Орта Азия және әлемде
Бүркіт Нұрасыл. Алаш зиялыларының ізі қалған Ресей
Published
1 year agoon
Жуықта «Qyr balasy» қоғамдық қоры мен Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институтының жас зерттеушілерінен құралған ғалымдар тобы Ресей еліне «Алаш жолымен» деп аталатын ғылыми-танымдық экспедицияға барып келгені белгілі. Екі кезеңнен тұратын бұл сапарда экспедиция мүшелері Мәскеу, Қазан, Уфа, Петербор, Рязан бағытында жүріп өтті. Бас-аяғы тура бір айға созылған бұл жорықта зерттеушілер Ресей мұрағаттарындағы көне құжаттарды ақтарып, Алаш тарихына қатысты сирек қолжазбалар қоры мен ескі газет-журналдармен танысты.
Айтпақшы, соған сәйкес осымен жетінші мәрте өткізіліп отырған экспедицияның сүйінші жаңалықтары да аз емес. Үш топқа бөлініп ізденген зерттеушілеріміз мол деректер мен бұрын-соңды еш жерде кездеспеген тың мәліметтерге қол жеткізіп қайтты.
Алаш мұрасын түгендеу мақсатында жолға шыққан халықаралық экспедиция мүшелері алғашқы сапарын Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мен оның шәкірті Нығмет Нұрмақұлы жерленген атақты Дон зиратынан бастады. Донское көшесінде (Мәскеудің оңтүстік батыс жағы) орналасқан бұл қабірстан кезінде монастыр (Дон монастыры) қызметін атқарыпты. Кейіннен жалпы зиратқа айналдырылған. Жалпы аумағы 13 гектар жерді алып жатқан Дон қабірстаны екіге бөлінеді: ескі бөлігі 1591 жылдардан бастау алатын көне зират болса, Дон қорымы деп аталатын екінші бөлігі ХХ ғасырдың басында пайда болған екен. Біз бетке алған «Бауырластар зираты» қорымның осы жаңа бөлігінде жатыр. Айтпақшы, бұл орынға бірінші болып сол кездегі (1910 жылы) Дума спикері болған С. Муромцев жерленген екен.
Алаш арысы, ұлт көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан мен оның адал шәкірті Нығмет Нұрмақұлы жерленген жер. Екеуі де 1937 жылдың 27 қыркүйегінде осы қорым аумағында ату жазасына кесілген. Артынша қос арыстың сүйегі өртеліп, күлі дәл осы жерге көмілген.
Қазақ халқының тұңғыш президенті, ұлт көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы мен оның адал серіктерінің бірі Нығмет Нұрмақұлының рухына құран бағыштап, дұға қылдық.
Ескерткіш тақтадан бұл жерде 39 мың адам жерленгенін оқып білдік. Нақты айтар болсақ, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлынан бөлек мұндағы белгітастардан грузин-совет қайраткері Авель Енукидзе, Совет одағының алғашқы бес маршалының біреуі Михаил Тухачевский, армия қолбасшысы Август Корк, сол кездегі әскери корпусты басқарған Роберт Эйдеман, тәжік халқының ұлы көсемі Шотемор Шириншо секілді тұлғалардың есімдерін оқуға болады.
«Бұл жерде бірінші репрессия құрбандары жатыр. Бұл – ұстаз бен шәкірт жерленген қасиетті жер. Яғни әр ұлт өкілдері жатқан бауырластар зираты болып саналады. Қарап тұрсаңыз татар, тәжік, қырғыз, молдаваннан бар яғни күллі ұлт өкілдерінің маңдайалды тұлғалары жатқан жер. Атып өлтіргеннен кейін денесін өртеп, күлін осы жерге төге берген», – дейді экспедициямыздың жетекшісі, белгілі алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай. Жетекшіміздің айтуынша, осы Дон қорымында мұндай Бауырластар зиратының тоғызы бар көрінеді.
Түстен кейін Мәскеудің келесі бөлігінде жатқан Новодевичье зиратына бардық. Ресейдің ұлы тұлғалары, басшылары, зиялылары жерленген тарихи орын саналады. Н. Хрущев, М. Горбачев, Б. Ельцин секілді КСРО билеушілері тура осы зиратқа қойылған екен. Сонымен қатар бұл қабірстанда Әлихан Бөкейханның қызы Елизавета Әлиханқызы Сәдуақасова жерленген.
