мүмкіндік бар деп өз басым ойлаймын.
Ал, шетелге шығып жатқан азаматтарды теріске шығармаймын. Бірақ та, белгілі бір мақсаттармен барса. Сол жақтан қандай ноу-хау алып, туған жерге не істей аламын дегенді ойласа жақсы.
Қол сілтеп кетіп қалсақ, қара орман халыққа кім жұмыс орнын ашып, кім қаланы дамытады. Елге белгілі уақыттан кейін оралып, бизнесін ашып, өндірістерін салса нұр үстіне нұр болар еді.
Технологияның жетістіктерін алып келсе. Мысалы құрылыс саласында 10 сағаттық жұмысқа 10 адам жұмылдырылатын болса, оны қалай технологияны пайдалана отырып аз уақытта қалай нәтижелі аяқтауға болатынын еңгізу керек.
Баян-Өлгийді дамытушы күш не деп ойлайсыз?
Біріншіден, Ауыл шаруашылық саласы деп ойлаймын. Ет, сүт бағытында асыл тұқымды мал өсіруге болады.
Екіншіден, географикалық орналасуымыз. Ложистика арқылы туризм саласы дамиды. Қазір біздің ішкі туризмде оған керекті мәдениеті дұрыс қалыптаспаған. Қазақи паст-пут бар ма біз де? Жылдам дайындалатын тағам түрлерін таныстыру керек. Қазы қартадан басқа қандай тағам бар, заманауи бағытқа бейімделуіміз керек деп ойлаймын.
Даян бекеті ашылатын болса, жолы салынатын болса тараптар туризмге назар аударатыны белгілі. Цагааннуур еркін зонасына көрші мемлекеттің азаматтарын арнап казино ашып қоюға неге болмасқа.
Тұрғын үйге деген сұраныс қаншалықты?
Тұрғын үйде тұратын азаматтардың саны аймақ халқының 10 пайызына жетпей тұр. Өз деңгейіміз ше зерттеп көрсек, Өлгийде 1500-1600 отбасы пәтер үйде тұрса, социализм заманынан бері қарай 51 пәтер үй бой көтеріпті. Ал, қала орталығында 1400 хаус яғни 2 қабат үй бар екен. Бұл басқа аймақтармен салыстырғанда 10 есе көп деген сөз. Тұрғын үйге деген сұраныс көп. Адам өмір сүріп жатқан жерде сұраныс бар. Қалауына сай пәтер үйлер қаншалықты. Тұрғын үй құрылысын салған соң оның ауласы, тазалығы, балалар ойнайтын ойыншығы, автотұрағы болуы керек. Бұл талаптардан қаншасы мүдірмей өте алады? – деген сұрақтар туындайды.
Бізде де қателіктер болды. Келесі, келесі жобаларымызда жасыл ортаны қалыптастырып, қателіктерді ескеріп жұмыстап жатырмыз.
Орташа жұмыс күніңіз қалай?
Таңғы 8 де жұмысым басталады. Компанияның басқарма инженерлерімен жұмысты таңертең ақылдаспаймыз. Кешкі жұмыс аяқталған соң 10 минут ғана сөйлесеміз. Бір-бірімізге байланысты шұғыл шаруалар болса арнайы тақталарға жазып кетеміз. Мысалға Бекарысқа байланысты шаруаларды маған телефон соғып, мазалап, іздеудің қажеті жоқ. Тақталарға жазып қалдырса болды.
Ең көп қолданатын қолданбаңыз, бағдарламаңыз қандай?
MS Project бағдарламасымен жақсы жұмыстап жатырмыз. Өткенде барлық инженерлер сабағына қатысты.
Уақыт үнемдеудің ұтымды тәсілі не?
Құрылыс саласы көп ақша салынады да нәтижесін көп уақыттан кейін көретін болғандықтан уақытпен жарысып жұмыс істейміз. Кейбір азаматтар пайда көп көру үшін арзан материалдарды қолданып жатады. Біз сапалы, қымбат материалдарға жүгінеміз. Сондықтан біз ақшаны уақыт деп көреміз. 10 күн істейтін жұмысты 8 күнде істейтін болсақ, 8 күнде істейтін жұмысты 5 күнде істеп шыдасақ уақытты үнемдеу арқылы табысымыз артып жатыр деп түсінеміз. Техникаларымыз жақсы болу керек. 40 жұмысшы алып 2 күн жұмыстатқан қандай? Текника жұмыстатып, 20 жұмысшымен 1 күн жұмыстаған қандай?!
Атқарылатын істер тізімін қайда белгілеп, қалай жүргізесіз?
Тақтаға жазып қалдырамыз. Екі оффис жұмыстайды. Басшылық кеңсе, және инженерлердің кеңсесі. Инженердің кеңсесінде қандай материалдар қажет, қандай қызметтер қажет дегенді бір күн бұрын жазып қояды. Бізде диктатура жоқ, жауапкершілік жоғары.
Сіз нені істеуге шеберсіз?
Бізде көптеген компаниялар адамның энергиясын құртатын жұмыстарды механикалық әдіспен атқарып келеді. Мен осы адам күшімен атқарылатын жұмысты қалай жеңілдетуге болатыны тұралы көп ойланамын. Біраз тәжірибелер қалыптастырдым.
Сізге идея қалай келеді?
Жалғыз өзім отырғанда идея келеді. Көбінде Өлгий қаласының сыртына шығып, жаңа салынған жолмен бір айналып, Өлгий үшін не істеуге болады дегендерді ойлағанда жаңа идеялар келіп жатады. Компания құрамындағы бригадалардың жұмысын қалай жеңілдетемін деген сияқты.
Happy Town 2 – жобасының клиенттері кімдер?
Дәрігерлер, ұстаздар, кәсіпкерлер. 30 үйдің 90 пайызына тапсырыс қабылданды.
Бізде көршілер қауымдастығы деген бар. Көршілермен қарым-қатынастың жақсы болуына үндеп, сол бағытта да жұмыстар атқарып келеміз.
Жиі қойылатын сұрақтар?
Әрине көптеген сұрақтар қояды. Бетпе-бет сөйлесіп, істеліп жатқан жұмыстарды көрсетеміз. Ең бастысы пәтер үй жылы болуы керек. Қазір жылу кетсе де ең жылы пәтер үй біздікі.
Кімнен, неден күш қуат аласыз?
Табиғаттан жақсы күш қуат аламын. Көк аспан, асқар таулар рух береді.
Өмірден алған ең жақсы ғибратыңыз?
Әкем 12 жасымда өмірден қайтты. Әкем мені кәсіпке ерте тәрбиеледі. Түн болсын, күн болсын кәсіпке баулитын. Бұл кейін түсінгенімдей әкемнің берген тәрбиесі, маған осы күндері азық болуда.
Болашақта қандай істер атқаруды жоспарлап отырсыздар?
12 сұмынға пәтер үй салу. 50 эко хаус салуды жоспарлап отырмыз. Құрылыс саласындағы көшбасшы компанияға айналу.
Ең басты ұстанымыз тендерге араласпаймыз.
Жастарға қандай кеңес бересіз?
Мамандық таңдауда қателеспеу керек. Адам өз өзін тану керек. Мен не істей алам дегенге қарай мамандық таңдаса болашақ жарқын болады деп ойлаймын.
Өлгийдің болашағы жастардың қолында.
Сұхбатыңызға рахмет!
Казньюс ақпараттық агенттігі