Connect with us

Жаңа есім

Дәуренгүл Ғалымбекқызы – Шетелде білім алу және халықаралық ұйымдарда қызмет атқару жайында

Published

on

22 сәуір, Kaznews. Университет табалдырығын 15 жасында аттап, 19 жасында шетелдік жоғарғы оқу орындарына магистрантураға түскен Дәуренгүл Ғалымбекқызы жайлы білеміз бе?

Дәуренгүл Ғалымбекқызы, туған жылы 1982, туған жері – Моңғолия Хэнтий аймағы. Хэнтий аймағының жалпы білім беретін орта мектебінің түлегі. Ауыл шаруашылық университетін Агро-экономика мамандығы мен Моңғолия Ұлттық университетін Заңгер мамандығымен тәмамдаған. Германияның Фрайсинг қаласында орналасқан Вайнштефан Университетінен Іскерлік басқару магистрі (МВА) дәрежесін алған. JICA, UNDP, UNFPA, USAID және The Asia Foundation халықаралық ұйымдарда қызмет атқарған.

«Мариса Киндер» компаниясының директоры. @daurengul

Өзі және отбасы туралы

Менің руым Жантекей-Базарқұл (Елеш сәуегейдің тұқымы) Ғалымбекқызы Дәуренгүл боламын. Нағашы жұртым Молқы(Қошақ). Ата-анам Бұлғынның тумалары. Жұбайым Мұхит Ромұлы. Мамандығы Заңгер, Моңғолияның Конституциялық сот (Конституцияның үстінен қарауды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган), Басқару академиясында қызмет атқарады.

Мамандық таңдау жөнінде

Ата-анам ауылшаруашылығы саласында бизнес жасайтын. Ата-анамның нұсқауы бойынша Ауылшаруашылық университетіне түстім. Сонымен қатар Моңғолия Ұлттық университетінен Заңгер мамандығын оқып әке аманатын орындап ойдағыдай тәмамдадым.

Әкеміз менi бірінші курске келген жылы дүниеден өтіп, отбасымыздың жағдайына ауыртпашылық түсті. 0-15 жасар алты баланы тәрбиелеп бағу міндет анамызға жүктелді. Мен үйдің үлкені болғандықтан жақсы оқуым керек екенін түсініп, бірнеше шетелдік оқу гранттарына сынақ тапсырдым.

Шетелге оқу гранттары жөнінде

1998 жылы Венгрия мен Жапония тарапынан жариялаған екі грантқа сынақ тапсырдым. Жеңіп алдым. Бірақ ай сайынғы шығындар 100 пайыз грант есебінен төленбейтін болған соң одан бас тарттым.

2000 жылы Ауыл шаруашылық университетіміз Германия Федератив Республикасының Бавария елімен ауыл шаруашылық жөнінде ынтымақтастық жасаcып, алғашқы жылы 20 студентке неміс тілі үйретілетін болды. Әр факультеттен оқу үлгерімі жақсы бес бала таңдалып алынған кезде бағым жанып солардың қатарында болдым. Бакалавр алған студенттер шетелге магистрге түсуге болады деген соң диплом жазып, оны қорғап 2001 жылы, 3 жыл жарым мерзімде Ауыл шаруашылық университетті бітірдім.

19 жасқа жетер жетпестен Германияның жоғарғы оқу орынына оқуды бастадым.

Германияда оқыған кездегі виза, баспана, ай сайынғы шығындар туралы

Бәрі грант есебінен төленді. Бавария Үкiметi 100 пайыз грантын 10 ай бердi. Сонан DAAD халықаралық ұйымының стипендиясын 12 ай бойы алдым. Стипендия алу үшін біраз сынақ тапсырдым. Және оқу бітірген соң 6 ай бойы айлық алып университетке келесі келген Моңғолия студенттеріне Ассистент мұғалім болып қызмет атқардым.

«Алма піс аузыма түс» демей үнемі іздену үстінде, кәсіби тұрғыда жетілу жолында еңбектендім деп айтуға болады.

40 сағаттық шаруаны бір күнде үлгеретін шеберлікті қалыптастырдым. 

Неміс халқынан үйренген үлгі-өнеге, олардың пайдасы

Сағат ұстауды, күнделік шаруаны пландауды және жауапкершілікті үйрендім. 40 сағаттық шаруаны бір күнде үлгеретін шеберлікті қалыптастырдым. Олар әр шаруасын секундге бөліп жоспарлайды. Ғажап. 🙂 Өміріме көптеген пайдасын әкелді деуге болады.

Жұмысқа орналасуы жайында

Елге оралған соң тек тіл білудің пайдасы мамандығымнан кем түспейтіндей менің еңсемді көтерді. Артқы есікпен, тамыр таныспен жұмысқа тұратын кезде маған жұмыс орын өзі табылып тұрды.

Алғаш Ауылшаруашылық университеттен жұмыс орын берді. Бірақ айлығы аз. Бес бауырымның оқуына көмектесуім керек. Сондықтан үкіметтік емес айлығы жоғары ұйымдарға анкета толтырып бергенімде JICA Халықаралық ұйымы жұмысқа қабылдады. Мұнда фермер құру және малдың өнімін арттыру мақсатындағы екі жобада жұмыстадым.

