KAZNEWS- 2020 жылғы 27 мамырда арнайы рейспен Қазақстанның азаматтарын Моңғолиядан алдырту мақсатында Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ж.Әділбаев Моңғолия Премьер-Министрінің орынбасары – Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы У.Энхтувшинмен кездесті.
Кездесудің басында Елші Моңғолия Үкіметінің елде коронавирус инфекциясының таралуын болдырмауға бағытталған алдын-алу шараларының тиімділігін, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Моңғолияның COVID-19 күресудегі күш-жігерін жоғары бағалайтынын атап өтті.
Сонымен қатар, дипломатиялық миссияның басшысы қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының 108 азаматы Моңғолияда қалуға мәжбүр екенін хабарлады. Олардың барлығы карантиндік шаралар енгізгенге дейін және моңғол-ресей шекаралары жабылғанға дейін келген адамдар. Олардың көпшілігі қазіргі уақытта Баян-Өлгий аймағында мекендеуде.
Осыған байланысты Ж.Әділбаев қазақстандық тарап біздің азаматтарымыздың эвакуациялау үшін арнайы рейс ұйымдастыруға дайын екенін айтты.
Өз кезегінде, У.Энхтувшин Қазақстан Республикасы Үкіметінің COVID-19 пандемиясымен күресу мақсатында қолданып жатқан тиімді және кешенді іс-шараларын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, моңғол тарапы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесі бойынша қазақстандық тараптың бастамасына қолдау көрсетуге әзір екендерін жеткізді.
Сонымен қатар, тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы пікір алмасты.
ҚР-ның Моңғолиядағы Елшілігі