Зейнеп Садуақасова – қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі. Медицина ғылымдарының докторы, профессор атанған ұлы тұлға. Зейнеп Әлиханқызы – Смағұл Сәдуақасұлының жары болғаны белгілі. Жалғыз ұлы Ескендір Екінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болған соң өзі сұранып, майданға аттанады. Солтүстік-Батыс майданында дәрігерлік қызмет атқарған. Майданға лейтенант деген шенмен аттанып, майор деген атақпен оралады. Яғни Зейнеп Садуақасова анамыз әскери медицина саласындағы тұңғыш майор әйел саналады.
Сонымен қатар бұл қорымда Қазақ халқының 1000 әні мен 500 күйін хатқа түсіріп кеткен Александр Затаевичтың жерленгенін естіп білдік. Қазақ өркениетіне үлкен үлес қосқан композитордың басына домбыра шертіп отырған қазақ бедерленген ақ тас қойылыпты.
Айтпақшы, кезіндегі одақ кинематографиясының аңызы атанған Юрий Никулин де осы жерден тыныштық тауыпты.
Тарихи деректерге сүйенсек, Новодевичье зираты да өз заманында ғибадатхана қызметін атқарған екен. Қорымның дәл ортасында тұрған Новодевичье монастырының іргесі 1524 жылы қаланыпты. Тек 1904 жылдан бастап зират ретінде қайта есепке алынып, адам жерлене бастаған. Үш бөліктен тұратын тарихи зираттың жалпы аумағы 7,5 гектарды құрайды. Мұнда да 26 мыңға жуық адам жерленген деседі. Олардың басым бөлігі репрессия құрбандары.
«Коммунарка» қабірстаны
«Қыр балаларының» арнайы барып, тағзым еткен тағы бір орны – «Коммунарка» қабірстаны болды. Бұл да сол Мәскеудегі жаппай сталиндік қуғын-сүргін құрбандары жерленген қанды орындардың бірі.
Аталмыш зиратта 1937-1941 жылдар аралығындағы ұлы зұлмат құрбандары жерленген. НКВД-ға тиесілі аумақ болғандықтан бұл қорым 1999 жылға дейін жабық орын болып келді. Карталар мен іс-құжаттарында зират аумағы құпия шифрмен көрсетіліп келген екен. Қорымда 6,5 мың адамның сүйегі жатыр, алайда олардың ішінде 4 жарым мыңнан астамының ғана аты-жөні белгілі көрінеді.
Бұл жерде Тұрар Рысқұл, Нәзір Төреқұл, Сұлтанбек Қожанұлы, Ғазымбек Бірімжан, қазақтан шыққан алғашқы инженерлердің бірі Зияда Әбен сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері жерленген.
Жас зерттеуші Данияр Ихсан қазақтан шыққан тұңғыш агрономдарының бірі Ғазымбек Бірімжанның туған ауылынан (Торғай даласы) бір уыс топырақ ала келген екен. Құран оқып, бет сипамастан бұрын сонау Торғай даласынан келген сол бір уыс топырақты тас белгіні айналдыра төгіп шықтық. Туған жерінен топырақ бұйырмаса да өз ауылының шаңын иіскеп жатсын деген ниет қой ол да. «Туған жердің топырағы да ыстық…» демейтін бе еді атам қазақ.
Бұл экспедициямыздың екінші күні еді.
Ваганьков қорымы
Айтпақшы сол күні түстен кейін Мәскеудің басқа бөлігіндегі тағы бір қабірстанға барып, сол жерден топырақ бұйырған Алаш арыстарына тағзым жасадық. Құран оқып, бет сипадық. Ол – Ваганьков қорымы деп аталатын тарихи орын еді. Бұл жерде Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Ғаббасұлы, Ахметсапа Жүсіп, Хайретдин Болғанбай, Дінмұхамед Әділұлы, Әбдірахман Мұңайтпасұлы, Дамолла Битілеуұлы, Ғани Мұратбаев сынды Алаш ардақтылары жатыр.