Кейін UNDP, UNFPA, USAID, The Asia Foundation, MSF сияқты халықаралық ұйымдарда гуманитарлық (жастарды дамыту, жендер, лидершип), медицина (туберкулез), білім (civil education, ecological education), заң (коррупция), экономика (банк) саласында қызмет атқардым.

Қазіргі қызметі

2004 жылдан бері Ауылшаруашылық университетінің студенттеріне неміс тілін үйретуді бастадық. Бұл жұмыстың мақсаты өзімнің магистр бітірген Вайнштефан Университетіне студенттерді магистр оқуына жіберу. Жыл сайын 20 студентті дайындаймыз. Олардан 5-і магистр, 15-і практика істеуге барады.

Қазір пандемияға байланысты қызметіміз онлайн режимде жүрілуде. Балалардың біліміне үлес қосу үшін 2019 жылдан еуропа стандарты бойынша «Мариса» деп аталатын оқу орталығын, неміс тілін үйрететін «Шатц Шпрахцентрум» орталығын жұмыстатып келеміз.

Партнерім бар. Ол Ph.D Б.Нямгэрэл ханым. Ынтымақтастығымыз 17 жылға жалғасып келеді.

Адамға білім беру дегенің ерекше ақ жолды жұмыс деп ойлаймын.

Жастарға берер кеңесі

Бұл сәтте Абай атамыз «Адам болам десеңіз, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз…» -деп айтып кетті.

Ал, шәкірттерім арасында бірде-бір қазақ студенті жоқ. Оларға айтарым бойды бекер босқа салмаңдар дегім келеді. Уақытты құр өткізбей ізденісте болса, өмірге деген планды кеңінен жасаса мүмкіндіктер толып жатыр.

Жастар шетелде оқуға көп қаражат кетеді деп ойлайтын шығар. Бірақ Германияда оқу ақылы емес мысалы. Ағылшын тілінен өзге неміс тілінде үйренсе деген тілегім бар.

Визамен еуропаның 37 еліне баруға болса, неміс тілімен жоқ дегенде 9 елде сөйлеуге болады.

Қазақылықты сақтаған

Ата-анам ресейде білім алған. Қазағы аз өлкеде туып өссек те үйде тек ғана қазақша сөйлеуімізді талап ететін. Өзге тілде сөйлесек штраф алатынбыз. Анамыз үнемі қазақша кітап оқып, жазу үйрететін. Қазақтың ұлы сөзі “Еңкейгенге еңкей, Атаңның қара құлы емес. Шалқайғанға шалқай, Пайғамбардың ұлы емес.” – дегенді тек ғана кішпейілдік сыйластық емес “өзіңді өзің бағалай біл” деген мағынада түсінемін.

Казньюс ақпарат агенттігі

Advertisement


Жаңа есім

Жаннұр Көпжасарқызы: Кәсіби деңгейге шығу үшін адам өзін толықтай шахматқа арнау керек

Published

on

12 қаңтар, KAZNEWS. Жаннұр Көпжасарқызы – шахматшы. @miss.betten. Баян-Өлгий аймағында туып өскен. Моңғолия Ұлттық университетінің түлегі. Университетті Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша 2019 жылы тәмамдаған. Кішкентайынан бастап шахмат ойнай бастаған ол «Europe echecs» деп аталатын әлемнің ең үздік шахматшыларын қамтитын үлкен дәрежедегі блиц сайысында жеңімпаз атанды.

Шахмат ойнауыма “әкем” ықпал етті.

Жаннұр, Өзіңіз туралы айтып беріңізші. Шахматқа қалай келдіңіз? Алғашқы жаттықтырушыңыз кім болды?

Есімім Жаннұр Көпжасарқызы. Кішкентай кезімнен бері шахмат сайыстарына қатысып өстім. Басты ықпал еткен адам “әкем”, ол кісінің шахматқа деген қызығушылығы өте зор, шахматты сүйіп ойнайды; ойындарын көріп жүріп қызығушылығым артты. Ең алғашқы жаттықтырушыларым Құрманбай және Ғажайып ағалар болды. Қазіргі таңда, Дүниежүзілік Шахмат федерациясының жаттықтырушысы мен жұмыс жасаймын.

Шахматтан «Europe Echecs» клубы ұйымдастырған халықаралық турнирдің жеңімпазы атандыңыз. Сондағы ойынға қандай баға берер едіңіз?

«Europe echecs » әлемнің ең үздік шахматшыларын қамтитын үлкен дәрежедегі блиц сайыстарының бірі.

Шахмат адам психологиясына тығыз байланысты спорт. Алғашқы ойында Даулетова Гүлмира деген Қазақстандық гроссмейстер мен кездесіп жеңдім. Бірінші ойыннан кейін өзіме үлкен сенім пайда болды. Арықарай қалған ойындарды жалғастырып FIDE 1600 дейінгі ойыншылар арасынан бірінші орын иелендім.

Кез келген адам мықты шахматшы бола ала ма? Әлде бұл адамның геніне, қабілетіне байланысты ма?

Менің жеке ойым, қабілетке тікелей байланысты бірақ кәсіби деңгейге шығу үшін адам өзін толықтай шахматқа арнау керек. Өзінің мүмкіндіктерін толық пайдалана алмаса, кез келген адам мықты шахматшы бола алмайды. Шахмат спортын оңай деп айта алмаймын. 

