KAZNEWS – Ховд аймағынан Парламентке сайланған Ш.Адьшааның бастамасымен «Батыс бес аймақтың табиғатын қорғау, ауаның және топырақтың ластануын төмендету» лобби тобы Парламентте құрылды. Ховд, Баян-Өлгий, Увс, Завхан, Говь-Алтай аймақтарынан сайланған Парламент (МҰХ) депутаттары бір ауыздан қолдап лобби тобына қосылғандарын мәлімдеді.
Аталмыш лобби тобы өңірдегі ауаның және топырақтың ластануын азайту, шөлейттенудің алдын алу, қоршаған ортаны қорғау, сирек кездесетін аң-жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, өңірдегі халықтың өмір сүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлы жұмыстарды атқару, аймақ орталықтарындағы ауаның ластануын белгілі бір деңгейге дейін төмендетуді негізгі мақсаты етіп отыр.
Парламент депутаты Ш.Адьшаа: “Ауа, топырақтың ластануы, табиғатты қорғауда өңірлік байланысты нығайту үшін Парламентте лобби тобын құрып отырмыз. Батыс өңірде ауаның және топырақтың ластануы басты проблеманың біріне айналып отыр. Бұл мәселелерді шешу үшін жұмыстайтын боламыз.
Мақсатымызға жету үшін Хөшөөт таукеніне сүйене отырып түтінсіз отын өндіру жобасы жасалып, Үкіметтің бағдарламасы, негізгі бағыттарына еңгізілетін болады.”-деді.
Парламент депутаты Ш.Раднаасэд: “100 шақырымға жетпейтін жерден көмір отынын алатын Говь-Алтай аймағында бір тонна көмірдің бағасы 180,000 төгрөгке жетті. Ал Тавантолгой компаниясының отынын Улаанбаатарға әкеліп саудалағанда жоғарыда айтылған бағадан бірнеше есеге арзан және сапалы.
Сондықтан, Хөшөөт кенішіне сүйеніп брикет көмірдің өндірісін салынып, пайдаға еңгізілсе батыс өңірдегі аймақтардың орталықтарын сапалы, арзан көмірмен қамтамасыз етуге болады. Зерттеу жасап көрдік. Біз өңірдегі халықтың жағдайын ойлауымыз керек. Сол үшін батыс өңірден сайланған депутаттар бірігіп отырмыз. Алдағы уақытта да бұл бағытта ынтымақтастықта жұмыстаймыз.” –деді.
Парламент депутаты, МҰХ-дағы Ауа ластануын төмендету жөніндегі комитеттің төрайымы Б.Саранчимэг: «Мемлекеттер алдымен дамып алайық, содан тазалаймыз деген көзқарастарын өзгертіп, экологиялық таза дамуға басымдық беретін болған.
Ауа ластануын төмендету және экологиялық таза тәсілдерді қабылдауға Парламенттегі комитет жаңадан құрылып жатқан лобби тобымен бірлесіп жұмыстайтын боламыз.» – деді.
Парламент депутаты Ц.Цэрэнпунцаг: “Түтінсіз отын өндіру орманды қорғау үшін өте маңызды. Соңғы жылдары өзен суларының деңгейі азайып, құрып қалуына азаматтардың өзең маңындағы ағаштарды есепсіз кесуі айтарлықтай әсерін тигізуде. Ал түтінсіз отын өндіру арқылы орман, тоғайларды қорғау жұмыстары да жалғасын табады деп ойлаймын. Бұл батыс өңірге ең керекті шаруа болмақ.” – деді.