Өкінішке қарай, Ваганьков қорымында жатқан бұл Алаш арыстарының орны әлі анықталған жоқ (Ғани Мұратбаевтан басқасы). Сол себепті қорымның кіреберісіндегі репрессия құрбандарына арнап қойылған жалғыз мемориал ескерткіштің түбіне барып тәу еттік. Мемориалда «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына мәңгілік естелік. 1927-1937 жж.» деген жазу жазылыпты. Тас белгінің өзі 1994 жылы 3 маусымда қойылыпты.
Тас белгінің түбіне Қыр баласы ҚҚ Керекудегі филиал жетекшісі Айнұр Бағланқызы қарындасымыз Жүсіпбек Аймауытұлының туған ауылы Баянауылдан ала келген бір уыс топырағын шашты.
Ваганьков қабірстаны – Мәскеудегі ең үлкен әрі ең танымал қорымдардың бірі. Алғашында (1771 жылы) бұл жерде обадан қайтыс болғандар жерленіпті. Жалпы аумағы 48 гектар жерді алып жатқан бұл зиратта жарты миллионнан астам адам жатыр (!).
Ресей архивтерін түгендеген 15 адамнан құралған бұл экспедицияның жұмысы бір айға ұласқанын басында айтып өттік. Абырой болғанда соған сәйкес экспедициямыздың сүйінші жаңалықтары да аз емес. Бас-аяғы үш топ болып ізденген зерттеушілеріміз мол деректер қоры мен бұрын-соңды еш жерде кездеспеген тың мәліметтерге қол жеткізді деуге болады.
Мәскеудің іргесіндегі Химки қаласындағы газет-журналдар және сирек қолжазбалар кітапханасы.
Бұл жерде ХХ ғасыр басында Қазақ даласында шығып тұрған газет-журналдар сақталған. Таңның атысы, күннің батысы демей еңбектенген зерттеушілер бұл жерден «Бостандық туы», «Ауыл», «Сарыарқа», «Ауыл тілі», «Кедей сөзі» секілді газет-журналдардың бұрын табылмаған нөмірлерін тауып, сканерлеп алғанын айту керек. Расы керек, бұлардың барлығы да Қазақстанның ешбір мұрағатында жоқ дүниелер.
Екінші топ та Мәскеу мұрағаттарының біразын сүзіп шыққан еді. Нәтижесінде қазақ қаламгерлерінің ұзын-саны бес жүзден астам кітабының шифры мен қосымша ақпараты алынып, 50-ге жуық кітаптың электронды нұсқасы әзірленді. Айтпақшы бұл топтың Алаш жұртынан сүйінші сұрайтындай мол олжасы бар екенін айта кету керек. Ол – белгілі ұстаз, ақын, журналист, аудармашы Сейітбаттал Мұстафаұлының «Зуфнун» атты романы болатын.
Бұлардың барлығы да институттың Алаш кітапханасы сериясымен жарық көретін еңбектерінде кәдеге жарайды. Сонымен бірге бұл еңбектер «Алаштың 100 оқулығы» жобасы аясында жарыққа шығатын болады.
Алаш мұрасын түгендеп жолға шыққан экспедицияның жетекші құрамы (үшінші топ) Қазан, Уфа, Рязан, Петербор қалаларындағы ГАРФ, РГАСПИ, СПбГИА, МГЦА, ГАМО, РГАНИ, РГАЛИ, РАТ, НАБ архив қорларын түгендеп шықты. Бұл сапарда Алаш арыстары білім алған, қызмет еткен, жерленген т.б. жерлер анықталып, оларға ескерткіш тақта, белгітас орнату мәселесі пысықталғанын айта кету керек.
Татарстан астанасы Қазан қаласы
Алғашқы күні Татарстан ұлттық кітапханасына бас сұғып, сирек қолжазбалар қорымен меморандумға қол жеткіздік.
Ағартушы-философ Шаһабуддин Маржани, белгілі ақын Ғабдулла Тоқай, атақты суретші Баки Орманшы сынды Татар халқының маңдайына біткен жарық жұлдыздары мәңгілік мекен тапқан тарихи зиратқа барып құран бағыштадық. Айтпақшы бұл қабырстанда Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Уәлихан Танашұлы жерленген.
Арыстардың рухына фатиха!