Қазіргі таңда Баян-Өлгийлік жастар шахматқа қандай көзқараспен қарайды? Жалпы Баян-Өлгий шахмат спорты жөнінен елімізде нешінші орында тұр?

Қазіргі таңда жалпылай әлем бойынша « Queens Gambit » деген фильм арқылы шахмат өте кең танылды және де жастардың қызығушылығы қай қай жерде күн санап артып келеді.

Біздің аймақтан шыққан мықты шахматшылар көп. Қазір белсенді ойнап жүрген жас шахматшылардан: Мирас, Ахмет-Әли, Айғаным, Айсауле, Еркеқұлан, Берікбол қатарлы шахматшылар бұл спорттың биік тұғырынан көріну үшін еңбек етіп келеді. 

Ал, аймағымыз шахматтан елімізде жоғары орындарда емес, шахматшылар саны аз.

Шахматқа күнделікті неше сағат арнайсыз?

Жұмыс режимге және де жеке құндылыққа байланысты өзгеріп отырады. Қазіргі таңда кем дегенде 6-8 сағат арнаймын.

Шахмат таза Математика. 

Шахматты жақсы ойнайтындар әдетте, есеп шығаруға да жүйрік келеді. Солай ма?

Шахмат таза Математика. Шахмат ойнайтын кез келген адамның ойлау қабілеті жоғары келеді.

Жақында аймақтық Шахмат федерациясы тарапынан «Жыл үздігі» атандыңыз. Қуаныштысыз ба?

Әрине, ризамын. Менің әр жетістігімді марапаттап мақтап қолдау көрсетіп жүрген барша адамдарға алғысым шексіз.

Басты арманыңыз не?

Басты арманым, аймағымыздың мәртебесін асырып елімізден жүлделі орындарға жету және де әлемдік белестерді бағындыру.

Сіздердің ұжымдарыңызға мың алғыс! Істеріңіз ілгері болсын!

KAZNEWS AGENCY

Continue Reading

Жаңа есім

Казньюс: Өмірбек Қабайұлының Баян-Өлгий аймағы радиосына берген сұхбаты

Published

on

09 қаңтар, KAZNEWS. Казньюс ақпарат агенттігінің құрылтайшысы Өмірбек Қабайұлының Баян-Өлгий аймағы Радиосының тілшісі Айбота Әлиханқызына берген сұхбатын ұсынамыз. 

Сұхбаттан Казньюс ақпарат агенттігінің жетістіктері жөнінде, Шетелдегі қазақ тілді БАҚ туралы, Баян-Өлгий аймағының тарихи жылнамасы, сайт жасау жұмыстары, туған өлкесі Ақкөл қалашығының 90 жылдық мерей тойына жолдаған құттықтауы қатарлы ақпараттарды тыңдайтын боласыздар.

Continue Reading

Жаңа есім

Бауыржан Дәлелұлы: Аймағымыз халқы қосалқы вакцинаға қамтылу ісінде белсенділік танытуы қажет

Published

on

05 қаңтар, KAZNEWS – Баян-Өлгий аймағы биылғы жылды қалай қорытындылады? Пандемия аймақ экономикасына қалай әсер етті? Барыс жылында қандай жобалар атқарылады? Аймақ әкімінің жұмыс тәсілі қандай? Оқырман қауымға жан-жақты ақпарат беру мақсатында Баян-Өлгий аймағының әкімі Бауыржан Дәлелұлымен жылдың алғашқы сұхбатын құрдық.

Жұмыс кестеңіздің тығыздығына қарамастан өтінішімізді жерге қалдырмай уақытыңызды бөліп сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Бұған дейін Баян-Өлгий аймағының Азаматтар Өкілдері Хуралы (мәслихат) төрағасы қызметін атқарғаныңызды халық біледі. Аймақ әкімі болған сәтте қандай әсерде болдыңыз?

Менің ойымша әкім болу – халықтың құлы болу деген сөз. Маңдайыңнан сипап, жолыңа үмітпен қарап сенім жүктеген халқыңның тауқыметін көтеру мен үшін «бақытты құлдық». Әрбір азамат ат жалын тартып мінген соң халқыма еліме қызмет қылсам пайдам тисе деп ойлайтыны табиғи заңдылық.

Жұмыр басты пенде ретінде мен де солай ойлайтынмын. Аймақ әкімі болып тағайындалған сәттен бастап халқым маған елге қызмет ететін орай берді деген үлкен жауапкершілік жүрегімнен орын алды. Ендігі мақсат халықтың қалауынан тауып, соған сай ел-жұрттың көңілінен шыға алатын, олардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін көтеруге септігі тиетін шешімдер қабылдап, оны нақты істермен атқарып шығу болмақ.

Әкім бол халқыңа жақын бол деп халқым қарап отыр.

Жұмысыңыздың ерекшелігі неде? Сіздің жұмыс тәсіліңіз қандай?

Қашанда өзімді жетілдіріп отыруға, қоғамдық өмір көшінен қалып қоймауға, бір орында тұрып қалмауға ұмтылып келемін.

Әкім бол халқыңа жақын бол деп халқым қарап отыр. Аймағымыздың 108 мың халқының тағдыр тауқыметі белгілі бір дәрежеде әкімнің іс қызметіне келіп тіреледі. Аймағымызда шешімін күткен қордаланған мәселелер шаш етектен.

