KAZNEWS – «Біз Өлгийге ұшақ ұшыра алмаймыз. Әуелі екі елдің Азаматтық авиация өкілдері кездесуіміз керек. Сол кезде біз өзара келісімге келе отырып, Астана-Улаанбаатар, Астана-Өлгий бағытындағы рейстер туралы шарт жасасамыз. Біз бірінші Астана- Улаанбаатар бағытын қалпына келтіріп алуымыз керек. Содан кейін барып, «Міне, бізде сұраныс бар, Астана-Өлгий бағытына қазақстандық әуе компаниясы ұшуға ниетті, рұхсат етіңіздер» деуіміз керек. Алайда олар бізбен кездесуден бас тартып отыр» – дейді ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов. Бұл туралы БАҚ.kz хабарлап отыр.
Осы кезде тағы бір мәселе туындайды.
Ол Баян-Өлгий әуежайының мүмкіндігінің шектеулі екендігі. «Бұған дейін Ан-24 ұшағымен СКАТ ұшқан болатын. Алайда Моңғолия тарапы «біз Кеңес үкіметінен қалған ұшақтарды қабылдай алмаймыз» деп шектеу қойды. Содан кейін біз тоқтатуға мәжбүр болдық. Ал боинг, SRJ ұшақтарын қабылдауға Баян-Өлгий әуежайының техникалық мүмкіндігі жоқ. Бірақ біз бұл мәселенің де түйнін шешіп отырмыз. Мысалы бүгінгі таңда Қазақстан әуежайлары 6-шы сыныптық дәрежеге дамуына байланысты, бізде бұрын жұмыс істеген авияциялық техникалық құралдары бар. Соларды пайдалануға береміз. Осының барлығын келісу үшін біз моңғолиялық әріптестерімізбен кездесуіміз керек. Ал олар оған құлықсыз» – дейді Бекен Кеналұлы.