Түстен кейін Кенжеғали Ғабдоллаұлы, Сабыр Ғаббасұлы, Ғабдулғазиз Мұсағалиұлы сынды ұлт зиялылары білім алған атақты «Мухамедия» медресесіне кіріп шықтық. Сонымен қатар Шағабуддин Маржани, Апанаев, Галиев секілді тарихи медреселерге барып, сонда оқыған Алаш тұлғалары туралы деректер жинадық. Белгітас қою мәселесін ақылдастық.
«Тірілердің қадірін біл, өлгеннің қабірін біл!» (Татар мақалы)
Уфа сапары
Башқұрт елінің астанасы Уфадағы екі күнге созылған бұл сапарда да біршама маңызды кездесулер болды. Башқұртстан ұлттық кітапханасына бас сұғып, сирек қолжазбалар қорымен ғылыми ынтымақтастық туралы меморандумға қол жеткіздік. Осылайша алдағы уақытта Әлихан Бөкейхан институтының ғылыми қызметкерлеріне Уфа қаласында білім алған қазақ зиялылары туралы деректер мен жарық көрген кітаптар, мерзімді басылымдармен ешкедергісіз танысып, зерттеуге зор мүмкіндік туып отыр.
Сонымен Уфа қаласындағы атақты «Ғалия» медресесін көру бақыты бұйырды. Өз заманының әл-Азһары атанған бұл оқу ордасында Мағжан Жұмабайұлы, Біләл Сүлейұлы, Мұстақым Малдыбайұлы сынды Алаш зиялылары білім алған…
Рязан жазбалары…
Жат жерден топырақ бұйырған бабаларымыз аз емес. Солардың бірі – Жәнібек ханның ұрпағы Ораз Мұхамед сұлтан еді. Ораз Мұхамед бабамыз атақты Ока (түпкі атауы Оқа болар деп топшыладық) өзенінің бойындағы Қасым хандығын (Хан кермен) он жыл билеген үлкен тұлға.
Қасым хандығының он бірінші ханы болған Ораз Мұхамедтің тағдыры өте аянышты. 1588 жылы ағасы Тәуекелдің тапсырмасы бойынша сенімді серігі Қадырғали Жалайыримен бірге Сібірге келеді. Сол жерде жүріп Қадырғали Жалайыри екеуі орыстардың қолына тұтқынға түседі. Бірден Мәскеуге жөнелтіледі. Мәскеу патшасы Федор оны жақсы қарсы алып, әскери қызметке алады. Ораз Мұхаммед орыс-швед, Қырым хандығына қарсы соғыстарда үлкен ерлік көрсетеді. Расында да ол қылыштасу өнерінің хас шебері болған.
Алайда Ресей патшасы Қазақ хандығы арасындағы дипломатиялық келісім кепілі деген желеумен Ораз Мұхамедті жібермей алып қалады. Осылайша патша сарайында тірі тұтқын ретінде томағалы қыранның күйін кешіп қала береді.
1600 жылы Орыс патшасы Борис Годунов Ораз Мұхамедті Қасым хандығының ханы етіп отырғызады. Өзі басқарған елдің іргесін нығайтып, туын биік етем деп ат үстінде жүрген Ораз-Мұхамед 1610 жылы қастандықпен өлтіріледі.
Небары 38 жыл ғана өмір сүрген Ораз-Мұхамед сұлтанның денесі Ока өзені бойындағы Қасымов қаласында (Рязан облысы) жерленген.
Орайы келген күні Қасым хандығын басқарған Ораз Мұхаммед пен бас уәзірі Қадырғали Жалайыри бабаларымыздың кесенесіне барып, тағзым жасап қайттық.
Өкініштісі, Ораз-Мұхаммед сұлтан билеген Қасым хандығынан жұрнақ та қалмаған екен. Тек сол дәуірде іргесі қаланған ақ мешіт пен Сүйінбике анамыз бен Шаһали ханның кесенесі ғана сақталыпты. Ажары қашып, базары тарқаған ескі орданың орнында тұрып дұға қылдық. Жаратушыдан «түркі жұртының басына енді мұндай тағдыр жаза көрмеші» деп жалбарындық.
Петербор сапары да нәтижесіз емес…
Бұл сапарымызда да болашақта РҰК, СПбМОА, РМКФА, РФӨМА қорларымен бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігіне қол жеткіздік деуге болады.