Жастар арасындағы жұмыссыздық, аймағымыздың білім сапасы «ешкім таласпайтын» орыннан жылжымай қоюуы, аймағымыздың өркенін алға жетелейтін өндірістік кешендерге қол жеткізе алмай келе жатқанымыз мені тұрақты мазалайды. Аймағымызда болып жатқан оқиғаларға тікелей жауапты ретінде ковид індетін тежеу, зардабын жеңілдету, азаматтарға мемлекеттік даяшылықты жедел әрі әділетті жеткізу, малдың жұқпалы ауруларының алдын алу, таратпау шарасын қолдану, қыс әзірлігін ұтымды ұйымдастыру қатарлы жұмыстардың бір де бірі әкімді соқпай кетпейді.

Әкім қызметінің тағы бір ерекшелігі саяси қызмет ретінде аумақтардан сайланып келген Азаматтар өкілдерінің тікелей дауыс беруі арқылы тағайындалуында дер едім. Бұл бір жағынан әкімнің іс қызметін әділ де батыл жүргізуді талап етіп қортындылауға мүмкіндік берсе келесі жағынан өкілдер тарапынан өз мүддесін күшпен тықпалау саяси ұпайын түгендеу мақсатында бейберекет шабуыл жасауға әкеліп жататын кездері де болады.

2008 жылы небәрі 30 жасымда халқым Азаматтар Өкілдері Құрылтай депутатына сайлап атқа мінгізді.

Уақыт үнемдеудің ұтымды тәсілі не? Орташа тәуліктік жұмыс күніңіз қалай өтеді? Атқарылатын істер тізімін қайда белгілеп, қалай жүргізесіз? Қазір қандай жұмысқа назар аударып жатырсыз?

Уақытты босқа өткізу – мезгілі өлшеулі, құны өлшеусіз өз өмірімізді рәсуа қылу. Қырықтың қырқасына шықтым. 2008 жылы небәрі 30 жасымда халқым Азаматтар Өкілдері Құрылтай депутатына сайлап атқа мінгізді. Содан бергі уақытта халқым мінгізген аттың бауырында емес сауырында елге қызмет етіп келемін.

Мен уақытты ұстаз санайтын қауымның қатарынанмын.

Уақыт көп нәрсеге үйретті. Ерте тұрамын. Сол күнгі атқаратын шаруаны ой елегінен өткіземін. Маңызды шаруаларды ретімен жазып қойып біткенін белгілеп отырамын. Бұл бала күннен машығым. Әр аптаның дүйсенбісін бөлім агентлаг басшыларымен таңы сағат 7 де жедел жиын өткізу арқылы бастауды дәстүрге айналдырдық. Осы арқылы өткен аптада атқарылған жұмыстарды түйіндеп алдағы аптадағы атқарылар жұмыстарды айқындап аламыз.

Аймақтың қазіргі әлеуметтік экономикалық дамуы жағдайы қандай?

Аймағымыз бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 13-ші орында. Аймағымызға ел бюжетінен құны 171.2 млрд. Төгрөг тұратын 63 түрлі жобаға қаржы бөлініп оның 56.9 млрд төгрөгі биыл игерілетін болып шешілді.

Мектеп, балабақша, жатақхана, мәдениет орталығы қатарлы 16 құрылыс нысаны, Қызыл үй бағытындағы 25.5 шақырым қара жол, Өлгий қаласын айналып өтетін 19 шақырым қара жол, Қобда өзеніне салынып жатқан 200 метрлік бетон көпір, мемлекеттік даяшылық кешен қатарлы тағы басқа нысандар пайдаға беріледі.

Ұлттық бренд болатын өнімдерді кәсіпкерлер қолға алу керек. 

Пандемияға байланысты шетелге саяхатқа баратындар саны азайып, соңғы екі жылда Баян-Өлгий аймағы ішкі туризм үшін оң динамикалық көрсеткішке қол жеткізді. Баян-Өлгий өңірін еліміздегі туризм орталықтарының бірі болдыруға мүмкіндік бар ма?

Пандемия қарсаңында шет елге сапарға шыға алмаған еліміз азаматтары аймағымызға ағылды. Бесбода, Сырғалы қатарлы әсем табиғат пен аймағымыздың басқа да ерекшеліктері ішкі туризмді дамытатын жаңа мүмкіншіліктердің көзін ашты. Соңғы екі жылда аймағымызға жаз айларында 20 мыңнан астам азаматтар сапарлады. Осыған қарап аймағымыз тек шетел саяхатшыларына ғана қарамай ішкі сапар саяхатты да дамыту қажет деген қортындыға келдік.

Осыған байланысты саяхат өңірлеріне телефон интернет желілері қойылды. Биыл Бесбоғда және Сырғалы өлкелеріне электр желілері тартылатын болып қаржы бөлінді. Табиғат қорғау ұйымдары жол белгілерін қою, қоқыс орындарын ашу, әжетхана орнату істерін жолға қояды. Қалған істі туризммен айналысатын шаруашылықтар алып кетеді деп ойлаймын.

