KAZNEWS – Біріккен Араб Әмірліктерінде бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Жасөспірімдер арасындағы чемпионатта боксшыларымыз бір алтын, екі қола жүлде алды. Хилчин спорт клубының спортшысы Төгсжаргалын Номин-Эрдэнэ қыздар арасындағы сайыста 57 келі салмақта чемпион атанып, алтынды қоржынға салды.
Азия чемпионы атанған Т.Номин-Эрдэнэ – Хилчин спорт клубының бапкері Еркін Жамантайұлының шәкірті екенін мақтанышпен айта аламыз.
-Шәкіртіңіз Азия чемпионы атанды. Құтты болсын! Жарысқа қалай қатысып қайттыңыздар?
Біріккен Араб Әмірліктерінде бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына 26 мемлекеттен 239 жасөспірім боксшылар бақтарын сынады. Елімізден қыздар арасындағы бәсекеге төрт, ұлдар арасындағы бәсекеге жеті спортшы қатысты. Спортшылар мен бірге бапкерлер құрамында Г.Ганхуяг, С.Дашбурмаа, Д.Баасандорж, Э.Ундрам және мен болдым. Боксшыларымыз бір алтын, екі қола жүлде жеңіп алды. Бұл жолғы чемпионатқа менің шәкіртім Т.Номин-Эрдэнэ сәтті қатысты. Біз Арабияға, чемпионатқа жеңімпаз боламыз деген мақсатпен барғанбыз. Алға қойған мақсатымыз орындалды. Қыздар арасындағы бәсекеде 57 келі салмақта Т.Номин-Эрдэнэ жартылай финалда Қазақстандық Анар Турсынбекті 5:0 есебімен, финалда ҚХР-ның боксшысы Лиянды 4:1 есебімен ұтты. Бұл салмақта Азия құрлығындағы бокс өнері қарқынды дамыған ҚХР, Қазақстан, Үндістан, Тайвандық спортшылар болған.
-Азия чемпионы атанған шәкіртіңіз туралы айтып берсеңіз?
Төгсжаргалын Номин-Эрдэнэ 2016 жылдан бері менің жаттығуыма қатысып келеді. Алғаш 13 жасында «Олимпиадаға барар жол» жарысынан екі алтын медаль алған. Кейін жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында екі рет жеңімпаз атанды. Қазақстан Республикасында өткен халықаралық жарыстарға қатысып екі алтын, бір күміс жүлде, Ресейде өткен халықаралық жарыстан қола жүлде, ҚХР-да өткен халықаралық жарыстан күміс жүлде жеңіп алған. Сондай-ақ көптеген жарыстардан алтын, күміс жүлдесін алып жүр. Номин-Эрдэнэ жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында чемпион атанған Моңғолияның қыздар арасындағы алғашқы спортшы атанып отыр. Ол спортты құрметтейді. Еңбекқор, бапкердің айтқан ақылын бұлжытпай орындайтын қайсар қыз. Шәкіртіме олимпиада, әлем чемпионатының рингісінде Моңғол елінің туын желбірететін, мықты боксшы болады дегенге сеніммен қараймын.
Алғаш рет үйірме ашқан кезімде 5-6 бала ғана жиналған болатын. Ішімнен «мен бапкер бола аламын ба?» – деп өзіме сұрақтар қойып, күдіктенген кездерім де болған. Кешікпей бапкерлік жұмысыма бел шешіп кірген соң, ертеңгі жаттығу тез болса ғой деп күтетін болдым. Жаттығудан босамай жүріп, үй шаруасын да ұмытамыз. Отбасымның қолдауының арқасында бұл жұмысыма өте жауапкершілікпен қараймын. Менің жетістігіме сүйікті жарымның да еңбегі бар деп ойлаймын. Демалыс күндері шәкірттерімнің «Мұғалім сіздердің үйлеріңізге барайық» дегендерін үйге ертіп келемін. Үйге келгенде әйелім дәмді тағамдарын дайындап күтіп алады. Барлық қолдауы үшін әйеліме ризамын.
Шәкірттерімнің жетістігі маған күш қуат сыйлайды. Моңғолия бокс тарихында алғаш рет менің шәкіртім Т.Номин-Эрдэнэ жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты атанып отыр. Алда үйренетін жұмыстарымыз көп. Тек ғана еңбектенуіміз керек.
Шетелге жарыстарға бару үшін өз қалтамыздан қаражат шығаратынымызды жасырып қайтеміз. Мініп жүрген көлігімізге дейін кепілге қойып қарыз алып тұрдық. Осылай жүретін бапкер тек мен ғана емеспін ғой. Барлық бапкерлерден кездестіруге болады.