Жалпы Санкт-Петербург – Алаш ардақтыларының ізі қалған, қызмет құт мекен саналады. Бұл жерде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы Императорлық орман институтын тәмамдады. Осы қаладағы әскери медицина академиясында Санжар Асфендиярұлы, Мұхамеджан Тынышпайұлы жол-көлік қатынас университетінде білім алды. Сол секілді Санкт-Петербург университетiнiң заң факультетiнде Жиһанша Сейдәліұлы, Жақып Ақбайұлы, Барлыбек Сырттанұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Сәлімгерей Жантөреұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы сынды қайраткерлеріміз білім алғанын айта кету керек.
Ақжолтай жаңалық
«Qyr balasy» қоғамдық қоры мен Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институты ұйымдастырған халықаралық «Алаш жолымен: Ресей бағыты» экспедициясының толық қорытындысы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңында жарияланды.
Ақжолтай жаңалықты экспедиция жетекшісі Елдос Тоқтарбай фейсбук парақшасында бөліскен еді. Алаштанушы ғалым әлеуметтік желідегі жазбасында экспедицияның бір айлық кезеңдегі атқарған жұмыстарына тоқталып, Алаш қайраткерлерінің еңбектері табылғанын атап өткен.
Экспедицияның 1,2,3 тобының бір айлық (тамыз, 2023) жалпы жұмысында алаш мұрасына қатысты барлығы 510 кітаптың шифры мен қосымша ақпараты көрсетілген библиографиялық көрсеткішін жинақтады. Соның ішінде аса керекті 50-ге жуық кітаптың түпнұсқасын қарап, электронды (pdf) нұсқада әзірледік. Зерттеу мен зерделеу барысында 40 бұрын-соңды жарық көрмеген, ескі қаріптен қазіргі қаріпке түспеген кітап екені анықталды. Мысалы,
Сейітбаттал Мұстафаұлының «Зуфнун» романы,
Садуақас Шорманұлы «Аушы»,
С. Аманжолұлы «Тәлім-тәрбие»,
Сәлкен Балаубайұлы «Мектеп группаларын кәмплектеу»,
Мәннан Тұрғанбайұлы «Бөтен сөз әдісімен танысу»,
Жұмахан Күдеріұлы «Өсімдіктану» (Тәжірибелік нұсқаулық) тағы басқа кітаптары бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген.
«Бірлік туы», «Бостандық туы», «Ауыл», «Сарыарқа», «Ауыл тілі», «Кедей сөзі» т.б. қазақ басылымдарының еліміздегі сирек қорларда сақталмаған нөмерлері анықталып, тұтас нөмері сканерленді. Енді институт ұжымы осы басылымдарды арнайы жинақ ретінде шығарады.
Тел Жаманмұрынұлы, Аққағаз Досжанқызы, Нығмет Нұрмақұлы, Зүпнұн Нұрмақ келіні, Нұқ Рамазанұлы, Біләл Сүлейұлы, Ғазымбек Бірімжанұлы бастаған қазақ оқығандарының 100-ге жуық делосы табылып, фотосуреттері мен сот, тергеу құжаттары, оқу-ағарту, қоғамдық-саяси қызметіне қатысты жаңа деректер қолға түсті.
Қазан, Уфа, Петербор, Химки, Псков, Переделкино, Мәскеу сирек қор, кітапхана және ГАРФ, РГАСПИ, СПбГИА, МГЦА, ГАМО, РГАНИ, РГАЛИ, РАТ, НАБ архив қорларымен нәтижелі жұмыс қылдық. Институтымыздың жас зерттеушілері үлкен тәжірибе жинап, ғылыми шыңдалу мектебінен өтті.
Сондай-ақ, Қазан, Уфа, Петербор, Мәскеудегі Алаш тұлғаларына қатысты тарихи жерлер анықталып, РФ ҚР Елшілігі мен қор, институтымыз бірлесіп, ескерткіш тақта, белгітас орнату турасында келісім жасалды.
Экспедиция барысында табылған құжаттар институт пен қор сайтына орналастырылады”, деп жазған ол өзінің фейсбук парақшасында.
Елдос Тоқтарбайдың айтуынша, жоқ іздеу – өте сауапты іс.