Ұлттық бренд болатын өнімдерді кәсіпкерлер қолға алу керек. Кестелі бұйымдар, қол өнер өнімдер, ұлттық тағамдар қазы қарта, құрт ірімшік қазірдің өзінде жарап тұр. Бірақ осыларды өндірістік тәсілмен өңдеп бұзылмайтын шірімейтін, алып жұргенге қолайлы стандарттық талапқа сай етіп өндірсе аймағымыздың беделін артырары сөзсіз. Орта Азияның ортақ тамағы самса, тандыр нан, өзбек палауы, шашлық қатарлы тамақтары нақышына келтіріп жасап өлгейде ғана емес еліміздің барлық түпкіріне шайхана ашу арқылы жанұялар кіріс көзін молайтып ел назарын өзімізге тарта аламыз.

Пандемия аймағымыздың экономикасына орасан шығын әкелді. 

Қауіпті вирустың жаңа түрі пайда болды. Алдын алу мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылуда?

Пандемия аймағымыздың экономикасына орасан шығын әкелді. Шекаралардың жабылуы тек саяхат саласының ғана емес шекаралық өңірлерде саудамен айналысып келген көптеген азаматтардың кірісін тежеді. Өткен екі жыл ішінде індетпен күресу барысында қойылған шектеулер нәтижесінде тойхана, даяшылық орындары жұмысын тоқтатып, импорттық тауарлардың да айналымы азайды.

Ел үкіметі тарапынан баланың ақшасын 100 мың төгрөг болдырып беруі, ток құнын, әлеумттік даяшылық төлемдерінен ауыл үйлерді босату және ақшалай жәрдемақылар елдің арқасына батқан ауыртпалығын белгілі дәрежеде жеңілдетті деп ойлаймын.

Аймақ әкіміне тағайындалған бір жыл ішінде ең күрделі жұмыс пандемиямен күрес болды. Улаанбаатар қаласында қалып қойған азаматтарды жүйелі түрде аймағымызға тасып келтіру, жүк тасымалына бақылау қою, азаматтарды вакцинаға қамтыту өз кезінде аса қиыншылықтармен жүзеге асты. Аймағымызды шілде айына дейін жасыл аймақ дәрежесінде ұстап тұрдық.

Аймағымызда індет белең алған кезде дәрігери даяшылықты тұрақты көрсету мақсатында қосымша ауруханалар ашып дәрі дәрмек қорын жасап жедел шаралар алу арқылы індет зардабын жеңілдеттік.

Індеттің омикрон атты жаңа түрі кез келген сәтте кіріп келсе таң қалмаймын. Іргемізде Ташанта өткелегінен зат товар өткізу ісі жолға қойылған. Сондықтан аймағымыз халқы қосалқы вакцинаға қамтылу ісінде белсенділік танытуы қажет.

Қаржыдан шектеу болмаса қандай қордаланған мәселені шешуге берер едіңіз? Егер қолыңызда аймаққа толықтай жеткілікті деген бюджет болса, не істер едіңіз? 2022 жылға аймақтың инфрақұрылымын жақсарту және қала, ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру үшін қандай жобалар жоспарланды?

Ауыр індетке қарсы режим қаншама қол байлау болып, оны жеңуге көптеген уақыт жұмсалғанымен, біз болашақтағы даму саясатын, қаржы енгізу, тығырықтан шығар жолдар мен шешімдерді бірлікте жүзеге асыру үшін бар шамамызша тырысып бағудамыз.

Қаржы қол байлау болмаса аймағымыздың жалпы ішкі өнімін артыратын қандай бір өндіріс ашып алу менің арманым. Аймақ әкімшілігінің ғимаратын аймағымыз көркіне сән беретін әсем ғимарат салдыру да ойымда бар. Қаражат болса Сагсай, Улаанхус, Цэнгэл сұмындарына асфальт жол төсеуді қолға алар едім.

Алдағы уақытта жол тартып алсақ аймағымызда саяхат саласын дамытуда айтарлықтай ілгерлеушілік болар еді. Еліміздің көптеген аймақтары тау кен саласын игеру, азық түлік өнімдерін өндіру арқылы жағдайларын түзеп алды. Бізде қазба байлық игерудің де егін шаруашылығын дамытудың да мүмкіндігі шектеулі.

Еліміздің Үкімет басшысы Л.Оюун-Эрдэнэ аймақ өркеніне кедергі келтіріп отырған мәселелерді таныстыруды сұраған еді. Біздің аймағымыздың көптеген өңірі арнайы қорық әкімшілігінің қорғауына алынған. Осыдан болып Дайын өлкесіне салынан балабақша құрылысы кейбір бақтарға салынан мектеп ғимараттары қиындыққа ұшырады. Көптеген азаматтар өмір бойы отырып келген қыстау қорасына үйіне құжат ала алмай отыр.

Ең бер жағы Дэлүүннің дайын көмірін игере алмай келеміз. Сондықтан кейбір жерлерді арнайы қорғау өлкесінен шығару мәселесін таныстырғалы отырмын.

Қазба байлығы жоқ Қырғыздар Қазақстан мен Ресейдің көйлек пен кастюмін қанымдап отырғанына қарап біздің алтын қолды аналар түрік костюмдарды осы жерден тігіп ақ ел нарығын иеленіп алатын мүмкіндікті қарастыру керек деп ойлаймын.