-Биылғы жаттығу жұмыстарыңыз қалай өтіп жатыр?
Еліміздегі жаттығу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз. Сонымен қатар биыл жазда Қазақстанға барып жаттығу жұмыстарына қатысып қайттық. Шәкірттерімді ертіп, өзім Алфард машинамның тізгінін ұстап Алматы қаласына барып қыздар құрамасымен бірге 14 күн біріккен жаттығу жасадық.
Сонымен қатар, сол жерде ұйымдастырылған халықаралық жарыстарға қатысып қайттық. Көптеген тәжірибе жинақтадық.
Бұл жерде, мені үнемі қолдап жүретін басшыларға, коллективке алғысым шексіз екенін айтқым келеді.
62 елдің үздік спортшылары қатысқан Астанада өткен чемпионатта Mr.olimpia amateur qualifier Astana IFBB PRO 2023 сайысында (Mensphysique Novice категориясында) алтын медалды Моңғолия елінде тұратын Еркебұлан Байытұлы атты спортшы қандасымыз жеңіп алды.
Сонымен қатар осы спорттың Mensphysique Open Class D түрінен қола медалды тағы қанжығасына байлаған. Бұл туралы үздік спортшының Моңғолияда тұратын әкесі ақын Байыт Қабанұлы хабарлады.
Жазба авторы бұл Астана қаласында болып жатқан әлемдік деңгейдегі аса беделді спорттық шара екенін айтады.
Ақын Байыт Қабанұлы баласының Астанаға барғанда алдынан күтіп алып, үйіне жатқызып, барлық жағдайын жасаған Ұларбек Дәлейұлына және оның отбасына ризашылығын білдірген.
27 қыркүйек, KAZNEWS. Моңғолиялық боксшы Бекнұр Қалиұлы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарын жеңіспен бастады.
Моңғолия құрама сапында +92 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Бекнұр Қали командаластары арасынан алғашқы болып рингке Непал спортшысы Дувади Ашишпен жұдырықтасты.
Өз спорттық жолында алғаш рет ірі жарыста ел намысын қорғап жатқан Бекнұр Қали 3:1 есебімен жеңіске жетті.
19-шы Азия ойындарында жеңіл атлетикададан 400м және 800м қашықтыққа жүгіру, ерлер арасындағы 4х100 м эстафета бойынша жүгіру сайысына Жандос Нарауұлы қатысуда.
Сонымен қатар баскетболдан қыздар арасындағы сайыста Бұлбұл Мұратқызы бақ сынауда. Баскетбол командасы 27 қыркүйекте алғашқы кездесуін Қытай құрамасына қарсы өткізіп, ұтылып қалды. Екінші кездесуін 29 күні Үндістан, үшінші кездесуін 1 қазан күні Индонезия құрамасына қарсы ойнайды.
Естеріңізге салсақ Моңғолия спортшылары 19-шы Азия ойындарында бүгінге дейін 6 медаль иеленуде. Ел қоржынында 2 күміс, 4 қола бар. Биылғы Азия ойындарына 410 спортшы бақ сынауда.
Моңғолия 1974 жылдан бері Азия ойындарынан барлығы 161 медаль жеңіп алса, олардың 24-і алтын, 46-сы күміс, 91-і қола медаль.
03 қыркүйек, KAZNEWS. Баян-Өлгий аймағының “Тас түлек” клубының палуаны Батырбек Шәрівұлы Өвөрхангай аймағында ұйымдастырған мемлекеттік “гарьд” дәрежелі палуан Ц.Бямба-Отгонға құрмет көрсетуге арналған сайыста жасөспірімдер арасында топ жарып, бірінші орын иеленді.
Батырбек Шәрівұлы 16 жаста. Сұмындық піл дәрежелі палуан атағы бар. Батырбек бұған дейін Завхан аймағы орнауының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған мерей тойда жасөспірімдер арасында топ жарған болатын.
29 тамыз, KAZNEWS. Баян-Өлгий аймағының Футбол федерациясының бас демеушісі ретінде Turan World компаниясы жұмыстайды.
Бұл туралы ақпарат Turan World компаниясының директоры Ерболат Әшікұлы мен аймақтық Футбол федерациясының басшысы Ертай Оралұлы арасындағы кездесуден кейін белгілі болды.
Тараптар 5 жылдық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған.
Келісім шарт аясында аймақтық футбол құрамасының киімдері толығымен жаңартылып, жарыстарға қатысу үшін қаржылай қолдау көрсетіліп тұрады.