Әлихан Бөкейхан – ұлтымыздың маңдайына біткен тұлғасы, қазақтың ұлт азаттық жолында шахид кеткен, мемлекет құру жолында бірге күрескен кейбір замандастары қиындық туған сәтте өзге мемлекеттерге тым-тырақай қашып жатқанда, туған халқына берген сертінен танбай, жігіттің сөзінде тұрып, жетпіс жасында құрбан болған ұлы тұлғамыз ғой. Осыдан алты жыл бұрын, 2017 жылы бесінші желтоқсан күні Алаш орданың жүз жылдығы аясында республикалық «Qyr balasy» қоғамдық қорын құрған едік. Сол қоғамдық қорды құрған кезде Заңғар Кәрімхан, Ұшқын Сайдырахман, Еркін Ерланұлы, Бүркіт Нұрасыл сынды төрт-бес-ақ жігіт едік. Бүгінде сол Алаш мұрасын түгендеуді мансұқ еткен «Қыр балаларының» саны 378 адамға ұлғайып отыр.
Өздеріңіз білесіздер, «Қыр баласы» Әлихан атамыздың туған елге, даласына деген сағыныштан туған әдеби есімі еді. Себебі Әлихан Бөкейханұлы 1907 жылдан бастап қазақ даласында тұру құқынан айырылды. Осы себепті ол Ресейдің Омбы, Орынбор, Мәскеу, Петербор сынды қалаларында тұруға мәжбүр болды. Біз осы экспедиция барысында ұлт көсемінің ізі қалған қалалардың барлығын да жүріп өттік. Бұған дейін де Омбы, Орынбор, Воронеж қалаларына барып, архив қорында жұмыс істеген едік. Бұл осымен жетінші рет ұйымдастырылып отырған экспедиция.
Осы жылдар ішінде қаншама шәкірттеріміз тәрбиеленіп шықты. «Qyr balasy» қоғамдық қоры мен Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институтының жанынан академиялық курстар ұйымдастырылды. Жас ғалымдарға ескі жазуларды үйреткен едік. Ұстаздарымыз осман, төте, шағатай, қадым жазуларын үйретті. Сонымен қатар архивпен жұмыс істеу, ғылыммен айналысу әдістемелері секілді дәрістер ұйымдастырылды. Міне соның нәтижесін көріп отырмыз. Шәкірттеріміз архивте өздерін жақсы жағынан көрсетті. Ескі құжаттарды ақтаруда алдарына жан салған жоқ.
Жалпы жоқ іздеу – өте сауапты іс. VII халықаралық «Алаш жолымен»(Ресей бағыты) ғылыми-танымдық экспедициясын сәтті де нәтижелі жүзеге асырып, аман-есен елге жеттік. Бір ай үй қарасын көрмеппіз. Осы экспедициялық жобаға жетінші рет жетекші болдым. Қасиетті сан!
Бір сәтке тоқтап, аялдауға уақыт жоқ!
Алдымызда ұлы жол, өтелмеген парыз, мойнымызда ауыр аманат жүгі тұр! Аман-есен болсақ, күзде тарихи Қазан шәріне барып қайтсақ деп жоспарлап отырмыз. Алла сәтін салса, алдағы уақытта «Алаш жолымен» халықаралық экспедиция жобасы Еуропа, Моңғолия, Түркия, Жапония мемлекеттерінде жалғасады деп жоспарлап отырмыз», – дейді «Qyr balasy» қоғамдық қорының негізін салушы Елдос Тоқтарбай.
Мәдениет порталы
БӨЛІСУ:
Орта Азия және әлемде
Тарихи келісім: Қазақстан тұңғыш рет экспортқа жер серігін шығарады
Published
3 days agoon
November 15, 2024Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында Жерді қашықтықтан зондтау жүйесін құру және дамытуға бағытталған тарихи инвестициялық келісімге қол қойылды. Бұл жоба Моңғолия үшін спутник құруды көздейді, ол жалпы қазақстандық-моңғолдық спутниктік топтаманың құрамына кіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әр тараптың спутниктерді дербес басқаруы Қазақстан мен Моңғолияға табиғи ресурстарды мониторингілеу және ауыл шаруашылығын дамыту үшін қажетті деректерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Айрықша атап өтетін жайт — бұл Қазақстан тарихындағы қазақстандық инженерлер толық әзірлеген алғашқы экспорттық спутник болмақ. Спутник Моңғолияның қажеттіліктеріне бейімделіп, өңірлік спутниктік инфрақұрылымды нығайтады және Қазақстанның ғарыш технологиялары саласындағы әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді, — деп атап өтті ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Қашықтықтан зондтау технологиялары екі елге де жердің жағдайын тиімдірек бақылауға, су ресурстарын басқаруға және қоршаған ортадағы өзгерістерді талдауға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Моңғолия өздерінің техникалық құзыреттерін біріктіре отырып, экономиканың өзекті мәселелерін шешуге және тұрақты дамуды қолдауға бағытталған құралдар әзірлейді.