Баян-Өлгий аймағын 2020-2030 жылдары аралығында дамыту бағдарламасын жасау мақсатында «Дамысқа ұмтылған Баян-Өлгий» атты бағдарлама әзірлеу үстіндеміз. Ғылыми негізде әзірленіп жатқан бағдарламаға аймақ азаматтары әлеуметтік желі арқылы пікірін қосса еліміздің Басқару Акедемиясының ғалымдары кеңесші ретінде қатысуда. Бұған дейін бірнеше рет талқыдан өткен бағдарлама алдағы айда Азаматтар өкілдер құрылтайынан бекітілетін болады.

Негізгі бағыт, жұмыс жоспарында ұлттық құндылықтарды өркендету, әкімшілік, жасыл өркен қатарлы 8 салалық саясат айқындалып, оларды іске асыруға негізделген 21 негізгі мақсат, 118 кіші мақсаттарды іске асыру жолдары қарастырылып атқарушы құзырлы ұйымдарға міндет етіледі. 2022 жылға аймақтың инфрақұрылымын жақсарту және қала, ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру үшін қандай жобаларды мен сізге хаттамамен берейін. сіз осы сұхбаттың соңына тізімін бере салсаңыз оқырман қауым кеңінен танысуға мүмкіндік туар деп ойлаймын.

Ел Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх «Миллиард дана ағаш отырғызу» бастамасын көтерді, бұл бастаманы өзіңіз де қолдап халыққа үндеу жасадыңыз? «Мен Баян-Өлгийлікпін» дейтін азаматтар бұл бастаманы жүзеге асыру үшін қандай үлес қосуы керек?

Еліміз президенті көтерген бастаманы қолдап 20 млн ағаш отырғызамыз деп уәде беріп жұмысқа кірісіп кеттік. «Ағаш ексең аялап, басыңа болар саябақ» деген сөз бар. Қобда өзен қойнауына орналасқан Өлгей қаламыздың әлі күнге жасыл қала бола алмауы біздің жасылдандыру ісіне енжер қарап келгенімізді білдіреді. Осы бір үлкен мақсатты істі ең әуелі қаламызды бақшаға айналдырудан бастаймыз.

Әр отбасы ауласына, ұйым мекемелер көше бойына 10 нан төмен емес ағаш егіп ауласын көркейтсе қаламыз көркейеді. Қала маңайындағы Қобда өзен қойнауындағы бос жатқан алаңдарды қоршауға алып көгалдандыру ісін жүргіземіз. Табиғат қорғау ұйымы сұмын әкімшіліктерімен бірлесіп ағаш егудің, көшет әзірлеудің жоспарын жасаудамыз.

Әңгімеңізге рахмет!

КАЗНЬЮС АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ

Continue Reading

Жаңа есім

Берікбол Әкебайұлы: Басты мақсатымыз – әлемдік бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу

Published

on

29 қараша, KAZNEWS. Казньюс ақпараттық агенттігінің «Іскер азамат» жобасының кезекті қонағы Берікбол Әкебайұлы.

Берікбол Әкебайұлы, туған жылы 1987, туған жері Баян-Өлгий аймағының Ногооннуур сұмыны. Баян-Өлгий аймағының Ногооннуур сұмынындағы жалпы білім беретін мектептің түлегі. 2009 жылы Қобда университетін орыс-ағылшын тілінің мұғалімі мамандығымен тәмамдаған. Ресей Федерациясының Барнаул қаласында орналасқан Алтай мемлекеттік университетіне магистратураға жолдама алған. 2010 жылы Қобда университетінде магистратурасын сәтті аяқтап, Прогресс аға мектебінде алғашқы еңбек жолын бастаған. 2012 жылы арман қуып Түркияға докторантура оқуға аттанады. 8 жыл білімін жетілдірумен қатар, мамандығы бойынша жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда Баян-Өлгий аймағында орналасқан «Дарын» кешенді мектебінде ағылшын тілі пәнінің ұстазы, «Алтай академиясының» директоры болып қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеп жүр.

Мекенжайы: Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы
Қызметі: «Алтай академиясының» директоры
Әлеуметтік парақшаcы: Berik Akebai (FB)

ТІЛ ҮЙРЕТУ ОРТАЛЫҒЫН ҚҰРУ ИДЕЯ ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

Еңбек жолымды Қобда аймағынан бастап, Түркияда жалғастырып жүргенде өзімнің жұмыс істеген ортамдағы жастардың білімге құштарлығын оятып, білім жолында жетістікке жетулеріне көмектесіп отырдым. Сол сәтте неге өзім туған қара мекенге барып, жеткіншек іні-қарындастарымның халықаралық беделді жоғарғы оқу орындарына жолдама алуға жол көрсетіп, қолдан келген көмегімді беруге болмасқа? – деген сауал туындады.

Атақты Хенри Фордтың «Мың жылдың қамын ойласаң адам қорын дамыту керек»-деген нақыл сөзі бар. Біз болашақта дамыған елдердің қатарынан көрінуді армандасақ бірінші саналы да сауатты ұрпақ, әлемдік бәсекелістікке қабілетті ұрпақ тәрбиелеуміз қажет. Алтай академиясын орнатуға түрткі болған себепте осы. Бұл өзімнің қоғам алдындағы жауапкершілігімді терең түсініп, аймағымыздың оқу сапасын арттыруға хал-қадірімше үлес қоссам деген шын көңілден туған идея еді. Міне, жүзеге асырып отырғаныма қуаныштымын.

«Әр нәрсе өз уақытында жасалады» деген қағиданы қатаң ұстанамын.

СІЗДІҢ ЖҰМЫС ТӘСІЛІҢІЗ ҚАНДАЙ? ОРТАША ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Менің күнделікті жұмысым әр апта, тұрақты түрде таңертеңгі 8 сағаттан кешкі 20 сағатқа дейін жалғасады. Яғни аптаның 7 күнінде де жұмыс жасаймын. Жұмыс жоспарым айлық, апталық және күндік ретімен жоспарланады. Бүгінгі істі ертеңге қалдыруды қаламайым. Сондықтан «Әр нәрсе өз уақытында жасалады» деген қағиданы қатаң ұстанамын. Өйткені уақыт алтын. Алла Тағала алдында да сұралатын дүниеміздің ең маңыздысы уақытымызды қалай өткізгеніміз жайылы екенін жақсы білесіздер. Сондықтан әр күнімді, әр сағат, әр минутімді тиімді пайдаланып, қолымнан келгенше сауапты жақсы істерге жұмсауға тырысамын.

ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ? ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Ниеті таза, жүрегі мен ой санасы таза, оқуға құштар, білсем, үйренсем деген ниетті оқушылармен жұмыстаудан күш, қуат аламын. Мұғалім мамандығының бір ерекшелігі ол «адам-адам» жүйесінде жұмыс жасауы. Істеген ісіңнен ләззәт алудың сыртында, оқушылардан позитив энергия алу арқылы өмірге деген құштарлығыңыз еселеп артып отырады.

«Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға,
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға» – деп Абай атамыз айтқандай, бізден білім алған жастарымыз қоғамға пайдасы тиетін, салиқалы азамат болып қалыптасса еңбегіміздің өтеуі осы деп білеміз.

 

УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Барлық нәрсе ретімен, жоспармен болуы қажет. Уақыттың ағымымен емес, уақытты өз ықпалыңа сәйкестіріп өмір сүру.

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН, ПАЙДАЛАНУҒА ҚҰШТАР ЖҰМЫС ҚҰРАЛЫҢЫЗ, ҚОЛДАНБАЛЫ БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Бүгінгі ғылым-техника дамыған XXI ғасырда, көптеген ақылды техникалық құралдарды дұрыс қолдану арқылы жұмысыңызды жеңілдете аласыз. Қолданатын құралдарым ұялы телефон, компьютер және киндл (kindle). Мысалы компьютерді іс-қағаздар жазуға, ұялы телефонды алыс-жуықтағы жұмыстарымды жүргізуге, киндлді кітап оқуға қолданамын. Қолданбалы қондырғылар дейтін болсақ көбінесе тіл үйрену және үйрету қондырғыларын көп қолданамын.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП, ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Телефонның Notes яғни белгілеу програмы арқылы белгілеймін.

СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ?

Мен жаңа нәрсе үйренуге, жаңашылдықты қабылдауға шебермін. Уақытым болса шетел тілдерін зерттеп, үйренуге құштармын. Сондай-ақ спортпен шұғылданып, ән салуды да ұнатамын.

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Халықаралық және мемлекеттік әр түрлі емтихандарға оқушылар дайындау үстіндемін. Бұл емтихандардың нәтижесі олардың жарқын болашағына оң ықпал ететін болғандықтан, осы іске бар ынта жігерімді жұмсаудамын.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Иә, көп оқимын. Дәл қазір жеке адамның дамуы мен қалыптасуы туралы ұзақ жылғы зерттеулер нәтижесінде жазылған Stephen R.Covey-дің «The 7 habits of highly effective people» немесе «Жоғарғы табысқа жеткен адамдардың жеті дағдысы» атты кітабын оқудамын. Өзімнің мамандығым және оқушылардың тәлім-тәрбиесіне байланысты кітап және мақала, зерттеулерді көп оқимын.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Әр адамның мінезі, астындағы тұлпары. Бүгінге дейін мінезіңіз тұйық деп айтқан адамды кездестірмедім (күлді). «Жақсыда жаттық келеді, жаман аптық келеді» дейді қазағымыз. Адамдармен мейілінше сыпайы қарым-қатынас жасап, жаттық болуға тырысамын.

СІЗ ҚАНША УАҚЫТ ҰЙЫҚТАЙСЫЗ?

Үш арсыздың бірі ұйқы болғандықтан мен ұйқымды жеңуді бала кезімнен қолға алған адаммын. Кейбір сәтте қарбалас жұмысқа байланысты өте аз сағат ұйықтауға тура келеді. Әйтседе, 5-6 сағат ұйықтауды әдетке айналдырдым.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Өнер мен білім құстың қос қанатындай дүние деп ойлаймын. Жұмыс кезінде көбінесе классикалық музыкалар мен қазақтың домбырада шерткен күйлері мен әндерін тыңдауды ұнатамын. Әрине мамандығымыз шетел тілі пәнінің ұстазы болғандықтан шет тілді әндерді де тыңдауды ұмытпаймын.

СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Кітапхана мен спорт залдардан, демалыс күндері кофе шоптардан… (Күлді).