Жоба Қазақстанның Ұлттық ғарыш орталығы базасында моңғол инженерлерінің қатысуымен жүзеге асырылады. Қазақстандық мамандар жоба барысында моңғол әріптестерін оқыту міндетін өз мойнына алып, қажетті білімнің берілуі мен кәсіби байланысты нығайтуға үлес қосады. Мұндай өзара әрекеттестік моңғол инженерлерінің біліктілігін арттырып, екі ел арасындағы ғылыми және техникалық ынтымақтастықты тереңдетеді.
Бұл жоба Қазақстан мен Моңғолияның озық технологияларды дамытуға деген ұмтылысын білдіріп, ғарыш саласы мен табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануда серіктестікке жаңа перспективалар ашады.
БӨЛІСУ:
Орта Азия және әлемде
Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға келеді
Published
3 weeks agoon
October 25, 2024Қазақстан Республикасы Президентінің Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында ел президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің шақыртуымен Моңғолияға келеді.
Aist Global телеарнасының мәліметінше, екі ел көшбасшылары сауда-экономикалық байланыстарды арттыруды және өзге де мәселелерді талқылайды.
Тараптар елдер арасында тікелей әуе рейсін ашу және жоғары жылдамдықты магистраль құрылысы мәселелерін талқылау үшін іскерлік кеңес құрмақ, – делінген ресми баспасөз парағында.
Сонымен қатар келіссөздер барысында Қазақстанның Моңғолияға экспорттайтын мұнай өнімдерінің көлемін 500 миллион долларға ұлғайту (қазір – 100 млн), «Жол картасы» және Қазақстан мен Моңғолия арасында әуе рейстерінің санын арттыру мәселелері сөз болады.
БӨЛІСУ:
Орта Азия және әлемде
Қазақстан Президенті Моңғолия Президенті Әкімшілігінің басшысы Гомбожавын Занданшатармен әңгімелесті
Published
4 weeks agoon
October 24, 2024Қазақстан Президенті «БРИКС плюс» саммиті аясында Моңғолия Президенті Әкімшілігінің басшысы Гомбожавын Занданшатармен әңгімелесті
✔️Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында БРИКС-тің ХVI саммиті пленарлық отырысының «БРИКС плюс»/«аутрич» форматына қатысушылар – Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен, Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Минмен және Моңғолия Президенті Әкімшілігінің басшысы Гомбожавын Занданшатармен жүздесті.
БӨЛІСУ:
Орта Азия және әлемде
Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек
Published
10 months agoon
January 11, 2024Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек
– Қасым-Жомарт Кемелұлы, уақытыңыздың тығыздығына қарамастан «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беруге келіскеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің қоғамды толғандыратын мәселелер туралы пікіріңіз қазақ баспасөзі үшін өте маңызды. Сондықтан түрлі тақырыпта өзіңізбен ашық әңгіме өрбіткіміз келеді. Өткен жыл несімен есіңізде қалды?
– Осы мүмкіндікті пайдаланып, барша отандасымды тағы да Жаңа жыл мейрамымен құттықтаймын!
2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды.
Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге қатысты үстемеақы төленетін болды. Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды.
Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады.
Сұхбаттың жалғасын толық оқу үшін сайтқа өтіңіз.