КІМДІ ҮЛГІ ТҰТАСЫЗ? КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Абайды үлгі тұтамын. Өйткені қазақы болмыс, биік қасиет Абай атамыздың сөздерінен табылады. Қазіргі жастар әртүрлі шетелдік талант иелеріне тамсанып, таңдай қағып еліктеп жатады. Бірақ, талант бір басқа, ұлттық болмыс ол бөлек әңгіме. Қытайдың Күнзісі, Немістің Гетесі, Ресейдің Толстойы, Ағылшынның Шекспирінен Абайдың бірді-бір кем түсетін жері жоқ. Керісінше кейбір тұстарда ой салмағы басым түсіп жатады. Сондықтан, Абайды оқу арқылы ұлттық құндылықтарымызды танып, біліп, болашақ қазақ жастарын Абайдың тағылымы мен тәрбиелеуге болады.

Адал еңбек арыңды кірлетпей, алысқа жетелейді. 

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Адал еңбек арыңды кірлетпей, алысқа жетелейді. Өзіңді басқаларға мойындату үшін сөз емес, іс маңызды, дегенді жан-тәніммен түсіндім. Табысқа жету үшін тынбас талап, қажырлы еңбек, мұқалмас жігер керек. Менің өмірден алған ғибараттарым осы.

АҒЫЛШЫН ТІЛІН ЖАҚСАРТУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК ДЕП ОЙЛАЙСЫЗ?

Қазіргі жаһандану заманында барлық халықтың ортақ байланыс құралына айналған ағылшын тілін үйрену әр адамға жаңа мүмкіндік тудыратыны сөзсіз. Заманауи ғылым мен техниканы жеттік меңгеру үшін де ағылшын тілі ауадай қажет болып отыр. Өкініштісі біздің жастардың көбісі не үшін ағылшын тілін үйренгісі келетінін білмейді.
Сондықтан ең бірінші мақсат айқын болу қажет. Өзінің ағылшын тілі білімінің деңгейін білу арқылы арықарай білімін жетілдіруге арнайы уақыт жұмсаған жөн. Өзіне уақыт шығарып, оқу, жазу, тыңдау, сөйлесу қатарлы дағдыларды тең дәрежеде меңгеру арқылы қысқа уақыт ішінде ағылшын тілін үйренуге толық мүмкіндік бар.
Әрине, ағылшын тілін үйренгісі келетін жастарға біз көмектесе аламыз.

Алтай академиясына байланыс жасау: 9587-4848

ӘҢГІМЕҢІЗГЕ РАХМЕТ!

КАЗНЬЮС АҚПАРАТТЫҚ АГЕНТТІГІ

Continue Reading
Advertisement

Бізге жазылыңыз

Сөзге тиек

Дерек5 days ago

Онлайн қазақ тілі курстары басталады

22 қаңтар, KAZNEWS. Шетелдегі отандастарымызға арналған тегін онлайн қазақ тілі курстары басталады, – деп Отандастар қорының Баспасөз қызметі хабарлайды. Басталуы:...

Дерек1 week ago

Казньюс ақпарат агенттігінің 10 жылдық мерейтойы

2021 жылы 25 қараша күні Казньюс ақпарат агенттігінің орнауының 10 жылдық мерейтойы тойланған болатын. Салтанатты рәсімнің толық видео жазбасын ұсынамыз.

Кітаптан үзінді...3 weeks ago

Опра Уинфри – “What I Know For Sure” жалғасы…

07 қаңтар, KAZNEWS. Американдық тележүргізуші, актриса, продюсер О́пра Гэйл Уи́нфри 1954 жылы 29 қаңтарда Миссисипи штатының Косиускода дүниеге келеді. Аты...

Дерек3 weeks ago

Барыс жылы қандай болған? 1902-2022 жылғы оқиғаларға шолу

04 қаңтар, KAZNEWS. Барыс – сиыр жылынан кейін, қоян жылынан бұрын кіретін мүшел есебінің үшінші жылы. Барыс сақтардың ұғымында қасиетті...

Дерек4 weeks ago

Ұлттық бостандық пен тәуелсіздіктің қалпына келгеніне 110 жыл толды

28 желтоқсан, KAZNEWS. 1911 жылы 29 желтоқсанда 200 жыл бойы Манжурия билігінде болып келген Моңғол елі дербес Боғда (Моңғол) хандығын...

Дерек1 month ago

Жылдың үздік 10 оқиғасы – KAZNEWS

26 желтоқсан. KAZNEWS ақпараттық агенттігі жыл сайын «Жылдың үздік 10 оқиғасын» анықтауды дәстүрге айналдырған. Агенттіктің көзқарасы бойынша 2021 жылдың үздік...

Дерек1 month ago

Millennium Challenge Account және Оюу толгой компаниясындағы жалақысы жоғары бос жұмыс орындар

Әкімшілік көмекші Компания: Millennium Challenge Account (Мянганы сорилтын сан) Мекен жайы: Улаанбаатар, Монгол Улс, Улаанбаатар хот, Сүхбаатар районы, “ЮНЕСКО” көшесі,...

Дерек1 month ago

Мемлекет және қоғам қайраткері Сарай Асқанбайұлы туралы деректі фильм жарық көрді

18 желтоқсан, KAZNEWS. Бүгін Баян-Өлгий аймағының жұртшылығы тарихшы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сарай Асқанбайұлының 90 жылдық мерей тойына арналған...

Басты назарда