БӨЛІСУ:
Бізге жазылыңыз
Баян-Өлгий аймағының Әкімі қызметіне Заңғар Есентайұлы тағайындалды
Тарихи келісім: Қазақстан тұңғыш рет экспортқа жер серігін шығарады
Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті
Моңғолия Президенті мен Қазақстан Республикасы Президенті келісім шартқа қол қойды
Баян-Өлгий аймағының АӨХ-ның төрағасы қызметіне Бегарыс Алданышұлы тағайындалды
Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға келеді
Қазақстан Президенті Моңғолия Президенті Әкімшілігінің басшысы Гомбожавын Занданшатармен әңгімелесті
Ғабит Қойшыбаев Моңғолияның СҚ министрлігінің Мемлекеттік хатшысымен кездесті
ТАҒЫЛЫМЫ ЕРЕН БІЛІМ МЕКЕНІ
1 дана КАРТОП + 1 қасық БАЛ = желке мен мойындағы ТҰЗДЫ кетіреді
СУЫҚ ТИІП АУЫРҒАНДА ЖІБЕРЕТІН 10 ҚАТЕЛІК
Калифорния мемлекеттік унивеситетінің профессоры, доктор ТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ
ШҰҒЫЛ: Баян-Өлгийде коронавирус жұқтыруы мүмкін деген күдікті тіркелді
Әуез Таштуанұлы – Моңғолиядағы қазақ ұшқышы
Заманбек Абдуллинұлы: Аптасына бір рет отын салатын пеш жасап шығардық
Үш ойғырдың басынан ел көшкенде…
«Жас қазақ» жазғы этно-лагері – бір үйдің баласындай…
Бекнұр Қалиұлының Қырғызстандағы халықаралық турнирде чемпион атанған сәті
Мен сені сүйдім – Нұрсұлтан Төлеубай
Тұрды Төлекенұлы туралы деректі фильм жарыққа шықты
Қоғам қайраткері Жеңісхан Дүзелбайұлы туралы деректі фильм һәм 10 дерек
FIFA World Cup Qatar 2022 | Official Song
KOBA & NY-ZA – NE BOLDY SAGAN
Төлеген Жапарұлының “Ай хой 25” атты ән кеші өтеді
Сөзге тиек
Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммиті аясында 12 құжаттарқа қол қойылды
Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммиті аясында 12 құжаттарқа қол қойылды, деп хабарлайды qazradio.fm Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Түркі мемлекеттері ұйымының...
Айдағы Үндістанның станциясы «ұйқы» режиміне көшеді
05 қыркүйек, KAZNEWS. Айдың бетінде күн батып, түн басталған кезде Үндістанның қондырғыш станциясы мен өздігінен жүретін станциялары «ұйқы» режиміне көшеді....
Кристиан Бэйл батыс Моңғолияға саяхаттады. #Бэтмэн😀
24 шілде, KAZNEWS. Жоғарғы суреттегі азамат әйгілі актер Кристиан Бэйл. Ол шілде айында батыс Моңғолияда саяхаттап, көшпенділердің салт дәстүрімен танысып...
Футзалдан ел біріншілігіне қатысқан футболшылардың орташа жасы – 23 де
6 сәуір, KAZNEWS. Моңғолия Президентінің қолдауымен Дорноговь аймағының Сайншанд қаласында ұйымдастырылған футзалдан 21 аймақтар арасындағы «Ұлттық кубок-2023» ел біріншілігі аяқталды. ...
Таба аласыз ба? Моңғолияда ілбіс суретке түсіп қалды
Ұлыбританиялық DailyMail басылымы америкалық фотограф Макса Воның суретін жариялады. Суретте Алтай тауларының тау-тасты шатқалында сирек кездесетін ілбіс түсірілген. Ерекше ілбісті...
1903-2023 жыл аралығындағы қоян жылында есте қалған оқиғалар
06 қаңтар, KAZNEWS. Қоян жылы– барыс жылынан соң, ұлу жылынан бұрын келетін мүшел есебінің төртінші жылы. Қоян қазақтың шаруашылық тарихында...
Жылдың үздік 10 оқиғасы – KAZNEWS
24 желтоқсан. KAZNEWS ақпараттық агенттігі жыл сайын «Жылдың үздік 10 оқиғасын» анықтауды дәстүрге айналдырған. Агенттіктің көзқарасы бойынша 2022 жылдың үздік...
Тұрды Төлекенұлы туралы деректі фильм жарыққа шықты
04 желтоқсан, KAZNEWS. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қобда беті қазақтары (Монғолия) арасынан мемлекеттік лауазым атқарған алғашқы қайраткерлердің бірі Тұрды...